Буаз биемен қасқыр соққан

8841

Бір ақсақалдың айтқан әңгімесіне сенер-сенбесімді білмей жүретінмін. Ол былай деген. Өткен ғасырдың аяғына таман Көкшетау өңірінде Ақайдың Қасені деген ерекше адам өмір сүріпті. Жұрт ең алдымен екі шалғайын құлағына іліп қоятын қою қара мұртын аңыз етеді екен. Негізі аңыз – оның қасқыр соғу әдісі. Елдің малына жиендік жасап қоймаған қомағай қасқырды ол буаз биемен-ақ соғады дейді.
Қасқырдың бағытын біліп, қарасын көріп алған соң, түс ауа соңына түседі екен. Сол қуған бетімен қас қарайғанша тыным бермей шаршатып, терлетіп апарып тастап кетеді екен де, сол маңайда ел болса қона жатып, ертеңінде әбден болдырған қасқырды оп-оңай соғып алатын көрінеді.
Осындай аңыз тәрізді әңгімесіне сеніп көр. Оның шындығына кейіннен көзім жетті. Сол аңыздай әңгіменің дәлелденген күні – 1983 жылдың 17-желтоқсаны, сенбі. Аңшы досым Ыбырай екеуміз із кесуге шықтық. Бағытымыз – Шортанбай өзектері мен жыралары. Сол бетімізбен келе жатып, үш қасқырдың ізіне қарап тұрып «қанды басың бері тарт» дейміз. Бірақ осының алдында қар аралас жаңбыр жауған, оңға тартқан үлкен ізді бастырмалата жөнелдік. Қуып келеміз. Әбден қуланып алған жырынды жыртқыш біздің жылдамдығымызды одан сайын тежейтіндей етіп, бір өзектен екінші өзекке көлденеңдей өтіп, қиястық жасап кетіп барады. Әрине, бұлай жүру оған ұтымды. Әйткенмен шаршап, сасқанға ұқсайды. Оны сезгеніміз — салмағын азайту үшін лоқсып құсып барады. Қар үстіндегі шашырап-төгіліп жатқан қарақоңыр пәлекетті көріп «ә, солай ма екен, жегенің желкеңнен шығуға айналды ма!» деп қоямыз.
Біз бұл қасқырға оңай жау болмадық. Оның мына қылығы спортшылардың күрес алдындағы салмақ кеміту мақсатымен моншаға барып терлеуі іспетті. Ырысекең оның қалін таныған сайын «шамаң келсе газға бас-бас» деп келеді.
Бұл күннің әбден қысқарған шағы ғой, сағат бестің кезінде-ақ қас қарая бастады. Біз қуудың қызығына әбден берілгеніміз сондай: қары қалың, биік қурай өскен өзекшеге келіп тірелгенімізді байқамай қалыппыз. Омбылап батып қалдық. Қасқыр болса көз алдымызда сол қурай басқан омбы қармен кете барды.
Машинамызды әрең дегенде шығарып алып, амалсыз ауылға қайттық. Бірақ қайта оралуға уәделестік.
Ертеңіне таңнан тұрып алып, кешегі өзіміз батқан жерге қайта оралдық. Қарды астан-кестең қазып тастаған екенбіз, анадайдан іңірдегі бастан кешкен бейнетіміз көрініп-ақ жатыр. Біз енді қурайға кірмей, оны айнала орағытып өттік, бірақ қурайдан шыққан із жоқ. Тоқтаған жерде азғана ақыл қостық та, қасқыр осының ішінде қалған, олай болса оппа қарға жаяу кіруіміз керек деген шешім қабылдадық. Ырысекең машинада қалды да, оның баласы Баян екеуіміз қалыңға кірдік. Ондағы ойымыз – бөріні бекінісінен айдап шығып, машинамен қуу.
Сол оймен қасекеңнің «бекінісіне» бойлай кіріп келемін. Жүз елу метрдей жер жүрдім. Енді алдыма қарасам, оқ жетер жерде маған одырая қарап, бізге таң қалғандай нән көкжал көлденеңдеп тұр. Сол кезде қашуға үлгертпей, мылтығымды алып жіберіп, қарауылға іліккен кезде шүрппені басып қалдым – омақаса құлады. Жанына келіп, аударып-төңкеріп қарасам, үсті-басы сауыс-сауыс, әбден титықтағаны көрініп тұр. Кеше күні бойы қашқаннан шаршап, сол қурайдың ішінде талығып барып қатты ұйықтаған сияқты. Жаңағы менің дабылымнан зорға оянып, көтеріліп тұрған күйі осы екен.
Енді байқасам, баяғы Ақайдың Қасені осы әдіспен шаршатып, болдыртып тастап кетеді екен де, баурына мұз, қар қатып, бойын жазып шаба алмайтын халге келтіреді екен ғой. Сөйтіп, ертеңінде оп-оңай соғып алатын болған. Қасқырдың шаршағандағы ұйқысы алып батырлардың ұйқысы тәрізді, қатып өлгендей ұйықтайды. Сол бейқам ұйқысы өзін ұстап беретін көрінеді.

Taukenov Kh.Қасым Тәукенов, жазушы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.