Ыбырайахын ОМАРҰЛЫ: Бәйге атын да балаша мәпелеу керек

6607

Жүйрік атты жарату, бәйгеге қосу, тұлпар туар құлынды тап басып тану қазақ атбегілерінің байырғы өнері. Сол өнерді ұрпағына үйретіп, ата-бабасының дара жолын жалғап отырған адамдардың бірі Омаровтар әулетінің ақсақалы Ыбырайахын ата. Өткен аптада Алматы облысының Ұзынағаш ауылына жолымыз түсіп, Ыбырайахын Омарұлымен топ жарған сәйгүлік жарату және жеңісті көздеген шабандоздарды тәрбиелеу туралы әңгімесін тыңдап қайтқан едік.

— Сәйгүлік жаратып, бәйгеге қосуды қашан бастадыңыз?
— Мен 40 жыл шопыр болған адаммын. Ал жылқы өсіріп, бәйгеге қосу ата-бабамнан келе жатқан дәстүр. Кішкентайымда атамыз Қожахметтің «Аттан алыс өскен баланың бойында қазақылық болмайды» деп жүретіні есімде. Ол кісі өмір бойы аттың жалында жүріп оны баптаудың қайталанбас мәдениеті мен осы өнердің ғажайып үлгілерінің қыр-сырын жетік білген кісі болған. Оның жолын ұлы, менің әкем Омар жалғады. Ол мына партия заманында да ат жүгіртіп, ата дәстүрін сақтаумен келді. Әкемнің көзі тірісінде мен ауыл арасында шопыр болып нәпақамды тауып жүрдім, әкем жылқыларын баптап, немерелерін атқа отырғызып құмарлықтарын ашты. Содан ол кісі дүниеден қайтқаннан кейін бүкіл дүние маған қалды. Мен де өз немерелерімді қалалық мәдениетке бой ұрып, далалық салтты ұмытып кетпесін деп арнайы атқора салғыздым. Өйткені, атқа мінген бала бауырмал, ержүрек, әрі еңбекққор болып өседі. Бұл күнде арнайы бәйгеге қатыстыратын 15 шақты сәйгүлігіміз бар. Барлығы да үлкен бәйгелерден жеңіспен оралып жүр.

— Жылқыларыңызды асылдандыруды қашан бастадыңыз?
— 2000 жылдардан бастап жылқыларымды асылдандыруды қолға алдым. Алайда бұл деген қорада тұрған жылқылардың барлығы шетелден алып келінген деген сөз емес. Біз шетелден тек айғырларды алып келеміз. Сөйтеміз де оны өзіміздің биелермен будандастырып тұқым аламыз. Мысалы, күні кеше 51 километрді бағындырып, «Алтын тұлпардан» бас жүлдені жеңіп алған Жаннұр есімді 5 жасар байталды біз жараттық. Қазақи өзіміздің бие мен шетелдік айғырдың құлыны. Ал шетелдің жылқылары қанша мықты болса да 51 километрге шыдамайды. Әрі кетсе 10-15 километр жүгіреді олар. Шетелден айғыр алып келуіміздің басты себебі қан жаңарту. Қазақи жылқылардың қаны алмасқанда барып осындай жүйріктер шығады.

— Жүйрік жылқы өсірудің сыры бар ма?
— Жүйрік жылқы өсірудің сыры біреу ғана. Тек еңбек ету керек. Себебі атыңды асқақтар тұлпарды жарату бір бөлек те, оны баптау бір бөлек. Ұзақ ізденіс, үлкен еңбектің арқасында қол жеткізетін дүние бұл. Бұрын әкеміз атты терлетіп келіп, тілімен жалап көреді екен. Сонда тұзы шығып тұрса «Әй, мынаның тері дұрыс алынбапты» деп қайтадан балаларына мінгізіп жіберетін. Содан аттан тұздың дәмі кеткенше терлетіп барып қана, «Бұдан енді тұз шықпайды, бұл келеді» деп оның бәйгеге дайындығын бағалайтын. Ал қазіргі жарату бұрыңғыдай емес, қазір басқаша жаратады. Күніне атты 30 километр жүргізіп жүреді. Содан бәйге жақындаған сайын жиірек жүгіртіп, 10-15 күннің ішінде дайын қылады.

— Бәйгеге қосатын сәйгүлікті өсіру қиын емес пе?
— Жылқыны жаратқаннан кейін оған жақсылап көңіл бөлу керек. Өзім қазіргі уақытта мал шаруашылығымен айналысамын. Балаларым қызметте. Мұнда негізінен немерелерім жүреді. Уақытымен өлшеп тұрып жем-шөбін береді, тазалап, жуындырып, тарап тұрады. Бәрі уақытымен. Бұларға да балабақшадағы балаларға қарағандай қараймыз. Қазір солай бағатын болды ғой. Баяғы заманда атамыз олай істемейтін. Біздің кішкентай кезімізде. Терін алып болғаннан соң жүгенін алып айдап жбереді де, 2-3 сағаттан кейін ұстап алып, бәйгеге қоса беретін еді.

— Малды жарату бір бөлекте, оларды ұстайтын адам ғой. Шабандоздарды қалай дайындайсыздар?
— Осы атқораны салғалы сәйгүліктерімізді баптап, шабандоздарымызды Әділет Ноқатай есімді азамат жаттықтырып келеді. Қазіргі уақытта Асхат және Диас есімді екі кішкентай шабандозымыз бар. Екеуін арнайы дайындықтан өткізіп, сәйгүліктерге отырғыздық. Асхат биыл Жаннұр есімді тұлпарымызбен «Алтын тұлпардан», Диас Қыранмен «Астана жұлдызының» бас жүлдесін еншіледі. Атты асылдандырып, жарату бір бөлек те оны жаттықтыру бір бөлек. Жаттықтырушының еңбегінің арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бұл ретте шабандоздардың да еңбегі ерекше. Шындығында кез-келген бала үлкен аттың үстіне отырып шауып кете алмайды. Қазіргі технология дамыған заманда қызықты компьютер мен қолындағы ұялы телефонан табатын балаларды атқа отырғызып бәйгеден бірінші орын алу деген мүмкін емес дүние. Нағыз шабандоздар өздері бала кезден-ақ белгілі болады. Ат көрсе қызығып, келіп сипалап, мініп көргісі келіп тұрады. Тиіспе десең де атты айналып, құрамланып, атқа мініп, ол ат тіпті асауланып теуіп жатса да қорықпай, жанынан кетпейді. Ата отырайыншы, көрейінші, осыны істейінші деп тұрады. Атқұмар балалар дүниеге келгенде өздеріне сондай қасиет беріледі деп санаймын. Ол олардың басына Алла Тағаланың берген бағы. Бәйгеге қатысқан баланың рухы қашанда биік болады және ол еңбекқор болуға машықтанады. Себебі, ол мініп келген атын өзі баптап күтеді.

— Өзіңізге ерекше жақын тұлпарыңызды көрсетесіз бе?
— Жылқы шамамен 30 жасқа дейін өмір сүреді. Аяғынан қалып, бір жері кемтар болып қалмаса бәйгеге қатысып, жүгіре береді. Мына жайылып жүргендер Қазақстандағы ертеден тарихы мен дәстүрі бар атақты «Дегерес» жылқы зауытының тұқымдары. Шетелден алып келген айғырларды осыларға қосып, құлындарын алып, өсіріп, бәйгеге қосып жүгіртеміз. Қазір жүгіртіп жатқандарымыздың барлығы өзіміздің «Дегерес» тұқымдары. Мына биелердің ішінде 21-22-ге келгендері бар. Шөп-жемі жақсы болса аса қартаймайды, құлын бере береді. Өзіме мына қарагер бие ең ыстық. Осы іске кіріскелі ең алғаш жүгірткен бием болатын. Талдықорғанда өткен бәйгеден «Нива» көлігін ұтып алған.

— Сәйгүліктеріңізді саудаға саласыз ба?
— Жылқыларымызды саудаға салмаймыз. Шетелден айғыр алып келіп, олардан құлын алып, бәйгеге қосуымның басты себебі балаларым атқұмар. Солар үшін, ата кәсібіміз үзілмесін деп жылқыны қолға алғанмын. Жалпы өзіміз бір атадан 150 үй бармыз. Соның 30 шақтысында шаруақожалығы бар, малмен айналысады. Өзім бар, солардың балалары бар, барлығымыз осы қораны көтеріп, әулетіміздің атағы үшін осы кәсіпті нәсіп етіп келеміз.

ainur-maratАйнұр Марат
Baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.