Құрманбек Тұрғанбек: Қазақ-қырғыз дауына Түркияда нүкте қойылған

901

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аяқ­тал­ға­нына бір апта өтсе де, көкпар финалына қатысты сөз­тар­тыс әлі тыншыр емес.

Қырғыз тарапы кеше Қа­зақстан құ­ра­масын Ыстықкөл жағасына қарымта кез­десуге ша­қырса, онда спортқа жауапты  мамандар көк­пар мен көк­бөріні Көшпен­ді­лер ойындарының бағ­дарламасынан алып тас­тауды ұсын­ды. Осы ретте көк­пардан Қазақстан құра­ма­сының ка­питаны Құр­манбек Тұрғанбекке хабарласып, оның осы мә­се­ле­лерге қатысты ойын білген едік.

– Құрманбек, көпшілік екі жыл асыға күткен бәсі биік додада жеткен жеңіс құтты болсын! 

– Рахмет! Сонша уақыт дайындалған еңбегіміз зая кеткен жоқ. Аллаға шүкір, жеңімпаз атанып, еліміздің төбесін көкке жет­кіздік. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сипаттауға сөз жетпейтін көңіл күйде жүрміз. Атойлаған жанкүйерлер. Сапалы салынған арена. Мұның бәрі бізге үлкен рух берді. Ойын біткен соң, қуаны­шы­мызды халықпен бөліскіміз келіп, құрамадағы он екіміз Көк туымызды ұстап, трибунаның алдынан шауып өттік. Сол кездегі бойымызды кернеген мақтаныштың қандай сезім екенін сипаттай алмаймын! Өткен аптадан бері барған жерімізде ерек­ше құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын бе­ріп жатыр. Кеше ғана Жамбыл облысының әкімі айрықша күтіп алды.

Дана қазақ «Біт­кен іске сыншы көп» дейді ғой. Ойын біт­келі бері әлеуметтік желіге жаман пікір жазып, ел ішін дүрліктіріп жүргендер жетіп артылады. Оларға айтарымыз – «Жығылған күреске тоймайды». Шындық әрқашан да ащы болады. Көкпар – Көшпенділер ойын­дарында көпшілік қатты көргісі келетін ойындардың бірегейі. Әсіресе, спорт сүйер қауым алақанын ысқылап, қазақ пен қыр­ғыз­дың текетіресін күтіп отырады. Күллі Қазақстан көз тігетін басты сайыс болғасын зілдей жауапкершілікті сезініп, тыңғылық­ты дайындалдық. Ең алғашқы оқу-жаттығу жиынын Шымкентте өткіздік. Кейін қал­ған 9 жаттығу жиыны Алматыда өтті. Бәсі биік бұл ойынға үш ай бойы тас-түйін дайындалдық. Елеңдемей жаттығуымыз үшін барлық жағдай жасалды. Аттары­мыз­ды да сайладық.

Жарыс жақындаған кезде бапкеріміз ауысты. Оған дейін бізді талай бәйгеге баптап апарған бас бапкеріміз Қуа­нышбек Құрамаевтың орнына тізгінді Ақылбай Манкеев ұстады. Оның көмекші­лері, тәжірибелі жаттықтырушылар Ерке­бай Омарбек пен Нұрдәулет Момынов бізді шынықтырып, ширатты. Сол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, жеңіске жетіп отыр­мыз.

– Бізде нөмірі бірінші спорт саналатын бокс пен кү­ресте ұлттық құрамадағы бір орынға 10 адамнан тала­са­ды. Футболда да солай. Сол се­­­кілді көкпарда да ұлттық ко­­мандаға кіру қиынның қиы­ны шығар?

– Ал бізде 100 адам 1 орын­ға таласады. Ұлттық спор­­тымызға айрық­ша көңіл бөлінгелі бері көкпаршылар ара­сында бәсеке көр­­кі қыза түсті. Көк­пар сіз ай­тып отырған спорт түрлері­нен барлық жағынан асып түспесе, кем түс­пейді. Сондықтан еліміздің басты ко­ман­дасына кіру оңай шаруа емес. Осы жа­рыс­та соңғы сәтке дейін құрамаға кімнің кіре­тінін білмедік. Үш айға жалғасқан оқу-жаттығу жиындарына жалпы саны 24 шабандоз қатысты. Ақыр аяғында оның ішінен бапкерлер құрамы 12 көкпаршыны ғана таңдап алды. Жарыс күніне дейін кімнің көкпар тартатынын расымен ешкім білген жоқ.

– Бір апта өтсе де, әлі шуы басылмай тұрған финалды сөз етсек. Ойынның басы-қасында жүрген көкпаршы ретінде бізге мынаны айтыңызшы –  расында қырғыз бауырлар байбалам салатындай ереже бұзылды ма? Олар айтқандай, ойын барысында бұра тартушылық болды ма?

– Байбалам салатындай ештеңе болған жоқ. Мұнда бар мәселе қырғыз спортшы­сы­ның балағат сөз айтқа­нын­да болып тұр. Оның айтқан ауыр сөзі біздің аға­мыздың намысына тиген, сосын ол қам­шы жұмсаған. Енді қырғыз көкпар­шы­лары ойынға не үшін келгенін білетін шы­ғар. Көкпар тартысы мол спорт қой. Он­да қызуқанды болмасаң тағы болмайды. Ойын кезінде қамшымен ұрғаны былай тұрсын, бізде жігіттер аттың астында қа­лып кетіп жатады. Көкпар нағыз жаужүрек, мықты жігіттердің ойыны емес пе?! Әрі біз­діклер «тек қырғызды ұрады» деген еш шын­дыққа жанаспайды. Ел чемпионат­та­рын­да да бір-бірімізді қамшылап тұрамыз. Одан да ауыр сәттер болады. Алайда біз бір-бірімізге шағым түсіріп көрмеппіз. Жал­пақ тілмен айтқанда, ондай сәттер көк­пардың «сәні» ғой (күліп). Онсыз ойын әсер­лі болмайды ғой.

– Екі жақтың көкпаршылары ше­кісіп қалып жатқанда құрама капи­та­ны – сізге салқынқандылық таныту қиын­ға түскен шығар?

– Жоқ, қиынға түспеді. Мұндай сәтте құ­рама сапындағы 11 спортшының бар­лы­ғы маған қарайды. Сол себептен эмоцияға беріл­меуге тырысамын. Мен финалда еш қо­бал­жымадым. Тіпті, 3:1 болып ұтылып жат­қан кезде де командаластарымды жі­гер­­лендіріп, «Қазір ұтамыз! Асықпаңдар! Ұта­мыз!» деп рухтандырып жүрдім. Коман­да ұтылып жатқан сәтте мен тұнжырап қалсам, маған сеніп тұрған 11 көкпаршы да кері тартып, жағдай басқаша болар еді. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, Көшпенділер ойынындағы басты сайыстардың бірі бол­ғасын, біз бұған тек физикалық жағынан емес, моральдық әрі психологиялық жа­ғы­нан дайын болдық.

– Финалда құрамаға жеңіс әкелген алтын салымды сіз салдыңыз. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен финалда да шешуші салымды салу сізге бұйырған еді.

– Иә, Түркияда тағы сол қырғыз бауыр­лар­мен өткен финалдың негізгі ойын уақы­тын­да есеп 3:3 болды. Көкпарда негізгі уа­қыт­та есеп теңессе, қосымша 10 минут бе­рі­леді. Ол 10 минутта кім бірінші салым са­лады, сол жеңімпаз атанады. Түркияда ше­шуші сәтте мен алтын салым салып, жа­рыс тағдырын шешкен едім. Бұл жолы да со­лай болды. Өзімді «Мен – мықтымын», «Мен – сондаймын» деп мақтанбаймын. Тек сон­дай шешуші кезде Алланың назары ма­ған түсті деп білемін.

– Кеше Қырғыз еліндегі Көк бөрі фе­дерациясының өкілдері сіздерді 1 қа­ра­ша Ыстықкөл жағасына шақы­рып, онда қарымта кездесу өткізуді ұсын­ды. Төрешілерді басқа елден ал­дыртпақ екен. Бұған не дейсіз?

– Біз – бәріне дайынбыз. Мен капитан ре­тінде құрамадағы спортшылардың аты­нан жауап бере аламын. Біз – кез келген уа­қытта кездесуге дайынбыз. Сақадай-сай­мыз. Басшыларымыз айтса болғаны. Ол ойын­ның болатынынан я болмайтынынан бейхабармын. Егер өтетін болса, біз оған дайынбыз. Дегенмен ондағы бауырларымыз қырғыз еліне барса, Қазақстан ұтылады, бізге келсе олар ұтылып қалады деп айтып жа­тыр ғой. Ақыр аяғында реванш сұрап жатыр. Мен сіз­ге мынаны айтайын, ол әңгіменің нүк­тесі Түркияда өткен төртінші Көшпенділер ойындарында қойылған. Бейтарап аймақта өткен финалда біз жеңіске жеттік. Ол кезде төреші басқа елден келді. Онда өз аттарымызбен емес, сол жақтың аттарымен сайысуға мәжбүр болдық. Бар айтарым – қырғыз бауырлар үшін есігіміз әрқашан ашық. Олардың көкпаршыларымен жақын араласпасақ та, бұрыннан сәлеміміз түзу.

– Қырғыз елінің бұрынғы Туризм ви­це-министрі Мақсат Чаки Көшпен­ді­лер ойындарының бағдарламасынан көкпар мен көкбөріні алып тастауды ұсынды…

– Көшпенділер ойындарының сәні сол екі ойын емес пе?! Қалайша алып тастауға болады? Бұл әңгіме Олимпиададан боксты алып тастаймыз деген секілді ғой. Бокс болмаса, Олимпиада дым қызық емес қой.

– Құрамада сізден біршама жас үлкен, көкпар тартатын ағаларымыз бар. Оларға дегеніңізді орындату қиын­ға соқпай ма? Жалпы, құрамада команда капитаны болған қалай екен?

– Менің көкпарда жүргеніме 10 жылдан асты. Сондықтан кімге қалай сөйлеу керек, кіммен қалай араласу керек екенін жетік білемін. Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көр­геннен сұра» дейді. Мені капитан етіп жал­ғыз бапкер тағайындай салмайды. Бұл – құрамаға іліккен ойыншылармен ақылдасып отырып, қабылданған шешім. Мақтанғаным емес, дегенмен құрамадағы жасы үлкен аға­ларымыздың бәрі мені тыңдайды. Сол тыңдағаннан да шығар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жеңіске жетіп жүр­міз. Ол кісілер менің айтқанымды жерге қалдырмайды. Осы ретте мені тыңдап, қолдап жүрген ол кісілерге алғысымды айтамын!

– Ипподромдағы спорт сүйер көп­шілік «Құрманбек – айрықша жігіт», «Құрманбек – көкпар тартуға жаратыл­ған жігіт» деп сізді мақтаумен болды. Сөз соңында Көшпенділер ойын­дарын­да­ғы резонанстан соң көкпарға енді қы­зыға бастаған жанкүйерлерге өзіңіз­ді аз-кем таныстыра кетсеңіз. 

– Жамбыл облысының тумасымын. 1997 жылғымын. 2012 жылдан бастап об­лыс­тық «Әулиеата» командасының құра­мын­да өнер көрсетемін. Жастар, жасөс­пі­рімдер, ересектер арасындағы Қазақстан­ның 14 дүркін чемпионымын. Одан бөлек, ұлттық спорттың ең үздіктеріне берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының үш дүркін иегерімін. Көкпардан жастар арасында Азия чемпионымын. 2018 жылы Қырғыз елінде өткен үшінші Көшпенділер ойын­дарында көп салым салып, үздік ойыншы атандым. Одан бөлек, «Ғасыр ойыншысы» деген атағым тағы бар. Көп фестивальдің жеңім­пазымын. Бір басымызға жетіп артылатын жетістігіміз бар. «Чемпион болу оңай, ол атақты сақтап қалу қиын» дейді ғой. Бұйырса, келесі ойындарға да тия­нақ­ты дайындалып, елімізді тағы бір қуантамыз деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.