«Астана» көкпар командасы жекеменшікке сатылды
Елорда әкімдігіне қарасты «Астана» көкпар клубы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны жекеменшікке сатылды.
Голландиялық әдіспен аукционға шығарылған клубтың меншігінде асыл тұқымды 11 ат, қызметтік көліктер мен ат әбзелдері болған. Соның барлығын «құпия адам» бар болғаны 198 мың 700 теңгеге сатып алыпты. Таңғаларлық аукционның өткенін тіпті клуб басшылығы да білмей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» көкпар клубы» МКҚК директорының орынбасары аталған мәліметті растады. Дегенмен, қандай да бір түсініктеме беруден бас тартады.
Есесіне, осы спорт клубына өз нысандарын жалға беріп келген «Тұлпар» ат спорты клубы директорының орынбасары Болат Шалабаев аукционның өткенін де, спорт клубының адам сенгісіз арзан бағаға сатылып кеткенін де айтып берді.
«Міне, үш күн болды. Астанадағы коммуналдық мүлік пен мемлекеттік сатып алулар басқармасы ат спорты клубын аукционға салып, сатып жіберіпті. Үш аукцион өткен. Үшіншісін голландиялық әдіспен, яғни бағаны төмендету арқылы 198 700 теңгеге белгісіз біреуге сата салыпты. Сонда бір атты 20 мың теңгеден бағалаған екен. Ал негізінде ол асыл тұқымды аттардың нарықтағы бағасы жүз есе қымбат. Біреуі 5 мың доллар тұрады. Аты тұрмақ, бір ертоқымның өзі 350 мың теңге болатын. Мұның сыртында қызметтік көліктер, құрылыс нысандары сияқты мүліктер тағы бар», — деді Болат Шалабаев.
Оның айтуынша, клубтың жылдық қаржыландыруы қомақты, сондықтан жаңа басшыға оның жұмысын жалғастыру мүлдем тиімсіз көрінуі мүмкін. Себебі бұл табыс әкелетін бизнес көзі емес.
«Біз клубты сатып алған адамды білмейміз де. Ол бізбен жұмыс істей ме, жоқ па? Ол жағы да белгісіз. Әйтсе де, жаңа қожайынға керегі жылқы, көліктер секілді материалдық нәрселер болуы да ықтимал ғой. Сонда клубтың болашағы не болады? Оны да ешкім білмейді», — дейді ол.
Ат спорты клубы оның қазіргі басшысы Аманжол Хасеновтың бастамасымен 2004 жылы Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған ат спорты түрлері мектебі ретінде ашылған. Ал 2014 жылы «Астана» көкпар клубы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнына айналды. «Тұлпар» ат спорты клубының жанында, жалға алу шартымен жұмыс істеп келді.
100 пайыз әкімдіктің қаржыландыруында болған клуб, осы уақытқа дейін 140 баланы ат спортына тегін баулып келген еді. Оның ішінде конкур, үшсайыс, сондай-ақ қыз қуу, теңге алу мен аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлері бар. Тәрбиеленушілер республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстардан бірқатар жүлделерге де ие болған. Енді, аукционның нәтижесінде балалар ат спортынсыз қалса, ондағы 30-ға жуық қызметкер жұмыстарынан айырылуы мүмкін. Олардың арасында ат спорты бойынша халықаралық шеберлер де бар.
Айта кетерлігі, «Астана» көкпар клубы жабылса, онымен бірге мектеп те жабылады. «Жарайды, бізді қойшы, «Тұлпар» ат спорты клубы өз инфрақұрылымын басқа біреуге жалға бере алады. Былай да келіп-кететін адамдар бар. Бірақ қызметкерлер далада қалады ғой. Халықаралық дәрежесі бар мамандар қайда барады? Бұл клуб басқа жеке меншік клубтар сияқты емес. Олардың барлығы тек ат мінуді ғана ұсынады. Ал «Астана» клубы жанынды тұтас бір мектеп бар, он жылдан асқан тарихы бар. Елорда бойынша жалғыз мектеп. Соны жауып тастайын деп жатыр. Біз не істей аламыз? Жарайды, ол мамандарды өзімізде қалдырып көреміз. Бірақ оларға еден жуушы мен көше сыпырушыдан басқа жұмыс табылмайды. Ат өнерінің шебері көше сыпырады деген масқара емес пе?! Ең бастысы, осы жерге келіп жүрген балаларды айтсаңшы! Олар не істейді? Компьютердің алдында отыра ма тағы? Біз оларды ұлттық болмыстан айырып жатырмыз», — дейді Б.Шалабаев.
Айтпақшы, «Тұлпар» клубының басшылығы да Астанада балалар үшін жұмыс істеп тұрған жалғыз ат спорты клубы неліктен сатылғанын білу мақсатында және аукционды заңсыз деп тану үшін прокуратура органдары мен қалалық әкімдікке хат жазған екен.
Арман Асқаров