Домалақ ананың барымтаны қайтаруы

8001

…Көктемнің соңғы айы еді. Бір күні Кіші Тұраның күншығыс иығынан асып, топ-топ аттылар ылдиға еңкейіп келе жатты. Олар бұлақ басындағы қара лашық үйді көрді. «Неғылған жалғыз лашық, адамы болса сусын сұрап ішейік» деп аттылар солай бұрылады. Бұлардың тегін адам еместігін Нұрила бірден аңғарады. Ескі кимешекті киіп, кемпір бейнесіне түсті. Сұлу мұртты қара жігіт лашыққа алдымен жетті. Нұрила «Қош келдіңіздер» деп ізет көрсетті. Жігіттің жүзі жылып, Нұриланың сәлемін алып, аз бөгеліп:
— Апа, аңқамыз кеуіп келеді. Сусыныңыз бар ма? – деді. Нұрила ешкінің айранын араластырып, ашытқы жасайтын. Дәу құмыраға құйып, толтырып қоятын. Келген-кеткен жолаушыларға беріп, сауабын алатын. Дереу үйге кіріп, көк зеренмен сусын алып шығып, мұртты жігітке ұсынды. Жігіт қолына зеренді ұстап біраз отырды. Неге ішпей отырғанына Нұрила таңғалып, бақылап тұрды. Аттылардың артында қалып, әбден шаршап шаң жұтқан бір жігіт лашық үйге кешігіп жетті. Өңінен бір нәрседен құр қалғандай абыржушылық білінеді. Сұлу мұртты жігіт қолындағы зеренді соған ұсынды. Екінші зерен оның алдында келген жігітке тиді. Сусын соңғы жігіттен бастап, алдымен келгендерге қарай жылжыды. Жолбасшы жігіттің тегін адам еместігін Нұрила іштей сезді. Сұлу мұртты жігіттің өзіне кезек жеткенде, сусын таусылды.
— Сусын таусылды, балам – дейді Нұрила.
— Оқасы жоқ, апа, жігіттердің шөлі қанса болды. Егер болса, нан әкеліңіз ауыз тиіп шығайын, — дейді мұртты жігіт.
… Нұрила дастарқан жайып, таза пісірілген бірнеше әдемі күлше нан әкеліп қойды. Күлше тәтті еді. Мұртты жігіт біразын құныға асап жеді, қалғандарын қасындағы жауынгерлерге үлестіріп берді.
– Апа, күлшеңіз дәмді екен, не қосып пісіргенсіз? – деп сұрады.
– Ұнға өзімнің емшек сүтімді қосып, осылай күлше пісіремін. Жалғыз ұлыма күлшені шайнап беріп асыраймын. Сіздерге ұсынғаным баламның несібесінің артығы болатын, – дейді.
– Пәллі, Алланың рақымына қараңыз! Енді бізге ана болдыңыз. Сіздің ақ сүтіңіздің қасиет нәрі, өзіңіздің шапағат мейіріміңіз біздің қан-тамырларымызға түгел тарап кетті. Бұдан былайғы жерде сізге перзентпіз, олай болса ана алдында қашанда қарыздармыз. Қайда жүрсек те сізді ұмытпаймыз, — дейді мұртты жігіт.
Бұл Ангреннің аты шулы батыры, қарақшы Қара Хайдар болатын. Арғы тегі түрікмен елінің адамы. Сайрам қаласындағы базарға мал айдап келген еді. Малдарын сатып болып, қайтар жолда Бәйдібек бидің көп адаммен Ташкентке кеткенін есітті. Оның жоқ кезін пайдаланып, таудағы жылқыларын айдап әкетуге келген беттері еді. Қасындағы жиырма бір жауынгері шетінен батыр, ержүрек әрі өжет болатын.
– Апа, осы өңірді мекендеген Бәйдібек бидің малы есепсіз көп деп есіттік. Қонысы мен жайлауының қайда екенін айтсаңыз, жылқыларын айдап әкетуге аттанып кетіп барамыз, — деді Қара Хайдар.
– Бәйдібектің қонысы Балабөгеннің жоғарғы аңғарында. Тоқсан үйір жылқысы бар. Тұқымы жақсы тұлпар жылқылардың үйірі Бестоғай деген жерде, — деді Нұрила. Сосын оларға адаспай апаратын тура жолды түсіндірді.
Осы сапар құдай оңдап олжалы қайтса, лашық үйдегі «мүсәпір» әйелге қайыр-садақа жасауды Қара Хайдар көңіліне түйіп қойды. Сөйтіп, Нұриладан бата сұрады. Нұрила алдындағы топқа қарап:
— Жортқанда әрдайым, жолыңды Құдай оңдасын,
Қабыл болып ниетің, әулиелер қолдасын,
Сапар шықсаң жаныңда, қызыр болсын жолдасың, — деп бата береді. Сосын оларға: «Тек жазықсыз жылқышыларды өлтірмеңдер» деп ескертеді.
Қара Хайдардың сол сапарда жолы болып, Балабөгеннің төменгі аңғарында Бестоғай деген жерде жатқан көп жылқыны олжалап, айдап қайтады. Жолай қара лашық үйдегі Нұрилаға соғып:
Domalak ana– Апа, мынау көп жылқыдан өзіңіз қалаған біреуін алып қалыңыз, — дейді Қара Хайдар.
Нұрила көп жылқыға көз тастап, кәрі Құласары биені іздеді. Ол осы үйір-үйір жылқының түпкі анасы еді. Кәрі бие жылқыларды бастап, үй тұсынан біраз жерге ілгері өтіп, ұзап кетіпті. Биенің бірінші құлыны Құласары айғыр еді. Жылқы түлігінің ол пірі іспетті болатын. Нұрила Құласары айғырдың жылқылардың соңында ақсаңдай басып келе жатқанын көрді. Боралдай өзеніне түскенде Құласары айғыр шашасын тасқа соғып, ақсап қалған еді. Жылқыға ілбіп, әрең ілесіп, айдаушылардың да ығырын шығарды. Нұрила Қара Хайдарға қарап:
– Мен мына ақсақ кәрі құла айғырды алайын. Үй-тұрмысының тіршілігіне, шаруаға осының қызметі қолайлы, — дейді.
Айдаушы атқосшылар түгелдей шулап:
– Апа соны қаласа, ала берсін, ол бәрібір жылқыға ілесе алмайды, — деседі.
Жігіттер алдын орап кеткен соң Қара Хайдар өзге шешім айтпады. Құласары айғырды алып қалуға рұқсат етті. Нұрила белбеуін айғырдың мойнына байлап, жетеледі де жүре берді. Жаман лашықтың белбеудің екінші ұшын қыстыра салды. Айғырдың мүлдем жуасып, тарпаңдық танытпағанына Қара Хайдар қайран қалды. Құлыны бар сауын биені таңдамай, Нұриланың кәрі айғырды қалағаны. Жұмбақ болып көрінді. Мұнда не сыр бар, деп қатты ойланды. Түбінде бұл тегін әйел емес деген түйінге тірелді. Нұриланы өзіне ана тұтқаны есіне оралып, тілеулес, түптес жанашырдай сезінсе де, көңілін мазалаған бір күйбең күдікті білгісі келді. Бірақ өмірдің өзі анықтай жатар деп, бұл ойынан тез тыйылды.
– Алла көруге жазса, сізбен тағыда жүздесерміз, апа, – деп Қара Хайдар Нұриламен қоштасты. Көп жылқыны алдына салып, қуған айдаушылар Кіші Тұраның шығыс иығындағы жайуат асудан асып, ұлы сәске кезінде көзден тасаланады.
Жылқы түлігінің ішіндегі ерекше бәйге жүйріктер үйірін қарақшылар айдап әкеткені жайлы хабар Сары бәйбішенің ауылына ертеңіне азанда жетті. Бестоғайдағы көп жылқының жауапкершілігі ағайынды Жантас пен Тоғанаста болатын. Сол күні жылқыларды күзетсіз қалдырып, үйлерінде шілдехана той өткізген еді. Қарақшылардың жолы болып, егесіз малды еркін игеріп, айдап әкеткен болатын. Бұл жағдай екі жылқышыға аспаннан жай түскендей әсер етті. Олар дереу бақташы жігіт Бекқұлыны Сары бәйбішенің ауылына жіберіп, түс кезінде Теректі бекінісінде күтетінін мәлімдеді. Өздері қарақшы әкеткен жылқылардың ізіне түсті. Әуелі айнала төңіректі сүзіп шықты, бірақ ешқандай белгі байқалмады.
Екі жылқышы Теректі бекінісіне келіп, аттарын демалдырып, өздері бұлақтан су ішті. Сары бәйбішенің адамдарын осы жерде тосты. Кешікпей суыт жүрісті қуғыншылар төбе көрсетті. Топ басшысы Сары бәйбішенің баласы Байтоқты болып шықты. Олар тобына екі жылқышыны қосып алып, Кіші Тұра тауына бет түзеді. Бұл кезде күн екпіндіге ауып қалған еді. Қуғыншылар Ырғайлы бұлағына келгенде, қара лашық үйдің белдеуінде байлаулы тұрған Құласары айғырды көрді. Топ атты енді солай бұрылды. Дереу аттарынан түсіп, жағдай сұрады. Нұрила кешеден бергі көрген білгендерін қуғыншыларға айтып берді. «Жылқыны қумаңдар, қарақшылар қарулы, өздеріңді мерт қылады» деді.
– Енді не істейміз, — деп Зеріптің ұлы Жалмамбет сөзге араласты.
– Сабыр қылыңдар, бір амалы табылар, — деп, Нұрила елдің жүрегін орнықтырды. – Құласары айғырды Кіші Тұраның ұшар басына шығарып, тамыры берік бадамшаға байлаймыз. Қолтығынан, шабынан қылбұрау салып, шыңғыртамыз. Жаны қиналған айғыр құлындағы даусы шығып, қатты кісінейді, үйірін іздеп, енесін көмекке шақырады. Құласары айғырдың даусы танымал. Айғыр дауысын естіген жылқылар ешкімге дау бермейді. Сол сәт кейін серпіліп, қоныс-мекеніне өздері қайтіп оралады. Осылай етсек, ел әуреленбейді, адам шығыны болмайды.
Көпшілік бұл шешімді мақұл көріп, Нұриланың айтқандарын орындайды. Бұл кезде қарақшылар жылқыларды алысқа айдап кеткен болатын, бірақ кәрі бие алғашқы құлынының шыңғырған дауысын алыстан естіп, ешкімге бой бермей қаша жөнеледі. Үйірдегі көп жылқы осы кәрі биеден өсіп тарған тұлпар тұқымды төлдер болатын. Теңіз толқынындай Құлсары биенің ізін өкшелеп, көп жылқы айналаға бытырап, көзден ғайып болады.
Жылқылардың кенеттен кейін серпіліп, дүркірей қашқан кездейсоқ мінезі Қара Хайдарды ойға қалдырады. Ол жігіттеріне: «Қумаңдар» деп бұйырады.
– Байқауымша, қара лашықтағы кемпір – әйелдің әулиесі. Құласары айғырдың ақсағаны, Нұрила кемпірдің кәрі айғырды қалап алып қалғаны маған жұмбақ еді. Сол жұмбақ енді шешілген тәрізді. Мына көрініс әрекеттің бәрі Нұриланың кереметімен байланысты. Кемпірдің ақ сүтіне иленген дәмді бәріміз таттық. Енді оған қару көтерсек, күнәға батамыз. Ендеше, аттың басын кейін тартыңдар, елге қайтамыз, — дейді.
Бәйдібек би Ташкенттен үш жұманың шамасында Боралдай тауына оралды. Әуелі Кіші Тұра бөктеріндегі Нұриланың аулына соқты. Ырғайлы бұлағы басындағы сапырылысқан адамдарды, қуғын көрген шаршау көп жылқыны көрді. Басқалардан бұрын байқап, алдынан шығып, Жалмамбет әкесіне сәлем берді. Елдегі Сары бәйбішенің теріс билігін, қарақшылардың салған әлегін, Нұрила апаның ақылымен іс істеп, адам шығынысыз жылқылардың кері қайтарылғанын хабарлады.
Бәйдібек қара лашық үйдегі әйелі Нұрилаға сәлем берді. Жарықшақты қолына алып, маңдайынан сүйді. Үлкен ұлдары, ауыл азаматтары Бәйдібекке келіп өздері амандасты. Олардың алдында Бәйдібек Нұрилаға алғыс жаудырды. Көпшілік: Нұрилаға алты қанат үй тігіліп, өзі қалаған жайлаудан дербес қоныс салсын деген тілек білдірді. Нұрила Балабөгенге қоныс аударып, Ұзынбұлақ аңғарына орнықты. Баяғы қызметші жігіт Салық, Сыландының отауы оған көрші қонды. Нұриланың мерейі үстем болып, әйелге біткен дарқан қасиетімен елге танылды.

Аққұс дамолланың шежіресінде бұл 1399 жылғы жазба
Боралдай тауында болған оқиға деп жазылған.
Дамолланың шежіресінен сайтқа ықшамдап дайындаған
Даниярбек Дүйсенбаев, el.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.