Нәбидолла КИКЕБАЕВ, Жанұзақ АЯЗБЕКОВ. Кие мен ие

18585

Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Нәбидолла Кикебаев пен «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбековтың сұхбаты.

аязбековЖанұзақ: Жұртқа аян, ел аузында үш би айтыпты деген сөз бар. Тәуке заманында Күлтөбенің басында жұрт үшеуінен заман құлқын сұрапты. Сонда Төле би: «Жылқы біткен көп кісінеп кеткен жоқ па, әйел біткен көп кісімсініп кеткен жоқ па» деп, Қазыбекке меңзегенде, ол: «Жылқы біткен көп кісінесе, ел шетіне бір дүбір жетейін деп жүргені болмасын, әйелдер көп кісімсінсе, қадірінің өтейін деп жүргені болмасын» деп, Әйтекеге бұрылады, сонда Әйтеке: «Ел шетіне дүбір жетсе, атыңның жалы – панаң болар, көк сауытың – қатын, көк найзаң – балаң болар» деген екен.

Нәбидолла: Осы шешендер әңгімесінде Төле би үй сыртындағы төбені — ерттеулі тұрған атың, ел ішіндегі қарияны — жазулы тұрған хатың» дейтіні де бар ғой. Ат үсті – төбе үсті. Ат үстінен ұлан-ғайыр жазықтың көзің талғанша көкжиегіне дейін шолып шығасың. Айналадағы тірлік-тіршілікке қарап өмір шіркіннің қас-қабағын аңдайсың. Ат үстіне отырған қазақтың жүрек-жүйкесін, тұла бойын айрықша бір сезім, күй кернейді. Қиялына қанат бітеді, арман құсы шарықтайды. Бұл пәлсапа сөз емес, ғылыми тұрғыдан да дәйегі бар ұғым.

Жанұзақ: Демек, ат үстіндегі қазақ – тақ үстіндегі қазақ. Қисынды. Ал енді, әлгі, әйелді көк сауытқа теңегені, көк сауыт – жаныңның қорғаны, яғни, отбасы – тас қамалдай бол, одан оқ оңайлықпен өтпесе керек, ағареки оқ өтсе – мерт болғаның. Баланы көк найзаға теңеуі, балаң – тірегің, жалғасың, найзаң болмаса, жаудан жайрайсың. Заманында айтылса да, жаңғырығы бүгінгі күнге де жетіп отыр..
Осы өнер атаулыда әйел мен жылқының қадір-қасиетінің жымдасып жарасатыны да, кереғар басқа да реңк алатыны да алдыңнан шығары хақ.

Нәбидолла: Бұл иммунитет. Ана – мәңгілік ұрпақ ұясы. Жылқы – ғасырлар бойы ұлттың тірлік тұтқасы болып келді. Осы иммунитеттер тарих толқынында тұншығып, талмаусырап кетуі ықтимал, бірақ жоғалмауға тиіс. Бұл да бір әр мемлекеттің даму сатысының қай сатысында екенін білдіретін көрсеткіштердің бірі.

Жанұзақ: Егер турасын айтсақ, қазақта бұл иммунитеттің жаңғырығы ғана қалды. Ат көп, гәп көп. Адам мен тәңірді селбестіруші дәнекер, иесі өлсе де, оның аңсаған мұратына жеткізер жебеуші ат деген пәлсапалық әфсаналар, аңыздар аз айтылған жоқ.

Нәбидолла: Қазір әлемде жылқының адамдық интелектіне жақындығын танып, оның болмыс-бітімін барынша дамытуға ұмтылып, жылқының басқа қырынан дамытып пайдасын көріп отырған елдер көп. Солардың бірі – ағылшындар. Олар жылқы табиғатының байырғы сипатына өзгерістер енгізіп, жаңа сатыға көтерді. Бәйгесінің түр-түрін, ат жегуді сән-салтанатқа пайдалану, жылқы өсірудің жаңа мәдениетін қалыптастырып отырғандар да солар. Қазақ аттың қадыр-қасиетін танудай ақ танығанымен, өркениет дамуына сәйкес гармонияда алып келе алған жоқ. Бұған экономикалық, саяси, тоғышарлық себептер әлде де болса өзінің әсерін тигізіп отыр. Ұлы Абай: «Қараңғы соқыр, қайғысыз отыр тамағы тойса жарқылдап…» демеп пе еді. Жарты әлемді жаулап алған монғолдар қандай күйде? Монғолдар да жылқының табиғатын өте терең білгенімен шаруаға пайдаланумен, азық-түлік деңгейінен аса алмай отыр.

Жанұзақ: Ақпарат заманында адамның білмейтіні жердің асты-үстінде де қалмайтын түрі бар. Қазіргі заманның райына қарап, көкірек көзділер ұлттық құндылықтар десе көкірегі қарыс айырылады. Халқымыздың біртектілігінің жойылып бара жатқанының бір себебін қазақтың аттан түскенінен көретін сіздің әріптестеріңіз де, зиялы жұрт та көбейді. Мысалы, тарих ғылымының докторы, профессор Бүркіт Аяған: «Мыңдаған жылдар ат үстінен түспей Тынық мұхит Дунайға дейін билігін жүргізген көне түркілердің мұрагері қазақ жаяу қалды. Атсыз қалған қазақтың да мінезі өзгере бастады. Бұрын мұжықтармен келімсектерге жоғарыдан қарайтын даланың ерке ұлдары енді мүсәпір халге түсті» десе, «Қызыл империя алдымен алаштың атын алды, артынан елдің басын алды. Қазақтың табанын тас, жанарын жас тілді. Жылқы мінезі жүндей түтілді. Ұланғайыр даланы ұлан асыр күйге бөлеген төрт түліктің төресі, ардақты жануарлардың сарқыны қаша-қораға қамалды. Қайдағы бір жабылармен жамалды. «Үсті-нен су төгілмес майда қоңырлардың» орнына дүңкілдек, мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончактар» пайда болды» – дейді, жылқы жанды Бақытбек Бәмішұлы. Қазақтың дегдар ірілігі, кесек мінезі алтынның сынығындай аңсайтын қасиетке айналды. Сондықтан ғалым Айтуған Адамқұлұлы: «Қазаққа жылқы қайтып келмей, қазаққа қазақ қайтып келмейді» деп ашынады. Мұндай қауіп өткен ғасырлардан бері небір алаштың жампоздары мен ақтангерлері айтып кеткен. Оны мысалға келтіріп, уақыт оздырмайық. Әрине бұл жерде тарих дөңгелегі кері айналмасы, бұрынғыдай аттылы күйге түспейтініміз анық. Мәселе, жаңа дүниеде қазақ ғасырлар бойы жылқысынан таныған-тапқанын бүгінгі кәдесіне жарата ала ма? Тектілік тәрбиенің бір тіні шынымен-ақ осы жылқыда десек, енді не болады?

IMG_9413Нәбидолла: Осы тұста, ойыңызды тұздықтай түсуге Елбасы айтқан Еуроцентристік кеңестік насихат пен ғылым көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітті. Жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тірлік құрушы халық деп мұқатып, қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп – құлату мақсатын көздеді. Ал сіздің айтайын дегеніңізді ұқтым. Қазір өз тізгініміз өзімізде, ешкімге алаңдамаймыз, жоғалтқанымызды табуға, өшкенімізді қайта тұтатуға болады ғой, неге істемеске, неге іздемеске, неге жасамасқа деп отырсыз-ау. Бұл жөн-ақ. Бірақ айтуға оңай. Мысалы, төрткіл дүниеде, бәйгеде егер бабын тапса қазақ тұлпары араб пен ахалтекені шаң қаптырып бағы жанар еді. Бұл жерде араб жылқысының сағын сындырайын демеймін. Өйткені, ол ертеден – 7 ғасырдан белгілі жылқы тұқымы. Оны қазақтар «араби жылқы» деп атаған. Жаратылу табиғатының өзі мифтермен араласып кеткен. Кезінде еуропалықтар бір араб жылқысының құнын аса жоғары бағалаған. Жер шарының кез келген елі жылқы шаруашылығында араб жылқысын пайдаланған. Ол 15 ғасырдан бастап таза қанды ағылшын, американ, венгер жылқыларының пайда болуына біршама ықпал еткен. Париж көрмелерінде араб жылқылары ең таңдаулылар қатарында есептелген. Бұл тұқымның қазір біздің елде де беделі жоғары. Оның айғырларын қазақ халқы өзінің жыл-қы тұқымдарын жақсартуға пайдаланды. Араб жылқысы ірі емес, шоқтығына дейінгі биіктігі 151 см, тұрқы 149 см, кеуде орамы 175 см, жіліншігінің орамы 19 см. Тұяғы берік, өте сымбатты, ұзақ жүріске төзімді әрі жүрдек келеді. Шөлге шыдамды, күтім таңдамайды. Қазақстанда таза Араб жылқысы өте аз.

Жанұзақ: Қытайтанушы Клара Хафизованың дерек-дәйектері де ойыңызды сан-саққа жүгіртеді. Ертедегі Қытай императорларының мінгені қазақ сәйгүліктері екен. Цинь династиясына дала билеушілері сыйлыққа асыл тұқымды қазақ жылқыларын үйір-үйірімен тарту еткен көрінеді. 1767 жылы қытай императорына Абылай хан 300 ақ атты сыйға тартыпты. Қытай императорының сарай суретшісі, миссионер Джузеппе Кастильяне осындай тарту сәтін айнытпай қаз қалпында салса керек. Қазақ тұлпарлары ас-қан сұлу бейнеленіпті. Көне қытайлықтарда егер қанатты атпен көкке жетсең өлмес мәңгілікке ие боласың деген түсінік болған. Сіз Қытайға бардыңыз, Қытай жылқыларын көрдіңіз. Не білдіңіз, не түйдіңіз? Қазақ жылқысының рухы Қытайда жүрген жоқ па екен?

Нәбидолла: Қазақтың ежелден көрші елдермен саудасы – төрт түлік мал, оның ішінде жыл-қымен болған. Әсіресе көршілеріміз: Қытай мен Ресей мемлекеттері қазақтың екі нәрсесіне асық болды, бірі – ұлан байтақ жеріміз, екіншісі – есепсіз көп жыл-қымыз. Қытайдың басты арманы 100 мыңдаған әскерін қазақ жылқысымен қамтамасыз ету болды. Сөйтіп, 1757 жылы Абылай өзі бірінші болып 200 бас жылқыны киім-кешек, күміс, жібек, фарфорға айырбастайды. 1759 жылы Цинь патшалығының қазақтардан айырбастап алған жылқысының саны 10 мыңнан асып жығылған (Үрімжі базары бойынша ғана), ал Құлжа, Шәуешек, Тарбағатай базарларын қоса есептесек жылына кем дегенде 30-40 мың бас қазақ жылқысы (орта және ұлы жүз қазақтарының) өтіп тұрған. 1 жылқының бағасы 4-7 лян тұрды (1 лян — 37,3 г күміске тең).
Қазақы жылқылар негізінен Қытайдағы қа-зақтар тұратын аудандарда өсіріледі, оларды Іле жылқылары деп атайды. Бұл жылқылар, Қытайдағы ең жақсы жылқылар болып есептеледі. Біздің жылқының сақталып қалуы: біріншіден – қытайлардың аса қызықпаушылығында болса, екін-шіден – өздерінің жылқы тұқымдары болмағандықтан қазақ жыл-қысын будандастырмаған, біздің орыстандыру, отарлау саясатындағыдай емес. Қытайда аламан, құнан бәйгелері өтіп тұрады, онда негізінен Іле жылқылары шабады. Бапкерлері – қазақтар. Ертедегі Қытайдың Хан династиясы елші жіберіп, Үйсін елінен асыл тұқымды жылқыны Қытай орта жазығына алдырғаннан бастап, Хан патшасы У Ди «Пырақ» деген жырын жазып, жылқының ғаламат құдіретін тамсана жырлап, оған «Пырақ» деп ат қойған. Хан патшасы У Ди Ферғанадан жеткізілген «қан терлейтін тұлпар» сияқты орта азиялық асыл тұқымды жылқыларды Үйсін сайгүліктерімен және моңғол жылқысымен будандастырып, «данжүн» деп аталатын жылқы тұқымын өсіріпті. Сөйтіп, Қытайдың орта жазығында жылқының тұқымы асылданып, Хан патшалығының өндірісі де өркендеп, әскери қуаты да мықтап артқан.

Жанұзақ: Бауырлас түркіменнің ахалтекесін ақын Есенғали Раушанов бір мақаласында түркімендердің сұлу мүсінді ахалтеке жылқысының даусы біртүрлі жіңішкелеу, сыбырлақ аққудың даусындай естілетініне қынжыла, жаратылысы бөлек асыл жылқыға ғажап дауыс жарасар еді ау деп жазғаны бар.

Нәбидолла: Ол рас, бауырлас түркімен халқының Ахалтеке жыл-қылары төзімділік жағынан дес бермейді. 1935 жылдары түрікмен салт аттылары Ашгабад пен Мәскеу арасындағы 4 мың 300 км-ді бар-жоғы 84 күнде желіп отырып еңсеріп өткен. Ең қиын өткел болып саналған Қарақұмды 3 күнде басып өткен. Дауысына келетін болсақ, түркімендердің дутарларының жіңішке үніндей болып келеді. Қазақтың қоңыр, қою дауысындай қайдан болсын.

Жанұзақ: Осы ықылым заманнан көшпелілерге тән бір менталитет бар. Иллиада дастанында скиф жылқының кісінеуін ең жақсы музыкадан жоғары қояды.

Нәбидолла: Геродот «Тарихында » көшпелілер хақында: «Олардың табынатын жалғыз құдайы – Күн. Күнге арнап олар құрбандыққа жылқы шалады, өйткені ең жүйрік құдайға дүниедегі ең жүйрік жандыны шалу керек деп түсінеді» – десе, грек географы Страбон «Географиясында» скиф және сармат тайпалары туралы жаза келе: «Барлық скиф және сармат тайпаларының бір әдеті – аттарын жуасыту үшін піштіріп тастайды. Шындығында, олардың аттары жатаған келгенмен, ойнақшып тұрған асау болады. Батпақты жерде бұғы мен жабайы шошқа ауласа, ал жазықта құлан мен киік қуалайды» – деген. Ертедегі грек пәлсапашысы Николай Дамасский: «…Скиф тайпалары үй дегенді білмейді, тамақтары тек қана бие сүтінен тұрады, одан құрт жасайды. Ол ішуге де, жеуге де жақсы. Олармен соғысу өте қиын, себебі тамақтарын өздерімен бірге алып жүреді», – деп жазып кеткен.

Жанұзақ: Десек те жылқыны қазақтан артық болмыс-бітіміне сіңірген, әспеттеген ұлт бар ма екен?! Туған баласын «құлыным, құлыншағым», томпаң қағып, зыр жүгірген жүрісін «құлындай құлдыраңдады»; Ұл бала – «ат ұстар», қыз бала – «ат байлар»; Ер жетіп, есейгенде «ат жалын тартып мінді»; Бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты «ат құйрығын кесісті»; араздасып барып татуласқан жандарды «ат тізесін қосты»; күйі жоқ адамды «ауы атқа, аузы аққа» жарымаған; Елге бас болған азаматты «атқамінер»; Халқының қамын жеген ел ағасын «ат үстінен түспеген жан» т.с.с. деу қазаққа ғана тән.
Қазақ баласының қолына түскен қу шыбықтан бастап, атасының таяғы, тіпті апасының сабауына дейін ат болып кетеді. Қу ағашқа жан бітеді. Қазақ халқының тарлан тарихының тереңіне үздіге үңілгенде де тәнті болатынымыз – бабаларымыздың елін, жерін қорғап, ата жауымен алысқандығы қанды көйлек жолдасы, арқа-жарқа болып, алқа-қотан көшіп, ақ түйенің қарны жарылып саят-салтанат құрғандағы қызығы, сәнінің көркі күмбірлеген күліктер екенін көреміз.
Ат аяған жерге қарайды, құс аяған көкке қарайды. Егер «қолбасшыны өлтіргің келсе, алдымен атын өлтір» деген бар. Ақалтеке өз иесіне адал жануар дейді. Қолдан қолға өткенге жирене қарайтын қасиеті бар екен.

0Нәбидолла: Жылқы көне адамдарды үңгірден алып шығып, дүние танытты. Жылқы адамның тіршілік тірегіне айналды. Оған табынып, құдірет иесі деп сенді. Гомер «Иллиадада» он жыл өзара күйзелткен соғыстың кілтін ағаш аттан тапты. Көне адамдар ат мүсініне айрықша рухы бар деген сеніммен қараған. Түнде аттың ішінде отырған данайлық қарулы жауынгерлер ұйқыда жатқан троялықтарға лап қойып, қаланы жермен жексен етіп қырып салады. Сөйтіп аттың құдіретімен соғыс аяқталады.
«Иллиадада» троялықтарды «hippodamoi» деп, яғни, «жылқыны бас білдірушілер»»деген сөз екен, аңыз бойынша, көне троя патшасы Дарданның бір үйір керемет жылқысы болыпты. Оның тегі солтүстік Борей желінен жарал-ған дейді. Көне дүниеде егіншілік, жауынгершілік және жылқы мәдениетінде адамға ең жақын жылқы болған. Осы тұрғыдан келгенде ахей жауынгерлері үшін Троя қабырғасына атты қою түсінікті. Туу мен өлуге символикалық байланысы бар. Көшпелілерде, жылқылар мен адамды бірге жерлеу белгілі бір мақсатпен атқарылған: олар марқұмды арғы алыс дүниеге шығарып салған немесе жеткізген, ол дүниеде де мініс құралы немесе құрбандық малы функциясын атқарған. Жылқы – салт атты жауынгердің сенімді досы, мәңгілік серігі болғандықтан, оны толықтай сәндеп, басына маска кигізіп, соның көмегімен бейнесін құбылтып турлі ипостасқа енгізген.
Адам баласының атты ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы шын мәнінде ұлы жаңалық болды. Мысалы, ерді алып қарайтын болсақ: жасалу әдісіне байланысты – ойма (шаппа) ер және құранды ер болып екіге бөлінеді; сырт көрінісіне қарай: Айбас ер, Баламғол ер, Боқан ер, Қазықбас ер, Қазбас ер, Құсбас ер, Шашақбас ер, Үйрекбас ер, Ханбас ер болып, ал елдік, рулық белгісіне қарай: Бұхар ер, Қазақы ер, Керей ер, Қалмақ ер, Қырғыз ер, Бейжін ер, Орыс ер, Қоқан ер, Алтай ер, Найман ер, Үйсін ер; пайдаланылуына қарай: Еркек ер, Әйел ер, Бала ер, Ашамай ер; жасалған металына қарай: Алтын ер, Күміс ер болып бөлінеді.

Жанұзақ: Ғалымдардыкі – көзді сөз, кәрілердікі – қайыр сөз деген бар ғой. Түркі халықтарын тарих сахнасына шығарған жылқы. Көздің жасы да буырыл тартады екен.

Нәбидолла: Қазақ топырағынан бастау алған жылқы тарихы адамзат тарихында ойып тұрып орын алған. Әлемдік археология тарихына жаңалық болып енген – Ботай қонысы, сондай-ақ Берел қорымы бүгінгі күнде баршаға жылқының Отаны ретінде таныс. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Жанұзақ: Біз бұл әңгімемізде «Қазақ жылқысының тарихын» жазған Ахмет Тоқтабайдың еңбегін айтпай кетсек, күнә болар еді. Қазақ жылқытану ғылымына орасан зор үлес қосқан адам. Сіз жақсы танитын, мүдделес, үзеңгілес десем лайық шығар.

16333_1518810634___________________Нәбидолла: Бір өзі ғаламат дүние, қазаққа өшпес мұра жасады. А.Тоқтабайдың еңбегі әлі лайықты бағасын алған жоқ. Кездесіп, пікірлесіп тұрамыз. Ғалым осы еңбегінде небір құнды дерек-айғақ, мәліметтерді келтіреді, оқырманға мәселе де қояды. Мысалы: жер жүзінің 30 елінде тек жылқыға, тағы 30-дан астам елде жылқыға жанама түрде арналған музейлер бар екен. Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 65 млн. жылқының шыққан жері, тараған өлкесі қазақ даласы десек, елімізде неге жылқы музейі жоқ? А.Тоқтабай «Қазақстан жылқының – отаны» деген ұлттық музейдің тұжырымдамасын жасады.
Ғалым орта ғасырларда Египеттің сұлтан сарайында қыпшақ-мамлюк жігіттері қойған «Жылқы театрын» өз елімізде жаңғыртатын кез келгенін айтып, 40-тан астам өзі жинаған қазақтың ат үсті ойындарын келтіре отырып, «Жылқы театрының» сценарийін жазды.
Қымызмұрындық (бие бау, бие мұрындық) мейрамын ұлттық-мемлекеттік дәрежеде тойлау – халықтың денсаулығын түзеп, рухын көтеретін шара болар еді деп ой тастайды.

Жанұзақ: Бұл еңбекте артық десеңіз мейлі, бір мезет өзіңнің қазақ болып туғаныңа бақытты сезінетіндей дүние жетіп артылады. Кей тұстарынан оқушының ықыласын аударайық. Қазақ сотында кісі өліміндегі жазаның өтемі – жылқы болған. «Жеті жарғыда» кісі құны – 100 жылқы деп көрсетілген. «Адамның құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы» – деген мақал бар. Ат-тон айып – бір ат, бір тоннан тұрады. Айыптың жеңіл түріне жатады. Ертеде екеуі де ат та, тон да бірдей төленген, тек кейінірек тоны ғана берілген.
Ат-шапан айып – қонақты дұрыс қабылдамай, дұрыс қонақ-асы бермеген жағдайда төлеген. Көбіне ат жай аталады да, шапан алынған. Қанды қара, шолақ ат – өлтірген қылмыскердің атының құйрығын кесіп тастайды. Егер қылмыскердің ауылы құн төлейміз десе, қылмыскердің атының құйрығы кесіліп, өлген адамның ауылына жіберіледі. Ауылға келген бір жолаушының аты сол ауылдың баласын теуіп өлтіргенде жас Әйтеке би: «Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін құн, жабықта тепсе – жарты құн, түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар» – деп билік айтыпты. Қазақта ең ауыр жаза – ат құйрығына байлап өлтірген.

Нәбидолла: Жылқының жершілдігі туралы да қызықты дерек бар. Маңғыстауда Балуанияздың құла аты Түркіменстанның Чарджоудың аймағынан қашып еліне келген. Құла ат сонда, құмды, шөлді жермен қашып отырып, 500 шақырымнан астам жүрген деген сөз бар. 1990 жылы Монғолиядан көшкен қазақтар Жанпейіс атты кісінің Ақбақай деген аты шекарадан өтіп мұнда келгеннен кейін он күннен соң қашып кетеді. Семейден қашқан Ақбақай және 5 ат Ресей шекарасынан өтерде оққа ұшып, Ақбақай мен тағы бір ат аман туған жеріне жетеді. Ақбақай бір күннен соң өліпті. Сонда Семей мен Баян Өлгийдің арасы 1000 шақырым екен.
Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш жыл бұрын біледі. Білген соң өледі. Шөл далада келе жатып, демаларда құдықтағы суды қазақ алдымен астындағы атына ішкізген. Ат ішсе – су таза болғаны. Бір кездері жаугершілік заманда құдықтарды улап кеткенде, осы тәсілді пайдаланған.

Жанұзақ: Киітке ат бергенін естіп пе едіңіз? Жалайыр Қарғабай деген кісі 115-ке келген әулие адам екен. Тоқсан жасында әйелі ұл тауып, атын Тоқсан қояды. Қарғабайдың бәйге Көкала аты болады. Дулат Сәт болыс Тоқсанға қызын беріп, киітке ат беріпті. Бірақ бәйгеге қоса да келмейді. Сонда Қарғабай «менің атымды атап, менің ұранымды шақыр бәйгеден бірінші келеді» дейді. Ақыры айтқаны келіпті. Көкала алдына қара салмай өтсе керек.

Нәбидолла: Әйел толғатып, босана алмай қиналғанда, ауылдың іргесінен атты дүбірлете шапқан. Атпен шауып келгенде, екіқабат әйелді тысқа шығарып, жылқының демін иіскететін болған. Қыза келген аттың сесі, демі жын-шайтанды қашырады дейді.

Жанұзақ: Нәке, Сіздің қадірлі ұстаздарыңыздың қатарында бірегейі – Игорь Николаевич Нечаев, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Заты орыс демесеңіз, жаны мен рухы қазақ, ғажап кісі деседі.

Нәбидолла: Оған сөз жоқ. Қазақшаға судайлығы, мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде мен шешенмін деген талай қазақты жаңылдырғанын көзіміз көрді. Қазақ жылқытану ғылымының ақтангері. Бүкіл өмірін жылқыға арнаған кісі. Өткен ғасырдың 1956 жылдан бері үйір-үйір жылқы, мыңдаған табыншылардың ортасында өсті. Қазақтың жабы жылқысы түрінен: мұғалжар, сары-арқа, құланды және қаба жылқы тұқымдарын өсіруге, әсіресе Мұғалжар жылқысының ішінде сарыарқа тұқымын және оның ембі мен қаба деген түрлерін шығаруда ерекше үлесі бар энци-клопедиялық білімі бар ғалым.

Жанұзақ: Қостанайға, Сізге келгенде біз де Игорь Николаевичті көріп, аз-кем тілдесіп қалғанымыз есімде. Тұла бойы тұнып тұрған – жылқынама. Сол кісінің айтуынша, әлемдегі жылқының 300-ден астам түрінің жетеуі біздің елімізде. 1916 жылға дейін Қазақстанда 4 млн 640 мың жылқы болса керек. Енді қазір елімізде екі миллионға да жетпейді – 1 миллион 750 мың жылқы бар деген еді..

Нәбидолла: Барлығын қайтейік, қадірі мен қасиетін бағаламасақ. Кембридж университетінің ғалымдары жылқы шежіресін жасапты. Бірақ онда қазақ жылқысы жоқ. Нечаев бастап ол шежіреге қазақ жылқысын кіргізген. Ағылшын және Ресей ғалымдары жабы, адай, мұғалжар және бас-қа да тұқымдардың қанын тексергенде қатты таңғалыпты. Төрткіл дүниедегі жылқылардың ішінде қазақтың мұғалжарында тұңғыш жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған! Басқа бірде-бірінде осы ген жоқ. Сонау ықылымдағы жабайы жылқының гені – қазақ жылқысының шыдамдылығының негізі болып табылады. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Оның жұрнақтары біздің жылқыларда кездесіп жүр.

Жанұзақ: Өзімізге келейік, енді Сіздің мақсатыңыз «Қазақ тұлпарында» қазақ салт атын, яғни, қазақ тұлпарын өсіріп шығару.

Нәбидолла: Оныңыз рас, бірақ бұл жалғыз менің ғана емес, барша қазақтың мүддесі болуы тиіс. Қазір Қазақстан бойынша үш-ақ жылқы тұқымы бар: біріншісі – Қостанай жылқысы (1951ж.) Қостанайда, екіншісі – Көшім жылқысы (1976ж.) Ақжайық өңірінде, ал үшіншісі – Мұғалжар жылқысы (1998ж.) Ақтөбеде, Арқада дүниеге келген. Алла қалап, сәтін салса, төртінші жылқы тұқымын дүниеге әкелмекпіз. Ол – Қазақ тұлпары. Соған байланысты көптеген жұмыстар жатпай-тұрмай атқарылуда. Кім білген, мүмкін 15-20 жылда бола ма? Әйтеуір, басын бастап, «Қазақ тұлпары осылай болуы керек», – деп ең алдымен көз алдымызға елестетіп, түсін түстеп қой-дық. Бұл біздің алдымыздағы үлкен мақсат, жүйелі жоспар. Мысалы, бойы биік, денесі сұлу, қамыс құлақты, бөкен қабақты, қоян жақты, быртық бақайлы, шақпақ етті, белі қысқа, аяғының арасы алшақ, кеуделі болуы керек. Зер сала қарасаң, бұлардың бәрінің мағынасы кең, ауқымы мол. Сосын жергілікті ауа райына төзімді жылқыны жоспарлап отырған жылқымен салыстырып, байқайсың. Қазақтың дархан даласында батырларымыздың мінсе – көлігі, жауға шапса – серігі, шаршаса – жалын төсеген қазанаты, шапқанда шашасына шаң жұқтырмас тұлпарлары қайда?! Мұны ел Президенті де алдымен түсінді. Жұ-мыстың барлығын қайта құрдық. Зауытта патша заманынан қалған атқорадан басқаның бәрі жаңартылды, жөнделді.
Алдымен алға анық мақсат қойдық. Қазақстандағы өткен ғасырда дүниеге келген Қостанай жылқы тұқымы негізінен мініс пен жегуге арналғандықтан ол бүгінгі күннің үдесінен шыға алмайды. Өйткені, дүние жүзінде жылқыны спорттық мақсатқа пайдалану үрдісі басым. Қазіргі заманда елдің атын шығаратын тек байлық емес, өнер, спорт екені белгілі. Еліміз әлемдегі мойыны озық отыз елдің қатарынан көрінеміз деп межелеп отырғанда, қай саладан да көштің соңында қалып қоймау-ымыз керек. Ал жылқы тұқымының тегін дұрыстамай бұл салада нәтижеге жету мүмкін емес. Қостанай зауытында 2000 жылдардың басына дейін айғыр ауыстырылмаған. Сондықтан өзі өзімен араласып кеткен жылқының қанын жаңартуды, алыс-жақын шет елдердегі асыл тұқымды, атағы жер жарған танымал ай-ғырлардан ұрпақ өрбітуді бірінші кезектегі іс деп санадық.
2002 жылы Ресейдің үздік жыл-қылары Тотенхем және Скиф атты екі айғырды сатып алып, құлын алдық. Бұл екі айғыр да ағылшын тұлпарларынан тараған, ал олардың аталарының тегі де айтарлық. Олар Америкада атағы жер жарған Трипл Бак пен Ресейдің Флагман деген айғырларының ұрпақтары болатын. Мұнымен шектелмедік, текті ай-ғыр іздеп алыс шет елге де шықтық. Ұлыбританиядан Масси Сэраф, Ривер Бэй, Нортангер Абби атты ағылшын және Ресейдің Терск жылқы зауытынан Виниту, Беспокойный деген Араб қанды айғырларды алдық.
Біздің зауыттағы жұмыстың басты мақсаты осы, тұқымы жоғалып кеткен қазанатымызды орнына келтіру. Бұл ұлттық мақтанышымыз ғана емес, ұлттық сананы сілку, ояту үшін де керек. Орыстар мен украиндар тұқымы жоғалып кеткен «русская верховая», «украинская верховая» деген жылқы тұқымдарын өткен ғасырдың 70-90-шы жылдары қалпына келтіріп алды.

Нәбидолла Кикебаев,
Жанұзақ Аязбеков.

«Қостанай таңы» газетінен. (Жалғасы бар)

6 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.