Табыл Құлияс: Қазақ 1897 жылы 10 млн болған, ашаршылықта 80 пайызы қырылды

123

Бүгін ҚР «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні». Бұны мереке дейміз бе, қаралы күн дейсіз бе, әлде әншейін сол боздақтар ұмытылмас үшін атала салған жәй даталы күндердің бірі ме, оның байыбына барып жатқан ешкім жоқ.

Маған нақты белгілісі мереке күн емесі анық. Кім ата-бабасы аштан қырылған күнді мереке деп тойласын? Ал бір байқағаным қаралы күн де емес. Себебі 1997 жылы 5 сәуір күнгі Елбасы жарлығымен бекітіліп, биыл бақандай 20 жыл болған атаулы күннің бір күнінің қаралы күн болғаны есімде жоқ. Ендеше бұл күннің маңыздылығы неде? Қуғын-сүргіннен, аштықтан қырылған халықтың тең жартысынан астамын ұмыттырмас үшін бе? Оны тарих онсызда ұмытпайды. Ұмытпақ емес!

Иә, біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Осы күнге орай танымал жазушы, сатирик, алаштанушы Табыл Құлияс ағамызбен бір-екі ауыз тілдескен едік. Соны назарларыңызға ұсынып көрейін.

«Мен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Қаракөл деген кеңшарында дүниеге келіп, сонда ер жеттім. Елушақты үй еді біздің ауыл. Сонда үлкендер әңгімелесіп отырғанда қасында отырып тыңдаймыз ғой. Сонда ажалдың үш белгісі бар деуші еді ауылдың шалдары. Әуелі маңдайыңа тереңдетіп әжім түседі, одан кейін аузыңдағы тісің түседі, содан кейін көзің бұлдырап, аяғың басыңның әміріне бағынбай, тәлтіректеп қаласың. Міне ажалдың алғашқы үш хабаршысы осы деуші еді сонда шалдар. Сол шалдар айтқан ажалдың алғашқы белгілерін қабылдап, 82 жасқа келіп отырған менен аштық жайлы, нәубет жайлы сұрағың келеді ә, қу бала?!» — деп бастады әңгімесін жазушы ағамыз.

«Жасың ұлғайған сайын өмір тәтті бола береді екен» деген қарт жазушы әңгімесін ары қарай архив деректерімен сабақтады.

«Өткен жылы Башқұртстанның архивінде отырып, біраз деректерді алып келдім. Менің тақырыбымды өзің де біліп келіп отырсың, аштық, қуғын-сүргін ғой. Мына тұрған украиналықтар 11 пайызымыз аштан қырылды деп Ресейге мойындатып алды. Ал қазақтардың 80 пайызы аштықтан қырылып қалды. Мұны мен тарихи нақты деректермен айта аламын. Мысалы 1897 жылы қазақтардың саны 10 млн болған. 200 рудың әр шаңырағында 7 адамнан болған. Бұл есеп ресейлік деректер де нақты көрсетілген. Біз отар болғаннан кейін Ресейдің санақшылары әр таудың қуысындағы, әр төбенің бауырындағы қазақ шаңырақтарына барып жатып, ұлы қанша, қызы қанша, ері қанша, әйелі қанша дегенді түгел зерттеген. Өйткені Екатеринаның: «Қазақ жерін игеру үшін қазақтарды бір-біріне «етін жеп, сүйегін далаға тастайтындай етіп» өшіктір» деп Орынбор генерал-губернаторына жазған үш пунктен тұратын бұйырық хаты бар. Соған байланысты адамы көп рулар мен аз руларды қырқыстыру, т.б. қатарлы әрекеттерді жүзеге асыру үшін өте сауатты санақ жүргзілген сол кезде» — дейді архивпен ғана сөйлейтін жазушы ағамыз.

10 млн қазақ 200 рудан құралған. Екатерина патшайымның тағы бір көздегені осы «тегін олжа – түземдіктерден» салық жинау үшін де басынан ұрып, мұрнынан тізіп санауды шабармандарына ерекше тапсырған.

«Ал қазақта сол салықты төлейтін қазіргідей жылтылдаған жасыл ақшасы болмағаны белгілі. Сондықтан да ол кезде қазақ малы мен жанының санын жасыруға мәжбүр болды. Айтпады. Сложников деген орыс тарихшысы: «Қазақтың әр отбасында 4 бала бар дегеннің өзінде 8 млн 200 мың қазақ бар» — деп жазады 1911 жылы. Ал өзің білесің, Ахмет Байтұрсынұлы 1911 жылы 6 млн қазақ бар деп жазды. Қазақтың тұңғыш дәрігері Мұхаметжан Қарабаевтың архивтерін қарап отырсам 1903-1905 жылдары қазақ даласында тырысқақ деген ауру халықты обадай опырып кеткенін жазады. Ал француз тарихшысы Изабелла деген: «Қазақстанда аштық керемет күшейіп кетті, бұның салдары геноциттен асып кетті. Қазақтардың 80 пайызы қырылып қалды» — дейді. Олар тарихты білмесе, нақты деректерді білмесе, әлемге жар салып жазар ма еді? Міне осылай қазақ өз тарихында соңғы бір ғасырдың өзінде осындай қиындыққа бетпе-бет келді» — дейді Табыл Құлияс.

«1897 жылғы санақта өзбектерден қазақтар 5 есе көп болғаны туралы да деректер көптеп кездеседі» — деген сатирик-жазушы әлемдік стетистиканың ешуақытта қателеспейтініне сенімді. Себебі сол кездің өзінде Қазақстанның жері әлем бойынша 9-орында екенін жазған деректер бар.

«Ал сол қазақтың қырғынын коммунистік қоғам да, қазіргі Ресей де мойындап отырған жоқ» — деп кейіс білдіреді жазушы.

Ашаршылықты не үшін жасағаны, неге осығұрша қырғынға ұшыратқаны бәрі анық. Себебі белгілі. Бірақ сол ашаршылықтың, сол нәубеттің салдарын ашып жазған ешкім жоқ. Бұған қарт жазушы да қынжылады.

«Ашаршылықтың салдарын ешқандай архив ашып жазған емес. Жазбайды да. Бар болғаны сол кездегі НКВД адамдарының орталыққа жолдаған есептері ғана бар. Онда да ол бәрі жақсы, бәрі аман дегенге келтіріп жазады. Мысалы «Торғай облысындағы бәлен ауылда осынша адам өлді» деген ғана мәлмет береді. Бұны мен нақты мәлмет деп айта алмаймын. Өйткені жаңа айтқанымдай сол кездегі НКВД-ның қызметкерлері біріншіден жәяу-жалпылап аралады. Сол қолы жеткен мәлметтің бәрін кемітіп жазу уақыиғалары да тіркелген. Ал шын мәнісінде аштық барлық жерде бірдей болды. Мысалы Барнауылдың архивінде кулактарды тәркілеген соң, қолдарына 500 рубль беріп, Қазақстанға жер аударған соң олар да ашаршылыққа ұрынды. Сонау Астраханнан келген Ражевский дейтін Николой, Колия деген үшеуі мына Ақбұлақ деген ауданда адамды сойып жеп жатқан жерінен милициялар Николайын атып, қалған екеуін түрмеге қамаған. Мұндай деректер Барнауылдың архивінде толып тұр. Адам әбден ашыққан кезде көзі ештеңені көрмей кетеді екен. «Көзі қарайған там сүзеді» деген секілді, қолына не түссе соны жей береді екен. Дәрігерлердің Мәскеуге жазған хаттары бар, мысалы. Шіріп кеткен шошқаның етін жеп, ауру шығып, дәрі-дәрмек жетпей жатыр деп жазған. Сол кезде 1922 жылы Сталин Барнауылға келді. Сонда Жерорта теңізі арқылы 14 мың трактор келді. Соны Ресей мен Украинаға бөліп берді. Дәл сол кезде Автралияда астықты тепловозға көмір ретінде жағып отырса, ал Америка астығының көптігінен сақтайтын жер таппай, теңізге лақтырып отырды. Сталин сол астықты сұрамай, халқы аштан қырылып жатқанда трактор алдырды» — дейді Табыл Құлияс ағамыз.

Ол кезде Одақта жаппай аштық болып жатқан болатын. Қай мемлекетіне барсаңызда тұралаған халық еді. Бірақ Қазақстандағы жағдай адам төзгісіз болатын.

«Уфадағы Башқұрттардың архивінде Жерорта теңізі арқылы Швециядан, Америкадан, Еуропаның барлық жерінен азық-түлік көмек келгені туралы жазылады. Ал Қазақстанға бір де бір көмек келген жоқ. Неге? Себебі жалғыз Сталин емес, жалпы Политбюро сол уақытта Қазақстанның жер көлемін білді, халқының санын білді, содан кейін жойқын қаруларды қазақ жерінде сынауды ойлады. Негізгі түпкі мақсаттары сол болуы керек деп ойлаймын. Тағы бір құйтырқы әрекеттері – сенімсіз ұлттарды Қазақстанға көшіруге барын салды» — дейді архив ақтараған ақсақал.

Сол кездегі Голочщекиннің сұмдық сұрқия саясатын әлем әлі де әшкерелеп біте алған жоқ. Біздің білетініміз бір парасы ғана.

«Голощекиннің сұмдық сайқал саясатының бірі мынадай болды. Ту сонау батыста жатқан Оралдың қазақтарын, осы Ақмоладағы Изабелла деген савхозға көшірді. Жер аударып. Жол бойы дымы да қалған жоқ олардың. Малы да, өзі де қырылды қазақтардың. Ал осында аман жеткендері келген соң аштан қырылды. Одан қалғаны осында жер аударылып келген орыстардың қолында құл есебінде жүрді. Оралдан көшкенде мектеп жасындағы 1800 бала болған. Изабеллаға келгенде сол баладан 800-ақ бала қалған. Олар қайда кетуі мүмкін? Мен жолшыбай ашыққан адамдар балаларды өздері сойып жеді ғой дегенге күмәндамбаймын. Себебі ашаршылық уақытында адам жеу деген таңқалатын дүние емес еді. Сейтхали Меңдешовтің Сталинге жазған хаты бар. «Орал губерниясында 500-ге жуық адамды сойып жеді. Аштық Қазақстанда сұмдық деңгейге жетті. Тіпті молаларды ақтарып жеп жатыр» деп жазады Тынышбаев Сталинге. Тарихтан жасыра алмағанды ұрпақтиан жасыруға болмайды. Сондықтан осының барлығын кейінгі жастар білуі керек» — дейді жазушы.

Аштықты қолдан жасағанының бір көрінісі – ашаршылықтан бірнеше жыл ғана бұрын тәркілеп, тартып алған малды елдің көзінше қыруы еді.

«Бүкіл осы Солтүстік облыстардан тәркілеген малдың барлығын вагонға тиеп алып, апаратын жеріне жеткізе алмай, шіріп, мына Жезқазғанда бір жылға дейін өртеніп жатқан малдың еті тарихтан белгілі. Бір жыл бойы өртенген малдың еті. Ал соны алуға жақындаған ашыққан адамдарды күзетшілер жаңағы етке жолатпаған. Атып тастап отырған» — дейді Табыл Құлияс.

Қазақты құртудың тағы бір басты себебі ұлттық даналығы еді. «көп білген жаныңа қас» деген сөз осындайда ойға оралады. Себебі…

«Өйткені саяси бюро қазақтардың даналығынан, әсіресе алаш арыстарының білімділігінен қорықты. Алаштықтар Кеңес үкіметінің бүкіл бағдарламасын жасап берді. Жаһанша Досмұхаметұлы бастатқан қайраткерлер бүкіл заңдарына дейін жазып берді. Енді өзің ойлашы, мен Сталинмін, сен Жаһанша Досмұхаметовсің. Сенімен мен қалай бірге жұмыс істей аламын? Бір күні болмаса, бір күні сен айтасың ғой, «Айналайын-ау, сенің біліміңді білем ғой, гимназиядан басқа ештеңең жоқ, мемлекетіңді мен аяқтан тұрғыздым ғой. Сен көп қиқаңдай берме!» дейтінің анық қой. Сондықтан алаш көсемдерін түгел жойды. Мирзоянды әдейі жіберді. Мирзоян 72 халық комиссарын аттырды. Бәрі қазақ. Ал әлемдік заңдылыққа қарасаңыз солардың ешқайсысы өтініш жасап, мен комиссар болайын демеген екен. Барлығын Мирзоян өзі таңдап алып, өзі коммиссар қылған. Және солардың арасына бір жыл, жарты жыл салып аттырып отырған» — дейді жазушы.

Мұндай зұлымат тарихты ешқашан ұмытуға және ешқашан кешіруге болмайды. Ұрпағыңның ұрпағына жалғастырып айтып, құлағына құйып отыру керек. Біздің тарихты кімдердің қанмен жуғанын келер ұрпақ біліп жүргені дұрыс. Бірақ…

«Ешқандай архив дәл осы қазақ халқына жасалған ашаршылық зұлматын әлі нақты жазған жоқ. Сол секілді ашаршылық туралы ақиқат әлі де айтылған жоқ. Оған тиісті баға да берілген жоқ. Мен Путин Қазақстанға келген сайын күтемін, анау Ашаршалақ құрбандарына қойылған ескерткіштің алдына барып, «Кеңес үкіметінің кезінде қазақтар да біраз ашаршылықтан өлді-ау» деп бір ауыз сөз айтуға жарамады. Ал шын мәнісінде орыстардың да қалай ашаршылыққа ұрынғандарын мен жақсы білемін. 1918 жылы аштық басталды, орыстың революсияға қатысқандары тамақ таба алмай, топырақты қайнатып, суын ішіп, соның арқасында аман қалған. Ал қазақ әйелдері отбасын асырау үшін кәдімгі далада өсіп тұрған шөппен 38 түрлі тамақ дайындап, соның арқасында аман қалған» — дейді архип зерттеуші ағамыз.

Ашаршылық туралы деректер негізінде «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу», «Миға қойылған бомба» және «Қанды ауыз» қатарлы бес кітап жазған жазушы-тарихы Табыл Құлиястың ашаршылық жайлы айтары аз емес.

Ол ашаршылық немесе қуғын-сүргін құрбандары жайлы айтылатын аңызға бергісіз мәлметтерді нақты деректер бойынша сөйлеткен бірден-бір тұлға. Әзірге екеуара әңгімеміз осымен аяқтала тұрсын. Дегенмен бұл соңы емес.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.