Ілияс Жансүгіров. Құлагер (поэмадан үзінді)

14287

                                     Көмбе

Тауысып көл қымызды, таудай етті,
Heше күн Ереймен тау етке бөкті.
Күтіліп келген мейман тойынған соң,
Ат шауып, бәйге үлесер мезгіл жетті.

Шаң басып қотарылған жер мен көкті,
Арқаның елі тегіс ат ерттеді.
Қарақшы қалай қарай тартатынын
Хабар қып жаршылар да шауып кетті:

«Ай, әлеумет, жарандар,
Асқа жиын адамдар!
Жарға құлақ салыңыз,
Бірің қалмай, бәріңіз!
Айтқанымды біліңіз,
Атқа тегіс мініңіз!
Тарап кетті табақшы,
Солай қарай жүріңіз!
«Көмбе қайда?» — десеңіз,
Көзді салып көрсеңіз:
Өркеш-өркеш көрінген,
Орғылап су төгілген,
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей,
Бүлдіргені көнектей,
Ерейменнің тауында,
Егізқызыл баурында.
Жоламанның қасында,
Жыландының басында.
Көкжайдақтың шенінде,
Бозойнақтың белінде.
Қайындының дөңінде,
Қарақусақ көлінде.
Сонда бәйге төбеге,
Жиыласыз көмбеге!
Халқым, солай жүресіз,
Қарақшыға ересіз.
Тоғыз дуан тоғысқан,
Сегіз дуан бас қосқан,
Сердебені көресіз!»

Жаршылар осылайша кетті сарнап,
Бәйгенің болар жерін жұртқа жарлап.
Қара жер қайысқандай қалың жиын,
Қыбырлап құмырсқадай жүрді қаулап.

Лек-лек топ, ағытылды адам аңдап,
Теңіздей толқын жанға толды жан-жақ.
Тұяқтан түтін болып жер менен көк,
Бауырын Ерейменнің басты шаңдақ.

Ұқсаған ен тоғайдың ағашына,
Мол жиын таудың сайы, саласында.
Түлкілер тұйықталып қолға түсті,
Кісінің қалды қоян арасында.

Адамның көз жеткісіз қарасына,
Дегендей исі қазақ бәрі осында.
Жауғандай Ерейменге жаңбыр кісі,
Қусақтың тартты тура жағасына.

Әртүсті ат, алуан кісі мінуі де,
Халықтың жазғы шөптей киімі де.
Бейне бір шегірткенің қонуындай,
Қусақтың жұрт жиылды биігіне.

Әркім-ақ әлем байлап жүйрігіне,
Құйрығын сәйгүліктің түйді, міне.
Жапсар ел жақын, көңіл тілектес боп,
«Бәйгелі болсын!»-деп жүр бір-біріне.

Шықты шаң, басты тұман Жыланды жақ,
Сол шаңнан шығып жатыр ат қылмаңдап.
Тұмарлап, үкілеген өңшең жүйрік,
Жиылды жұрт алдына сүмбе саңлақ.

Жүргендер жұрттан озып, топтан таңдап,
Жараған жыл өмірге осы асқа арнап.
Алдырып жеті сайын желіктерін,
Қатқандар бірі — қамшы, бірі — қармақ.

Сақа аттар, cap кідірлер, сары тісті,
Дәмелі дөнен де бар, жүйрік бесті.
Құсындай қырдың өңшең ап-ала боп,
Жүйріктер жұртты үңілтіп көзге түсті.

Ат саны барған сайын бірден өсті,
Атқа еріп, тамашалап халық көшті.
Аттарды жазып-сызып төрешілер
Санақшы санын бір мың үш жүз десті.

Пәленше-түгеншеден озып бақсақ;
«Осы асты көптен күтіп деген — шапсақ,
Жүргенше жеке-жеке жүйрік болып,
Арыстың асында бір бақ сынатсақ…»

Деген ой бәрінде де болып мақсат,
Жиылды қазақтағы өңшең жақсы ат.
Қашаннан қарлығаштай жаршы міскін,
Қызғыштай қалың топқа жүрді қақсап:

«Көр, әлеумет, жарандар!
Көмбедегі адамдар!
Маған құлақ тігіңдер,
Келген атты біліңдер!
Айтайын қайсы біріңді,
Жиылды жүйрік, жиылды!
Ойың менен қырыңды
Жиған асқа бүгінгі
Кімдер келмей қалысқан,
Аяқ жетпес алыстан,
Құлақ жетпес дабыстан.
Жиылды осы көмбеге,
Шапқалы тұр бәйгеге,
Бөкен санды бурылдар,
Шапса мыңнан суырылар.
Жылқы малдың жүйрігі,
Серке санды Құла бар.
Қозыбайдың дүлдүлі,
Серпінді Көк бұ да бар.
Қайсыбірін айтайын,
Шапса желдей зулатқан,
Шудың бойын шулатқан,
Меруерт жалдас Ақсұр бар.
Сырдың бойын сілтідей,
Тыйып түрген Қызқара,
Осы жолы бақ сынар.
Қайсыбірін айтайын,
Бәйге бермес ұдайы,
Ұлытаудың Құбайы.
Қашағанның құдайы,
Қаратаудың Құмайы.
Қыпшақтың Ақбақайы,
Қырғыздьң Көктопайы.
Ақшатаудың Аласы,
Көкшетаудың Құласы.
Ертістен Елік-құбақан,
Есілдің Қасқабұласы.
Айтайын қайсыбіріңді,
Жиылды жұрт, жиылды!
Аралдың Алаүйрегі,
Жарылқаптың Жирені.
Балқаштың бейпіл Бөртесі,
Семейдің Сұрсеркесі.
Төстен түлкі қоймаған,
Тобықтының Тұйғыны.
Жамбылторы осында,
Жауғашардың жүйрігі.
Қайсыбірін айтайын,
Алатаудың басынан,
Аққанат Кер келіп тұр,
Аузымен құс тістеген.
Жалғыз қазық жықпаса,
Жылқы озбайтын құспенен.
Шапса екпіні дауылдай,
Ала көйлек арудай,
Сыпыра басып, сылаңдап,
Көкала жүр бұлаңдап.
Қайсыбірін айтайын,
Алуан-алуан күліктің,
Асқан-асқан жүйріктің!
Қосылып тұр отыз боз,
Жиырма жирен, қырық қара;
Кердің өзі екі жүз.
Тағы, тағы, тағы да,
Таласып тұр бағына.
Тоқсан торы, жетпіс көк,
Ала, құла саны жоқ…»

Осындай хабарымен топқа соғып,
Жаршы жүр жағы тынбай бәйек болып.
Жиын жұрт жүйріктерді тамашалап,
Аттардың алды-артына кетті толып.

Әржақтың саңлақтарын сұрап, көріп,
Дүрілдеп, ұмтылып жүр соңына еріп.
Кеңесіп, керілдесіп, кеулеседі —
Қой, қозы жамырасқан секілденіп.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.