Еділ АНЫҚБАЙ. Торытөбел

7291

(Әңгіме)

Ерте көктемде жылқы түгендеп келген әкем үйге көңілді кірді: — Балам, Түйеторы құлындады. Үш аяғы ала, төбелі бар екен. Ат болатын құлын! Саған бәсіре атадым-деді.

   Сол күннен бастап, менен маза кетті. Торытөбелді көруге асықтым. Құмартқанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Таң атса, кеш батпайды.  Наурыздың басынан  Ақтастыдағы  Мешітсайға қонып, бие байлағанға дейінгі мамыр  өте ұзақ уақыт болып көрініп еді. Маған уақыт тоқтап қалғандай сезілген-ді.

    Көзімді жұмып алып, бала қиялдың  жетегінде кетемін-ау бір… Мініп алып, шауып бара жатамын… Басқа балалармен, ағаларыммен жарысамын… Ағаларымның бәсіре аттары бар: үлкен ағамда- Қарақасқа, ортаншы ағамда-Сарыгүл, кіші ағамда – Тапалторы, әкемнің әркезде мінетін бірнеше аты бар-ды: жоқ іздегенде Дәуқасқаны мінеді, жылқы түгендегенде Құлайғырды, көшкенде Көкжорғаны  деген сияқты…  Мен ғана жеке  атқа мінбейтін… Әкем мінгестіріп алатын. Әрине, жоқтықтан емес, құлап, мертігіп қалмасын деген сақтықтан ғой.

Әкемнің торытөбелді бәсіре атағаны төбемді көкке бір елі ғана жеткізбеген еді. Жүн түтіп, жіп иіріп, сиыр сауып, нан жауып, т.с.с. бітпейтін шаруадағы шешемнің қасынан қалмай, қиялымды айта жүремін…  Анам жарықтық, ой, менің балам, өйтеді, иә, менің балам  бүйтеді деп, қостап,  қиялымды одан әрі ұштап, арманымды одан әрі биікке жетелеуші еді…

   Жазықтан көктеуге, Ақтастының жайлауы пісіп-жетілгенше мамырдан маусымға дейін, бір жарым ай шамасында Мешітсайға келіп қоныстайтынбыз. Көптен күткен, аңсаған уақыт та келіп жетті-ау. Мешітсайға үй тігілген ертесі күні сауын биелерді айдап келді. Екі үйірде алпысқа жуық құлын бар және  құлындардың көбісі біріне-бірі ұқсайды. Тап басып таба алар емеспін. Әкемнен сұрайтындай емес. Үлкендер жағы құлындарға құрық салып, ноқталап әлек. Ондай кезде қалауың жүрмейді. Қанша жерден еркелетсе де, сөз естіп қалатынымды сеземін, сезген соң үндемеймін. Ересек ағаларым, атпен үйірді қайырып,  қақпалап,   у да шу. Ойын баласы – біздер  үшін нағыз мереке осы. Небір қашаған, әккі биелер құлындарын ертіп, қайыру бермей, жеке қашқанға біз мәз боламыз,қаша түссе екен деймін, іштей… Үлкендер жағы оларға ұрсып, боқтап, құрықпен сабап, жанын шығарып, үйірге қайта қайырып, қойшы, не керек, түске дейін-ақ екі биебауды толтырып  бітірді. Ерте туып, ересек болып кеткен құлындар небір мінез танытып, аспанға шапшып, шыңғырып, ноқтаға көнбей, биебауда  оралып, кейде мойнын созып алатын жағдайлар да кездеседі.

    Ерте көктемде туған торытөбел де біраз есейіп қалған. Енесі өте жуас, мінгі бие болғандықтан, менің бәсіремді ұстау өте қиын болған жоқ. Ол да біраз мінез танытты. Аспанға шапшыды, тулады, бірақ қарулы қолдар қойсын ба, ноқталап, биебауға байлады да тастады. Сырттай иемденіп, небір қиялға беріліп жүрген мен оған  мүлде жақындай алмадым. Ол күні ғана емес, алажаздай жақындауға шамам келмеді. Ересек тартып, уызға қанып, семіріп, тайдай болып алған торытөбелдің  жуасуы өте қиынға соқты. Әкем, тортөбелдің мінезін енесіне емес, айғырына тартқан екен деп қоятын. Бұрын көруді армандап едім, енді тай болуын, мінуді қиялдайтын болдым.

Арманды арман жетелеп, балаң қиялды уақыт алға оздырып, тортөбел де тай болды-ау. Жаз жайлауда ортаншы ағам тортөбелді үйретті.  Езуін қанатып, бас білгізіп, әбден жуасытқаннан кейін ғана бұт арттым. Сол жылы жаздай ермегім, Торытөбел болды. Күнде таңертең биебауға келісімен жем, қант беріп, қолға әбден үйреттім. Үйге өзі келетін болды. Ертеден қара кешке дейін тортөбелден түспеймін және ақырын жүрмеймін. Көппарға да ілестім, шопандардың тойына да бардым, балалармен жайлау аралап, шың-құзға түстім. Бірде бір рет болдырған емес, жолда қалдырған емес. Тай тұрмақ құр аттардың болдырып қалғанын көрдім, тортөбел бірде бір рет талған емес, жарыстан қалған емес. Әкем жарықтық та Торытөбелге таңырқайтын. Осы торыдан шығады, не шықса да деп қоятын.  Тайында, құнанында Торытөбелімді құмарым қанғанша міндім. Қаншама рет құладым. Ат жалын төсейді дейді ғой. Торытөбелден қанша құласам да, еш жерім ауырған емес. Үйден шыға салып, тұра шабам деп ойлап, тебініп қалғанда, астымдағы тайым алдыға ұмтылып барып тұра қалатын әдет пайда болған-ды. Бастапқыда басынан асып кетіп, құлап жүрдім және алдымда айдап бара жатқан мал кілт бұрылса, дәл сол екпінмен торының да бұрылатыны бар еді. Оқыс қимылдан ауып түсіп қалған кез аз болған жоқ.  Дөненінен бастап, қызығын ағаларым көрді. Мен жай уақытта болмаса, топтың ішінде басына ие бола алмайтын болдым, шамам жетпейтін еді.. Біз жақта ұзақ көкпар тартады. Бестісінен көкпардың алдын бермеді. Ұзақ  көкпарға белді де жүйріктер ғана шыдас береді. Қас қарая бере талай көкпар Тәкеңнің тақымында кетіп жүріпті. Көзіммен көрмесем де, әкемнің, ағаларымның, ауылдың әңгімесінен естіп қалатынмын. Үйде отырғанда әңгіменің көбі Торытөбел туралы болатын.  Әңгімеге араласпасам да, айта түссе кекен деп, екі танауым елпілдеп, мақтанып отырушы едім.    Өкініштісі, алты жасқа шыққан көктемде Торытөбел қолды болды. Көрдім, білдім деген жан болмады, ұшты-күйлі жоқ. Ол кезде мен де бірінші сыныпты бітіруге таяп қалып едім. Биыл Торытөбеліме өзім мінемін деген, арман-қиялым көкке ұшқандай болды. Ай бойы таба алмаған әкем жарықтық ауылға арнайы келіп, атымның жоғалғанын, орнына ақпа Қаражорға құлын дайындап қойғанын айтып кетіп еді. Құлынында қара болған, кейін, көк, есейе келе бозға айналды. Көкжорға атанды. Мұның да  өз қызығы жетерлік, бірақ, Торытөбелдей бола алмады. Сондықтан да Торытөбелім есімнен шықпайды…

  Одан бері де қырық жылға таяп қалыпты. Торытөбелімнің шабысындай уақыт неткен жылдам едің… Таң атады, кеш батады. Зулаған өмір…

Edil AnykbaiЕділ Анықбай, журналист-жазушы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.