Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: «Ұл мен қызымды ат үстінде тәрбиелеп келемін…»
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы байырғы қазақтардың мекені саналады. Сол жақта, Баяннуур деген жерде туып-өскенмін. Ол жерден көрімдік берейін десең де тірі моңғол таппайсың, тек қана қазақтар мекендейді. Он жылдық мектебіміз болды, 1500-дей бала оқыдық. Бəрі де қазақ тілінде білім алды. 1985 жылы 1-сыныпқа бардым. Мектепке бармай тұрып-ақ атқа мініп, бəйгеге қатысқам. Біз жақта əжені «апа» дейді, апамның баласы болдым. Еркетотайлау болып өстім. Əкем мектепте қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ беретін. Шешем мектеп кітапханасын басқарды. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын оқулықтар, көркем əдебиеттер, газет-журналдардың барлығы біздің мектепке келіп тұратын.
Қозы жайдық. Кешкісін қой қосақтаған сауыннан кейінгі қозы-лақтың жамырағаны құлақтан кетпейді əлі күнге. Жайлауда өзіміз қатарлы балалармен бірге тай үйреттік, тайдан жығылдық дегендей, балалық шақ қызыққа толы болды.
Ішінде ақыны, əншісі, күйшісі бар «Мұрагер» деген ансамбль болатын. Соларға сүйсініп, əн-жырын тыңдап өстік. Əке-шешем ауылда беделді жандар болғаннан кейін, ауылға келген қонақ əуелі біздің үйге түсетін. Қонақ бар үйде əңгіме, əн-жыр болмай қоймайды. Не айтылса да соның бəрін құлағыма сіңірдім десем болады. Оған əжем айтатын ертегіні, əкем айтатын əңгімені қосыңыз, солардың бəрі үлкен тəрбиемен қатар, рухани байлық еді. Сондықтан, ақындығым жүре келе қалыптасты деп айта алмас едім. Əлгі айтқандардың бəрі де əсер етпей қоймайды.
1992 жылы елге қоныс аудардық. Семей облысының Абыралы ауданына келдік. Сонда Сапарғали Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде 9-сыныптан бастап оқыдым. 10-сыныпта Алматыда қазақ тілі мен əдебиеті бойынша бір байқауға қатысып, бірінші орын алғам. Сосын мені сол мектепке, №2 мектепке алып қалды. Кейін денсаулығыма байланысты 11-сыныпты Үржар ауданының Абай атындағы мектебінде тəмамдадым.
Бүгінгі балалар байырғы қазақтың жайлауын көрген жоқ. Ал бүкіл қызық-думанның бəрі сол жайлауда ғой. Бірақ қазір тəуелсіздік алып, еңсемізді тіктегелі ауылға қайтадан назар аударылып жатыр. Бие байлап, қымыз ашытатын, ат баптап, бəйгеге қосатын ауыл-ауылдар жаппай болмаса да, еліміздің əр-əр жерінде бар ғой, əйтеуір. Ауылдың баласы топырағына тартпай тұрмайды. Ал қаладағы қаракөз балаларымыздың түп-тамыры ауылда екенін сезінсе ғой деймін.
Қазаққа төрт түліктің ішінде ең жақыны жылқы малы ғой. Жылқының тек соғым екенін білумен шектелмеуі керек бүгінгі қазақ баласы. Жылқы деген қазақтың жанына жан бітіретін, жігеріне жігер қосатын, санасын сақайтып, адамның сергек болуына септесетін жігіттің жақын серігі. Біздің батырлар жырындағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, ертегідегі Ер Төстіктің Шалқұйрығы тегіннен-тегін батырға қоса аталмайды. Арманға қанат бітіру үшін айтылады. Соларға қызығып өскен бала тегін болмаса керек. Сол бала кезінде оқып-сүйсінген қиялындағы сəйгүлігін өзі де түбі жаратып шығады. Мұндай жігіттер қазақта аз емес, Құдайға шүкір.
Қазіргі тəуелсіз елдің шекарасын батыр бабаларымыз тұлпарының тұяғымен сызып берген. Бүгінгі балдырғандар соны бүкіл жан-жүрегімен сезіне алса ғой дейсің. Сондықтан оны сақтап қалуда да жылқы малы сырт қалмауы керек. Жылқыға жақын болсаң ұлтқа деген махаббатың артады. Кез келген істі адам өзі бастауы керек, ұлым мен қызымды да соған тəрбиелеп жатырмын. Жылқыға деген махаббат қанында болғаннан кейін 6 жасар ұлым да, 3 жарым жасар қызым да жылқы десе, тұра шабады. Екеуін де аттың үстінде тəрбиелеп жатырмын десем болады.
Қазақтың байлығы – тілінде. Қазақ тілі секілді бай тіл ешбір елде жоқ. Сол себепті, бүгінгі арманшыл жастар да ең əуелі тілімізге деген құрметін түзесе деймін. Əрине, ол үшін көркем əдебиетті көп оқу керек екені баса айтылады. Біздің əдеби мұрамыз өте бай, сол байлықты игеру керек балдырғандарымыз. Қазақ тіліне бекем болса ешқашан ұтылмайды. Əр қазақтың баласы қазақ тілінің мерейі үшін қызмет қылса деймін.