Мұхтар Алтынбаев: Қазақ елінің қарулы күштерінің тарихы 1992 жылдан басталмайды

108

Биыл Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, қарулы күштер саласына 25 жыл толды. Егемен елдің тыныштығы мен бейбітшілігінің кепілі болып отырған әскери саланың тамыры тереңде.Егер қазақта қорғаныс саласы, әскери даралық болмаса бүгінгідей ұлан-байтақ даланың бізге бұйыруының өзі екіталай еді. Кешегі арыстанның аузынан, түрікменнің түбінен ұрпақ үшін ұланғайыр даланы аман алып қалған ата-бабамыздың арманы да Тәуелсіздікке қол жеткізу болатын. Бабалар арманы өткен ғасырдың соңында қазақ халқының маңдайына бақ болып бітті.

Ғасырлар тоғысындағы қысылтаяң кезге тура келген тәуелсіздіктің аяғын нық басып, бүгінге жетуі үшін атқарылар шаруа аз емес еді. Жоқтан бар жасағандай болып, «бытырай қашқан» берекесіз одақтан не бел кетер, не белбеу кетер деп тәуекелге барып, мемлекетті аяқтан тұрғызу үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай еңбек еткен ерлеріміз аз емес. Бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі күні сол ерлердің бірі де, бірегейі, Халық қаһарманы, бар өмірін қорғаныс саласына арнаған Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

— Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде сіз Түрікменстанда болдыңыз ғой?

— Иә, мен ол кезде дивизия командирі болып Түрікменстанда жүр едім. Сол 1991 жылдың аяғында «Кеңес армиясы офицерлерінің жиналысы» деген бүкілодақтық офицерлер жиналысы өтті. Сол жиналысқа қатыстым. Ең кіші лауазымдағы генерал мен – дивизия командирі, ал қалған 500-ге жуық офицердің барлығы да – жоғары лауазымдағы генералдар. Жиын Мәскеудегі «Съез сарайында» өтті. Осы жиында Кеңес Қарулы күштерінің не үшін жиналғанын, алдағы уақытта қалай болады, кім қайда барады, ешкім білмейді. Шулаған халық, Кеңес одағы жоқ, тәуелсіз елдер құрылды, жүйе өзгерді. Шапошников Евгений Ивановичтің (КСРО Қорғаныс министрі – ред.) өзі ештеңені түсіндіріп бере алар емес. Жиналған офицерлер ешкімді тыңдамайды, тіпті кейбір қызу қанды жігіттер секретариатты ұрып тастай жаздады. Ақыры ештеңе өнбейтінін түсінген лауазымды генералдар «президенттер келіп, жағдайды түсіндірсін!» деген талап қойды. Сол талапқа барлығымыз тоқтап, президенттердің келуін күттік. Мен ойладым, сол кезде президенттер де Мәскеуде болған шығар деп. Бірақ, олай болмапты, кейін Елбасы өзі айтты, сол кезде ол кісілер Киевте болыпты. Кейбір елдердің президенттері «олар бізді жазым қылады» деп келуден бас тартыпты. Содан Ельцин мен біздің президент Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Сол жолы мен Елбасыны алғаш рет көрдім. Әрине, оған дейін сырттай танитынмын ғой.

Сонымен екі президентпен бірге Шапошников та келді. Дау қайта басталды. Тағы да ешкім нақты жауап бере алмай қалды. Тіпті болмаған соң, ашуға булыққан Маршал Шапошников атып тұрып, трибунадан кетіп қалмақ болды. Кетіп қалса тіпті масқара болар еді.

Сол кезде Елбасы атып тұрып, жүгіріп барды да, Шапошниковты қайта орынына әкеп отырғызды.

Мен бұл мәселенің мәнін кейін түсіндім. Кеңес үкіметінің Қарулы күштері, қуатты қару-жарақ, әлем дірілдеп, қимылына қарап отырған үлкен армия басшысыз қалса, мүлде масқара болар еді. Барлығымыз да сол елдің президенті ретінде Ельцин сөйлейді деп күтіп отырғанбыз. Бірақ, біз күткендей болмады, Нұрсұлтан Әбішұлы тұрып сөйлеп, барлығын түсіндіріп берді. Кім қайда баратынын, алдағы уақытта қандай өзгеріс болатынын, болашақта қандай жоспарлар іске асатынын барлығын түсіндірді. Қарулы күштердің кімге бағынатынын, түгел реттейтінін айтты. Елбасының сөзінен кейін барлығы да тынышталды, екі президент кетіп бара жатқан кезде барлық генерал тұрып қол шапалақтады. Бұл – біздің елдің Президентіне көрсетілген құрмет еді.

Осы жиыннан көп өтпей 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД құрылды. Шапошниковты ТМД-ның ортақ қарулы күштерінің қолбасшысы деп тағайындады.

Осы кезде айта кетер бір жайт, ядролық қару орнатылған төрт мемлекеттің басшылары қаруды іске қосатын «чемоданчикті» өздерінде сақтады. Және Шапошников ядролық қаруды қолданатын болса, осы елдердің президенттерінен рұқсат алуы керек болды. Бұл 1992 жылдың 7 мамырына дейін осылай болды. 7 мамырда өзіміздің Қарулы күштерімізді құру туралы жарлықтан кейін жағдай өзгерді.

— Барлығымызға белгілі бір жайт бар, ол – Тәуелсіз қазақ елінің Қорғаныс саласы жоқтан бар жасалғандай жағдай…

— Бұл саланың ерекшелігі де сол. Өйткені күштік құрылымның республикалық деңгейде, облыстық деңгейде басқа органдары бұрыннан бар еді. Ал Қарулы күштерді құру барысында еліміз үлкен мәселелерге тап болды. Оның үстіне Кеңес үкіметі ыдыраған соң, біз Қарулы күштерді жасақтаймыз дегенше біраз уақыт өтіп кетті. Оның өз себебі де жоқ емес еді. Бұған дейін Кеңес үкіметі басқарған бүкіл одақтың армиясы осы Қазақстанда болды. Одақ ыдырағанда жаңағы әскери бөлімдерді, қорғаныс саласын басқарып отырған өзге ұлт өкілдері өз атамекендеріне кете бастады. Әскери бөлімдер иесіз қалды. Сондықтан қай жерде қандай әскери қазақ бар, соның барлығын жинауға көп уақыт кетті. Әрине, сарбаздар, офицерлер, пропортчиктер болды, бірақ әскери саланы басқаратын қазақ мамандар өте аз еді. Генералдың өзі екеу-ақ едік. Бірі – марқұм, Сағадат Қожахметұлы, екіншісі – мен, Түрікменстанда жүр едім. Бірақ сол кезде бізден басқа да бірнеше генералдар болған екен, біз оны кейін, ол кісілер көз жұмған соң ғана білдік.

Барлығымызды да Елбасының жарлығымен елге жинады. Мен Түрікменстанда жүрген едім, Мәскеуден сіз «Алматыға ауысатын болдыңыз» деген хабар келді. Бұл менің түсіме де кірмеген жағдай еді. Бұл туралы әңгімеміздің соңында айтып берейін, ал қазір сол кездегі бір оқиға есіме түсіп отыр.

— Айтыңыз.

— Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков атындағы ӘШҚ Әскери командалық академиясын бітірген соң мен Қазақстанның кез келген жеріне баруға дайын екенімді айтып, туған еліме жіберуді сұрадым. Бірақ олар мені бұл жаққа жібермеді. Тіпті жаңағы сөзімнен кейін мені Балтық жағалауына жіберуге бұйрық шығарды. Алайда, менен басқа біреу кетті де, маған «Самарқандқа барасың ба» деді, мен келісім бердім. Артынан бір жігіттер хабарласып, «мұндай ұсынысты көп айта берме, бұл саяси тұрғыдан дұрыс емес, елге оралуыңа кедергі болады» деп ескертті. Өкінішке қарай, сол кезде мұндай саяси жүйе бар еді.

Ол кезде Қазақстанда қуатты қарулы күштер болды. Әуе қорғаныс күші (ӘҚ, ӘҚК) 2-корпус пен 40-армия Мәскеуге бағынды. Басқа да біраз Қарулы күштерге қатысты дүниелер Мәскеудің қарамағында болды. Соған қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 7 мамыр күні Қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойды. Мен бұл кезде елге келгенмін, осы жарлық шыққан жиынға қатыстым.

Одақ ыдыраған, ел не істерін білмейді, Тәуелсіздік алғанымызға біреу сенсе, біреу сенбейді, халықтың тұрмысы ауыр. Біз әскери бөлімдерді аралап жүргенбіз, шұғыл Алматыдағы Президент резиденциясына жиналыңдар деген шақырту келді. Келдік. Көптеген әскери адам жиналыпты, Сағадат Қожахметұлы да осында екен. Ол кезде ол кісі уақытша құрылған Қорғаныс комитетінің басшысы болатын. Біз жиналыста отырмыз, шынымды айтсам, не үшін жиналғанымызды да білмеймін. Бір сағатқа таяу уақыттан кейін Елбасы келді. Келді де, «Ресей өзінің Қорғаныс министрлігін құру туралы жарлыққа Ельцин қол қойды» деді. Әрине, біз түсіндік, Кеңес одағының қорғаныс саласының ыдырағанын. Содан кейін Елбасы біздің көзімізше Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы жарлығына қол қойды. Міне, сол сәттен бастап Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің тарихы басталды.

— Сол кезде біраз дүние талан-таражға түсіп кеткені шын ба?

— Иә, Елбасы жарлығынан кейін де біз көптеген мәселемен бетпе-бет келдік. Әуелі Ресейге бағынатын әскери бөлімшелер кете бастады. Қару-жарақты бөлу керек, қоймалар, әскери ауыр техникалар, ұшақтар барлығы да талауға түсті. Сол кезде, қазір есімде жоқ, «осы жылдан осы жылға дейін әкелінген қару-жарақ Қазақстанда қалсын, осы жылдан, осы жылға дейінгі қару-жарақ Ресейге қайтарылсын» деген бұйрық болған. Бірақ ол бұйрыққа бағынып жатқан ешкім жоқ, барлығы талап жатты. Оны бақылап, кім не әкетіп жатыр дегенді қадағалайтын маман жетіспейді, бақылайды деген адамдардың өзі өз елдеріне кетіп жатты. Қару-жарақты былай қойып, полктар, әскери бөлімдер басшысыз қалды.

— Қазіргі кезде барлығын талап кетті, өздерімен бірге қолына іліккені алып кетті дегенді көп айтамыз ғой. Бірақ қолында бар дүниені, мемлекеттің мүлкін шашу шығармай алып қалғандар да болған шығар.

— Мен өзім білетін екі азаматтың алдында өзімді ыңғайсыз сезінемін. Бірі – марқұм болып кетті генерал Анатолий Семенович Рябцев деген 40-армияның қолбасшысы. Сол кезде менің таңқалғаным, ұлты орыс бола тұра, ана жақтан «ананы әкел, мынаны әкел» деген бұйырықтарды орындамады.

«Менің Тәуелсіз елім бар, менің өз президентім бар, Нұрсұлтан Әбішұлы деген Елбасым бар» деп жауап берді. Бұндай азаматтар нағыз «батыр» деуге лайық жандар еді.

Келесісі – генерал-лейтенант Щербаков деген «таза» орыс азаматы еді. Ол әлі күнге осы Қазақстанда тұрып жатыр. Ол да өз қол астындағы мүлікті сол күйі сақтап қалды. Өкінішке қарай, екеуіне де біз дұрыс көңіл бөлкен жоқпыз. Ол кісі қазір зейнеткер, жұмыссыз отыр. Сағадат Нұрмағамбетов ағамыздың бірінші орынбасары болған адам. Ол – Семейдегі ең үлкен, 40-армиядан кейінгі корпусты аман сақтап қалып, елімізге, Жоғарғы Бас қолбасшымызға адалдық танытқан азамат.

— Қазақстанға адалдық танытқан азамат дейсіз ғой.

— Өте адал болған жігіттер. Өз басым сол екі азаматымыздан қатты ұяламын. Қазіргі кезде бірнеше бизнесмен жігіттермен сөйлесіп жүрмін, осы екі ардагерімізге аз да болса, ел атынан рахмет айтқымыз келеді.

— Сол кезде маман тапшы болды, халық не істерін білмей дағдарып отырған бір өлара кезең, дегенмен сол Қарулы күштерді таратпай сақтап қалудың мүмкіндігі болып па еді?

Мүмкіндік болды, бірақ, кемшіліктері де болды. Қару-жарақты анда да тасыды, мұнда да тасыды. Тіпті, болмаған соң біз ресейлік әріптестерімізге «алып кеткен қару-жарақтың құнын төлеңдер» деген талап қойдық. Олар бізге күлді. Шынын айтқанда «не әңгіме айтып отырсыңдар, қазақтар?» дегенге дейін келді. Бірақ біз оны қоймай отырып, табанды түрде талап етудің нәтижесінде бір келісімге келгендей болдық. Келісімге келуін келсек те, біз олардың қанша дүниемізді алып кеткенін, қайда апарғанын білмейміз. Бар білеріміз көзге көрінетін, үлкен-үлкен әскери техникалар. Бірақ олардың бағасын қаншамен тоқтататынымызды да білмейміз. Себебі өндіретін солар, олар бізге нақты бағаны айтпайды. Баға тоқтату мәселесімен бірнеше жыл жүрдік. Ақыры, барлық мүмкіндікті салып отырып, бірқатар әскери техниканы қайтардық. Ол кезде бұл туралы айтуға болмайтын еді. Қазір айтуға болады. Сонымен біз 26 «СУ-27» ұшағын, 21 МИ-9» ұшағын, 22 «Л-39» жаттығу ұшағын, 15 «СУ-25» және «ТУ-134» жүк ұшағын, президенттер ұшатын «ТУ-154», әрқайсысын бағасы 400-500 млн доллар тұратын «С-300»-дан бір кешенін қайтарып алдық. Ал ұшақтардың әрқайсысы 40-50 млн доллар көлемінде.

Қайтарып алғанымызды қайтейік, бұлардың тізгініне отыратын маман жоқ. Мен техниканы қайтарыл алған кезде, ресейлік әріптестерімізге енді ұшқыштарды дайындауға көмектесуін сұрағанмын. Олар келіскен еді. Соның негізінде тегін оқытуға 16 ұшқышты оқытуға квота берді.

Ал не істеймін, менде қызмет істейтіннің барлығы өзге ұлт өкілі, ақыры ойланып отырып, 16 қазақ лейтенантын тауып алдым. Тізімін жасап қойдым. Орынбасарларымды шақырып алып «осылай, осылай, тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекетпіз, өз президентіміз бар, өзіміздің жаңа құрылымымыз болады, оны барлығың білесіңдер ғой?» дедім, барлығы да «білеміз» деді. Ендеше мынадай бір үйренушілердің оқуы бар екен, соған мыналарды жібере салайық деп немқұрайлы айта салдым. Олар келісті.

Сол 16 ұшқыш қазір түрлі деңгейдегі ұшақтарда, түрлі тапсырмаларды орындауда өз шеберліктерін танытып ұшып жүр.

Дәл осы кезде мені Елбасы Әуе қорғанысынан (ПВО) Әуе қорғаныс күштеріне (ВВС) ауыстырды. Әуе қорғаныс күштерінде басшылықта отырған өңшең өзге ұлт өкілдері. Бұл жерде қордаланып қалған мәселе көп, мен барғым келмеген еді, Президент шақырып алып, барасың деді, ақыры бардым. Бұған дейін Кеңес үкіметі кезінде алған генерал-майор едім, осы жерде маған генерал-лейтенант атағын берді.

— Қорғаныс саласының сыртқы байланысы қалай жолға қойылды?

— Халықаралық жағдайға шығу өте ауыр болды. Бұрын барлығын Мәскеу арқылы шешіп келген, әсіресе қарулы күштер саласында сыртпен мүлде байланыс жасамаған деуге болатын біздің ел үшін бұл қадамға бару ауыр болды. Дегенмен Елбасының қиыннан жол таба білер саясаткерлігінің арқасында біз Қытай, Еуропа, Ұлыбритания, Америка барлығымен біртіндеп тіл табысып, жақындаса бастадық. Ол кезде оларға барып-келудің өзіне қаражат тапшы, бюджет шамалы ғана, аяқтан нық тұру үшін көмек керек еді. Сол кездегі бір оқиға есіме түсіп отыр. 1997 жылы Америкаға ресми сапармен барғанда, тікелей сұрау ұят, бірақ бізге инвестиция керек. Содан отырып айттым: «Қазақстан өте бай ел, болашағы бар ел, білесіздер ғой? Осындай Президентіміз бар. Қазір Қазақстанға көмек керек, көмектесіңіздер, кейін Қазақстан сіздерге көмектеседі» — дедім. Ағылшындар маған күлді.

Енді мына қызықты қараңызшы, осы таяуда бір жігітпен әңгімелесіп отырсам, әлгі азамат АҚШ-қа инвестиция салып жатыр екен. Әлгі жігітке, «20 жыл бұрынғы менің сөзімді іске асырып жатыр екенсің, рахмет!» дедім.

Ал Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің аяқтан тұрып кетуі үшін алыс-жақын елдерінен біраз мемлекеттер көмектесті. Мысалы Қытайдан, Америкадан, Түркиядан көп көмек келді. Қазіргі парадта жүрген Хаммерлер елімізге көмек ретінде тегін келген техникалар. Солардың негізінде біз қазіргі қуатты қарулы күштерімізді құра бастадық.

Мен айтар едім осы жылдардағы ең негізгі мәселе Елбасының арқасында шекарамызды шегендеп алдық. Қазіргі кезде Украинаның жағдайында бұл мәселенің қаншалықты күрделі екеніне көзіміз жетіп отыр.

— Қорғаныс саласын қазақшаландыруда сіздің қолтаңбаңыз барын білеміз, қалай басталды?

— Бұл да бір өте қиын, өте ауқымды дүниенің бірі болды. Себебі қарапайым бұйрық беретін қазақша термин жоқ еді. Бұл біздің тілдің сөздік қоры кедей дегенді білдірмейді, бұған дейін қалыптаспаған еді. Оның сыртында біздің азаматтар қазақша бұйрық беруден ұялатын. Барлығына жеке-жеке ұялмай қазақша бұйрық беруді үйреттік. Соның нәтижесінде қазір барлық парадтарда, әскери сапта қазақша бұйрық беріледі.

Бұл істе бізге қазақтың ұлттық рухты әуендері мен өлеңдері көп көмектесті. Бір кезде жасыратыны жоқ, бұрыштаманы қалай қазақша қоюды да білмей жүрген кезіміз болған. Соның барлығын қалпына түсірдік.

— Сол кездегі бір қызықты оқиға есіңізде ме?

— Болды ғой талай қызықты сәттер. Мен биылғы Астананың 20 жылдығына қатысты бір оқиғаны айтып берейін. 1997 жылы астана Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, алғашқы салтанатты жиыны бұрынғы Конгресс Холл сарайының алдында өтті. Біз өзімізше салтанатты шеру өткізетін болып дайындалдық. Күн дегеніңіз 40 градус аяз. Мен парадқа қазақша бұйрық беретін болдым. Елбасы тұр. Барлық игі жақсылар жиналған. Бірақ парадқа жүретін горнизонның басшысы орыс. Мен қазақша бұйрық берем дегенде ол шошып кетті. «Мұхтар Қапашович, біз түсінбейміз ғой» — дейді. Мен оған «мен сөйлеп біткен соң, адымдап жүре бер» дедім.

Парад дайын болды, мен Жоғарғы Бас қолбасшының алдына келіп «Жауынгерлер салтанатты шеруге дайын» деп айтамын деп, «салтанатты шеруге» деудің орнына басқа сөз айтып қойыппын. «Салтанатты қыдыруға» дегенмін бе, бірдеңе, қарасам парад жылжып барады, Елбасы күліп жатыр, «Әй, сен аналарға не деп бұйрық бердің?» дейді. Мен айттым, «дұрыс айттым, себебі олар жылжып барады ғой» — дедім. Шын мәнісінде гарнизонның басшысы орыс, ештеңе түсінген жоқ, менің айтуым бойынша сөйлеп болған соң жүріп кеткен ғой. Сондай да қызық өткен кезінде.

— Әңгімемізді Қарулы күштердің бүгінгі жағдайына қарай бұрсақ. Әрине, мемлекет басқа сала болмаса да, осы салаға айрықша көңіл бөліп отырғаны белгілі. Дегенмен олқылықтар да жоқ емес қой?

— Бүгінгі таңда Елбасының арқасында бұл саланың барлық түйткілді мәселелері шешіліп келеді. Бір кезде бір жылдық бюджеті 5-7 млрд теңге болса, қазіргі таңда жылына 400-ден астам млрд теңгеге жетіп отыр. Бұның өзі біздің Қорғаныс саласының қаншалықты ауқымды салаға айналғанын байқатса керек. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Оны айту керек. қазіргі жағдай бұрынғыдай ашық емес, барлығы да жасырын. Терроризмнің қауіп-қатері үлкен болмаса да, халыққа қиын тиіп отыр. Сондықтан қазіргі стратегиялық тактикаларымызды да сол қауіп-қатерге бейімдеп, өзгертуіміз керек. Және соған сай қару-жарақ керек. Осы тұрғыдан алғанда бірінші үлкен мәселе ол – мамандардың заманға сай болуы, ал екінші мәселе – қару-жарақ. Маман мәселесі түсінікті, ал қазір қолда бар қару-жарақ ескіріп барады.

Сондықтан қазіргі заманға сай, жаңа қару-жарақ керек. Елбасы айтып отырған «Цифрлы Қазақстан» осы Қарулы күштерге де тікелей қатысты. Әрине, бізге ғарыштық қару да, ұшқышсыз ұшатын құрылғылар да, автоматтандырылған жүйе де, электрондық қару-жарақ та керек. Бұл бірталай қаражатты да, бірталай маманды да талап ететіні белгілі. Міне, қазіргі кездегі Қарулы күштердің алдында тұрған мәселелер осылар.

— Барлығымызға белгілі Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Бұл Қорғаныс саласына да жат емес. Кешегі ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған бабаларымыз да қарулы күштердің үлкен мектебі болмағанда бүгінгідей ұлан-байтақ далаға ие болуымыздың өзі неғайбыл еді. Қарулы күштер саласындағы рухани жаңғыру қалай жүзеге асып жатыр?

— Бұл мәселе – өте терең мәселе. Басында көп адамның «рухани жаңғыру дегеннің не екенін түсінбегені анық. Біріншіден бұл саланы жүйелі, бірізділікпен зерттеу керек. Әрине, бүгінге дейін көптеген жұмыс істелінген, бірақ, түркі тарихын, түркі тектілердің әскери тарихын зерттеушілердің көбі Қытайда, Ресейде, басқа да елдерде сақталған тарихымыздың белгілі бір шегіне жеткен соң, ары қарай олар зерттеуге рұқсат бермейтінін айтады. Елбасы осы мүмкіндікті қарастырып, ұлтымыздың рухани дүниесін толықтыруды тапсырып отыр.

Қарулы күштерінің тарихына тоқталсақ та, Қазақ елінің қорғаныс саласының тарихы 1992 жылдан басталған жоқ, осынау кең байтақ даланың кез келген жерін сақтап қалу үшін дәуірлерге жалғасқан әскери тарихы болғаны анық. Өкінішке қарай, өз даламыздың тарихына өзімізді жақындатпады. Бұл сол кездегі саясаттың салқыны еді. Бүгін осыны қалпына келтіруге, өзіміздің ел қорғау тарихымыздың түбіне тереңдей кіруге мүмкіндік бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соған жол ашып отыр.

— Әңгімеңізге рахмет, Мұхтар аға! Жаңа сіз сөз басында, елге оралуыңызға ерекше ықпал еткен бір адам болғанын айтқан едіңіз…

— Иә, жаңа әңгіме басында офицерлер жиынына қатысқаным туралы айттым ғой. Сол жиыннан шыққан соң Сағадат Қожахметұлы мен сол кездегі әскери қолбасшыға барып, елге қайтқым келетінін айттым. Олар әзірге Қазақстанда орын жоқ екенін айтты. Сонымен көңілім түсіп, Түрікменстанға қайттым. Ол жерде бүкіл әскери жүйеде жалғыз мұсылман генерал мен ғана.

Бір күні жиыналыста сол кездегі Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов «Бізде осындай генерал Мұхтар Алтынбаев деген азамат бар. Маған Нұрсұлтан Назарбаев екі рет хабарласты, елге қайтар деп, мен қайтармадым, себебі мұндай мамандар бізге де керек» деді. Жиыннан шыққан соң жігіттер күлді, «осымен Түрікменстанда қалдың ғой» деп. Сонымен бірнеше айдан кейін Мәскеуден қоңырау түсті, сені Алматыға ауысатын болдың деген. Сенер-сенбесімді білмей қалдым. Қайта хабарлассам рас екен. Сонымен жұмысымды тапсырып, ертең кетемін деген күні Сапармұратқа хабарластым, «мен осындай азаматпын, ертең кеткелі жатырмын» деп едім, ашуланып, «олар маған неге ескертпеді, білем сені» деп ренжіді. «Ертең маған кел» деді.

Ертеңінде барсам, «не керек?» деп сұрады, ештеңе керек емес дедім. Ол көмекшісіне тапсырма беріп, кез келген машинаны сыйлауды тапсырды. Бір «Жигулиді» көрсеттім. Соны сыйлады.

Сонымен елге оралдым. Артынан білдім, Елбасы Мәскеуге хабарласып, сол арқылы мені шақыртып алыпты. Ол кезде мен ғана емес, шетте жүрген талай азамат елге оралған еді.

— Рахмет, аға!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.