Тәуелсіздіктің алғашқы 5 жылында шетелдерге жасаған Елбасы сапарлары

121

Жақында ғана «Қазақстан жастары – 2017» ұлттық баяндамасы жасалды. Еліміздің жастарының әлеуметтік, саяси-экономикалық, қоғамдық өмірін сараптаған жылдық қорытындыда зерттеулер нәтижесі көрсеткендей еліміздегі жастардың көбі шетелде білім алуға, ел-жер көру үшін саяхаттауға барады екен.Бұл тәуелсіз еліміздің тұрақтылығының, саяси тыныштығының көрінісі болса керек. Ал 26 жылдық тарихы бар Тәуелсіздік кезеңінде біздің елдің осынша мамыражай, берік іргетасының қалануына қандай күш ықпал етті деген заңды сұрақ туындайтыны анық.

Оған біздің бүгінгі аздаған сараптамамыз арқылы көз жеткізесіздер деген ойдамын.

Иә, кім шетел асып, саяхат, серуен құруды жек көрсін?! Дегенмен, өмірінің 60 пайыздан астамы ұшақта өтіп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының әр сапарының астарында отандастарының тағдыры бар. Әйтпесе орта есеппен жылына 20 мемлекетке сапар жасап, кергілескен келіссөздер, сайқал саясат арасынан алаштың абыройын, алаштың арманын жүзеге асырып, өз пайдасы емес, ел мүддесіне жол табу оңай шаруа емесі белгілі.

Ендеше сонау тағдыршешті кезеңдегі Тәуелсіз елдің Тұңғыш президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге жасаған алғашқы сапарларын саралап көрейік.

1991 жыл, Ашхабат (Түрікменстан)

Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Тұңғыш президенті ретінде ең алғашқы сапарын 12-13 желтоқсан күндері Түрікменстанға жасады. Онда Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Тәжікстан президенті Рахмон Набиев және Түрікменстан президенті Сапармурат Ниязов болды.

Бұл кездесуде бауырлас түркі халықтарының басшылары ТМД мәселелерін, Арал мен Чернобльдің жағдайын талқылады.

Сонымен қатар осы жылы 30 желтоқсанда Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Беларусь республикасына сапар жасады.

Онда ТМД елдері арасында 15 құжатқа қол қойылды. Онда елдер арасындағы тату көршілік мәселесі мен саяси-экономикалық мәселер бар еді.

1992 Хелцинкий (Финляндия)

Жетесіне жетіп, тәйт десең қирағалы тұрған тұлдыр дүниеден, тұрлаулы тұғыр орнатып, Тәуелсіздіктің ақ балапанын темірқанат тастүлек ету жолында аянбай, талмай еңбек еткен Елбасының «түн ұйықтамай, күндіз отырмай» жасаған сапарларының бір парасы әйгілі жазушы, талантты журналист Оралхан Бөкейдің де қаламының ұшына ілінген екен. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатынан құнды мәліметтер беретін «Президенттің бір аптасы» атты мақаласында Оралхан Бөкей Елбасының Мәскеуге жасаған алғашқы сапарын былайша суреттейді:

«Республикамыздың Президентін Борис Ельциннен кейінгі басшылары мен әскери қолбасшылары құрметпен қарсы алды. Қазақтың «… ағайынға қадірің жоқ – бетіңді көреді» деген сөзінің растығын осындайда мойындаймыз. Өз еліңде қадір-қасиетіне жетпей, кезегің келгенше сүт таусылып қалса да ел басшысынан көріп, қарғап-сілейтін мінезіміз ол кісінің ауқымды ойы мен жоспарланған ісіне кедергі келтіріп, жүйкесін тоздырарын елеп-ескере бермейміз. Менің көзім жеткені: ұлттың намысын ойлап, жыртысын жыртып жүрміз дейтін қайсыбірімізден де Назарбаевтың қазақтың қамын әлдеқайда кең ойлайтын ұлтжандылығы. Бұл менің алла алдында да айтар адал мойындауым. Алайда, сан ұлт мекендеген қырық рулы жерімізді тістегеннің аузында, ұстағанның уысына беріп қойған ол емес қой. Өзіне дейін шұрық-шұрық тесіп, тілім-тілім кесіп тастаған жері мен тіліне тиек салып еңіретіп тастаған елін қайтсем емдеп, жазамын деумен арпалысып жүр. Демек, басқалар, алдыңғылар жіберген қателікті қайталамау ғана емес, түзеп алу үшін де адамдық үлкен ақылкерек. Сонымен қатар жергілікті ұлт өкілдері елу процентке жетпейтін кеңбайтақ елді алтыбақан алауыздыққа, онсыз да аз қазақты қантөгіске ұрындырмай сырттың сатқындығы, іштің мерездігінен сақтап, болашаққа бастау үшін күрестің қандай тәсілін таңдап алу керектігіне байланысты. Екі бүйірінен алпауыттай екі алып держава қысып тұрғанда бұл тығырыққа бабаларымыз да тірелген. Бәрібір әлін білмеген әлектіңкерін кимей, елдіңберекесін, тыныштығын ойлаған. Егер туған халқымыз көрінгеннің жағасына жармаса берсе, қазақтан тұқым қалар ма еді, қалмас па еді…

(Оралхан Бөкей, «Президенттің бір аптасы» «Қазақ әдебиеті» газеті 1992 жыл шілде)

Мұнан бөлек, 1992 жылы Елбасы 25 мемлекетке сапар жасаған. Оның көбінде таяу көрші елдерге ТМД елдері басшыларының жиынына қатысқан. Ал ерекше атап өтетіні – 5 қазан күні АҚШ-қа жасаған сапары еді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев осы күні тұңғыш рет БҰҰ мінберінен адамзатқа үн қатты.

Осы сапардың нәтижесінде Қaзaқстaн Рeспубликaсы, хaлықaрaлық дeңгeйдe, хaлықaрaлық қaуымдaстықтaр мeн aнықтaлғaн қaғидaттaрды қoлдaйтын мeмлeкeт рeтіндe 1992 жылдың 2 нaурызындa БҰҰ-ға мүше болды.

1993 жыл, Давос (Швейцария)

1993 жылды Өзбекстанға сапармен бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы жыл бойы 24 елге сапар жасап, 24 желтоқсанда Ашхабатқа барды.

Бұл жылғы сапарлардың ең бастысы 29-31 қаңтар күндері Швейцарияның Давос қаласына жасаған сапар деуге болады. Мұнда Шығыс және Батыс Еуропа елдері мен ТМД-ның, АҚШ пен Еуропалық одақтың экономикалық мәселелері талқыланды. Осы кездесуден кейін Қазақстан өзінің төл валютасы – теңгені айналымға шығарды (15 қараша 1993 жыл). Бұл қадам Қазақстан тәуелсіздігін одан әрі нығайта түсті деуге болады.

Осы жылы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия президенті Пунцалмаагийн Очирбаттың шақыруымен Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласына сапармен барады. Осы сапарында Елбасының алдынан сондағы қандастар атынан терме айтып шыққан қаршадай қыз, қазіргі танымал әнші Меруеш Башайқызы былайша еске алады.

«1993 жылы Елбасы алғаш рет ресми сапармен Моңғолияға келді. 21-22 желтоқсан күндері Нұрсұлтан Әбішұлын қарсы алған делегация құрамында мен де болдым. Осы кездесу кезінде моңғолиялық қазақтар атынан Елбасыға арнау айттым. Арнауды естіген Елбасы қатты толқып, көзіне жас алды. Ол кезде мен 17 жаста едім. Қолыма домбыра алып, сол Елбасы алдында арнау айту бақыты бұйырған еді. Шеттегі қазақтардың келіп қарсы алуы ерекше әсер еткен болуы керек, сол сапарда Қазақстаннан барған делегация құрамындағы танымал ағаларымыз да осы сапардан алған әсерлерін күні бүгін айтып жүреді» — дейді әнші.

1994 жыл Будапешт (Венгрия)

Бұл жылы да алғашқы сапар Өзбекстаннан басталды (10-11 қаңтар). Жыл бойы 20-дан астам елге арнайы сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев 6 желтоқсан күні соңғы сапарын Венгрияда аяқтады.

1994 жылы 6 желтоқсан күні Будапешт қаласында ЕҚЫҰ кезекті саммиті болды. Әлемнің 55 мемлекеті қатысқан айтулы жиынға Тәуелсіз Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет қатысты. Осы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстандағы Ядролық қарудан бас тарту туралы мәселені көтерді.

«Сол Саммитте Нұрсұлтан Әбішұлы Семей палигонын жабатынын, бірақ әлем елдері біз үшін қауіпсіздік кепілдігін беруі керектігін талап етті. Мен де Будапештке барған делегацияның құрамында болдым. Саммитте АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон, Франция президенті Миттеран Франсуа, Англияның премьер-министрі Джон Мейджор, Ресей президенті Ворис Ельцин барлығы да ядролық державалар ретінде Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік берді. Дәл осы ядродан бас тарту қазіргі кезде тура солай болу керек секілді қабылданады. Ал біз сол кезде «мынадай алпауыт елдер Қазақстан президентімен санасып тұр» деген мақтанышпен-ақ тымағымызды аспанға атып қуанған едік» — дейді сол кезде ҚР алғашқы ақпарат министрлігін басқарған Қуаныш Сұлтанов.

1995 Бейжин (Қытай)

Бұл жылғы алғашқы сапар Ресей Федерациясынан басталды (22-23 қаңтар). Жеңістің 50 жылдығына орай біраз елге арнайы сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев 22 рет шетелге шықты. 28 желтоқсан күні соңғы сапары Палестинаға жасалды.

Осы жылы бұған дейін де 1993 жылы 18-20 қазан аралығында барып қайтқан Қытай халық республикасына арнайы сапар жасады. Назарбаевтың 10-11 қыркүйек күндері Қытай Халық республикасына жасаған сапары барысында ел президенті Цзян Цзэминмен болған кездесуі президенттік хаттамада көрсетілген уақыттан асып кеткен. Бұл туралы танымал қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Baq.kz ақпарат агенттігінің журналисіне берген сұқбатында айтады.

«Ол кісінің бір ерекшелігі, ресми келіссөздердің өзіне өте жоғары деңгейдегі ішкі дайындықпен барады. Мемлекет басшыларымен, президенттермен кездесудің өзінде қатып қалған хаттамамен жүрмей, сол елдің тарихын, қандай да бір ерекшелігін әңгіме арасында кірістіріп отырады. Мақалдап, мәтелдеп сөйлеуі өз алдына, тіпті кейде қарапайым ауа райының құбылыстарын да ұтымды пайдаланып кететін.

Президенттің хаттамадан бір сағат асырып әңгімелескен бір кездесуі есімде. Мен Қытайға елші болып 1995 жылы шілде айында бардым, Елбасы қыркүйектің 11-і күні Пекинге ресми сапармен келді. Қытай билігі Елбасыны ең жоғары деңгейдегі қабылдау салтанатымен қарсы алды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының Пекинге жасаған екінші сапары болатын. Оның алдында 1993 жылы бір рет келіп кеткен. Ресми кездесулерден бұрын екі ел басшысы алдын-ала оңаша кездесу керек болды. Бұл кездесуді Пекин билігінің хаттамашылары жарты сағатқа жоспарлады. Алайда екі ел басшыларының оңаша кездесуі бір сағат 30 минутқа созылды. Сол кезде президенттердің арасында айтылмаған әңгіме қалмады. Сол кездегі Қытай басшысы Цзян Цзэминь Елбасымыздан көп нәрселерді сұрап білді» — дейді сенатор.

Сенатор осы сапар негізінде Қытай мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара мәселесі түбегейлі шешілгенін айтады.

1996 жыл Шанхай (Қытай)

1996 жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы 5 жылдығы еді. Бұл жылы артта қалған 5 жылға қорытынды жасап, әлемнің 20-дан астам еліне сапар жасады. Бұл жылдарда Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде бірнеше халықаралық жиындардың тұрақты қатысушысына айналды.

Мысалы ТМД елдерінің жиындары, Дүниежүзілік экономикалық форум, Еуропалық одақ жиындары Қазақстанның, Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өтпейтін болды. Бұл тәуелсіз елдің аз уақытта ғана қол жеткізген биігі еді.

Осы жылы 5 қаңтарда Елбасы алғашқы сапарын Израильден бастады. Жыл бойы 25 елге түрлі мақсатпен барып қайтқан Нұрсұлтан Назарбаев 9-10 желтоқсанда Үндістанда болса, 12-13 желтоқсан күндері Аустралияда болды.

1996 жылы 26 сәуірде Қытайдың Шанхай қаласында өткен саммитте Елбасы сөз сөйлеп, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Қазақстан қатарлы елдердің басын біріктірген ынтымақтастық ұйымын құруды ұсынды. Осының негізінде 1996 жылы 1 маусымда дүниеге Шанхай Ынтымақтастық ұйымы келді. Бұл көршілес елдер арасындағы саяси-экономиканы, тату көршілік қарым-қатынасты нығайта түсетін негізгі ұйымдардың бірі болды.

Міне біз тәуелсіздіктің алғашқы 5 жылында Қазақстанның Тұңғыш президенті ретінде Елбасы жасаған алғашқы сапарлардың ең негізгілеріне тоқталдық. Осы 5 жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев 40 мемлекетке 100-ден астам сапар жасаған екен.

Ресейге – 24 рет, Швецария королдігі мен Өзбекстанға – 7 рет, Түркіменстан, Түркия және Қырғызстанға – 6 рет, Беларуське – 5 рет барған екен.

Ал, АҚШ пен Францияға 4 рет сапар жасаса, Үндістан, Украина мен Қытайға үш рет барған. Аустрия, Иран, Бельгия, Ұлыбритания мен Израиль қатарлы елдерге екі рет сапар жасап үлгеріпті.

Мұнан бөлек, Пәкістан, Финляндия, Германия, Египет, Тайланд, Нидерланд, Испания, Жапония, Моңғолия, Эстония, Литва, Италья, Сауд Арабиясы, Венгрия, Корея, Индонезия, Палестина, Татарстан, малайзия, Сингапур, Әзербайжан, Грузия, Португалия, Аустралия қатарлы мемлекетке бір-бір рет барған.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.