Асхат Шахаров: Жылқы шаруашылығын дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу қажет

42

Ақтөбеде Қазақстандағы жылқы шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Мәжіліс депутаттары, еліміздің жетекші ғалымдары мен мамандары қатысты.

Мемлекет басшысы жылқының сапасы мен санын арттыру тапсырмасы аясында Ақтөбе облысындағы Тәжірибе станциясының негізінде Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Бұл институтты қаржыландыру және дамытуға жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Енді жылқы шаруашылығын дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу қажет, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жылқы шаруашылығы еліміз үшін дәстүрлі әрі ұлттық мал шаруашылығы саласының бірі екенін атап өтті. Табиғат жағдайлар, кең байтақ дала мен ата-баба тәжірибесі, сондай-ақ заманауи ғылыми әзірлемелер жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға қолайлы жағдай туғызары анық.

Бүгінде еліміздегі жылқының жалпы саны — 4,1 млн, бұл саланы дамытуға мүмкіндік те көп. Бұл ретте асыл тұқымды жылқы саны 46 мың  немесе жалпы жалқы санының бір пайызынан астамына ғана тең.

Мемлекет басшысы атап өткендей, асылтұқымды жылқыларды іріктеу мен өсіруге баса назар аударып, сол арқылы асылтұқымды мал басының үлесін арттыру қажет. Жалпы, соңғы бес жылда саланы субсидиялауға 4,9 млрд теңге бөлінген. Биыл салт атты және шабандоз жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және көбейту туралы арнайы заң қабылданды. Үкімет заңды орындауға кірісіп те кетті. Осылайша, қазіргі мемлекеттік қолдау ережелеріне Қостанай жылқы тұқымының популяциясын жаңғырту және қалпына келтірудің жаңа бағыттары енгізілді. Оларды жүзеге асыру бұл тұқымның санын 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді, — деді Аманғали Бердалин.

Асылтұқымды жылқы санын көбейту – Қазақстандағы жылқы шаруашылығы саласының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Мұны сапалы және кең ғылыми қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл бағыттағы маңызды қадам Адай жылқысының дербес тұқым ретінде танылуы болды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын жүзеге асыру нәтижесінде 2023 жылдың желтоқсан айында Адай жылқысы ресми түрде танылып, еліміздің селекциялық жетістіктер тізіміне енгізілген еді.

Сондай-ақ іс-шара барысында 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Адай және Қостанай жылқыларын жақсарту, сондай-ақ, Жабы, Көшім және Мұғалжар жылқыларының санын көбейтуге бағытталған екі ғылыми-зерттеу бағдарламасы қолға алынғаны айтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Жаңадан құрылған жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндірісі институтының негізгі міндеті – жылқылардың асылтұқымдық қасиеттерін жақсарту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және отандық тұқымдарды халықаралық нарыққа белсенді түрде шығару. Институт алдағы бес жылда асылтұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыруды міндет етіп отыр. Сондай-ақ, еліміздің аграрлық жоғары оқу орындарында жылқы шаруашылығын тереңдетіп оқыту жоспарлануда.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кадр тапшылығы мәселесін талқылап, пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ өңірлерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін тұрақты комиссия құру, жоғары оқу орындарында жоғары білікті кадрлар даярлау жұмысын күшейту, жылқы шаруашылығымен айналысатын ғалымдар ұрпақтары арасындағы сабақтастықты жолға қою сияқты бірқатар ұсыныс айтылды.

Сонымен қатар, қатысушылар ғылыми-зерттеу институтын құру Қазақстандағы жылқы шаруашылығын тұрақты дамытудың сенімді іргетасына айналатынына сенім білдірді. Мемлекет тарапынан қолдау, сондай-ақ халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, отандық жылқы шаруашылығын әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті етіп, жаңа деңгейге көтереді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.