Құланхан ЖАҚЫПОВ: Атқа мінсем, арқам қозады

11431

Құланхан Ахметұлы — еліміздегі ат спортының дамуына зор үлес қосқан азаматтардың бірі. 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесер рәсіміне орай Арқа төсінде өткізілген Бүкілхалықтық ат ойындары спартакиадасында баптаған командасы топ жарып, сіңірген еңбегіне орай «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағын алған тұңғыш қазақ. Сонымен қатар оңтүстік өңірге танымал шабандоздардың бірі. Осы орайда, Құланхан ағамызбен ұлттық спорт түрі – көкпар жайында өрбіткен әңгіме желісін ұсынып отырмыз.

ДИПЛОМ1 copy— Құланхан көке, сізді білетіндер сыртыңыздан шебер шабандоз әрі жақсы бапкер деп жатыр. Сізді көкпарға құмар қылған не дүние?
— Мен жастайымнан атқа қонған адаммын. Өйткені, көкпаршы болатын баланың тақымы жас күнінен шынығып, қалыптасуы керек. Мысалы, атақты футболшылар 4-5 жасынан бастап, аяқдопшылар академиясында оқып, жаттығады, не бір ауыр сынақтардан өтіп кәсіби футболшы атанады. Біздің көкпарда осы сияқты спорт. Өз басым, ес білген сәттен бастап есек көкпар тартып жаттықтым, одан кейін додадан қалып кеткен көкпарды алып келу, шауып келуді үйрендік.
Көкпаршы болудың басты шарты – атқа, яки жылқыға деген құмарлықтан басталады. Одан кейін бұл ойынға адам жан-тәнімен құмарту керек. Мысалы, дода үстінде мертігіп, кемтар болып қалған адамдарды білемін, сөйте тұра олар ақсаңдап жүріп көкпардан қалмайды. Неге? Өйткені, оның бойында жауынгерлік рух және құмарлық бар. Қазір менің жасым алпысты алқымдап барады, бірақ көкпардан қалған емеспін.
Әкем марқұм колхоздың ат қорасында күзетші болды. Мен туғанда шешейдің омырауы шошынып, сүті суалып кеткендіктен ана сүтіне жарымай өсіппін. Қаптиған қара бала болыппын. Бағуда тұрған колхоздың арық-тұрақ жылқыларына өзіміздің биелерге беретін жасыл жонышқаны апарып беретін әдетім бар екен. Шешей бұл ісімді құптамай, ұрсатын көрінеді. Әкей жарықтық, күліп қарап: «Балам не істеп жүрсің?» дейді екен. Мен: «аттарға жем жегізіп, көкпар шабамын» дейді екем. Әкей менің қатпиған түріме ойлана көз тастап, «әй, балам, сенің мына түріңе қарағанда, көкпаршы болады дегенге сену қиын» деп басын шайқайды екен.
— Содан қаптиған қалпыңызбен көкпар шауып кеттіңіз бе?
— Иә, көкпарға деген көзсіз құмарлықтың арқасында шауып кеттім.
— Сіздер шауып жүрген кездегі көкпар мен қазіргі көкпардың қандай айырмашылығы бар?
— Біздің кездегі шауып жүрген көкпар қазіргіден мүлде бөлек. Айталық, біздің кезде ат жетектеу деген ұғым жоқ, додаға өзің барасың, өзің еңкейіп көкпарды іліп аласың, қысқасы ешкімнің көмегінсіз бәрін өз күшіңмен атқарасың. Біреуге ат жетектету намыс саналатын.
— Жалпы көкпардың мән-мағынасы жайлы не айтасыз?
— Бала кезімізде апта сайын шабылатын «Өлмес көкпар» дейтін болды. Бұның мәні көкпар тоқырап қалмасын деген оймен жасалады. Сол сияқты, жігіттер бабын жоғалтпасын деген де ұғым бар. Жалпы көкпардың түпкі мәні: жауынгерлік өнер. Сонау ерте заманда, қазақтың сарбаздары бейбіт күні көкпар тартып, соғыс өнеріне машақтанған.
Көкпарға жаттығу арқылы жауынгерлер майданда аттан ауып қалған жолдасын жерге түсірмей іліп алып кететін тәсілді толық игерген. Себебі, көшпенділер дәстүрінде жолдасын жаудың қолына тастап кету – өліммен тең. Осындай жауынгерлік рухы болмаса қазақтар қазіргі ұлан-байтақ жеріне ие болмас еді. Көкпардың бұдан басқа да мәні көп.
Одан кейін «Той көкпар» дейтін болды. Ол үшін алдын-ала бір ай бұрын жария айтылып, ауызша шақыртулар жіберіледі. Алыстағылар 3-4 күн бұрын келіп дайындалады. Оларды ауылдың адамдары үйді-үйіне бөліп алып қонақ ретінде күтеді.
— Сөзіңізді бөлейін ертеде «Той көкпар» тартқанда команда-командаға бөлінуші ме еді?
— Ол кезде қазіргідей команда деген болған жоқ. Алдымен «Айналма көкпар» шабамыз. Бір есептен үлкен көкпарға дайындық сияқты. Оның өзінде оншақты салымы бар. Айналма көкпар кезінде халық қай жерден, қандай шабандоздар келді соларды көреді. Ал, көкпаршылар болса атының етін қыздарып, терін алады.
Содан кейін үлкен көкпар басталғанда көкпар беріп жатқан елдің жігіттері бір топ болады да, қалған барлық мейман шабандоздар бір топ болып тартысады.
— Оның нақты ережесі қандай еді?
— Ортада арнайы алаң болады. Онда көкпарды орналастырады. Екі жаққа екі мәре белгілейді. Мәренің арасы шамамен ортадағы додадан 300 метр мөлшерде. Қазіргі қазандық сияқты. Оны «шапанға шаптық» деп айтамыз. Себебі, мәре тұрған жерге белгі ретінде бір шапанды қоя салады. Салымды осы шапан жатқан жерге апарып тастайтынбыз. Бір шапанға көкпар беріп жатқан елдің жігіттері шабады, келесі шапанға қалған меймандар бірігіп шабады. Бар ереже осы. Кейін шапанның орнына сабан төсеп қоятынды шығардық, бертінде дөңгелетіп ақ сызық сызып қойып жүрміз.
101— Төрешілер деген бар ма?
— Үкімді шалдар айтады. Олардың айтқан үкімін бұзуға әлемде ешкімнің хақысы жоқ. Қазір ақшасы көп боқмұрын балалар шалдардың үкіміне араласып жүр. Бұрынғы шалдар тек көкпардың бәсін айтып қана қоймайды, жалпы барысын қадағалайды, тексіздік танытқандарды шығарып тастайды. Мысалы, көкпар беріп жатқан елдің азаматтары алты салым алды, меймандарда бір салым ғана бар. Меймандардан бір адам шалдарға барып, «бізге де қол берсін» деп өтінеді. Шалдар шешім шығарады. Мысалы, көкпар беріп жатқан Ордабасы ауданы жағында тартып жүрген Ықылас Темір ауылының жігіттері меймандар жағына шыққан дейді.
Тіпті кей жағдайда меймандар арасынан көзге түсіп, бірақ мәре көрмеген жігіттерге шалдар баға беріп, шақырап алады да, мәре көргізеді (салым береді). Басқалар дым да айта алмайды. Қысқасы, шалдар ынтымақ пен бірліктің бұзылмауына қатты мән беретін.
— Салым кезіндегі сыйлық қандай еді?
— Ол кездегі сыйлықтың қырып бара жатқан түгі де жоқ. Дүние де тапшы еді ғой. Бір салым 10-15 рубльдің төңірегінде. Одан қалды көйлектік мата беретін. Ұмытпасам, 1968 жылы Шәуелдір жақтағы Темір ауылында үлкен той көкпарға бардым. Жолға екі қонып жеттік. 17 қара үй тігіпті, төрт ағайынды жігіт әке-шешесіне ас беріп жатыр екен.
Менің көкпарға енді-енді ілініп, жап-жақсы тартып жүрген кезім-тін. Осы көкпарда үлкен салым болды. Ұзындығы 4 метр қолдан тоқылған кілем тігілді. Күздің қара суығы… дода қайнап жатыр, аттардың буы түтін сияқты бұрқырайды. Күллі оңтүстікке атағы кеткен шабандоздар келген. Доданың қатты болғаны соншалық мәреге көкпар шықпай тұрып қалды. Көкпардың қайда тартылып жатқанын білу мүмкін емес. Тек дода да мыңдай ат жүр.
Доданың күштілігі соншалық жап-жақсы көкпаршы атанып жүрген менің өзім маңына жолай алмадым. Бір заманда екі сойқан көкпарды тартқан күйі додадан алып шықты. Мұндай көкпаршыларды екінші қайта көрмедім. Екеуінің маңына адам баласы жақындай алмайды. Тартысқаны соншалық ортадағы үлкен серкені екі жаққа қақ жарып бөліп әкетті. Көкпар екі мықтының тақымында қақ бөлініп салбырап жүр. Содан дау басталды.
Серкенің кеуде жағын Рүстем деген шабандоз астындағы күрең айғырын арқыратып тақымына басып алған. Көкпардың екінші бөлігі сақау шалдың тақымында жүр. Бұл кісі де аты әйгілі көкпаршы екен. Алғаш көкпарды жерден еңкейіп алып шыққан осы сақау шал. Шал, «салым менікі» дейді, мінезі де шадырлау кісі екен, ашуға басып, атын қамшымен осып-осып жіберіп ышқынтып тұра ұмтылғанда, құдай сақтасын мың атты ортасынан қырқып өте шығады. Шалдың астындағы айғыр ышқынып ұмтылғанда біздің аттар өзінен өзі далаға қарай қашады. Мұндай сұмдықты кім көрген.
Содан көкпарға үкім айтатын адамдар екі сойқанға елу-елу сомнан ақша ұстатып, жаңадан тағы бір серкені бауыздап ортаға тастатты. Салым баяғы кілем күйінде қалды. Қиямет тартыс қайта басталды. Құдай-ау болмаса көкпардың қайда екенін көруге жете алмай зар болдым. Арманым бір ұстап қалу. Ұзақ сонар шабыс болды. Бір заманда Рүстем алып шықты. Серкенің омыртқасы сынып кеткен салбырап жүр, ішек-қарны ақтарылып кетіп барады. Жардай күрең айғыр додадан шықты да, жер бауырлап зулады. Жермен-жексен болып кетіп барады. Салымға тастады.
Рүстем шабандоз шашағын жер сыздырып үлкен кілемді өңгеріп алып шықты да, бір ақсақалдың алдына тастады. Себебі, астындағы күрең айғыр сол кісінің аты екен. Аттың иесі туған-туыстарын шақырып бәрінің қалтасындағы тиын-тебендерін жинап, шабандоздың қалтасына салып берді.
Одан кейін тағы бір қызық болды. Өзбекстаннан келген бір бай су жаңа волга машинасын ұсынып әлгі күрең айғырды сұрады. Аттың иесі, «сенің теміріңді не қылам» деп ұрсып куып жіберді.
ДИПЛОМ3 copy— Бұлардан басқа қандай атақты көкпаршыларды көрдіңіз?
— Атақты көкпаршы Шәймек деген көкемізді көрдім. Бұл кісі 1959 жылы Мәскеуге барған. Сол жерде Орталық стадионда қазақтың ұлттық ойыны көкпар мен аударыспақты мыңдаған мәскеуліктерге көрсеткен. Мен қырғыз ағайындарға айтып жүрмін: «Сендер көкпар біздікі деп мақтанасыңдар, 1959 жылы Мәскеуге барып көкпардың не екенін күллі Одақ халқына көрсетіп, бас төреші маршал Семен Буденныйдің қолынан грамота алған қырғыз тауып беріңдерді» деп, мына қолымдағы дипломды көрсетемін. Және менің қолымда қазақстандық шабандоздар қолбасшы Буденныйді ортаға алып түскен суреті де бар.
— Бұл құжат сіздің қолға қалай түсіп жүр?
— 1959 жылы Мәскеуге барған көкпаршыларды Қожамқұл Бердіқұлов деген адам басқарып барған екен. Кейін осы кісі менің қарындасымының атасы болды. Осы кісіден алдым.
— Мәскеуге Шәймек көкеңізден басқа кімдер барғанын білмейсіз бе?
— Әбдіуәли және Әбдіқадыр деген көкелеріміз бірге барған екен. Ал, Шәймек көкеміздің тартысын көзім көрді. Бес-алты жастағы баламын үлкен көкпарға бардым. Елдер «Шаймек-Жайдақ кепті» деп шулап кетті. Жайдақ дегені көкеміздің руы екен. Ұзын сары адам, астында күрең айғыры бар, қатарынан бес салым алды. Қатты батырлатып шаппайды, жайлап барып көкпардан ұстайды да, сүйреп кете береді. Бұл нағыз мықты көкпаршының қолынан келетін іс деп ойлаймын. Жас бала болғасын солай көрінді ме, Шәймек көкемнің ат үстіндегі екі тізесі аттың құлағына тиіп тұрды.
— Басқа қандай атақты шабандоздарды білесіз?
— Бертінде Намазбай деген көкеміздің шапқанын көрдім. Ықылас Темір ауылында Биған дейтін шабандоз болды. Тоқболат ауылында Нұрғали дейтін жақсы шабандоз өтті. Айта берсе көп.
— Өзіңіздің де есте қаларлықтай салым алған кезіңізді айтыңызшы?
— Бірде үлкен көкпарға барсам, атымды інім шауып шаршатып қойыпты. Ауылда жақсы аттары бар Бәйтік дейтін көкем бар еді, сол кісіге барып «көке атыңды берші, салым алайын» дедім. Бәкең дода жүрген ұлын шақырып алды да, «атты тез Құланға бер» деді. Аттың айлын тартып, додаға түстім. Молдабай деген жақсы шабандоз жігіт еңкейіп көкпарды алып жатыр екен, бардым да серкенің артқы аяғынан ұстап, теріс тартып кеттім. Құдай қолдап салым алдым. Ақысы бір тайынша екен.
Бәкең балалары сыйлықты алып кетіп барады. Көкем балаларын шақырып алды, «тайыншаны қайда алып барасыңдар?» деді. «Біздің аттың жүлдесі емес пе?». «Сендер өздерің салдыңдар ма?». «Жоқ». «Ондай болса, тайыншаны Құланның үйіне апарып беріңдер де, орнына қорасынан бір қой алып келіңдер» деді.
— Көкпарға арнайы баптап ат ұстадыңыз ба?
— Жақсы айғырым бар еді, қалаға көшкен соң сатып жібердім. Осы айғырымды мініп Шұбар дейтін ауылда өткен көкпарға бардым. Додаға кіріп көкпарды алып шықтым. Басайын десем көкпар тақымыма икемделмейді. Артыма қарасам, ұлты орыс Миша дейтін жақсы шабандоз бар еді, сол жабысып келеді екен. Жасы үлкен адам еді, «Мәке жіберсейші» деп сыпайлық танытсам ұқпайды. Қыс болатын, көлденең үйіп тастаған қасат қарға ат-матымызбен келіп екеуімізде омақаса құладық.
Екі ат екі жаққа қашып кетті. Қасымда бет-ауызы қанталап Миша көкем отыр. «Әй, Мәкем-ай екеуімізге де бұйырмады ғой, жібере салсаң нең кетеді» деп жатып кеп ренжимін ғой. Мәкең саспайды: «Құлан, егер сенің қолың мен сияқты көкпраға іліксе, жібере салар ма едің?» деп қарсы сұрақ қойды. Ойланып қарасам, мен де жібермес едім.
— Көкпардың атын қалай баптайды?
— Баптауды тай кезінен бастайды. Біздің жақта көкпарға ат мінбейді, айғырмен тартады. Солтүстік жақта атпен тартады екен. Пішілген жылқының бойында рух болмайды. Оның биеден айырмасы жоқ. Өз басым атқа мінсем, арқам қозады. Аталарымыз байтақ даласын аттың арқасында қорғаған болар деп топшылаймын.
Көкпардың атын, яки айғырды баптау үшін ең бірінші тұқым, енесі дұрыс болуы керек. Тай шыққан соң мінезі біліне бастайды. Сол сәтте балаларға мінгізіп айналма көкпарға салып байқайсыз. Ал, анық көкпардың атына тән қасиеттері біліне бастаса, қырық күн шілдеге отырғызасыз. Яки, қырық күн орнынан қозғамай жем-су беріп қамайсыз. Осы уақытта жылқы қазы жинайды. Одан кейін суытасыз. Мысалы, шілденің басында отырған жылқы, тамыздың 10 кезінде шығады.
Суыту үшін алғашқы аптада күніне 4 сағат қаңтарып қоясыз. Одан кейін бір сағат шөпке байлайсыз. Он күн өткен соң мінуді бастайсыз. Қырық күн шілдеде тұрған мал ширығады, онымен бірден шауып кетуге болмайды. Өйткені, оқыс қозғалыстан жылқының қазысы жыртылып кетеді. Ол қайта орнына келмейді. Үш күннің ішінде айғырдың ширығуы басылады. Одан кейін күніне 10-15 шақырым жүріп суытасыз. Бір айдың ішінде ат көкпарға дайын болады.
— Қырық күн шілдеге отырған атқа тек шөп қана бере ме?
— Тек жем беру керек. Ең дұрысы арпа. Өйткені, арпа қазының ішкі шел майын кетіреді. Шелі кеткен соң барып жылқы май жинайды.
— Біздің елде жүйрік жылқыларды баптағанда суық суға малтықтыратын әдіс бар. Сіздерде қалай?
— Бізде де көкпарға баптаған жылқының қазысын қатайту үшін суық суға жүзгізеді. Қазысы қатқан жылқы шаршамайды. Баптаған жылқыны көкпарға салғанда бір-екі қол (салымға үш рет кіріп шығу) алған соң шығарып алады. Нағыз көкпардың аты болса, додаға тағы кіргісі кеп, жұлқынып сұранады. Міне, одан кейін айылын қатты тартып, мінде шап!
Өз басым көкпар болардан 20 күн болмаса, бір ай бұрын атымды дайындап, баптаймын. Бабы бұзылған жылқы шаппайды.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.