Желден жүйрік жануар

14167

Жылқы малы қазақ халқы үшін қастерлі де ардақты. Көшпелі халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі малға, оның ішінде жылқыға тәуелді болған. Қазақ ақындарының «Жесең ет, ішсең қымыз, мінсең көлік» деп жылқыны өзге жануарларға қарағанда ерекше мақтан етуі де тегіннен тегін емес.

Кейінгі кездерде осы бір халқымыздың өміріне де, көңіліне де жақын әрі айнымас серігіне айналған жылқы туралы алып қашпа сөздер оқта-текте болса да айтылып жүр. Солардың бірі «қазаққа жылқы малы арабтардан келген» деген әбес сөз. Әрине, бұл сөздің жаңсақ екеніне көзі қарақты ағайынның илана қоймасы анық. Еліміздің қазба жұмыстарымен айналысып жүрген археолог ғалымдары жылқы малының қазақ жерінде бұдан елу мың жыл бұрын пайда болғанын дәлелдеп берді. Қазір бұл басы ашық мәселе.

Біздің бүгінгі айтпағымыз жылқы малының қайдан және қашан келгендігі емес, өзіміздің жерде өсіп-өнген желден жүйрік жануарлардың қазіргі жай-күйі және оларды баптаудың қыры мен сыры. Осы орайда ұзақ жыл мал шаруашылықтарында басшылық қызмет атқарған, аудан мен облысты басқарған ғалым-зоотехник, зейнеткер Тұрсынғазы Медетбеков мырзаның бәйге аттарын баптау, жылқы сыны және төрт түліктің төресінің көкейкесті мәселелері төңірегіндегі ой-пікірлерін оқырманға ұсынып отырмыз.

Жылқының серті

Қазақта «жылқының серті» деген сөз бар. Жылқы малы:
«Құлынымда жемге үйрет,
Тайымда бас білдір.
Құнанымда мінбе, бос жібер,
Дөненімде піштір (ақтат).
Бестімде баптап, бәйгеге қос,
Бәйгеден келмесем – басымды кес!» – дейді екен.
Біздің ата-бабаларымыз өмірлік серігі, күнделікті көлігі болғандықтан да жылқы малына ерекше мән берген. Құлын кезінен-ақ келешегі қандай болатынын айтпай таныған. Алдымен бабына қараған.

Жылқының сыны

Zhiren hkulynСәйгүлік болатын құлынды желіден аңғарған. Ондай құлын желіде жатпаған, түрегеліп тұратұғын болған. Дауысы да өзгелерден өзгеше болып, сыңғырлап естілген. Құмға көп аунайтын көрінеді. Суды жалдап, өзенді кешіп барып, ортасынан ішеді. Жүргенде жерге алдыңғы аяғынан артқы аяғы бұрын тиеді. Саяқ жайылады. Күндіз күнге қарап тұрады. Жалы сұйық, алды биік, құйрығы сымпыс – тілерсегінен төмен, бөкен санды болып келеді. Тұяғы құйма, жалпаймаған. Шашасы аз, қылы қатты келеді. Маңдайы кекілді, орайлы болады. Жалы бір жағына қарай жығылып жатады. Қысқа, бірақ көлемді келеді.

Құлағы тік, басында қырым ет болмайды. Құлағының ұңғысы жұдырық сиып кетердей үлкен болады. Басы кішкентай, танауы үлкен, арқасы тегіс келеді. Мұндайды қазақ қақпанбел дейді. Егер белі ойпат болса ондай ат шаппайды.

Бауыры кең болады. Артқы аяғы берік болып келеді. Жіліншігі сүйірлеу, саны ауқымды болады. Мұндай құлынды тай кезінде бас білдіргенен кейін, басына жүген салады. Жүгеннің ауыздығын егеп, жұп-жұмыр ету керек. Сонда тіліне тимейді әрі тартқанда езуін жырып жібермейді. Демалуы да жақсарады.

Астындағы құла аттың –
Танаулары талыстай,
Құлақтары қамыстай,
Екі көздің арасы
Салып қалсаң қарыстай.
Омырауына қарасаң,
Оралып жатқан түбектей.
Ерініне қарасаң,
Қақтап шапқан күректей.
Азу тісі балғадай,
Қабырғасы шеңбердей,
Омыртқасы отаудай,
Шоқтықтары шомбалдай,
Толарсағы тоқпақтай,
Жіліншігі жіптіктей…. –
осылайша жырлайды Қалнияз ақын.

Баптау

Kok atЖылқы малын қазақ сұлымен баптайды. Шабатын атты үнемі таңасырып тұру керек. Таңасырған соң қораға кіргізіп байлай салмай, далаға жеке орынға жата алмайтындай етіп, басын жоғары қаратып байлап қою керек. Әбден тері үгілмей суғаруға немесе жемдеуге болмайды. Ентігіп келген ат су ішсе өкпесін қариды, сөйтіп алаөкпе болып қалады. Жем жесе ол аяғына түсіп, ақсап қалады.

Жас кезімде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенімде мүмкіндігінше жылқы малына, олардан бәйге аттарын баптауға мән бердім. Әкем Әбілғазы атбегі болатын. Бір қарағанда-ақ жылқының түр-түсінен тұлпар болатынын немесе шабан болатынын айыра беретін. Қазақы торы биеміз болды, жабының тұқымы еді. Қос қыртыс. Төзімді, тез оңалғыш. Соны жүйірік, жирен төбелден шыққан айғырмен шағылыстырдық. Екеуінен туған құлын торытөбел болды, қоянтөбел. Әкем айтты: «Осы қоянтөбелді баптайық, түбінде бәйге алады» деді. Айтқаны келді. Облыс бойынша екінші орын алды. Жүздеген аттың ішінен бәйге алу тегін емес еді. Енесі жабы – төзімді мал. Әкесі – жүйріктің тұқымы.

Халқымыз қазақтың жабысын арабтың, түркіменнің жылқыларымен будандастыру арқылы қазанат, арғымақ, сәйгүлік сияқты тұлпарларға қол жеткізген. Бізде күлік, пырақ, дүлдүл деген де жылқылардың тұқымы болған. Бұлар да будандастырудың нәтижесінде дүниеге келген. Әрқайсысының өз тарихы бар. Оған тоқталып жатудың қажеті жоқ сияқты. Менің айтпағым, бабалардың сол жақсы дәстүрін жалғастыруымыз қажет. Қазақы жабы тұқымымен қалып қою тегімізге сын.

Жылқы – қазақтың бір рәмізі. Өйткені жылқы дегенде көз алдымызға қазақтың бейнесі келеді. Ал, қазақ десек, оның өн бойынан, мінез қылығынан жылқыны аңғарғандаймыз. Олай болса, бүгінгідей тәуелсіздік алған кезімізде тоқырап қалмай, мал тұқымын, әсіресе, жылқы тұқымын асылдандырумен айналысқанымыз абзал. Егер қалталы азаматтар қолға алып жатса, мамандар табылатынына еш күмән жоқ. Күлдір-күлдір кісінетіп, күлік мінген ел емеспіз бе?! Желден жүйрік жануарымыз – жылқының бабалар мінген, дәріптеген, мақтаныш еткен тұқымын қайта қалыптастыру үшін әрекет жасағанымыз жөн.

Тұрсынғазы Медетбеков,
Алматы облысы, Қаратал ауданының құрметті азаматы.
«Жұрағат» журналынан 2007 жыл.

(суреттерді түсірген Ержан Жаубай)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.