Жоу ТАУ. Қазақ атқа мінсе ауруынан айығып кетеді

7931

Астымдағы атымның дөкір екенін енді байқадым. Жиырма километр жолда аяғын жеңіл алып желе жортқан еді. Мен баратын арақ заводы да өзеннің ар жағынан көріне бастаған. Алайда, өзеннің дәл ернеуіне келгенде қырыстанып судан өтпей қойды.
Өзі ағын судан өлердей қорқады екен. Болмаса суы оншалық терең де емес, шашасынан келмейді. Өзен суы қысты күнгі күн нұрына шағылысып, тұп-тұнық боп, жылып ағып жатыр. Толқындары да жуас, жарық-жұрық етеді. Ені оннеше метрге жетпейтін өзенге жоламай, үркіп тұрған мөндібас, сырты күжіреиген қу шолақ! Көзі алақ-жұлақ етеді. Мөп-мөлдір өзен емес, қайта қияметтің қыл көпірінен өтетіндей, немесе түпсіз тұңғиыққа түсетіндей, мың салсаң бір баспай, алдыңғы аяғын тіреп, қайқалақ қағып, шегіншектейді!

Осы көк ат ағын су көрсе бойын ала қашатын боп шошынған ба екен деп күмәнданам. Бәлкім, тай-құнан кезінде тасқын суға тоғытылған, үрейлі оқиға есіне берік орнап, ақымақтықпен ағын судан өтпеуге бекіген шығар. Қолды болған тоңмойын тыңшы сияқты, қанша тебініп қамшылағаныңмен бәрібір, әуелгі айтқан мойындамасынан танбайды.

Ойыма келген амалдың бәрін істедім. Тымағыммен басын тұмшалап, басқа бағытқа шауып барып, басын кері бұрып, өзімше оны жаңылдырып, өзенге тура тартып өтпек болып едім, өзеннің ернеуіне атқан оқтай шауып келіп шорт тоқтай қалғанында өзім үстінен ұшып кете жаздадым. Жақын маңда жалғыз ағаш көпір бар екен. Шылбырдан созып ұстаған беті көпірден өтіп алып, жетектеген едім, ол шалқалақтап кері тартқанда суға түсіп кетуге шақ қалдым.

Осындай кереғар жылқыға қарап амалсыз: әй сорлы басым-ай! — деп күрсіндім. Бірақ, бүгін қалайда өзеннен өтіп арақ завотына баруым керек. айналма жолмен жүрсем, шамасы, тағы жиырма километр жол бар. Тағатым әбден таусылып, ең таяу тұрған кіиіз үйге тура тарттым. Өз ойым, атты сонда қалдырып, жаяу барып, істі бітірген соң қайтып кеп, атымды мініп жолыма түсу еді.

Есікті аша сала іштей қатты назаландым. Үйде бір қазақ шешей салмақты ауруға шалдыққан ба, төсекте жатыр. Ол қабағын әрең ашып қарады. Көз нұры шаң-тозаң бораған желді күнгі батып бара жатқан күндей солғын, әрі нұрсыз. Қу томардай бүріскен денесі сіңіріне сүйеніп әрең қимылдайды. Орнынан тұруының өзі мұң сяқты. Көрер көзге кемінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан, әбден қаусап, құр сүлдері қалған. Қашан олай-бұлай боп кетеді екен деп қаласың. Алайда, үйге кірерім кірсем де, қайрылып шығуым ыңғайсыз болды да, өзімнің босқа әбігер боп сөйлеп жатқанымды біліп тұрсам да, қол ишараммен тартқан тауқыметім мен өтінішімді ептеп жеткіздім.

Ол тыңдап ұқты. Шынын айтсам, әрекетіме қарап білген еді. Сонан қолын бұлғап, қасына шақырды. Төсектен сүйеп түсірдім, онан сүйемелдеп далаға ертіп шығып, өзен бойына жетектеп бардым. Маған сүйеп атқа мінгізуді бұйырды. Шешей өзі аяғын түзу басып жүре алмайды, төсектегі жатысынан кісінің жаны түршігеді, соған қарамай аяқ астынан желігіп атқа мініп өзеннен өтпекші болғанын көріп ақыл-есі дұрыс емес боп жүрмесін деп ойладым. «Осы маған әдейі қалжыңдап тұрғаннан сау ма, мен сяқты тепсе темір үзетін атпал азамат бар ақылы мен күшін салып, қанжілік боп, көк атты өзеннен өткізе алмағанда, оның мініп өтуі мүмкін емес. Шағын судан шошынған жылқыны қайтып судан мініп өте алады?» деген ойлар келді басыма. Мен қазақтардың ат үстіндегі өнерінің үстемдігіне қанша тәнті болғаныммен оның бұл қылығына өзімді нандыра алмадым.

Алайда, мен шешейді атқа қолтықтап мінгізген соң, нанбасыма болмады. Оның қушиған денесі ертоқымға қонысымен, жүз неше килолық атпал азамат мінгендей аттың белі қайқаң ете түсті. Көк аттың бұрынғы кәперсіз тұратын қыңыр мінезі адыра қалды. Дереу бойын түзеп, шиыршық атып, жай сарбаздың адуын сардарға кез болғанындай дереу сергіді. Үстіндегі қожайынының кім екенін сезіне қалды. Көк ат мөндібәс емес, қайта асқан айлалы екен. Әлбетте, тағы да өзеннен өткісі келмей, барынша теріс азуланғанымен, қарымды қол алды-еркіне қоймай, кегжектеуіне мұрсасын келтірмеді. Төрт аяғына бар күшін салып шегіншектеп тұрған көк ат аяқ астынан ілгері басып өзенге түсіп, суды шалпылдатып, ойын еттері бұлтыңдап, тағаның су түбіндегі тастарға соғылған дыбысы салдырлап, барған сайын өршеленіп, соңында қарсы жағаға қарғып шығып, жіліншігінен су сорғалап қалшиып тұра қалды.
Мен шешейді аттан қолтықтап түсіріп, ағаш көпір арқылы қарсы жағаға сүйемелдеп жеткіздім. Сонан атты жетектеп тұрған беті шешеймен қоштастым. (Оның көз алдында атқа мінуге именген едім) Шешей өте дәрменсіз, өзеннің қарсы жағалауында құр сүлдеріне сүйеніп тұрған беті, артымнан тігіле қарап ұзатып салды.

Бұл оқиға 1972-жыл қыста Күнес сақарасында болған еді. Тянь-Шань тауы қарт ананың арт жағында шүлен нұрға шомылып қасқайып тұрды.

(Бұл естелік ‹‹Жазушылар шығармаларынан үзінділер, үлгілер›› атты журналдың 2006-жылғы 12-санынан алынды.
Жоу Тау kultegin.com Қытай тілінен аударған: Мәдениет Мұқатайұлы)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!