Шабандоз бала қандай болуы керек?

1257

Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті.

Өкініштісі, Мәмбетжан ағамыздың толық аты-жөнін таба алмадық. Десе де, жақсы сөз жерде жатпасын деп, қарияның айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Argymaq.kz

Сіздің 4 жылдық еңбегіңіздің нәтижесі көрінетін сәт – шабандоз балаға тікелей байланысты.

Атқа шабатын бала өзі шабатын аттың қыр-сырына толық қанық болуы керек. Шабандоз бала – аса ауыр да болмауы керек, қаңбақтай жеңіл де болмауы керек. Өте кішкене бала мінгізуге де болмайды. Аттың шабысы оңай емес, түрлі жағдай орын алып, қандай да бір жағдай болып, кішкене бала ат басына ие бола алмай қалса, еңбегіңіз еш кетуі мүмкін. Оның сыртында баланың қауіпсіздік мәселесі – бірінші орында. Сондықтан шабандоз баланы да жүйрік атпен бірге тәрбиелеңіз. Тер алғанда, қара жарысқа қосқанда, атты жайылтқанда, суарғанда, бәрінде шабандоз бала қасыңызда бірге болсын. Сол кезде ғана шабандоз бала аттың қыр-сырына қанық болады. Сонда ғана шабандоз бәйгеден нәтиже жасай алады.

Шабандоз, аттың бабы және аттың жүйріктік қабілеті – осы үшеуі сәйкескенде сіздің еңбегіңіз ешқашан желге ұшпайды.

Шабандоз бала желөкпе, ұшқалақ болмауы керек. Кейбір шабандоз балалар аттың аяғын ұрғызып тастайды. 20-25 шақырымнан жалғыз дара келіп, көмбеге жақындаған, айғайды салып, көрермен шулаған кезде, атты қамшылап, қысап жіберетін шабандоздар бар. Артындағы ат жете алмайтыны белгілі, бірақ сонда да, көпшіліктің шуылына арқаланып, өзі әрең келе жатқан атты қысап жіберетін шабандоздар бар. Мұндайдан аулақ болу керек.

Шабандоз байыпты, қорықпайтын, жүректі болу керек. Сонымен бірге ақылды, сабырлы болғаны жақсы. Аламанның жолына шыққан соң атты өзі меңгеруі керек. Ол үшін бапкер не ат иесі шабандозға, мынадай жағдайда былай істейсің, мынадай болса былай шабасың деп бірнеше мысал көрсетіп берсе, қалғанын өзі игеріп кетеді.

Шабандоз алдыға шыққан атты жіберіп қойып отырмауы керек. Артқы топтан ұзатып, шығандап кетудің қажеті жоқ. Арқан бойы, таяқ тастам аралықты ұстап қана отырса болды. Ал бәйгеден жеке-дара келген атты одан сайын қыстап, елдің шуына дәурігудің қажеті жоқ. Атты жыл бойы бәйгеге қосам деген адам, шабандозға осы мәселелерді түсіндіріп айтуы керек. Артқы топтан ұзаса 100 метрдей алда келсе болды, әйтпесе, артқы топтан бір айналым бұрын келу – өнер емес.

Керісінше осындай дара келген аттың басын тартып, тынысын сақтап, мәреге таяғанда артқы аттарды күте шапса, күшін сақтап, аяқ-қолын, сіңірін созып алу қаупі аз болады. Әрі келесі бәйгеге де ынталы болады. Бір бәйгеде онсызда бірінші келе жатқан аттың күшін сарқа шабудың керегі жоқ. Оның сыртында, ішкі ағзаларына – өкпе, тыныс жолдарындағы ұсақ, артерия қан тамырларының жарылып кетуінің де алдын алуға болады. Ат жарақатсыз, зақымсыз шабады. Шабыста зорланбаған ат, бәйгеден кейін тез қалыбына келеді. Мұндай ат бәйгеден қайтпайтын, шабыс тілеп тұратын болады. Жүйрік баптаймын деген, ат жүгіртемін деген адам мұны есте сақтағаны абзал.

Онсызда жеке келген атқа соңғы кезде «қарқынға қарқын қосу» деген бір әдет пайда бола бастады. Ол – соңғы айналымда ат күшін сарқып, қамшы үстіне қамшы салып, қарқынын үдету. Бұл мүлде дұрыс емес. Бұл жүйрік атына қастандық ойлаған адамның ғана әрекеті, басқа түк емес.

Ал аламанда кейінгі орында келе жатсаңыз, алдыңғы атқа жету үшін аздап қамшы басып, демеуге болады. Тебініп, атты таластыра шабуға болады, бұл енді озсам деген ниеттен туындаған табиғи дүние ғой.

Осы орайда, аттың бәйгеден келуіне 50 пайыз шабандоздың рөлі барын айтуға болады. Сондықтан, атқа шабатын бала, сол аттың қыр-сырын толық менгергені жақсы. Ал шабандозға беретін тағы бір басты тәрбие – ат жүйрік болса, тебінудің де, қамшы салудың да қажеті жоқ. Ат күші жетіп, шабысы артып тұрса, тебіндірмейді, қамшы да салдырмайды. Кейде ат шыға тебініп, мәреден өткенше қос өкпеден текпілеп отыратын бала болады. Бұл көбінде шабандоздың үйренісіне қарай болатын нәрсе. Ондай шабандозды жүйрікке мінгізбесе де болады. Мықты шабандоз атты қысамай, тек аяғымен демеп қана отырады. Шабандозда атты қамшылап немесе тебініп бәйгеден озып келем деген түсінік болмауы керек. Ал атым жүйрік деп қолға қамшы алмай бәйгеге қатысудың керегі жоқ. Себебі қамшы аттар ауыздық тістесіп, таласа шапқан кезде, демеуші ретінде керек. Шешуші сәтте бір қамшы басу бағыңызды асырып кетуі мүмкін.

Шабандоз алға шығып кеткен соң, артқы аттарға жалтақтап, қарай берсе де болмайды. Байқаусыз тізгінді қағып алып, ат бұрылып кетсе, ауып түсіп қалуы мүмкін.

(Жалғасы бар)

Мәметжан ақсақалдың айтуымен

қағазға түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.