Ол Президент болса да, ұстаздарының алдында өзін шәкірт сезінеді – Елбасы сыныптасы

131

«Тарих өзі жасалмайды, оны жасайтын жекелеген тұлғалар» деген пікір жиі айтылады. Ендеше қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің де тарихын жасап жатқан жекелеген тұлғалар бар.

Олар аз ба, көп пе оны ертеңгі уақыт көрсетеді. Дегенмен бір анық дүние бар, ол – Тәуелсіз Қазақстанның дамыған, дамушы кезеңінде осы елдің тарихымен бітеқайнасып, «балталасаң ажырамастай» болып кеткен бір тұлғаның бар екендігі. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

1 желтоқсан – тарихта алғаш рет Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде сайлау өткізген күн. Осы сайлауда 98,2 пайыз дауыс жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы азат қазақтың алғашқы президенті болып сайланды. Бұл – 1991 жыл болатын. Арға 20 жыл салып, 2011 жылы 10 желтоқсан күні тұңғыш сайлау өткен күнді Тұңғыш президент күні мерекесі ретінде атап өту туралы шешім шықты. 2012 жылдан бері мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде тойланатын бұл мейрам биыл бесінші рет өтеді.

Осыған орай Елбасының жастайынан қатар өскен құрдасы, әрі бір сыныпта бірге оқыған сыныптасы Болатжан Абдыханұлын әңгімеге тартқан едік. Бір кездегі бала шәкірт, қазіргі қарт профессор Болатжан Елбасының ерекше қырларын еске алып, балалық шақтағы ұмытылмас сәттерді әңгіме қылды.

«Мектепте бірге оқыдық. Бұл кісі сол кездің өзінде жеке-дара көрініп тұратын еді. Комсомол комитетінің басшысы болды. Сол кездің өзінде біз секілді бала болып, ойын қуғанын көрмеппін. Үлкен кісілермен бірге жүріп, бізден әлдеқайда үлкен ойлар айтатын еді. Ойын баласы болсақ та, оның болашағынан үлкен үміт күттіретін азамат боларын бәріміз де байқайтын едік. Тіпті біздің ұстаздардың бірі: «Сенің болашағың үлкен» дегенді сол кезде бұл кісіге жиі айтатын» — дейді Елбасының сыныптасы.

Елбасының ерекше қабылеттілігін, өз ортасында үнемі көшбасшы бола білетін алғырлығын сөз еткен сыныптасы Нұрсұлтан Әбішұлының бала кезінен спортты жақсы көретінін айтады.

«Ол өте жақсы спортшы болатын. Шамалған мен біз оқитын мектеп арасы 15-16 шақырым жер еді, соған үнемі шаңғымен келетін. Жолдың ойлы-қарлысына қарамастан таңертең оқуға келіп, түс қайта қайтып кететін. Нұрсұлтан Әбішұлы әдебиетке де өте алғыр болды. Домбырамен ән айтуға құштар еді. Мектепте жиналып алып домбырамен ән айтатын едік. Заман қазіргідей емес, той-томалақта, жиындарда ән айтып, қыздармен айтыса кететін едік. Сондай кезде бәріміз де бұл кісінің аузына қарайтынбыз. Ондай сәттерде оның дарындылығы да, әзілқойлығы да, сөз таба білер шешендігі мен суырып салмалығы да байқалатын. Ол қашанда өз кұрдастарынан көш ілгері тұратын» — дейді балалық шағын еске алған профессор.

Балалық шақтың ұмытылмас жылдарын есіне түсірген қарт профессор сол кезде бала Нұрсұлтанға жасалған қиянатты да айтты.

«Ол кісі мектепті «Алтын медальға» бітіруі керек еді. Бірақ бір мұғалімдердің кесірінен алтынға бітіре алмай қалды. Онда да қазақ тілінің жоғын жоқтағаны үшін, неге қазақ тілі оқытылмайды дегені үшін кейбір ұстаздары бағасын шегеріп тастаған еді. «Күміс медальмен» аяқтады, бірақ алтын алмадым деп өкінген емес. Және ол кезде оқу емес, еңбек бірінші орында еді ғой. Онжылдықты бітірген соң, мектеп бітірушілері бір жерге жиылып, еңбекке аттану керек болатын. Сол жұмысқа барған жерде өзіңді көрсетіп, сол арқылы жаңағы жер жолдама беріп, содан кейін олар өздері ақшасын төлеп, оқытатын еді. Сондай жүйе бойынша біз мал бағуға кеттік, бұл кісі Теміртауға тартты. Қой баққандар оқуға 4-5 жылдан кейін ғана түстік, бұл кісі бір жылдан соң оқуға аттанып кетті» — дейді Болатжан Мұстафаев.

Болатжан Абдыханұлы балалық шақты осылай сұхбаттарда ғана емес, кездесіп, жолығысып, барлығы да бас қосып отырып еске алатындарын айтады.

«Біздің сол кездегі мектеп директорымыз өмірден өтіп кетті. Директордың орынбасары 98 жасқа келді, әлі бар. Барлығымыз бас қосқан кезде ол кісі де ортамызда болады. Сондайда Нұрсұлтан Әбішұлы өз мансабының жоғары екеніне, ел басқарып отырған Президент екеніне қарамастан , сыныптастарымен қатар отырып, ұстаздарына қызмет көрсетіп, олардың алдында өзін сол баяғы шәкірт қалпында сезінеді. Біз ол кісінің сол қасиетіне тәнті боламыз. Біздің әр қайсымыздың жағдайымызды сұрап, барлық жағдайымыздан хабардар болып отырады» — дейді Президенттің сыныптасы.

«Мұндай кездесулер көп бола бермейді. Біз де өз кезегімізде ол кісіні қолдап, әрбір бастамасына тілекші болып отырамыз» — деген профессор «Елбасының сыныптастары» кітабының қалай жарық көргенін айтты.

«Елбасы жайлы елімізде жарық көрген кітаптар көп. Осыны ескере отырып біз, «Елбасының сыныптастары» деген кітапты құрастырып шықтық. Әрине, біздің ортамызда жазушы жоқ, бірақ ғылыми қызметкерлер, түрлі салада үлкен-үлкен қызметте болған кісілер бар. Соның барлығы бірлесе отырып, «Үшқоңыр – алтын бесігім» деген тағы бір үлкен кітап шығарды» — дейді Болатжан Абдыханұлы естелігінің соңында.

Болатжан Абдыханұлы Мұстафаев – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, Биоконверсия ғылыми-тәжірибелік орталығының жетекшісі.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.