Бәйге
Ел арасында сақталған шежіре мәліметі бойынша, аты аңызға айналған Шыңғысұлы Жақайымнан Ағыс, Көгіс, Ақбура, Тоқбура есімді төрт бала туыпты. Біздің арғы атамыз Әбілхайыр хан, Сартай билермен үзеңгілес болған Бәйімбет батыр Көгісұлы 1750 жылы 5 қыркүйекте, 50 жасында шахид кешкен.
Нұралы ханның жанында жүрген поручик Ригельманның 1750 жылы, 7 қыркүйекте Ресей шенділеріне жасаған хабарламасында, Орынборға берген мәліметінде осылай деп көрсетілген. Сол Бәйімбет шалдың Бадық деген баласынан Дүйсем, Сәйке, Құрмансейіт. Дүйсемнен есептегенде Нұрғамамбет шайырмен біздің арамыз сегіз ата жер екен (Дүйсем – Қасай – Айбас – Жабай – Бөлебай – Қосжан – Аманша – Нұрмағамбет). Оны несіне тәптіштеп отыр дейсіз ғой?
Нұрмағамбеттің «Сартай» дастанының қолжазба нұсқалары ел арасына тарыдай шашырап кеткендіктен, қай қолжазба болсын, бас-аяғы бүтін емес. Сондықтан 28 жыл бойы (1992–2020) осы «Сартай» жырының нұсқаларын Арал, Қазалы өңіріндегі білгір дерек берушілерден жинап, құрастырып, барынша толық нұсқа жасауға әрекет етіп келемін. Жақында соның бас-аяғын күрмеген сияқтымын.
Кезінде осы талапты іске асыру үшін Әбілхан Маханов, Нұғыман Дүзкеев, Қарман Сұлтаев, Әлімжан Суханберлиндерден алынған шағын қолжазбалар мен қосымша деректерді, негізінен, Берекет Омаров, Сағат Ахметов, Әбділда Махамбетовтен қалған көлемді нұсқалармен толықтырып, Игісін Ақтөреев (Игісін Ақтөреев сақтаған нұсқа. Қосжанұлы Н. Сартай батыр / Құраст. Ө. Жолымбетов. Алматы: Санат, 1998. – 128 б.), Кермеқас-Есенбай (Кермеқас пен Есенбай сақтаған нұсқа. Қосжанұлы Н. Сартай батыр / Ж. Кеңесов. Сартай батыр. Монография. Алматы: Дала, 2011. – 248 б.), Өмірзақ Қайыңбаев, Бекұзақ Тәңірбергеновтер сақтаған нұсқалармен салыстыра отырып, біріктіріп, жиынтық нұсқа жасадым. Жыр мәтіні Нұрмағамбет Қосжановқа тиесілі болғандықтан, бұл жерде «нұсқа» сөзі шартты екенін ескеру қажет. Бұл сөзді біз орындаушылық интерпретация – жанды орындау кезінде авторлық мәтіннен алшақ кетіп жататын, жырлау кезінде болатын ірілі-ұсақты ауыс-түйіс мағынасында қолданамыз.
Әзіргі жырдан үзінді оқи отырыңыздар.
Берік Жүсіп,
Фольклортанушы
Бәйге
(«Сартай» дастанынан үзінді)
Әлқисса, «Бержан ақын жиылған топқа осылай түсіндірді. Көпшілік қабыл алып, уәдені бекітіп, Керенау деген кезеңнен, Үшарна деген өзеннен кездесетін болып, бата қылды. Енді атшабар мерекеге даярланды. Қаракесек, Байұлынан 704 ат қосылды. Олардың ішінде Ақжелең, Тауқара, Жасылтас, Бурыл тұлпар бар. Тоғашы аттарды күн жарымдық жерге айдады. Мынау халықтың бәйге аттарын күтіп тұрған жері екен».
Бәйімбет менің атым Нұрмағамбет,
Отырмын бұл тарихқа қалам сермеп.
Көзімен соның бәрін көрген жан жоқ,
Жалғасып бірден-бірге қалған бұл кеп.
Жаңғыртып үшбу сөзді жазып тұрмын,
Тұрған соң қатардағы халқым шөлдеп.
Шайырлар сөз егесі өтіп кетті,
Шағында тіршіліктің етіп еңбек.
Фәниден бақи жайға көшті бір күн,
Халқына заманында болып ермек.
Нұсқасын қара сөзбен әркім айтар,
Өлеңмен кім береді сөзге өрнек?
Жүйрік бар алуан-алуан заманында,
Әрқайсы уақытымен келер терлеп.
Аруағын ата-баба хатқа жаздым,
Қолға алып қаламымды «Тәуекел!» деп.
Заманда жағдайсыздау жазып тұрмын,
Әрине, ешкім айтпас артық-кем деп.
Аруағын ата-баба сыйлағандар,
Еңбекті есебіне алсын серлеп.
Құмартқан сөзді тыңда, көп әлеумет,
Кешегі құмар болсаң атты көрмек.
Шаң шықты сәске түсте Арқа жақтан,
Будақтап борасыны аспанға өрлеп.
Аблығып ат қосқандар қарап тұрды,
«Иә, Құдай, өзің атты қолдай гөр!» деп.
Үш арыс қазақ болып ат қосқан соң,
Олжа емес, тек атағы бұрын келмек.
Шаңқайып шағаладай шаң астынан,
Ақжелең келе жатыр көлденеңдеп.
Қайрылмай қарақшыға өте шықты,
Жануар, жері толмай, сулығын жеп.
«Ақжелең – орта жүздің тұлпары!» деп,
Жаңғырды дабысына жер менен көк.
Ақжелең алдыменен келді тасып,
Ақ көбік омырауынан отын шашып.
Сартайдың Шалқасқасы ол да келді,
Жануар, Ақжелеңнің ізін басып.
«Ат шаппайды, бақ шабады» деген ғой» деп,
Көп халық тұрды біраз жабырласып.
Жас бала Шалқасқаның үстіндегі,
Әл бермей кетті басын алып қашып.
Аттыға күн жарымдық жері толмай,
Оралды қара көрім жерден асып.
Жетіру Жағалбайлы, Тама, Табын,
Тамадан Бажық қосқан арғымағын.
Шүйіліп лашындай келді жетіп,
Төгілтіп жібектей-ақ құйрық-жалын.
Табыннан Асау, Барақ Ақжал аты,
Боратты төртінші боп жердің шаңын.
Санатып келген аттар өтіп жатыр,
Қоздырып ата-баба аруағын.
Белсеніп бесінші боп өте шықты,
Теңбіл ат Бәйімбетте Тойқожаның.
Екі ру Айттан туған Тілеу, Қабақ,
Қабақта Сегізбай қосқан Ақтабан ат.
Тұқымы түрікпеннің жүйрігі еді,
Назбедеу жеті жасар, алма сағақ.
Байбақты Сырым бидің Шабдары мен,
Ақтабан айластай-ақ келді қабат.
Төртқара Сексен деген тайпасынан,
Сегізінші Дула қосқан келді Ақшабақ.
Шөмекей Елеместің Тарлан аты,
Жылқы еді топтан озған бір зәнталақ.
Аударып қара жердің топырағын,
Келеді артқа тастап табақ-табақ.
Аталған алпыс атқа ауыр бәйгі,
Тоғызын біз келтірдік қазір санап.
Оныншы Қаракесек батыр Ақтан,
Ақтанның Бозмойнағы келе жатқан.
Үшінші, иә төртінші болар еді,
Жануар, сейісі нашар, ақтай қатқан.
Бусанған жаңа ғана омырауы,
Қолтықтан, тебінгілік жұқа шаптан.
Елінен Асан, Үсен Ерназардың
Торытөбел келді жетіп көбік атқан.
Жиеней, Жолшарадан Ашабай би
Кертайлақ деген атын тәуір баққан.
Тізіліп Торытөбелге ол да келді,
Арасы қашық емес балта саптан.
Күлігі Айдарбектің Сары бидің,
Келді аты Қарақұйрық көлбей шапқан.
Тілеуде Тәңірберген қосқан Құла,
Келеді жұмаланып топтан шыға.
Түйдектеп Құла шауып өткен кезде,
Әлеумет «Жүйрік екен, – деді, – бұ да!».
Тауқара, Төле бидің Бурылы мен
Жасылтас бұл үшеуі келді мына.
Білгенім алдыңғыдан осы он жеті ат,
Қалғаның білгің келсе өзің сұра.
Анығын білмегенді айту қиын,
Әрине, қиын емес үлкен күнә.
Алпыс ат аты шулы бәйгіні алды,
Бір жақтан күреске де палуан шыға.
Нұрмағамбет Қосжанов,