Жылқыға қатысты мақал-мәтелдер

193877

Жігітте де жігіт бар,
азаматы бір бөлек,
Жылқыда да жылқы бар,
қазанаты бір бөлек

Арыстан — аң патшасы,
Жылқы — мал патшасы

Ер қанаты — ат

Атың барда жер таны желіп жүріп,
Асың барда ел таны беріп жүріп.

Жылқының үсті жел, сүті ем

Ат айналып қазығын табады.
Ер айналып елін табады.

Ат аунаған жерде түк қалады

Жылқы – малдың патшасы,
Түйе – малдың қасқасы.

Ат ұстаған азабынан құтылады

Аттылы ақысын жаяуға жібермес

Аттының несібі алтау

Сауын саусаң, бие сау –
боз қырау түспей суалмас.

Жігіттің сорлысын –
аттың жолдысы теңейді

Ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр

Жақсы ат – жанға серік,
Жақсы ит малға серік.

Тағаны шеге сақтайды.
Таға жүйрікті сақтайды.
Жүйрік жігітті сақтайды,
жігіт елін сақтайды.

Арытам десең суға сал,
болдыртам десең құмға сал

Шабар аттың тоғы игі

Аттың сыры иесіне мәлім

Бестіні бетінен сақта

Алуан-алуан жүйрік бар,
әліне қарай шабады.

Жылқының бәрі жүйрік емес,
адамның бәрі бапкер емес.

Ұстараның жүзінде жүгіреді

Ат шаппайды, бап шабады

Айғыр үнді, құлын жүнді

Жақсы ердің келген жасын сұрама,
жақсы аттың тісін ашып қарама

Ат үйірін сағынса артқы аяғын қағынар.
Ер үйрін сағынса айыл-тұрман тағынар

Бота көздің мыңынан бірі жүйрік,
шошқа көздің бәрі жүйрік

Жүйрікте сын болмайды

Құлын жатырына,
бала нағашысына тартады

Айғыр үнді келеді,
құлын жүнді келеді

Айғыр алмауыт болмай атқа жарамайсың

Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады

Жүйрік аттың бәйгесі, көптікі

«Ат сатқан байымайды,
атты сатып алған байиды»

Жылқы өсерде айғыр үйiрсек,
ел өсерде жiгiт үйiрсек

Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.

Жақсы атын мақтар,
Жаман қатынын мақтар.

Жақсы аттың тісін ашпа,
Жақсы адамның жасын сұрама.

Жақсы аттың жалын сатқанша,
Жақсы жігіттің арын сақта.

Жақсы аттың терісі,
Қайыс болар, көн болмас.
Жақсы адамның баласы,
Ғарып болар, құл болмас.

Жақсы аттың артынан құнан ереді,
Жақсы жігіттің артынан ұлан ереді.

Жақсы аттың жал-құйрығы,
Әрі жібек, әрі қыл.
Жақсы жігіттің белгісі,
Түзде мырза, үйде құл.

Жақсы жігіт ат қарыз алады,
Жаман жігіт ет қарыз алады.

Жақсы аттан жал кетсе де,
Әл кетпейді.

Жақсы аттан жығылса,
Жаман табашыға тұрады.

Жақсы атты күдірде сына.

Жақсы айғыр бастауық болады,
Текті айғыр жеңімпаз болады.

Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас,
Батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас.

Жақсы айғыр кіндікті келеді,
Бөкселі айғыр бауырлы келеді.

Жақсы бала қонаққа үйір,
Жақсы тай атқа үйір.

Жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі.

Жақсы би жақынына тартпайды,
Жақсы айғыр жатырына шаппайды.

Жақсыда мін жоқ,
Жүйрікте сын жоқ.

Жақсыдан жаман туады,
Жүйріктен шабан туады.

Жалғыз бие саба болмас,
Жалғыз ағаш пана болмас.

Жалғыз аттың пайдасы көп,
Жалғыз жігіттің айласы көп.

Жаңбыр – көктің ырысы,
Қымыз – көптің ырысы.

Жарлы болатын жігіт байталын атқа сатады,
Жалғыз болатын жігіт ағайынды жатқа сатады.

Жорға жүрісінен пұл болады,
Жаман жүрісінен құл болады.

Жорға жазда өлер, мырза қыста өлер.

Жомарт жоқтығын білдірмейді,
Жүйрік ат тоқтығын білдірмейді.

Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы.

Жақсы ат алдынан сүрінбейді, артынан сүрінеді.

Тай атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер.

Теңге тиыннан өсер,
Жылқы құлыннан өсер.

Жолға салсаң — жорға,
Жонға салсаң — жүйрік.

Атының сыры иесіне мәлім.

Алдыңғы айылдың батқанын,
Иесі білмес ат білер.
Азаматтың қадірін
ағайын білмес жат білер

Арық атқа қамшы ауыр.

Құрастырған Жаубай Ержан  (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.