Шоқай Шөңкейұлының ат баптау үлгісі
(ХІХ ғасыр)
Жүйріктің басы шағын көлемді, етсіз (қу), танауы кең, маңдайлы келеді. Маңдайы аздап дөңес болып бітеді. Көзі үлкен, ағы мен қарасы ашық, томпақ та, шығыңқы да емес, қарағанда жалт-жұлт етіп тұрады. Құлақтары тік бітеді, емін-еркін қозғалады. Шүйделі келіп, желкесі етсіз болады. Жақ сүйегінің бітімі де ерекше. Жақ сүйегінің екі жақ қыры иектің астынан келіп түйісетін жерде үшкіл емес, бас бармақ немесе үлкен саусақ сиярлықтай болып бітеді. Оның үстіне жақ сүйегінің төменгі қырлары тік-түзу келеді. Қабағының асты мен үсті бірдей. Қызыл иегі төмен бітеді. Танауының су ағарлығы, үш болмаса да, екі арна, екі орамнан тұрады.
Мойынының ұзындығы орташа, желке мен алқымдыққа қарай жұмырлана бітеді. Шақпақ етті. Жал қыры өткір, қайратты. Өңеші етке немесе теріге қысылмай, кең, еркін жатады.
Омырауы алдынан артына қарай кең, енді, ал, жоғарыдан төмен қарай – терең (салпы) болады. Жүйріктің омырауының кеңдігін былай анықтайды: жүйрікті оның алдыңғы екі аяғының тұяқтарының ішкі жиектерін бір-біріне тигізіп тұрғызып қарағанда, екі тізенің арасы, кем дегенде, үш-төрт елідей (6-7 см) алшақ тұрады. Омыраудың тереңдігі (салпылығы) мына жолмен анықталады: алдыңғы аяқтың ұзындығы мен шынтақтан шоқтықтың жоғарғы қырына дейінгі аралықтың ұзындығы өлшеніп, салыстырылады. Егер олардың ұзындықтары бірдей болса, онда бұл омыраудың тереңдігін (салпылығын) білдіреді.
Жүйрік жаратылған жануардың қабырғалары иіліп бітеді. Қарынды келеді. Бірақ, оның қарны сиырдың қарнындай қампиған емес, орташа болады.
Шоқтығы әдеттегідей. Жотасы жазық, кең. Мықыны ұзын емес, енді әрі шақпақ етті болып келеді. Құйымшағы аздап шығыңқы, сіңірлі, құйрығы көтеріңкі. Жал-құйрығы майда, жұқа бітеді.
Айтылған кеңестерге қосымша мынаған көңіл бөлу керек: жүйрік аттың құйрығын жоғары көтергенде, оның мейілінше қайраттылығы байқалады. Сондай-ақ, құйрықты бір бүйірге аударып тартқанда, оның ұшы жамбас сүйектің басына жетуге тиісті. Үшіншіден, бел омыртқаның көлденең біткен сүйектері енді әрі олардың кем дегенде үшеуінің артқа қарай иіле бітуі керек.
Иықтың басы жұмыр келіп, жауырын мен иық сүйектерінің арасындағы бұлшық (шақпақ) еттер тиісті дәрежеде жетілген болуы шарт. Шынтақ өкпе тұстан алшақ тұрады. Иық асты сүйектері енді, шақпақ етті келеді. Тізесі әлді. Буындары қол батпастай қатты. Сіңірлі. Бақайшағы биік те емес, аласа да емес, орташа болады. Алақаны көзге құрғақ, кең көрініп, тұяғы жалпақ, жазық емес, төңкерілген кеседей әрі жұқа емес, қалың болады. Тобығы сүйектей қатты бітіп, бақайшыққа ұласады.
Сауырының шақпақ еттері мейлінше жетілген болуы шарт. Сирақ пен сан да бұлшық етті келуі қажет. Тірсек буынды, буыны құрғақ, сіңірлі келеді.
Құйымшақ шоқтықтан биіктеу тұрады. Жүйрікті түзу тұрғызып, артынан қарағанда, оның артқы аяқтары алдыңғы аяқтарын көлегейлеп көрсетпейді. Аттың кеудесінің ұзындығы бойының биіктігінен ұзынырақ болады.
Бекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан
(Мұқаба суретте Монголияның озат атбегісі Қадыл Айдаубайұлының жүйрігі.
Суретті түсірген Ержан Жаубай)