Жылқы құнын жойған жоқ

9160

Ертеде арыстан –аң патшасы есептелсе, жылқы – мал патшасы атанған-ды. Ол заманда адам баласы үшін жылқыдан қадірлі тұяқ болмаған. Адамға қанат бітіріп, төбесін көкке жеткізген де осы жылқы. Тіпті бергі дәуірде де жылқының мал ішінде «ақсүйектік» беделі түскен емес. Отан қорғау ісінде де жылқының еңбегі атап айтқандай. Бірінші атты армияның азамат соғысы тарихында көрнекті орын алғаны бүкіл елімізге мәлім.
Мотор дәуірінен бұрын адамның сапар шегу, таситын жүк мүлкі, салатын да, оратын да егіні, бағатын малы – бәрі де жылқының мойнында болып келді. Атсыз адам қанаты кесілген құспен тең еді.
Жылқы әлі де құнын жойған жоқ. Кейбір жағынан оның маңызы бұрынғыдан да асып түсті деуге болады…
Қазақ халқының сүйегіне сіңген тағы бір еске алатын жағдай – оның атқұмарлығы, атқа мінсе көңілі өсетіндігі.

Аттың үсті жел, құйын,
Мінсең көңіл өседі.
Болса дағы жол қиын,
Бойда қуат өседі.

Шаршағаның білінбей,
Жол соқпағы қалады.
Түнде көзің ілінбей,
Жаның қанат қағады…
(Ә.Тәжібаев – «Ат үстінде»)

Қазақ іші ойын-сауықсыз болмайды. Әркімнің әртүрлі қуанышы бар. Қазақы тойдың қызығы – ат шабысы, ат қосу. Тамашасы сол, тойдың боладысын құлағы шалысымен тыным жоқ, «кім ат қосады, оның аты қандай ат?» деген сияқты әңгімелер күндіз-түні тынбайды.
Жылқы өсіру қыр сахарасында малмен көз ашқан халықтың қызықты өмірінің бір айнасы. Көкпар тарту, қыз қуу, теңге ілу қатарлы белсене ойнайтын ойындары да ат үстінде өтеді. «Машина көбейді, жылқыда не қасиет қалды» делінетін пікірлер мал жағдайын, жылқы өсірушілердің өмірін жете түсінбеушіліктен туындайды. Ондай желбуаз, жеңіл сөздердің зияны да болмай қалған жоқ. Жылқыға аш бөрідей қадалып, бір кездерде, жазықсыз қырып та жібердік.
Жылқыны бағып-қағуда да артық шығын шықпайды, еті шаруашылықта арзанға түседі. Қазір жылқы өнімді түлікке айналды: жылқы шаруашылығын өсіруден, әсіресе табиғи жайылымды кең жерлерде шаруашылықтар мол табысқа ие болып жүр.
Қазақ халқының жылқы етін аса артық сүйетіндігін – «Жылқының етін жемесең түсіңе кіреді» дейтін мақалдан да аңғаруға болады.
Ғылыми орындардың арнаулы зерттеуі бойынша жылқының қара етінің қоректік қасиеті орта сапалы сиыр етімен тең. Бұл айтқанымыз жалпы қоректілігі жағынан. Жылқы етінің аса бір артық қасиеті, оның құрамында белок көп. Жылқы етіндегі белоктің мөлшері сиыр етінен – 20-25 пайыз, доңыз етінен – 42-43 пайыз артық.
Жасы толған семіз жылқы 10-12 қойдың етін бере алады; орта есеппен тірі салмағының 34-40 кг-ы май болады. Таза ет пен майдың шығымы семіз жылқыда 57-60 пайызға дейін жетеді, сүйегі 20-22 пайыз шамасында.
bie sauuЖылқының тағы бір қасиеті – сүтінде.
Бие сүтінен қымыз ашытады. Қазақтың байырғы көшпелі өмірінде ауруға ем болып, сауға қуат берген осы қымыз.
Бие сүтінде қант көп, оны жаңа сауылған саумалдың дәмін татып та білуге болады. Бие сүтінің қымыз болып ашуына себеп болатын да оның осы қасиеті. Ашыған қымызда – 3-4 пайыз таза спирт болады. «Көженің кенеуі болса, қымыздың қызуы бар» деген мақал бар. Ол «қызу» — қымыздың ашуының әсерінен спирттің пайда болуына байланысты. Түнемелі қымыз күшті болады, спирті көбейе түседі. «Құнан», «дөнен» қымыздың әлсіздерді «ұрып жығатыны» да осы себептен. Қалыпты қымыздың өзі де – «бір аяқ қымыздың, екі аяқ желігі бар» деген сияқты әркімді-ақ едәуір желпіндіреді.
Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Майы дәмді, белогі жұғымды. Аз шамада кездесетін сүт және көмір қышқылдары адамның шабытын ашып, асқазанның жақсы жұмыс істеуіне жағдай туғызады.
Бие сүтінің тағы да бір тамаша қасиеті құрқұлақ дертінен сақтайды. Бұл жеген тамақта «С» дәрумені жоқтығынан болатын сырқат. Адамның тісі түсіп, бет-аузы теңбілденіп кетеді.
Осы «С» дәрумені бие сүтінде мол болады; ол басқа малдардың сүтінде де болады, бірақ оның мөлшері қымыздағыдан едәуір аз. Қымыз адамға қуат береді, тез оңалтады. Түрлі ауруларды жеңу жөнінде қымыздың үлкен маңызы бар. Әсіресе туберкулез болған адамдар үшін қымыз – дәрі есебінде.
Қымыз тек ауру адам үшін ғана емес, сау адам үшін де сондай пайдалы. Ұдайы, үзбей қымыз ішкен адам түрлі кеселден де аулақ болады. Ресейде туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласы маңында ашылған екен. Оны бірінші болып ұйымдастырушы В.Постников дейтін дәрігер – «қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады» деп жазады.
Көпшілік халық қымыздың осындай тамаша қасиеттерін жаңадан түсініп келеді.
Қазақстанда қымызды өзен суындай ағызуға толық жағдай бар.
Бие басы күніне орта есеппен 11-12 литр сүт сауылса; кей биелер 15-16 литрге дейін сүт бере алады. Биелерді 7-8 ай саууға болады, сонда әрбір бие 1500-2500 литрге дейін сүт бере алады. «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас» дейді халық мақалы.
Жылқының жайлымы мен сауты сапалы болып, күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да айтарлықтай әсері болмайды.

М.Ермеков, Ә.Смағұлов, «Тарту» кітабынан

(Суреттерді түсірген Ержан Жаубай)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.