Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. Жылқының киесі

10206

(Жанболат Башардың «Қос боз аңызы» атты әңгімесі туралы)

Қазақ аттан түскелі қай заман. Заман жаңғырған сайын үдей түскен урбандалу үрдісі қазақты мүлдем қаражаяу қалдыруға бақұл. Қазақтың тақымынан жылқы жануар кеткелі ұлттық мінезі азып, жаман жағына өзгеріп, құйтырқы, жемқорлыққа ойысып, ұсақталып барады. Айтулы ерлердің есімі жер жарған алтын заманы қайран жылқы жануарына тіке тәуелді болмағына енді еш күмән қалмағандай.
Бірақ қазақтың жылқының өрісіне бола жаралғандай сезілетін есілген кең даласы барда жылқыны қазақ жоғалтпайды, жылқы атымен жоғалмайды, тек жарлы мен қала қазағының көзінен бұлбұл ұшып кеткені болмаса. Қазақтықты тудырған таңғажайып өмір-салтын халқымыз этнографиялық өткен тарихы кейпінде қалдырмай, іс жүзінде қайнаған тіршілігінің тұтқасы қылып алса, онда жылқы жарықтық қайта түлейді!
Қаны, жаны қазақ жазушы екенін Жанболат Башар бір ғана әңгімесімен танытты!
«Бейқам тұрған екі ат селт ете түсіп, бір сәт ұйқыдан шошынғандай ұзын мойындарын бұра жалт-жалт қарасты. Өзіне тесіле қараған бейкүнә көздер құдды адамның жанарындай-ау…».
Адам мен жылқы, жылқы мен адам бірін-бірі ешқашан жоғалтпауы тиіс. Жылқыны адамдай көруін автор бұл әңгіменің түп-төркіні мен болмысында жарқырата ашып бергенімен артық.
«Қос боз аңызы» – тілі көркем, шынайы, тамаша әңгіме. Көлемі шағын әңгімеге сыйғызып, автордың тұтас бір халықтың жанын, аласапыран сұм заман бейнесін, қазақ дәстүріндегі обал, кие деген халықтық ұлы ұғымды, қазақтық тектілікті шебер бергеніне риза боласың.
«Шәушік Ақтан байдың егіз құлынын көрді ғой. Кереге жал боз биенің екі жағынан таласа еміп жатқан меңсіз ақбоз құлындарға қатты қызыққаны бар.
Керемет-ай десейші, жылқы баласы егіз туады дегенді кім естіген? Кейін білді. Екі құлынның үйір басы бір, енелері басқа екен. Біреуінің енесі қолды болып, жетім құлынды мама биеге теліген».
Автор бұл деректі бергенде әуелі үлкен малдың егіз төлі болуы аса сирек екенін біліп айтады. Әрі қазақтың ұлттық дүниетанымында бұл жаман ырым. Сиыр екі бұзау туса, біреуін біреуге беріп құтылған, немесе туа сала бауыздап жіберетін болған. Өйткені елге үлкен кесапат келе жатыр, егіз бұзау соның белгісі деп ұққан.
Ал мына әңгімеде қос боз әуелде енесі бөлек, бірі жетім құлын екені шынайы суреттелінеді.
«Аңызға айналған екі боз соқа сүйреп жүр», – деп көз сұғын қадайды аларман. Ол «Қимылы, жүріс-тұрысы маңғаз, елдің айтысына қарағанда осы аудандағы нәшендік милицияның орынбасары дейді. Болса болар, талтаңдауы келісіп тұр, – деп ойлады бұл».
Көргенінен көз ақы алады деген анық сөз қазақта бар. Қызыл көз болып шығады бұл сұқтану, қызғаныш тудырған соң солай болмағанда қайтеді. Қос боздың бірін өкімет адамы болып есептелетін әлгі озбыр Мыңбай арнайы қалап келіп, қолқа салып тұр, мұнысы және ердің артқы қасын сұрағаннан бетер болып шығады.
Мұның түбі қос боз, асыл текті арғымақтардың ажалына бастайды.
Әңгіменің лейтмотиві осы – аспани сұлулық еркін жаралады, тектілікті бұғалықтау – оны өлтірумен тең. Құдай берген сұлулықтың күші жойқын, аяр көңіліне бір алаң кіріп, сол сұлулыққа өлердей сұқтанған адам түбі сол сұғанақтығы әрі асыл тектіге қиянаты үшін сазайын қоса тартуға үкім етілмек.
Қос боздың қасына тірі тышқан жолай алмайды. Оларды колхозшы атанғанмен ер қазақтың нәсілі Шәушік темірқазыққа байланған Ақбозат пен Көкбозатты торуылдаған жеті қарақшы тәрізді ұзақ қарауылдайды. Бұл да қазақтың сүйегіне сіңген табиғи мінез.
«Сөйтіп аптаға жуық шілденің ыстығына шыжып, тұзақ аңдыды. Құдай сәтін салып бір күні үлкен боздың алдыңғы аяғы қыл шашадан тұзаққа іліксін. Ақбоз ат та адамның бұзақы ойын сезгендей, аспанға шапшып, атқи жөнелген. Бірақ қыл шашаны қысқан қыл арқаннан енді құтылу жоқ еді. Сонда оның үрейлене шұрқырап кісінегені, үрке қашып біраз жерге ұзап кеткен кіші боздың арқырап кісінеп қайта оралғаны, осы қазірге дейін көз алдынан кетпейді. Өмірі кісі қолы тимей тағы болып кеткен аттар сол жолы шаппай-желімей ақ көбік терге түскен еді».
Шәушік қос жылқыны зорға олжалайды. Бірақ сонысына ол талай өкінеді. Жанболат Башар жылқы баласын адамнан кем көрмей суреттейді. Үлкен боз бен кіші бозды жазушы ағайынды қос жігіттей көретіні ғажап. Жылқының қасиеті бұл реальды және символдық әңгімеде қазақтық болмыспен астасады.
Бір ауданның милициясы күшпен әкеткендей сезілген ақ боздың сыңары жетім қалып жаутаңдайды. Шәушіктен маза мен ұйқы қашты.
«Түн көбесі сөгіліп аспан төсіне бозамық нұр жүгірген. Байлаудағы боз шиыршық атып тұр. Жер тарпып Алаайғыр сілеміне осқыра қарайды. Кенет, әлдеқайда тым алыстан, жылқының кісінеген дауысы құлаққа талып үзіліп, талып үзіліп жетті».
Арқа төсін танытатын небір детальдар әңгімеде тұнып тұр. Табиғат, Арқаның жер бедері, адамның жан дүниесі бәрі табиғатпен астаса беріледі. Суреттеушілік жағы қамшы салдырмайды.
Шәушік образы терең бейнеленген. Ол айтулы ер. Қаны мен ділі қазақ. Тегі прототипі бар текті адам екені айқын.
«Аттың тамағынан, алқымынан сипай қасып тұрып, кекілінің түбіне тұмар байлады. Осындай үшкіл тұмар үлкен боздың да кекіліне байланды».
Екі жағы дарияның қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған ауылымның
Қыздары болушы еді маған құмар.
Иманжүсіп атына тұмар таққанын жырлайды. Тұмар тағу жылқы баласына сүйіспеншіліктің белгісі.
Мыңбай милиция – саяси қуғын-сүргін алдындағы өз бауырларын шімірікпей өлімге қиған безбүйрек есірік қазақтың типтік бейнесінен аумайды. Ол алаш арыстарын түрмеге айдатып, сол жерден атылып кетуіне түрткі болған надан күншілдердің бейнесі.
Ол қолға оңай түспейтінін біліп, бейіт маңында атып өлтіргені кіші ақ боз, қайран жануар адамнан аумайды, жылқы баласын НКВД жендеттері Мағжан мен Ілиясты атып өлтіргендей қылып, Мыңбай сұм қапияда дәл көздеп атып өлтірді.
Қос боз символдық бейне. Кіші боздың ажалын Жанболат Башар Ақан серінің Құлагерін жоқтағандай қылып суреттеуі қисынымен, көркемдік тұрғыдан өте нанымды шыққан.
«Үздік-создық кісінеген үлкен боздың ащы даусымен мұқым Қарашоқының құз жотасы, оның азудай ырсиған жақпар тастары жаңғырығып, қоса күңіренгендей еді».
Светқали Нұржанов жылқыны Совет үкіметі қасақана құртқаны туралы поэма жазды.
Мағжан мен Ілияс Ақан серінің ұшқан құс жетпеген Құлагеріне соншалық жаны шырқырай елтіп, тегін құлап түспеген ғой. Қазақтыққа сүйіспеншілік меңдегендіктен алаштың қос ақыны Құлагер образына жаны елжірей ғашық болған.
Мен Ілиястың аңызға айналған «Құлагер» поэмасы туралы екі эссе жаздым. Ол шығармашылық туралы шығармашылық ретінде сәтімен көркем, пәлсапалық дүниелер болып шықты.
«Өзі зордың болады ығы да зор».
Бұл Абайдың бір жол өлеңі, мұнда жуандық пен озбырлық туралы айтылған. Бірақ оны басқа мағынада да қолдануға болар еді, классик ақындардың творчествосын зерделеу қарабайырлық емес, көркемдік әлемін байытары айқын.
Жанболат Башардың ұлықсыған кейіпкерін боз жылқының киесі қара жылан кейпінде келіп, кіші бозды атып өлтіргенде шақпай кеткені оң болып шыққан. Ажал Мыңбай милицияға солай елес берді, әділ жаза ар-ұятын солай жыланша шақты.
Жылан оны шағып бірден өлтіргенде әңгіме оншалық әсерлі болмас та еді. Әңгіменің мистикалық элементі өте нанымды. Образдар шынайы.
Біздің көп журналистер прозаға өңмеңдей ұмтылғанда, көркем әдебиет тілін публицистиканың батпағына батырып жіберетіні бар. Әдеби соны тілді лайлау, жұпыны қылу, көркемдікті шұбарлау, прозаны құлазыту содан басталады.
Публицистика – мықты жанр, бірақ әдебиет пен оның шегі екі түрлі, өзара будандастыру, шатастырудың еш қажеті жоқ.

P.S. Әңгімеден таңғажайып шынайы әсер алдым, көзбен көргендей күй кештім.
Жылқы ұрлығы қазіргі қазақ тұрмысында бой бермей өршіп тұрғаны туралы осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде ерекше тебіреніс пен дерекке толы мәліметтермен жазылды. Авторы – Сарыарқа төсінде тұратын жазушы Өмір Кәріптегі. Қазіргі сыбайлас жемқорлық өршіп, тыя алмай отырған Қазақстан жағдайында қазаққа жылқы өсіру бір қияметке айналған, әрі автор жылқыны үйірлеп ұрлайтын мықты топтар полицияны елең қылмайтынын, сатып алатынын жазған.
Ал Алтай жақта ұры топ қайран жылқы жануарын жабайы аң тәрізді шетінен атып алатынын ТВ хабарлап жатқанын естіп, ақырзаман шын төнгенін ұғамыз. Киені де, иені де керек қылатын сана қазақта қалмай бара жатқаны ма? Баяғы барымташы бабаларымыз дәл осындай сорақылыққа бармады, рас қой?!
Мұның түбі әсте қайыр емес. Бірақ оны ұғатын қазақы зердеміз батыстың мәдени экспансиясымен, тобырлық сананың меңдеуімен әбден ластанып бара жатыр, іштегі кірді қашырмай, қазақтығымызды қайта қалпына келтірмей, тұма бастаулардан қанып ішуге талпынбай, бұл кері кету қауіпті.
Бірақ көп асқанға бір тосқан болары айқын, жылқы ұрлығы да, жылқыны етке тонналап өткізіп, беталбаты құртып, қор қылу да тыйылатын заман туады әлі. Заңды құрметтейтін, заң күшінде болатын елге түбі айналамыз. Үмітсіз шайтан.
Қазақ жылқыны сеңсең бөрік түркмендей ұлықтауы керек. Олар ақалтекесін соймайтын, соғымға қимайтын көрінеді. Қазақ түркменнен тым құрыса осыны үйренуі керек сияқтанады. Халықтығын жоғалтқысы келмесе жылқыны қынадай қырып, ұдайы рәсуа қылмай, көбінесе қымызын ішуі керек. Жылқыларды шамадан тыс құртып, ақшаға айналдыру жолында ашкөз дүниеқоңыз озбырлықтан зардап шегуі біздің елдік тағдырымызға тіке әсері бар екенін ұғу керек. Мүмкін, қазақ көк бөрімен, жылқымен, аққумен тотем екені өз алдына, кіндігі бір халық шығар.

250412-20Айгүл Кемелбаева, «Жұлдыз» журналы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!