Әйгілі Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы

195

«Қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы, жарты ғасыр Қазақ радиосында қызмет атқарған техник-оператор, радио ардагері Арыс Әнуарбекұлымен әңгімелескен едік.

— Арыс аға, сіздің тегіңіз көп жерде «Байқұлов» болып жазылыпты. Бұнда қандай сыр бар?

— Менің толық аты-жөнім – Арыс Әнуарбекұлы Байжанбаев. Бірақ менің тегім нағашыларымның тегі – Байқұлов. Оның өз сыры бар. Кішкентайымнан нағашыларымның қолында өстім. Әкемнің қолына мектеп бітіріп, әскерге кетерде бір-ақ келдім.

— Бір сөзіңізде «әке жолын қуу арманым еді» депсіз?

— Мен өзім бес жасымнан бастап Қазақ радиосын тыңдадым. Содан мектеп бітіргенге шейін, одан кейін де отан қорғау борышымды атқарып келгенге шейінгі арманым әкемнің жолын қуу еді. Дегенмен, менің арманым орындалмады. Сонша жыл армандағаныммен, конкурстан өте алмадым. Конкурс екі-үш рет өтті. Бірақ бәріне қатыссам да, жолым болмады.

— Әкеңіз көмектеспеді ме?

— Әкем «Мен ешқашан көмек бермеймін. Қандай жетістікке жетсең де, тек өз күшіңмен, өз талпынысыңмен, өз талантыңмен өзің шық» деді. Әкемнің сөзінен соң, барлығын өз күшіммен істеуге тырыстым. Конкурсқа да өз күшіммен қатыстым. Өте алмадым.

— Неге?

— Әрине, ортада адамдар болды. Жол бермеудің, конкурстан өткізбеудің барлық амалын қарастырғандар болды. Өткен іс өтті, енді оны айтқанмен ештеңе өзгермейді ғой. Екіншіден, менің дауысыммен әкейдің дауысы бірдей еді. Ол да қарсы топқа жақсы сылтау болды. «Болмайды. Дауыстары бірдей екі адам бір радиода істемейді» деген әңгіме шығарды. Сонымен тоқтадым.

Бірақ одан сағым сынған жоқ. 1971 жылы 18 жасымда осы Қазақ радиосына қызметке келдім.

Алғашында әкем маған «Малдәрігерлік институтына түс» деді. Әкемнің бір ауыз сөзін жерге тастамай, ол жаққа да барып емтихан тапсырдым. Онда да жолым болмады.

— Осы кезде ғой сізге Мұқағалидың бата беретіні?

— Бата бергенде ол өзі бір қызық оқиға еді. Әкем үнемі жалғыз жүретін. Тұстастары оның Арыс деген ұлы барын білмейді. Бір күні әкем екеуіміз көшеде келе жатыр едік, қарсы алдымыздан Мұқағали жолыға кетті. Мен ол кезде ақынды жақсы танымаймын. Мұқаң әкейге қарап: «Әнаға, мына орысың кім?» — деді. Шашым өсіңкіреп кеткен, көзім көк, өзім сарымын. Әкем ыңғайсыздана жымиды да: «Бұл менің балам» деді. Мұқаң сәл аңтарылып қалды. Әкем жағдайды түсіндірген еді, Мұқаң: «Әскерге барасың, келесің де Қазақ радиосына жұмысқа тұрасың», — деді. Айтқаны айдай келді.

Содан осы Қазақ радиосына келдім. Қазақ радиосының ең алғашқы дикторы Мина Сейітова деген апамыз болған, сол кісі мені көрді де, «Балам, сен Әнекеңнің баласысың ғой? Дауысың бар екен әжептәуір. Жүр, мен сені техника бөліміне апарайын, ақыры конкурстан өтпей қалған екенсің» деді. Содан мен техникалық бөлімге барып, радиодағы ең үлкен концерттік студияның операторы болдым.

— Сонда не істейсіз?

— Ол кезде радиода үлкен оркестрлер бар еді. Әншілер де көп болды. Оның сыртында ауыл, аудандардан әуесқой әншілер, ансамбльдер келетін. Солардың барлығын жазып алу менің мойнымда еді. Түске дейін бір оркестірді жазсам, түстен кейін екінші қабатқа көтеріліп, журналистермен, белгілі ағаларыммен, апайларыммен қатар отырып хабарлар жасайтынмын.

Әсіресе, әдеби хабарлар, Жастар мен балалар редакциясының хабарлары, музыкалық хабарлар бар барлығы менің қолымнан өтетін. Ол кезде Музыкалық редакцияның басшысы Ілия Жақанов ағамыз еді. Сол кісінің қоластында жұмыс істедім. Бірақ негізгі жұмысым сол концерттік студияда дауыс жазу еді.

— Кімдердің хабарларын көбірек жасадыңыз?

— Оператор болған соң, жаңа да айтып жатырмын, хабар жасауға қатыспай қалған кезім жоқ. Құсман Игісінов ағамызбен, сол кездегі радионың бас режиссері болған Таңат Досбаев ағамызбен бірге хабарлар дайындадым. Ол ағаларымыздың барлығы қазір ортамызда, біздің арқасүйер ақылшыларымыз болып отыр.

Ең алғаш радиоға келгенде кімдермен танысып, кімдермен қызметтес болдым дегенге келер болсам – Әнуарбек Нығметжанұлының шәкірті, Аманжан Еңсебайұлы Серіков деген азамат бар. Сол жігітпен таныс болдық. Ең алғаш радио есігін ашқан кезден бері бірге келе жатырмыз. Алғаш екеумізді де сол әкем таныстырған еді. «Екеуің жерлес екенсіңдер. Талдықорғандық екенсіңдер» деп бір-біріміздің достығымызға, таныстығымызға дәнекер болып еді.

Одан басқа да талай адаммен таныс, біліс болдым. Талайының тәрбиесін алдым, ақыл-кеңесін тыңдадым. Журналистер, әншілер, жазушылар ақылдарын айтып, бағыт-бағдарларын беріп отыратын.

— Ол кездегі хабар жасау мен қазіргі бағдарлама дайындаудың айырмашылығы жер мен көктей шығар?

— Әрине. Ол кезде бір хабар жасау барысына бір жолда 5-6 адам қатар жұмыс істейтін еді. Әуелі – монтаждайды. Келген қонақты студияда жазып аламыз. Жазып алған соң, бірінші оған «черновой монтаж» жасаймыз. Барлығын монтаждап, алатынын алып, артығын қиып болған соң хабар жинау басталады. Яғни, екінші – хабар жинау. Ол кезде бізде СТМ-610 деген магнитофондар болды. Одан бұрын МЭЗ-28 деген кеңестік магнитофондар болған еді. Солармен хабар жинадық. Ол кездегі құрал-жабдықтарымыздың барлығы аудио болатын. Онда барлығын күйтабаққа жазатынбыз. Қазіргі заман басқа, техника басқа, айтсаң, сенбейтіндер көп қазір. Құдайға шүкір, технологиямыз алға басып келеді ғой.

— 18 жасыңызда радиоға келген соң, басқа оқуды ойлаған жоқсыз ба?

— Оқу ойда болған жоқ. Өз әуесқойлығыммен осы саладағы барлық техниканы, аппаратты, құрал-жабдықты игердім. Дауыс жазу, микрофондармен, магнитофондармен жұмыс істеуді меңгердім. Құрал-жабдықтар, аппараттар, техникалар бұзылып қалса, өзім жөндеп алатын деңгейге жеттім. Барлығын өз күшіммен, осында бұрыннан істейтін операторлардан, инженерлерден қарап отырып үйрендім. Ол кездегі адамдар біреуге бірдеңе үйретуден жалықпайтын және өз білгенін басқадан қызғанбайтын. Мен сол аға-апайларымнан үйрендім.

— Әкеңіз туралы толығырақ тоқталыңызшы. «Қазақтың Левитаны» атану үшін де үлкен еңбек пен зор талант керек шығар…

— Ол кісі жайлы айтар болсам, Әнуарбек Нығметжанұлының туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыстау өңірі ғой. Атам Нығметжан кезінде Абай Құнанбайұлымен көрші болған екен. Бір ауылда тұрған. Сол Шыңғыстауда әкем дүниеге келген.

Әкем бес жасынан бастап ән-жырға құмар болып өсіпті. Себебі әжем әнші болған, ал атам ақын еді. Әкеме де сол екеуінің шарапаты тимей қоймады. Дегенмен әкем жас кезінен жұмыс істей бастады ғой.

Әкемнің туған ағасы Риза-Ахмет Қызылордада станса бастығы болды. Ол сонда жұмыс істеп жүргенде әке-шешесі, яғни менің ата-әжем қайтыс болады. Ол кезде әкем бес жаста болған екен. Әке-шешеден жастай айырылған жетім балалар ағаларын сағалап, Қызылордаға келеді. Осы кезде Риза-Ахметтің қызметі ауысып, қазіргі Отар стансасына қоныс аударады.

Әкем сол Отар стансасының маңындағы Мәтібұлақ деген жерде өсіп, мектепті сол жерде бітіреді. Қазіргі Кенен Әзірбаев ауылы ғой.

Сегізінші сыныпты Мәтібұлақтан бітірген соң әкем Алматыға келеді. Алматыға келген соң, сол кездегі әйгілі жазушылар Сәбит Мұқановтың, Сырбай Мәуленовтің, Хамит Ерғалиевтің, Ғабит Мүсіреповтің алып кел, шауып келін істеп, бір сөзбен айтқанда, курьерлігінде жүреді. Сүйтіп жүргенде Сәбит ағамыз бен Сырбай ағамыз оған «Балам, дауысың бар екен, бір жерге диктор болсаңшы» деп бағыт береді. Содан ол сол кездегі «Коммунистік мектебіне» оқуға түседі. Оны оқып бітірем дегенше, соғыс басталып кетіп, әкем соғысқа кетеді.

Соғыстан 1943 жылы жараланып келіп, осы Қазақ радиосына жұмысқа тұрады. Ол кездегі Қазақ радиотелевидениесінің бірінші төрағасы Оспанов оны дикторлық қызметке алған.

Ол кезде жаңа жоғарыда айтқан Мина Сейітова апамыз ғана диктор болған осы радиода.

Ал әкемнің дауысына келер болсам, бұл жаратылысынан сондай үннің иесі. Оны ешкім былай сөйле, былай дыбыста деп үйреткен жоқ. Құдай берген үнімен оқитын барлық нәрсені.

— Қазіргі кезде дауысты сақтау үшін түрлі жаттығу жасап, шикі жұмыртқа жұтып жүретіндер бар. Ағамыз ондай нәрселер жасаушы ма еді?

— Жоқ. Ол кісінің жұмыртқа жұтып, жаттығып жүргенін көрмеппін. Бірақ өзін-өзі сақтап, тамағын қорғап жүрді. Бір ғана ерекшелігі – тісін, ауыз қуысын тек тұзды сумен жуатын. Тамағын тұзды сумен шайып жүретін. Ол кісінің тамағы қарлығып, үні шықпай қалған кезі болған емес.

— Қолыңыздан келіп тұр. Монтажды білесіз, даусыңыз бар, өзіңіз операторсыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, журналистік жолға түсіп, хабар жасап жібергіңіз келген кездер болмады ма?

— Иә, барлық мүмкіндігім болды, бірақ батпадым. Әрі дикторлық конкурстан өтпеген соң, шығармашылық жұмыс үшін талпынбадым. Сол техникалық қызметпен қалдым.

— «Әке беделімен» күнкөрген кезіңіз болды ма?

— «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар ғой. Әрине, ол жағдай әлі күнге болып келеді. Әлі күнге дейін үлкен кісілер көрген жерде «жақсыдан қалған жәдігер» деп сыйлап, алдымнан кесіп өтпейді. Халқым біледі. Әсіресе, радионың айналасындағы адамдар «жақсыдан қалған тұяқ» деп күні бүгін де құрақ ұшып тұрады. Бұл – әуелі әкемнің аруағын сыйлағандары. Екіншіден өз жұмысымды адал істеп, ешкімнің ала жібін аттамағанымның арқасы деп ойлаймын.

Әкем өмірі ұрсу дегенді білмей өтті. Бар айтатыны, «Балам, қателеспейтін адам жоқ. Біреудің ұрысқанын мойныңмен көтере біл. Ақылды тыңдай біл. Үлкенге қарсы сөйлеме, кішіпейіл бол. Өз ісіңді біл. Халқыңды сыйла» — дейтін еді. Сол әке ақылынан кем-қор болған жоқпын.

— Қазақ радиосының архивін су алып кеткен кезде біраз дүниені сіз құтқарып қалған деседі. Сол туралы айтып беріңізші.

— Ол кезде мен радионың концерт жазатын үлкен студиясында дыбыс жазатын едім. Дыбыс жазу таңғы 7-де басталып, түнгі 1-2-де бітетін еді. Күнде солай. Демалыс жоқ. Сенбі-жексенбі деген болмайтын.

Бір күні таңғы сағат 6 жарымда жұмысқа келдім. Ол кезде Бірінші Алматыда пәтер жалдап тұратын едім. Ғимаратқа таяғанда байқадым, жертөледен (подвал) бу шығып жатыр екен. Есіктің алдында күзетші, милиция, әскерлер тұр. «Жігіттер, не болды, ана астынан бу шығып жатыр ғой?» — деп сұрап едім, «Білмейміз не болып жатқанын» деді. Ішке қарай тұра жүгірдім. Сырт киімімді шешіп, жертөлеге түсетін баспалдақтан түсе бастағанда-ақ аяғым су болып кетті. Сол жерде ішкиімімнен басқасының бәрін шешіп тастап, төмен түстім. Су тіземнен келді. Жып-жылы екен. Пар жарылып, ыстық су аққан, бірақ, салқындап қапты.

Ол кезде «фонотека» дейміз, су сол Алтын қордың ішінен шығып жатқан секілді. Есігі ағаш есік еді, аяғымды тіреп тұрып жұлып алдым. Есікті жұлып алғанда, дәл кинодағыдай, су ыстық лебімен бетіме лап ете қалды. Дәліздегі судан гөрі ыстықтау. «Ойбай, көмектесіңдер» деп аузым да айғайлады, қолым да фонетека табақтарына ілікті. Қазіргі ғимаратқа кіреберістегі күзетші тұрған дәлізге таси бастадым. Ешкім көмектескен жоқ. Өзім тасып жүрдім.

Кейін анықтағанымыздай, сол кезде әртістердің жазған «Қыз Жібек» операсы, «Ертарғын», «Қобыланды батыр» секілді эпопеялары суға батып кетіпті. Бәрі су болған. Дыбыс жазған сары таспалар жіп секілді. Ыстық суға бырысып қалған.

Қазіргі бірінші қабаттағы асхана сол кезде де істейтін. Ал Алтын қор тура сол асхананың астында еді. Асханадағы батереялардың бірі жарылып, су содан кеткен екен.

Түске шейін тасыдым. Жан-жақтан басқа кісілер де келді. Көмектесіп жатыр. Бірақ одан пайда не, талай дүниеден айырылып қалдық. Сол кездегі фонотеканың 25 пайыздайы суға кетті. Ыстық су бырыстырып тастапты. Іске жарамады. Өз қолымнан келгенше аман алып қалғандарым әлі де Алтын қорда бар.

— Ол еңбегіңіз ескерілді ме?

— Ескерілді. 1980 жылы мені Солтүстік Кореяға 20 күнге демалысқа жіберді.

— Жаңа да айтып жатырсыз, біраз дүниенің суға кеткенін. Соңында есебін шығардыңыздар ма, нақты неден айырылғанымызға?

— Иә, жаңағы опералар мен эпопеялар, Күләш Байсейітова апамыздың, Құрманбек Жандарбековтің, Венера Қармысованың, Қамал Қармысов ағамыздың, тағы да басқа көп адамның дауысы сол кезде құрып кетті. Суға езіліп кетті деп айтуымызға болады. Бірақ сол су болған фонотеканың 10 пайыздайын ғана қайта қалпына келтіре алдық. Оның өзі толық емес, кесіп, қиып, су тимеген жерлерін алған болдық.

Бұдан кейін де Алтын қор екі рет су астында қалды. Осы алғашқысы 1979 жылы болса, одан кейін, 1994-1995 жылдардың бірінде болды. Соңғы рет 2000 жылы тағы су кіріп кетті.

Сол кезде бір ауыс-түйіс болып, басшылықта біраз мәселелер болып жатты. 1995 жылдан 2000 жылға дейін радионың басшысы Данияр Төреханов болды. Одан кейін басшылыққа Нұрлан Өнербаев келді. Нұрлан келген соң төмендегі Алтын қорды екінші қабаттағы Әдеби-драматургиялық блокқа көшіруді тапсырды. Негізінде радиодағы бүкіл радио-спектакльдерді, радио-фестивальдерді сол студияда жазған едік кезінде. Сол студияны Алтын қорға беріп, сонда көшірдік. Қазір де Алтын қор сонда тұр.

Бізде Алтын қор екеу еді. Бірі – D индексімен сақталған, екіншісі – DKS индексімен сақталған. Екеуін де біріктіріп, бір жерге орналастырдық.

Бір өкініштісі, солармен толық жұмыс істелген жоқ. Ешкім оны ұқыптап көшіріп алған да жоқ.

— Екінші жолы су басқанда қалай болды?

— Алғашқы су басудан кейін біз фонотеканың үстінен салафан тартып, жауып тастаған едік. Бірақ ол қамсау болмады. Жоғарыдан тағы да батерея жарылды. Сонымен, бұлай болмайды екен дегенге келдік. Қордан толық айырылып қалуымыз мүмкін еді.

Сол жазылған дыбыстардың ішінде, шынын айтайын, тура өз қолыммен жасалған 80 мың таспа бар. Өз қолыммен Алтын қорға өткізгемін. Қазір сақтаулы тұр. 1974 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта жазылған дыбыстар бұлар.

— Алтын қормен толық жұмыс істелген жоқ деп отырсыз ғой. Ал қазіргі заман, өзіңіз білесіз, цифрландыру заманы. Осы Алтын қорды цифрландыру қалай жүріп жатыр?

— Соңғы 8 жылдан бері Алтын қордағы дүниенің барлығын көшіріп алу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осыдан 7-8 жыл бұрын үлкен басшылар ауысқанда, магнитофонның барлығын компютерге ауыстыртты ғой. Сол кезде бәріміз, «Алтын қор компьютерге кірмейді ғой. Оны не істейміз?» — дестік. Ақыры магнитофон іздедік. Екі жыл магнитофон таппай жүрдік қой. Екі жылдан кейін Венгриядан тауып, 6 магнитофон сатып алдық. Сол кездегі бағамен 1,5 млн теңге болды. Оның сыртында басшылар компьютерге көшеміз деп, қолда бар магнитофондарды құрттырған кезде, өзім оншақтысын тығып қойған едім. Соларды қайта шығарып, іске қосып, әйтеуір ептеп-септеп жүріп Алтын қорды 8 жылда цифрлық форматқа ауыстырып біттік.

Бірақ цифрландыруды жасауын жасап алдық, енді оны өңдейтін, тазартып, артық дыбыстарынан арылтатын маман жоқ бізде. Өңделмей жатыр. Сол баяғы шулы, ысылдаған, қиқылдап-шиқылдаған қалпы тұр. Бәрібір ескі таспаның аты ескі таспа ғой. Қанша қайталап жазсаң да у-шуы қалып қояды. Менің жоғарыда Алтын қормен толық жұмыс істелген жоқ деп отырғаным осы.

— Ішіндегі дауысты компьютерге енгізіп алған таспаларды не істейсіздер? Алтын қорда тұра бере ме?

— Жоқ. Біз компьютерге енгізіп алған таспаларды Мемлекеттік архив өз қорына алып жатыр. Кәдімгідей, машинамен келеді де, тиеп алып кетеді.

— Ол дауыстарды тазалау үшін сіздерге білікті маман керек болып тұр ғой сонда…

— Иә. Бірақ оны кім жасайды? Әрі қазір Алтын қор бөлініп кетті. Мысалы, Қазақ радиосы бөлек, Алтын қор бөлек. Алтын қор өзі бөлек департамент. Өзің білетіндей, бәріміз айналып келіп, бір корпорацияға бағынамыз. Десе де, әркім өзінше жүр.

— Биыл Қазақ радиосына — 100 жыл. Ал Алтын қорда қай жылдан бергі дауыс сақталған?

— Әрине, 1921 жылғы дауыс жоғы анық. Алтын қорда 1940 жылдан бергі дауыстар сақталған.

— Оның өзінің жартысын су алып кетті дейсіз ғой…

— Иә, қалғаны бар. Кейде қорда сақталды деген дауыстың өзін таба алмай қаламыз. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің дауысы сақталған еді, қазір таппай отырмыз. Сол суға кеткен кезде нақты қандай дауыс кетті дегенді біле алмаймыз. Ол кезде Кеңес үкіметі еді ғой, есеп беру деген жоқ. Ешкімнен ешкім сұрамайды. Бәрі араласып кеткен. Табу мүмкін емес.

— Жарты ғасыр уақытыңыз осы жерде өтті. Сіз журналистер үшін «сырт көз» секілдісіз. Сіздің ойыңызша, радиода шығармашылық адамдарына ең жайлы басшы кім болды?

— Барлығының илегені бір терінің пұшпағы болғандықтан, анау жақсы, мынау жаман болып еді деуден аулақпын. Бәрі де сол сапалы дүние жасауға талпынды. Бірақ бастықтың да бастығы бар ғой. Бек Дәулетбаев деген ағамыз болды. Қазір 90-ға таяп қалған Қуаныш Орманов ағамыз ең қарапайым, жайлы басшы болды. Ол кісі қарапайым техниктен бастап, өңірдегі тілші, бас редактор, тіпті оператор да болып көрген еді. Сол жолдың барлығын өтіп, басқарма басшылығына дейін жетті. Осы радиодан зейнетке шықты.

Көп қызметкер болды ғой. Шынымды айтсам, қазіргі телерадио музейінде суреттері ілініп тұрған корпорация бастығының бәрімен қызметтес болған секілдімін.

— Өз шәкірттеріңіз бар ма?

— Өзім бұл саланы оқымай меңгердім. Қазір, Құдайға шүкір, техникалық мамандықтарды меңгеруге барлық жағдай жасалған. Қайда барып оқимын десе де өз еркі. Радионың айналасында жүрген техник-мамандардың бәрі менің шәкіртім деп айта аламын. Ал шын мәнісіндегі мені ұстаз санайтын жастардың біразы бір кездегі қысқартуға ілініп кетті.

Кезінде осы Қазақ радиосының бір өзінде 4500 адам жұмыс істеген екен. Оның ішінде техниктен бастап, директорға дейін. Ал қазіргі кезде радиода жұмыс істейтін бар-жоғы 30-ақ адам. Өзің білесің, оның өзінде Алматы бөлімше ғана болып қалды. Ең бастысы – астанада.

— Радионың техникалық жағдайы жайлы айтыңызшы?

— Қазір барлығы автоматтық жүйеге көшті. Бәрі компютерде тұр. Бәрі дайын. Сол себепті де бұрынғы жұмыс пен қазіргі жұмыстың арасы жер мен көктей. Ол кезде қолымыздан қайшы түспейтін. Пленканы қайшымен кесетін едік. Қазір ондай жоқ. 1985 жылдан бастап техниканы жаңалауға, компютерлік жүйеге ауыстыруға бет алдық. Орталық аппаратымызды жаңаладық. 2012 жылы радио Астанаға көшкенде, бүкіл аппаратты сонда алып кетті. Содан осы Алматыда қалған бөлімше 2019 жылы жаңадан аппараттар алып, жаңадан студия жасақтадық.

Жасыраты жоқ, үш-төрт жыл телеарнаның студияларын пайдаланып келдік. Ғимаратымыз сатылады деген әңгіме де шықты. Бізді осы Алматыдағы ғимараттың қасында тұрған бір қабатты үйге орналастырды. Көктемде ол суға толып кетіп, қайта қазіргі радионың ғимаратына ауыстық. Бір сөзбен айтқанда, негізгі құрам астанаға көшкен соң бес жылдай өлместің күнін көрдік. Сыған боп кеттік (күлді).

2019 жылы қазіргі Алматы бөлімшесі отырған байырғы ғимаратқа кірдік. Оны толықтай өз демеушілерімізге қайта жөндеуден өткіздік. Екінші қабатты толықтай жөндеуден өткізуге өзіміз демеушілер таптық. Қазіргі Алматы бөлімшесін басқарып отырған Бақыт Жағыпарұлы деген азаматтың бастамасымен, жанашырлығымен өз орнымызды таптық. Қазір бәріміз жұмыс істеп жатырмыз. Бәрімізге береке-бірлік берсін!

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2021 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.