Жылқы шаруашылығы институтын құру бойынша отырыс өтті

29

Қазақстандағы жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институтын дамытудың міндеттері мен стратегиялық бағыттары вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте талқыланды.

Институттың негізгі стратегиялық мақсаты – жылқы шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымға қатысты жұмысын ғылыми-практикалық үйлестірумен қатар, қазақы жылқы тұқымдарының генофондын сақтау әрі жетілдіру.

Оған қол жеткізу үшін институт алдында таяу болашақта қажетті қаржыландыру көздерін анықтау, ғылыми және жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту, материалдық-техникалық база құру міндеттері тұр.

Институт басшысы Әлібек Базарғалиев атап өткендей, жақын арада еліміздің жетекші жылқы өсірушілері бүкіл Қазақстан бойынша қазақтың асыл тұқымды жылқысына зерттеу жүргізеді, оның қорытындысы бойынша жылқы тұқымдарын жаңғырту жоспары жасалады.

Алдын ала есептеулер бойынша қалпына келтіру жұмыстары кемінде 5 жылға созылады. Сондай-ақ ауылшаруашылық тәжірибе стансасының негізінде құрылған жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты жылқы шаруашылығын толыққанды, теңдестірілген жеммен қамтамасыз ету үшін қажетті көмекші ретінде бұрынғы өсімдік шаруашылығы қызметінің бір бөлігін қалдырады.

Кеңесте «Қазақ тұлпары» ЖШС-ның жағдайы тыңдалды. Қостанай жылқы тұқымын өсіруге маманданған жылқы зауытында жүзге жетпейтін асыл тұқымды жылқы қалды. Бұл тұқымды өсіріп, дәріптеу үшін аз.

Сондай-ақ атқоралар мен асыл жануарларды күтіп-баптау, өсіру шарттары туралы мәселе де өткір күйінде тұр. Оның барлығы жеке инвестицияларды тарта отырып, жылқы шаруашылығы институтының қазақы жылқы тұқымдарын сақтаудың бірыңғай саясаты аясында шешіледі. Қостанай жылқысы мініске берік, жүйрік екенін ескере отырып, болашақта «Қазақ тұлпары» ЖШС базасында ат спорты мектебін ашу жоспарланған.

Қазақстанда түрлі бағыттағы 13 жылқы тұқымы өсіріледі. Ғалым-селекционерлер тәжірибеші-селекционерлермен бірге қостанай жылқысы (1951 ж.), көшім жылқысы (1976 ж.) және мұғалжар жылқысы (1998 ж.) сияқты етті-сүтті бағытындағы танымал отандық тұқымдарды өсірді. Олар Қазақстанның жергілікті жылқы тұқымдарының құндылығын жақсартады. Жергілікті жылқы тұқымдары өздерінің өнімділік қасиеті бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде. Жыл бойы тебіндеп жайылуы, қатал табиғат жағдайында күтіп-бағуға бейімделуі жөнінен баламасы жоқ.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.