Құдайберлі МЫРЗАБЕК. Нұрының Ақбел аты

8807

(дастаннан үзінді)

Көштің көркі нарқоспағы шудалы,
Аңыз да жоқ атсыз қазақ туралы.
Ол мінетін ат та туар дейтін ел,
Рас болса алаштан ұл туғаны.

Қазақ үшін ердің сәні сәйгүлік,
Баласы оның ержетеді тай мініп.
Ойындағы арманына аттанған,
Бойындағы бес қаруын сай қылып.

Алашымда ардақталған тарлан көп,
Тарлан тері төгіледі маржан боп.
Атам қазақ -«Атың кім?»-деп сұрайтын,
Атсыздардың атауы да қалған жоқ.

Халқым, маған керек емес ат-тоның,
Қиярмысың жүрегіңнің қақ төрін.
Шат болар ма әруағы бабамның,
Жырға қоссам Нұры атамның Ақбелін.

Жаттағаның кетпейді екен жыраққа,
Жадыңдағы айналады бұлаққа.
Бала күнде әкем айтқан әңгіме,
Ұмытпастай сіңіп қалған құлаққа.

***

Тарихтың текке лайлап сырын тұнған,
Аулақпын шежірені шұбыртудан.
Шұбарды қоныс етіп, ұрық шашқан,
Есенбай Шұңғыршадан Шұғыл туған.

Ол күнде ел бастаған Абылай хан,
Қалмақтың Абылайдан бағы тайған.
Қаймығып қалың қытай етек жинап,
Қазаққа заман туған мамырайқан.

Қол бастап Хан-Абылай ат арытты,
Қазақты талай жауға апарыпты.
Бес жігіт сол заманда найза ұстаған,
«Шұғылдың бесқасқасы» атаныпты.

Көжеман бесқасқаның бірегейі,
Татыған даналыққа сүбелі ойы.
Дәулеті көк алалы көп жылқысы,
Өзіне жетерліктей түйе, қойы.

Найза ұстап тақымында ат ойнаған,
Қалмаққа «Қарақайлап» атойлаған.
Шұғылдың бес баласы бес бөрідей,
Болмаса «Бесқасқа» деп атай ма Хан.

Шегініп қырық мың шүршіт шүрегейі,
Қазаққа қайтарылған Іле бойы.
Жоңғарды жер бетінен тып-тыйпыл ғып,
Қоқанның құйрық қысқан дүрегейі.

Ханының тыс қалмаған назарынан,
Қас батыр көп қой шыққан қазағымнан.
Көжеман соның бірі дүние салған,
Тояттап өмірдегі базарынан.

Естіпті Абылайдың аһ ұрғанын,
Сағынып орта жүздің батырларын.
Басынан -«Бұл қалай?»-деп Бұқар қайтқан
Алашқа арзу айтқан ақылманым.

Сол бір дерт Көжемандай қартыңа ауған,
Ханды ойлап қиялданды жалқы қалған.
Кәбіріне зират етер шамасы жоқ,,
Кәрілік күш-қайратын сарқып алған.

Алқымнан ажал келіп шын қысқанда,
Аһылап ақтық демін қылғытқанда.
Нұрыға өсиет қып тапсырыпты,
Жерле деп мені апарып Түркістанға.

«- Ал, ұлым өшкелі тұр аян жарық,
Ел үшін жауға шаптық, аянбадық.
Мақшарда ғазиз жаным тыншымайды,
Жатпасам Хан иеме таяу барып.»

Әкенің ақтық сөзі ұлға намыс,
Түркістан шаһар еді тұрған алыс.
Шығынын мал-мүліктің айтпағанда,
Бұл жолда сарып болмақ бір шама күш.

Нұрыға ақыл-қайрат біткен ерек,
Тұрады ісі сөзін нық шегелеп.
Әкенің аманатын орындауға,
Бәйгеге мал мен басын тіксе керек.

Сыйлаған Көжемандай шалға тәңір,
Төрт ұлы; Нұры, Бүркіт, Саржан, Шағыр,
Артында әр атаның ұрпақ қалып,
Қазақты қазақ еткен қарға тамыр.

Нұрының өзі сері сегіз қырлы,
Өнері бір басында түрлі-түрлі.
Жарқ етіп жұрт алдына шығады екен,,
Жалтылдап жай оғындай көзі нұрлы.

Белінен түспейді екен шарболаты,
Серігі астындағы ақбел аты.
Ақбел ат шапса алдына мал салмайтын,
Нұрының болған сән мен салтанаты.

Қырандай сыпырылған томағасы,
Төрт ұлдың ең үлкені ол ағасы.
Нұры үшін ата дәулет, мал мен мүлік,
Ақбелдің болмақ қайдан баламасы.

Жай жылқы желіп ерер аяңына,
Қуғанда бой жаздырмас саяғыңа.
Көрген жан көзін сүзіп тамаша етер,
Әскерше әсем басқан аяғына.

Мойны ұзын салақұлаш, жалы жібек,
Осқырған үркек емес тағы жүрек.
Шоқтығы жаясынан сүйем биік,
Тұяғын қанша шапса қалмас тіреп.

Тесігі танауының қос апандай,
Мінезі жай тұрғанда қошақандай.
Кең қолтық, омырауы кебежедей,
Талтайған тілерсегі ботақандай.

Маңдайы кереқарыс, мүсін бөлек,
Ондай мал мың жылқының ішінде жоқ.
Бұлшық ет денесінің бәрі сіңір,
Ақбелден озу үшін ұшу керек.

Қосса да қай бәйгеге топ жарады,
Дәмелі небір жүйрік дағдарады.
Тұрқында көзге ілінер нысанасы,
Белбеудей беліндегі ақ жолағы.

Күнінде ойына алған Нұры аттанды,
Қалың ел бұл сапардан құлақтанды.
Сүйегін Көжеманның шығарып сап,
Көз көрген туыс-туған жылап қалды.

Әкесін нарға жүктеп Нұры аттанды,
Төрт ұлдың үшеуі қап, бірі аттанды.
Баласы төрт момынның қоныстаған,
Туған ел, атамекен жырақ қалды.

Қыс қыстау шүйлі шұбар қойнау қалды,
Ащылы-Жекебояқ жайлау қалды.
Жөнелді Ақбел атпен Нұры батыр,
Айдатып нөкерлерге мыңдап малды.

Алысқа ат жарай ма құм жілікті,
Жалдарын доғадай қып құр мініпті.
Барғаны, қайтқаны бар, белін шешпей,
Нұры-атам сол сапарда жыл жүріпті.

***

Жол алыс. Жолшыбай бар ұры-қары,
Әйтеуір түк қылған жоқ бірі дағы.
Арқадан ат арытып, келіп жеткен,
Аманат жеңіл емес Нұрыдағы.

Алдымен шырақшыға жолығыпты,
Жерлеуге кімді қайда сол ырықты.
Шырақшы сырт айналып, суық сөйлеп,
Сызданып жылымапты өңі тіпті.

Қожекең қабақ бермей пәрменденді.
Көрсетіп кесенеден әрмен жерді.
Жат елде мысы құрып Нұры-батыр,
Қырандай қатуланды қан шеңгелді.

Ұсынған мал-мүлікке пысқырмайды,
Тартты-ау деп жол азабын іш бұрмайды.
Киелі жерде қылыш қандай алмай,
Нұрының көзінде ашу ұшқындайды.

Шешуін өзі айтпаса кім бар оқыр,
Ойында шырақшының жұмбақ отыр.
Көкейін тесіп тұрған бір дәме бар,
Сол үшін рұқсатын құндап отыр.

Кісіге ұқсамайтын киген кебін,
Нұрының жан емесін білген тегін.
Ақбелге дарбазада көзі түскен,
Келтіру бар мақсаты соның ебін.

Ақбел ат сұғанақтың көздегені,
Соны алса ымыраға тез көнеді.
Әдейі әккілігін жасап отыр,
Қайтсе де болу үшін өз дегені.

Көнбеске лажы қалмай әуресіне,
Нұры отыр түсіре алмай тәубесіне.
Ерлігі еркі болса жетер еді,
Кетуге буындырып сәлдесіне.

Ашылды ішкі сыры ақырында,
Ақысы – деді – әкеңнің тақымыңда.
Басқаңды басыбұлды атай көрме,
Келсең де ырысыңды сапыруға.

Сыр тартып мысық көзін сығырайтып,
Сұрады Ақбел атты, зілі қайтып.
— Құны егер бір жылқыға татымаса,
Әкеңнің не қыласың жырын айтып.

Мұны естіп Нұры көңілі шерленеді,
Жат жерде қай мұсылман дем береді.
Дұғасы тие ме деп үміт артқан,
Бұл сопы атын қиса — көр береді.

Кете алмай қолын бір-ақ сілкіп, сермеп,
Қиналды жон арқасы шылқып терлеп.
Ақбел ат ер жігіттің қанаты еді,
Сопы отыр қанатыңды қырқып бер-деп.

— Әй, Әке-ай, мен бір қабылан жебе тиген,
Бұдан да – «өл» – деп айтсаң өлетін ем!
Бермесем сүйегіңді салдырлатып,
Қайтамын Сарыарқаға не бетіммен.

Жер таппай Көкшетаудан бір-ақ аршын,
Ұлыңды неге бұлай сынағансың.
Ақбелден елде біреу –«түс» — деп айтса,
Басында ойнар еді мына қамшым.

Тұрғанда шыбын жаны кеудесінде,
Әкесін айдалаға жерлесін бе.
Аманат ауыр міндет, ал, арғымақ,
Татима таразыда теңдесуге.

Аузынан зорға шығып солғын үні,
Беруге сәйгүлігін көнді Нұры.
Аяулы асыл тұяқ Ақбел атын,
Қия алмай көкіректе толды мұңы.

Ор қылып тұрған жерін қазған тарпып,
Ақбелден жылқы жоқтай жалғанда артық.
Шырақшы жетелеп ап жөнелгенде,
Жүрегін ыстық жалын қалған шарпып.

«Кеш мені, хош, жануар — деді Нұры –
Сенімен кетті иеңнің сері күні.
Шашаңа шаң жұқтырмас шабысыңды,
Көкшенің ұмыта алмас өрі-қыры.

Тақымым енді толмас басқа ат мініп,
Дұшпаным масайрайды-ау сақ-сақ күліп.
Өзіңнен қалған мына ер-тұрманды,
Қай атқа жарастырам шап-шақ қылып.

Көрғұлы, Рүстем, Зарап тірілсе де,
Тұрқыңнан мін таба алмас үңілсе де.
Есіме сен түсерсің әлі талай,
Мінген ат астымдағы сүрінсе де».

Әкесін жерлеп Нұры, дұға қылды,
«Өзіңе қалдырдым – деп – пырағымды».
Аттанды кейін қарай, мінәжат қып,
Өткізіп жамағатпен жұма күнді.

Ақбел ат шырақшының белдеуінде,
Нұрыға оқыранды көргенінде.
Жер тарпып, аласұрып кісінейді,
Ауылға кетемін деп мен де бірге.

Иесі мәпелейтін жаны қалмай,
Неліктен бүгін соқыр, саңыраудай.
Басында бөтен жүген, бөтен ноқта,
Бауырын бөтен айыл қарығандай.

Байлаулы аласұрып қалды артында,
Сезімін тілі жетпей аңғартуға.
Нұрының іші ашып, қан жылайды,
Жүрекке қадалғандай қанжар тура.

Мұндайда болмақ қайдан салқын қанды,
Жануар қара терге малшынған-ды.
Шыңғырып шұрқыраған жан дауысы,
Көмекке шақырғандай марқұмдарды.

Бұл дауыс елеңдетіп сан қырқаны,
Түркістан төңірегін жаңғыртады.
Үркітіп киіктерді өрісінен,
Құланды қыр асырып қаңғыртады.

***

Жыл асты Нұры елге кеп жеткелі,
Қыс өтіп, көктем келіп, жер көктеді.
Ащылы-Жекебояқ жайлауына,
Көш түзеп, малын айдап, ел беттеді.

Кез еді көш қызығы басталатын,
Күн қызған жаймашуақ шақ болатын.
Қазасын әкесінің ұмытса да,
Нұры жүр ұмыта алмай Ақбел атын.

Жұмысы не істесе де мандымайды,
Есіне Ақбел түссе абдырайды.
Тоқымын тері сіңген төсеніш қып,
Жастанып ертұрманын маужырайды.

Қарайлап ағасына інілері,
Түрінен түсі қашқан түңіледі.
«Ел көшті. Қозғалмасақ болмайды» — деп,
Алдына кезек-кезек жүгінеді.

Ел көшсе көшу керек жалқы қонбай,
Бұл үрдіс орындалған талқыланбай.
Былтырғы Түркістаннан оралғаннан,
Нұры жүр ештеңеге зауқы болмай.

Қорқаудың айналдырып жемтігіне,
Қалдырып кеттім-ау деп жер түбіне.
Қайғысы басын қысып ауыртады,
Жәумітше қаптағадай елтіріге.

Қайғыдан ашылмады қалың қабақ,
Көңілі көншір емес малын санап.
Ойлайды Түркістанға қайта барып,
Ақбелді әкелсем деп барымталап.

Жүрісін тұлпарының көксейді көп,
Әкетсем сопы маған не істейді деп.
Әйтседе әкесінен именеді,
Онымды әруағы кешпейді деп.

Бір кезде құлағына дауыс келді,
Сол дауыс елеңдетті намысты ерді.
Өзіне өзі сенбей күмәнданды,
Не болмақ Нұры естен ауысса енді.

Не болмақ шынында да шалық тисе,
Батырды жынданды деп халық түйсе.
Жындының хәлін кешпеу мүмкін бе еді,
Көкірегі күніне мың жанып-күйсе.

Бір жылқы күлдір-күлдір кісінейді,
Бұл ояу. Өңін қалай түсі дейді.
Бұл дауыс басқаға емес бұған таныс,
Абыржып ештеңеге түсінбейді.

Бұл дауыс таныс дауыс, Ақбелдікі,
Апырмай оралды ма бақ пен құты?!
Шырақшы Түркістандық қожа еді ғой,
Адасып қайдан келді жат жердікі?!

Ақыры шын дауысқа анық сенді,
Жүгірді дауыс беріп дауысқа енді.
Кісінеп Ақбел тұлпар келе жатыр,
Сағынып туып-өскен таныс жерді.

Бұдан соң енді қалай ес қалады,
Нұрының арайланды қас-қабағы.
Кісінеп шапқан аттың тұяғында,
Кісеннің сылдырлайды қос балағы.

Бекітіп ұстаған соң сопы тастай,
Аз күнде болған Ақбел қотыраш тай.
Жерсінбей Түркістанды қашып шықты,
Жем-суы, жоңышқасы тоқыратпай.

Алдынан жол кессе де шеп тізіліп,
Біріне бой бермеді текті күлік.
Пәрменмен бүктетіліп жазылғанда,
Кісеннің шығыршығы кетті үзіліп.

Жылқы да жаратқанның қамқорында,
Пендені мәжбүр етті сан соғуға.
Аспаннан құйын түсіп көтергендей,
Бұрқ етті жануардың шаң соңында.

Ақбел ат атқан оқтай зырылдаған,
Кетті! — деп қуғыншылар шырылдаған.
Жаралған жаннан зият жануарым,
Жалтарып алған беттен бұрылмаған.

Күн ұзын бой жасырып кеш туғанша,
Елеңдер жат дыбысты ести қалса.
Ақбел ат көз ұшында жоқ болады,
Көрген жан назар салып, ес жиғанша.

Жүр еді қылған ісі қырын кетіп,
Қуанды арманына Нұрың жетіп.
Сыртында Тасбикенің Киікбайды,
Келеді Ақбел тұлпар дүбірлетіп.

Созылған салқар дала, сары жазық,
Ақбел ат шауып өткен арып-азып.
Құс қанат, болат тұяқ жануардың,
Адамның баласынан жаны нәзік.

Сол нәзік жанын ұғар Нұры ғана,
Нұрыдан басқаға Ақбел бұрыла ма.
Ұмтылды бір біріне екі мұңлық,
Малынып алтын шапақ шұғылаға.

Ырсиып қабырғасы, бұраудай боп,
Үстіне қатқан көбік қыраудай боп.
Әл кетіп буынынан, шайқатылып,
Келеді әне-міне құлардай боп.

Сезіліп өкпесінің қабынғаны,
Денесі тұз артқандай ауырлады.
Шалынып бір аяғы бір аяққа,
Жануар тәлтіректеп адымдады.

Алқынып ентігеді Нұры асығып,
Пендедей елес қуған қыр асырып.
Жүрісі алға қарай бір өнбейді,
Мұхитта малтығандай құлаш ұрып.

Мөлтілдеп көз жанары толған ақық,
Сығады омырауға сорғалатып.
Табанның астындағы жерді біреу,
Жатқандай әрмен қарай домалатып.

Даланың иді бұлақ төсін сауып,
Сағыныш бола ма деп осыншалық.
Адамның баласынан кем деймісің,
Оралған есті тұлпар иесін тауып.

Ақбел ат жете құлап тізерледі,
Нұры да мойнын құшып жібермеді.
Елжіреп мұны көрген күннің көзі,
Даланың еміренді жібек желі.

Туғандай бір әке мен бір анадан,
Қос жүрек – бірі жылқы, біреуі адам.
Екеуі құшақтасып табысқанда,
Толғанып жан қалмады жыламаған.

10380828_1429349034001033_1634307494351407622_oҚұдайберлі Мырзабек. Көкшетау

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.