Ел чемпионаты. Үшінші күннің қорытындысы
Сыр бойын дүбірге бөлеп, көрген жанның делебесін қоздырар көкпар додасының үшінші күні өтті.
Жиырма жылға жуық тұрақты өтіп келе жатқан ел біріншілігі биыл Қызылорда облысында жалауын желбіреткен болатын.
Бұған дейін еліміздің 15 өңірінен сынға түсіп жатқан 16 команданың топтық кезеңдегі кездесулері қалай өткені жайлы жазған болатынбыз.
Бүгін топтық кезеңнің соңғы күні. Алаңға шығатын командалардың жұбына бір көз тастап қойыңыздар:
1-ойын: Ұлытау облысы-Атырау облысы
2-ойын: Қостанай облысы-ЦСКА
3-ойын: Астана қаласы-Маңғыстау облысы
4-ойын: Алматы облысы-Қарағанды облысы
5-ойын: Түркістан облысы-Шымкент қаласы
6-ойын: Ақмола облысы-СҚО
7-ойын: Абай облысы-Қызылорда облысы
8-ойын: Жетісу облысы-Жамбыл облысы
Сонымен топтық кезеңнің соңғы күні алаңға шыққан командалар арасында жеңімпаздар кім, жеңілгендер кім, бағамдап көрейік. Осы орайда, бұған дейін командалар құрамын толық бергендіктен, бүгін де тек салым салған көкпаршылардың ғана есімдерін беруді жөн көрдік.
Ұлытау облысы-Атырау облысы (2:6)
І топта қатар түскен Ұлтау мен Атырау облысының жігіттері өзара мықтыны анықтады. Бұған дейінгі ойындарында да тым керемет ойын көрсетпеген Ұлтау жігіттері, бүгінгі ойында да сылбыр өнер көрсетті. Есеп – 6:2, Жайық жігіттері жеңді.
Салым салғандар:
Атырау облысы: Маман Ақжол – 2, Ұлықпанов Абылай – 1, Оңатов Бекзат – 1, Ұлықпанов Нұрлыхан – 1, Мусиев Өмірбек – 1.
Ұлытау облысы: Самат Асқар – 1, Мейрбеков Олжас – 1.
Қостанай облысы-ЦСКА (5:0)
Бұған дейін топтық кезеңде жақсы өнер көрсетіп келген Орталық армия спорт клубының жігіттері бүгін Қостанай құрамасына қарсы қауқар таныта алмады. Қостанай облысының құрамасы соңғы бірнеше жылда өте жақсы ойын көрсетіп жүр. Өткен жылғы чемпионатта екінші орын алуы – бұл құраманың алда атой саларынан хабар берсе керек.
Ал әйгілі Дербіс Байділдаев жетекшілік ететін армия көкпаршылары бүгін тым шіркін-ай болмады. Есеп – 5:0.
Салым салғандар: Абду Мейрамбек – 2, Асанов Бақдәулет – 1, Жәлелов Мәлік – 1, Қасқырбай Дархан – 1.
Астана қаласы-Маңғыстау облысы (4:5)
«Адай ата» командасы астаналық жігіттерді зорға жеңді десек те болады. Елорданың намысын қорғаған көкпаршылар осы ойынға барын салды. «Адай ата» алғашқы салымды салып үлгергенше, Астана жігіттері есепті теңестіріп үлгерді. Мұнан соң көкпар алаңында ұзақ тартыс, ерегессе екіленіп кетер нағыз ерлердің ойыны қызды. Ерлан Қанапинның шәкірттері Каспий жағасының көкпаршыларына есе жібермеуге тырысып бақты. Дегенмен, кәнігі команда көңілге қарамады. Есеп – 5:4.
Салым салғандар:
Маңғыстау облысы: Ақбаев Жорабек – 3, Қуанышұлы Жасұлан – 1, Сейтбеков Темірлан – 1.
Астана қаласы: Сағымбеков Мадияр – 2, Қабжанов Арслан – 1, Тауасар Еркебұлан – 1.
Алматы облысы-Қарағанды облысы (8:1)
Қарағанды облысының құрамасы биыл осал. Нұржан Шайхиннің шәкірттері бұған дейінгі ойындарда да қарсыластарына есе жіберген еді. Бүгінгі тартыста да табандылық таныта алмады. Алматы облысының құрамасы Арқа жігіттерінің арқа-жарқасын шығарды. Есеп – 8:1. Ойынның алғашқы минутында есеп ашқан Қарағанды құрамасы бұл белсенділікті бесінші минутта-ақ жоғалтып алды. Содан бас көтеруге мұрша келмеді.
Салым салғандар:
Алматы облысы: Тоқтарбаев Ержанат – 4, Әліпбаев Ынтымақ – 2, Жиенқұлов Эльдар – 1, Қайранов Айдос – 1.
Қарағанды облысы: Сергазиев Мұхтархан – 1.
Түркістан облысы-Шымкент қаласы (7:5)
Екі команда да бір-бірінің сырын білетін, бір-бірінің шама-шарқын бағамдай алатын командалар. Содан болар, ойын өте тартысты өтті. Дегенмен, бұл жолғы кездесуді Темірхан Айтбаев пен Абылайхан Нышанбеков арасында өтті десек те болады. Екеуі де кәнігі сарытақым шабандоз. Командалық көкпарды былай қойғанда, жаппай көкпарда да талай рет дода көрген жігіттер. Екі команда да өліспей-беріспес тас-түйін дайындықпен келегін көрініп тұр. Бірін-бірі ала алмай ұзақ тартысты. Ойынның екінші минутында есеп ашқан Темірхан Айтбаев бұрынғы өзі ойнаған «Тұран» командасын састырып жібергені сөзсіз. Дегенмен, оңтүстіктің қос бөрісі бірін-бірі аңдыса жүріп, «Түркістанның түлектері айласын асырды. Есеп – 7:5.
Салым салғандар:
Түркістан облысы: Нышанбеков Абылайхан – 5, Жамалбеков Арман – 1, Сүйіндік Аңсар – 1.
Шымкент қаласы: Айтбаев Темірхан – 4, Аманжол Нұрдәулет – 1.
Ақмола облысы-СҚО (0:7)
Баяғыда бір атамыз мақтанғысы келгенде, қасында отырған аңшыға «қарағым, сен аң атып жарытпассың, атқан бол да, бере сал» депті ғой. Осы жылғы чемпионатта Ақмола облысының құрамасы да сол, «қатысқан болып» қана қайтуға бекінген іспетті. Бұған дейін Түркістан облысы құрамасынан 11:2, Шымкент қаласының құрамасынан 10:0 болып ұтылған ақмолалықтар бүгін СҚО жігіттеріне 7:0 болып ұтылды. Әрине, чемпионатқа мүлде келмей қалған облыстар бар, оның қасында Арқадан ат терлетіп Сыр бойына барып қайтудың өзі оңай емес.
Салым салғандар: Бейсенбаев Нұрлан – 4, Дүйсеков Еркебұлан – 1, Өркен Елдос – 1, Бимағамбетов Мейрбек – 1.
Абай облысы-Қызылорда облысы (2:11)
Қызылорда бүгін алаң иесі кім екенін танытты. Сырбойы сырбаздары Жидебай жігіттерін сығымдап-ақ бақты. Бұған дейінгі кездесулерінде де солқылдақ ойын көрсеткен семейліктер, Сыр жігіттеріне сыр беріп алды. Десе де, бірде-бір салым салмай кетуді ұят санады ма, екі салымды қанағат тұтты.
Салым салғандар:
Қызылорда облысы: Жүнісов Алмат – 2, Садуақас Данияр – 2, Әмзеев Наурызқожа – 1, Оспанов Олжас – 1, Лесбек Нұргелді – 1, Қалмұханбетұлы Абылайхан – 1, Ағайдар Дәулет – 1, Медетбек Балғынбек – 1, Ерехан Нұржан – 1.
Абай облысы: Тұрсынқали Жандос – 1, Сапанов Мадияр – 1.
Жетісу облысы-Жамбыл облысы (2:4)
Жетісу облысы мен Жамбыл облысы құрамалары арасындағы ойын аса тартысты өтті. Екі таймда қарсыластарына кемінде 6-7 салым салып үлгеретін «Әулие ата» жігіттері нағыз «жылқының тұяғынан да қатты» жігіттерге жолыққан секілді. Кеше ғана Абай облысын 13:1-мен ұтып, чемпионаттың рекордын қойған Тараз тарландары бүгін Талдықорған жігіттеріне төтеп бере алмай қала жаздады. Десе де Нұрдәулет Момыновтың шәкірттері қарсыластарының осал тұсын таба білді. Есеп – 4:2. «Әулие ата» әлеуетін асырды.
Салым салғандар:
Жамбыл облысы: Бердіқұл Айнабек – 1, Рәт Ислам – 1, Тұрғанбек Құрманбек – 1, Жақсылық Ерғалым – 1.
Жетісу облысы: Бейсен Қуаныш – 2.
Жетісудың жеткіншегі Қуаныш Бейсен өзі салған екі салымды да едел-жедел салды. Бірінші таймның 18-19-минуттарында, айналдырған екі минутта екі салым салып кету, өте мықтылықты көрсетсе керек.
Естеріңізге сала кетейік, Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасы чемпионаты Қызылорда облысында өтіп жатыр. Чемпионатқа еліміздің 15 өңірінен 16 команда қатысты. Биылғы жылдың жаңалығы – ел чемпионатына тұңғыш рет ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық армия спорт клубының командасы араласты. Ал еліміздің Алматы қаласы, БҚО, Ақтөбе облысы, ШҚО және Павлодар облысы қатарлы өңірлері команда жіберген жоқ.
Argymaq.kz