Жүйрік құлынның белгілері

3039

Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті.

Өкініштісі, Мәмбетжан ағамыздың толық аты-жөнін таба алмадық. Десе де, жақсы сөз жерде жатпасын деп, қарияның айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Argymaq.kz

Жүйрік болатын құлынды бұрынғы адамдар ұзақ бақылау арқылы танып алады екен. Менің ойымша, сол әдістер әлі де іске асады. Пайдаланып көруге болады.

Жүйрік болатын құлын туылғаннан кейін жаңадан оттықан кезінде жылқының шетінде сырттай бақыласаңыз: мысалы 15-20 құлынды бие жайылып тұр деп көретін болсақ, сіз бір белестен шығып, жылқыға таяғанда, ең бірінші жерден басын жұлып алып, сізге дәл қасқырша қадалған құлыннан үміт бар.

Жүйрік болатын құлын – қарауылшыл, ұйқышы, тыриып көп ұйықтап, аз жайылады. Ұйықтап жатып, сіз келе жатқанда ат дүбірін естіп, дереу орнынан атып тұрып, сізге қарайды. Екі құлағы тігіліп, алысқа қарауылдай қарайды.

Енесінің тегіне де көп нәрсе байланысты. Дене бітіміне, ат сынындағы өлшемдерге де қарауыңызға болады.

Негізі жүйрік болар жылқының бас бітімі сынға толмай, қалған жағы сай бола қоюы қиын. Халықта «Басы бастайды, аяғы қостайды» деген сөз бар. Жүйріктің басы сөзсіз етсіз болып келуі керек. Бұл бөгенайы құлын кезінен-ақ белгілі болады. Әсіресе 6 айға толып, жабағы болған құлындардың ат сынына сай белгілері біліне бастайды. Етті бас па, ешкі бас па, қу бас па? 6 айдан асқан құлында анық білінеді. Сондықтан жүйрік аттың бас бітімі өлшемге нақты сай болу керек. Одан кейін аттың төрт аяғы – төрт тағаны қалай, соған қарайсыз.

Құлын кезінде жүйріктігі бақайшықпен өлшенбейді. Себебі құлын кезінде көп жылқының қызыласығы ұзын болады. Өсіп, жетілу барысындағы малдың сүйек бітімі өзгергіш болады. Сондықтан, бақайы ұзын, жүйрік болмайды деп тастап кетуге болмайды. Қызыласығы ұзын құлын бойы биік, сүйегі ірі болатынының белгісі. Әсіресе тай-құнан болып, өзге мүшелері өсіп, жетілгенде, бақайы өсіп, толысып, өлшемге келетін кездері болады. Қысқа бақайға айналады.

Ал құлын кезінде бақайы қысқа, быртық бақай екен, болашақта жүйрік болады деп танысаңыз, ол құлынның дене тұрқы өспей қалу ықтималдығы жоғары болады. Сондықтан жүйрік болар құлынды таңдағанда, өзге мүшелеріне қарасаңыздар да, бақай өлшемімен таңдаудың керегі жоқ. Ал жетілген, дәмелі деген жүйрікті таңдау барысында бақай пішініне назар аудару керек.

Негізі қызыласығы ұзын, тік болса, ондай құлыннан үміт бар. Әрі өседі, әрі жүйрік болады.

Дегенмен, әр адамның, әр сыншының өз өлшемі, өз сыны бар. Сол арқылы таңдап алдыңыз. Енді оны бәйгеге қосуға, жаратуға күш саламыз.

Жүйрікті құлынынан таңдап алсаңыз:

Құлын мүшелінен шықпай тұрып, күтімге алуыңыз керек. Себебі құлын мүшелінен шығып, ене сүтінен ажыраған соң, өгейсіп, азып, сақау шығады, жүдейді. Сол жүдеуден өтіп, қолдан жем-шөп жеуге үйренгеннен кейін еті қайта көтеріле бастайды. Осы кезде негізі қолдан келгеннің бәрін беріп, азықтығын толықтап беру керек. Қазіргі уақытта азықтың да, дәрумендердің де түрі көбейіп кетті ғой. Табиғатта болмаса да, екпе дүниенің түрі көп. Соларды беріп, тай шыққанша қатты семіртіп, күйлі бағу керек.

Жабағысында бақайы созылмайтындай, ауыр салмақ түспейтіндей жас балаға мінгізіп, бас білдіріп, аздап шабысқа салып, үйретіп қана қойса болды.

Қазіргі кезде тай бәйге деген кең етек алып барады. Өз басым жабағыны, тайды бәйгеге қосуға түбегейлі қарсымын. Себебі оның дене бітімі, сіңірі, сүйегі, тіпті ішкі организмі жетіліп жатқан уақытта оны қинап, жаратып, бәйгеге салу қате. Десе де экономика дәуірі болғандықтан, кейбіреулер дереу пұл қылғысы келіп, асығады. Ол – таза алыпсатарлардың ісі.

Тұрақты ұстап, жыл бойы бәйгеге қосамын деген адам жүйрікті тайында бәйгеге қоспағаны абзал. Оданда жабағысында, тайында семіз ұстап, жілігін толтырып, болашақ бәйгеге толық дайындап, баладай бағып, жақсылап тәрбиелеп, жетекке, байлауға, мініске көндіріп қою керек.

Ал тай шыққан соң, қазіргі кезде далаға қоя берген тайлар аштан өлмесе де, өлімші болып арықтап келетін заман болды. Мамыр, маусым – осы екі ай көкке қояберіп, қанын толтырып қана, шілдеге ілініп, шөп буыны қата бергенде қайта қолға алу керек. Күзге дейін жіберсеңіз, жоғарыда айтылған құлын кезіндегі, жабағы кезіндегі еткен еңбегіңіз еш болады. Арықтап, денесіндегі жабағы кезінде қабылдаған дәрумендерінің құрамы төмендеп, шөгай болып қалады. Өте шалғынды, соны жайлаулар болмаса, жүйрік болады деп дәмеленіп отырған тайыңызды мүмкіндік болса күзге дейін жібермеңіз. Себебі ол арықтап, күйі тайып кетеді.

Қолға алған соң, күнделікті мінгізіп, кәдімгі жуан атты мінген секілді, мініске пайдаланып алсаңыз болады. Бірақ, салмағы ауыр адам мінбегені жақсы, ауыр жүк те артпаңыз. Тайында мініске пісірсеңіз, тіпті арасында аздап-аздап қара жарысқа салып қоюға болады.

Тайында да семіз шығарып, құнанында тісеуіне дейін, (алғашқы тісеуі – сәуірдің аяғы, мамырдың басына дейін, соңғы тісеуі – желтоқсанда аяқталады), осы аралықта бәйгеге қоса беруге болады. Қыстай етін таптаған құнанды сәуір, мамыр, маусым кезінде 2-3 бәйгеге қосып, топ көрсетіп алуға болады.

Дөненде айғыр болса да, пішпе болса да, көп бәйгеге қоспаған жөн. Себебі дөнен – жылқының мүшелі жасы деп саналады. «Дөненінде дөң жайлат» деп тілейді екен жылқы малы. Сондықтан, көктемде қанын толтырып, жазда шалғынға шалдырып, күзде ертерек ұстап, суыққа ұрындырмай, қыстай жақсы бағып, жақсы міну керек.

Бестісінде жаратуын толтырып, аламанға қоса беріңіз. Өзінде жүйріктік болса, сіздің жаратуыңызда кінарат болмаса, сіздің құлынынан бергі төрт жыл баққан еңбегіңізді сөзсіз ақтайды.

(Жалғасы бар)

Мәметжан ақсақалдың айтуымен

қағазға түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

1 comment

  1. Ақжілік атты жарату әдісі — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 21 Тамыз, 2024 at 13:32 Ответить

    […] Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті. […]

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.