Қоблан Таңатаров: Футболға қандай жағдай жасалса, ұлттық ат спортына да дәл сондай қолдау керек

9217

Ат баптау, яғни, жүйрік атты жарату, бәйгеге қосу, сондай-ақ, тұлпар туар құлынды тап басып тану қазақ атбегілерінің байырғы өнері. Қазіргі таңда қыл құйрықты жануарға қызығатын қалталы азаматтар көп. Бірақ мықты атбегілердің қатары сирек болса да бар. Солардың бірі Маңғыстаудың мықты атбегісі Қоблан Таңатаров. Атбегі азаматпен жүргізген шағын сұхбатты ұсынып отырмыз.

      -Атбегілікпен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

– Атбегілікті 2008 жылы бастадым. Алғаш алған атымнан бастап бүгінгі қорамдағы жүйріктердің бәрі де бәйге алды. Осы сегіз жыл ішінде біраз жарыстарда тұлпарларым топ жарып, бас жүлделерді олжалады. Сухар, Браслет, Бриллиант қырықтан астам бәйгелерде топ жарды, әр қайсысы жоқ дегенде 2-3 көлікті олжалады. 2010 жылы Бекет атаның 260- жылдық тойы, өздеріңіз білесіздер, республикалық деңгейде аталып өтілді. Атаның тойында үлкен ат жарыс болғаны баршаға мәлім. Ошақ бәйгеге үш, аламанға бес темір тұлпар тігілді. Ошақ бәйгеге қосылған 49 аттың ішінен бізідің үш жүйрік қатар келіп, үш орыңға үш көлік алдық. Келесі күні аламан бәйгеде бізідің тұлпарымыз бас жүлдені жеңіп алды. Иса-Досан батырладың көтерілісінің 140 жылдығына орай берілген аста атым бірінші келді. Көп енді, оның бәрін айтып жатсам осы сенің журналыңа симай кетеді-ау осы (күліп жеберді). 2015 жылдың өзінде Қызылорда облысында өткен Республикалық ұлттық спартакиада да аламан бәйге де бас жүлде, Шұбарқұдықта өткен Досжан ата асында бас жүлде (суретте), Оралда Бокей Орда 550 жылдығына өткен аламан бәйгеде бас жүлде және тағы басқа мерекелерде аттарым топ жарды.

– Қоблан мырза, атбегілік спорт па, әлде өнер ме?

– Атбегілік – үлкен өнер. Егер бұл өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шет елден алдыртуға болады. Ал, атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. Солардың арқасында жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал, жас жігіттердің көпшілігі ат жаратудың әдісін жетік білмейді. Осының салдарынан талай жүйріктің өліп кеткенін де көрдік.

             -Өзіңіз атбегі ретінде атты қалай жаратасыз?

-Ат баптаудың қыр-сыры көп. Әркім әрқалай баптайды. Өз басым бапкерлер кәсіби спортшыны қалай баптайды, мен жүйрік атты дәл солай баптаймын. Бірақ бұның өзі бір күнде бола қоймайды, ұзақ ізденіс, үлкен еңбектің арқасында қол жеткізетін дүние бұл.

           -Қазір ат баптаудың қыр-сырын әбден меңгердім деп ойлайсыз ба?

-Бір кісідей білем деп айтуға толық құқым бар.

-Адай тұқымдас жылқыдан да ұшқыр шыға ма?

-Баптай алсаң қазақы жылқыдан бәрі шығады. Бірақ қазақы жүйріктер жасында шаба қоймайды, сүйегінің қаракемігі әбден кетіп, күші толған соң, жеті жастан асқаннан кейін шабады.

          -Қазақы жүйріктің басқа тұқымдардан айырмашылығы не?

-Қазақы жүйрік сөреден шыққанда  қоқаң шабыс қосаяқпен бастайды да, жүре келе, еті қызған соң көсіледі. Қазақы жүйріктің нағыз көсілген шабысын көрсеңіз, мына тазақандыларыңыз жол қалады, ол көсілгенде ағылшынның екі аттаған бір-ақ аттайды.

    – Қазіргі таңда ағылшын жылқыларын жарыстыру сәнге айналды. Бұл жылқылардың байырғы қазақ жылқысынан ерекшелігі қандай?

– Ағылшын жылқыларының қаны сұйық, ұшқыр, әрі өте сезімтал. Оларды бір орында тұрғызып бағасың. Жем-шөпті де талғап жейді. Арнайы қора болмаса, байлап қоюға келмейді. Жел мен салқынға тез жаурап қалады. Сөйте тұра қаржысы бар азаматтар ағылшын аттарына қызығып, қымбаттығына қарамай сатып алып жатыр. Осының салдарынан бәйгенің қашықтығы қысқарып кетті. Себебі, «аузымен құс тістеген» ағылшын арғымақтары жақын қашықтықта ұшқырлық көрсеткенімен, алысқа шыдамдылық таныту жағынан қазақы жылқыдан әлдеқайда әлсіз келеді. Ал, бүгінде аламан бәйге – 25, тоқ бәйге – 16 шақырымнан аспайтынын ескерсек, ұзақ шабысты сүйетін қазақы жылқылардың бағы байланып жүр деуге болады. Себебі, табиғаты ерекше қазақы аттар шапқан сайын көсіле түседі.

        – Жалпы ат спортының ұрпаққа берер тәрбиесі қандай?

– Атқа мінген бала бауырмал, қайсар, ержүрек болып өседі. Бәйгеге қатысқан бозбаланың рухы биік болады. Ат спорты жеткіншекті ұлтын сүюге үндейді. Атқа мінген баланың жүрегі жұмсақ келеді. Ол еңбекқор болуға машықтанады. Мініп келген атын қалай тыныстату керек екенін үйренеді, баптап, күтеді. Ал, футбол ойнаған бала күні бойы доп теуіп, кешке үйге келгенде добын бұрышқа лақтыра салады. Сондықтан футбол ойнайтын баланы атқа мінген баладан артық көруге болмайды. Футболға қандай жағдай жасалса, ұлттық ат спортына да дәл сондай қолдау көрсетілуі керек. Мысалы, қазіргі күні футбол ойнайтын алаңға жылу төселсе, теннис орталығының іші кірсе шыққысыз.

Асқар Ағатаев

ulttyqsport.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.