Ат бапкері қандай болу керек?

1918

Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті.

Өкініштісі, Мәмбетжан ағамыздың толық аты-жөнін таба алмадық. Десе де, жақсы сөз жерде жатпасын деп, қарияның айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Argymaq.kz

Шаруаның баласы болған соң, көзімізді тырнап ашқалы көргеніміз жылқы мен қой болды ғой. Есейе келе ат үстінде өстік. Көкпар тарттық, асау үйреттік, бірақ бәйгеге ат қоса қойған жоқпыз. Соған қарамастан әкеміз жақсы ат мінген екен. Ол кезде бір шаруашылықта 2-3 аттан болатын. Үкіметтің сарықонағымен семіртіп мінетін. Малға, көші-қонға мінеді, одан қалса көкпар тартатын.

Кейін бәрі жекеге өткен соң, жылқы шаруашылығымен айналыстым. Ұзақ жыл жылқы бақтым. Алып-саттым, бәйгеге қостым дегендей.

Осы өмірімде жылқыға қатысты көрген-түйгендерімді ортаға салсам деймін. Пайдалы жері болса, кәделеріңізге жарасын, артығы болса алып тастаңыздар, кем жері болса толықтырып, күнделікті тұрмыста қолдансаңыздар болады.

Бапкер қандай болу керек?

Бәйгеге ат қосатын адамның, яғни бапкердің жылқы жөнінде, болмағанда өзі жетелеп жүрген аты жөнінде толық болмаса да, нақты мәліметтері болуы керек. Тани білетін азын-аулақ қабілет болуы керек. Ешкім іштен оқып тумайды, үйрену керек. Аттың сыны деген, көп айтылған, ауызекі тілде де, әдеби кітаптарда да толып тұр. Абайдың ат сынауы, Күреңбайдың сыны бар, т.б. сол сияқты көптеген адамның, тарихта өтіп кеткен жандардың және бүгінде ортамызда жүрген мамандардың ат сынау үлгілері бар, соларды меңгеру керек. Кітапты көбірек оқу керек. Сонда айтылған сындарды көңілге түйіп, оны қолдана білген жөн.

Одан кейін, сол айтылған сын жылқының қай жеріне қатысты, қай мүшесі, ол қай жерінде орналасқан, соны дәп басып, біліп алу керек. Соның бәрін меңгерген соң, өзіңіз ат жүгіртіп, бәйге жаратқыңыз келіп, жылқыға қызықпайтын қазақ жоқ, осындай бір байламға келген кезде, өз көзіңізге сеніп, осы шабады-ау деген, осыдан бірдеңе шығады-ау деген жылқыны таңдап алыңыз.

Жүйрікті тану

Жүйрікті жастайынан, тай-құнанынан таңдап алған жақсы. Содан кейін, тек өзіңіз ғана тәрбиелегеніңіз абзал. Сондай-ақ, өзіңіз танып, болашақ жүйрік болады-ау деген аттың тек артықшылығын ғана қарастырудың керегі жоқ. Әрине, артықшылғы жақсы, барлық артықшылғын көріп болғаннан кейін, сол жылқының бойынан кемшілігін де іздеңіз. Қай жері жүйріктің сынына сай келмейді? Мысалы, Абай айтқан аттың сынына келмей тұрған мүшесі қайсы? Тұрқының ұзындығы қандай? Белі қайқы ма? Қақпанбел ме, бүкір ме? Бауыры жазық па әлде қарынсау ма? Бұдан тыс, асықты жіліктің ұзын-қысқалығы, жіліншіктерінің ұзын-қысқалығын бақылаңыз. Тіпті, керек болса, ішіп-жеуіне дейін зерттеңіз. Тамақсау ма? Тамақ жесі қалай? Негізі тамақты жақсы жейтін жылқыдан үміт бар. Шөпке тоймаса, қанша берсеңіз де жемнен бас тартпаса, бұл да жүйріктің бір белгісі.

Бағым кезінде көңіліңізден шықпаған жері болса, оны не көкпар аты ретінде, не малға мінетін ат ретінде пайдаланып, басқа жүйрік іздеуіңіз керек.

Ат жүгіртіп, бәйгеден ат оздырам десеңіз, сіз таңдаған ат үштің бірі бола алатын, зият болуы керек. Сонда ғана сіз еңбектенсеңіз, еңбегіңіз ақталады.

Сіз жылқыны сыртқы сұлулығына қарап таңдаған болсаңыз, оның арғы тегінде – аталық не аналық тегінді немесе өзінің өнбойында жүйрікке тән кейбір қасиеттер болмаса, кемістіктері көп болса, өлшемге тура келмесе, онда сіздің еңбегіңіз еш болады.

Жүйрік жаратам деген адам әуелі – атты тани білу, талдай білу керек. Өзіңіз тани алмасаңыз, мықты ат ұстап жүрген кісілерге көрсетіп, таңдатып, содан кейін сол жүйрікпен жұмыс істесеңіз болады.

Жүйрік аттың жем-шөп жеуі

Жүйрік аттың белгілерін байқау барысында тағы бір есте ұстайтын нәрсе, оның тамақ жеуі. Жаңа да айттым, жүйрік ат қомағай болады деп. Сіз біреудің тайын, құнанын немесе атын алмақшы болсаңыз, оның үйіне барып, алмақ болған жылқыңызды көріңіз. Мысалы, атты суармай тұрғанда барып, өзіңіз өзеннен суарып көріңіз. Тіпті болмаса, қазіргі уақытта көбі шелекпен не науамен суарады ғой, соны бақылаңыз. Су ішкенде ыдыстағы суға бір-ақ рет аузын малып, сол бойы бас көтермей ішіп, шөлін қандырған жылқы – мықты жылқының белгісі.

Су ішіп тұрып, бір тоқтап, басын бір көтеріп, қайта суға бас қойып, жетелемек болсаңыз суға тағы ұмтылып, жыртың-жыртың етіп, суды үзіп-үзіп ішсе – бұл атта онша күштің болмағандығы. Шабан атқа тән қасиеттің бірі осы.

Тағы бір белгісі, мейлі жабағы болсын, мейлі тай болсын, мейлі жуан ат болсын, жетекке алғанда өкшеңізді басып, не өзіңізден озып, аттап-бұттап, сізді соға-моға жүрсе, адымын кең алса, алшақ-алшақ адымдаған жылқыдан үміт күтіңіз.

Жүрісі елпек болғанымен, тыпыр-тыпыр етіп, жетектесеңіз де, желсе де аяғы астына тығылғандай, адымы тар болса, мұндай жылқыдан да тым жақсы жүйрік шықпайды.

Сол себепті, су ішуін, шөп жеуін бақылап, жетелеп көріп, жалпы тұлғасын саралап, бәрін талдап алған жылқыңыз сізді жерге қаратпайды.

Ал бапкер болам десеңіз, өз басыңыздан өткермей, тәжірибе жинай алмайсыз. Тай-құнаннан, дөнен-бестіден, бір сөзбен айтқанда, әлі де сыры ашылмаған жылқыдан өзіңіз таңдап алып, дайындасаңыз, еңбектенсеңіз қыр-сырына қанып, ішіп-жеміне мұқият боласыз. Тез арып, тез тойына ма, ет сақтай ала ма, т.б. осының барлығын соның қасында жүріп, көзіңізбен көріп қанығасыз. Содан кейін ғана ол атыңызды қалауыңызша баптайсыз.

(Жалғасы бар)

Мәметжан ақсақалдың айтуымен
қағазға түсірген Ержан Жаубай
Argymaq.kz

ФОТО: Мейрамбек Тәшкенұлы

3 comments

  1. Жүйрік құлынның белгілері — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 2 Тамыз, 2024 at 13:44 Ответить

    […] Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті. […]

  2. Шабандоз бала қандай болуы керек? — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 16 Тамыз, 2024 at 17:40 Ответить

    […] Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті. […]

  3. Жүйрік атты баптағанда қандай жем-шөп берген дұрыс? — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 29 Тамыз, 2024 at 11:56 Ответить

    […] Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті. […]

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.