Көкпардың түрлері және көкпар аты мен әбзелдері

18564

Көкпар – көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері. Аталмыш ойынның шығу төркіні жайлы зерттеушілер, «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезінде «дербес жасақты» осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған» дейді.
Расында, көшпелілердің өмір сүру салтында, жауынгерлік өнердің маңызы зор. Ат үсті сайыста дайындықсыз сарбаз ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы әскери-жауынгерлік дайындыққа мән берген. Айталық, ертеде қырғын шайқас үстінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін, оның денесін іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Немесе жаудың тақымға басқан жау-жарағын тартып алып, оны қарусыздандыру қажет. Бұндай іс көкпар тартып әбден машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Демек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер.
Бізге белгілі көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, өлмес көкпар, тақым тартыс, т.б. Сондай-ақ, көкпардың аталған түрлеріне қатысты жеке-жеке ережелері болған немесе көкпаршылар ойын үстінде жағдайға қарай келісіп алатын да үрдіс бар. Бірақ бұл біртекті емес үрдіс, әр өлкеде әрқилы түрлері кездесе береді. Мысалы, жаппай тартуды алатын болсақ: бұл ойын түрінде кәрі-жас, үлкен-кіші дейтін шектеу жоқ. Барлық адам қатысатын болғандықтан жоғарыдағыдай атауға ие. Көкпаршылардың тақым күшін, ептілігін, қол қайратын талап ететін бұл көкпардың ерекшелігі барлық өңірге тән екендігінде.

Ұтысып тарту. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі жақтан бір-бір адам шығып көкпарды тартады. Көкпардан айырылғаны немесе ұтылған адам ойыннан шығады. Кей жағдайда өзіне сенген көкпаршы қарсыластарын жеке-жеке сайысқа шақырып, бір өзі бәрін жеңіп ойыннан шығарып тастайтын кездері болған. Нәтижесінде, қарымы мықты, күшіне аты сай жігіт іріктеліп жеңіске жетеді.

Айналма көкпар. Бұны кей өңірлерде шауып тарту деп те атайды. Ойыншылар көкпарды нақты межеленген жерге (ауылға, жеке үйге, нысаналы орынға, т.б.) жеткізіп тастауы керек. Екінші жақ оларды жібермей қарсылық көрсетеді. Қарсыластарынан айласын асырып, нысанаға көкпарды апарып тастаған адам сыйлыққа ие болады.

Мәре көкпар. Ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық белгілеп, қай жеңгені көкпарды сол қазандыққа салып ұпай жинайды. Осылай межеленген уақытта қай топ көп ұпай жинайды солар жеңіске жетеді. Қазіргі таңда, еліміз көкпаршылары осы мәре көкпар түрінен сайысуда.
Жалпы, көкпар ойыны топтасқан жігіттердің (команданың) бірлігі мен ептілігін қажет етеді. Ертеректе көкпаршылар ауыл, ата, ру болып топтасып, екінші ру, ата, ауылдың азаматтарымен сайысатын болған. Рудың азаматтары қарсыластарынан жеңіліп қалмау үшін әркез дайындықта, үнемі машық жасайтын болған. Қазақта «Көкпар тартқандікі, қоян қаққандікі» деп тегін айтылмаған.

Дода көкпар. Жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын мұндай тартуға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде бұл түрді «марта тарту» деп те атайды. Көкпар тартысу үшін әуелі мықты ат керек.

Көкпардың аты

Көкпар аттары екіге бөлінеді. Жазда, құмда шабылатын және қыста шабылатын. Кейінгі кезде, көбінесе, соңғы мезгілі дұрыс деп табылып жүр. Себебі, тойдың көбі күзде, қыста, ел адамдарының қолы босап, жер кеңігенде өтеді. Яғни, көкпаршы жігіттердің білек қарымының сыртында астындағы аты өте көп рөл ойнайды. Көкпарға мінетін аттың ерекшелігі: еті мығым, сүйегі мықты, кеуделі, омыраулы, екпіні қатты, жылдам һәм жүйрік, көкпарды жерден іліп алуға икемделгіш, ақылды, текті жылқы таңдап алынады. Жануарды (жылқыны) көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді және көкпардың алдында етін қатырып жаратады. Семіз немесе арық ат көкпарға жарамайды. Семіз жылқы додаға түскенде қызылмайланып, еті жінігіп кетеді де, алқынып тұрып қалады. Арық ат тез болдырады.

Көкпар атына қызбел, желбегей, қапшық жүйріктерді таңдайды. Әсіресе қызбел жүйріктер қазіргі таңдағы спорттық көкпарға таптырмайтын жылқы. Желбегей және қапшық жүйріктердің мінезі алаң, ұшқалақтау әрі топ жарғыш болатындықтан бұларды жаппай көкпарға салуға оңтайлы. Топ жарғыш жылқының сипаты: еріндерінің еті қалың, салпы, маңдай сүйегі шобырлау біткен, кеңсірігінің шеміршек сүйегі қатты болады.

* * *

Көкпар атының сынын білетін атбегілер жылқының жалпы сипатына қарап: салым аты және сайыс аты деп бөледі.
Салым атының сипаты.
Қаршыға төс, қайқы бел, тұрған орнынан атыла шабатын ұшпа, ұрыншақ, аса шапшаң, жүйрік келеді.
Сайыс атының сипаты.
Бұқа мойын, омыраулы, сіңірлі, бура сан, астау бас, мінезі долы, топ жарғыш келеді. Сайыс атына суық райлы аймақта туған, терісі қалың, тау жылқысы ыңғайлы болады.

* * *

Көкпар атының негізгі ерекшелігі жүрегі жақсы болуы шарт.
Жүрегі жақсы жылқы додаға қорықпай кіре алады және тау-тас, күдір жерлерден іркілмей шабады.
Жүрегі жақсы жылқының сипаты.
Көз шарасы қарақызыл немесе күрең түсті болып келеді. Құлақ түбі қалың етті, денесі қызған сайын қуаты артады.

* * *

Одан кейін көкпар атына тән сипат икемді әрі жылдам болуы керек. Икемді әрі жылдам жылқының сипаты. Терісі жұқа әрі кең, мол пішілген шапан сияқты көлбірлеу  болады.

* * *

Келесі шарт – көкпар аты ақылды болуы қажет. Яғни, ақылды жылқы көкпаршының тақымы арқылы маневр жасап, жеңіске жетелейді.
Ақылды жылқының сипаты.
Жылқының ақыл-сезімінің деңгейін білу үшін оның байлаулы тұрған жеріне  келіп әсем әуезді үнді адам қаттырақ сөйлейді. Әуезді сөзді тыңдаған жылқы дүркін-дүркін есінейтін болса, бұл көкпардың әдіс-тәсіліне тез үйренетін ақылды жануар болғаны.

* * *

Көкпар жылқыларының дені айғыр болады. Айғырдан басқа жылқы түлігі дода-дуды жарып кіре алмайды, кіргеннің өзінде ұзақ тартысқа шыдас бермейді. Сондықтан тәжірибелі ат бапкерлері көкпарға айғырды таңдайды.

Көкпарға лайық айғырдың сипаты.
Мінезі кең, басы етсіз, қамыс, мүкіс құлақ, салпы ерін, түйе тіс, кірпік-қасы, құйрық-жалы, кекілі мол, кеудесі кең, жүндес, бүкіштеу, шоқтығы биік, мықыны тар, жаясы жалпақ, бауыры жазық, қабырғалы (артынан қарағанда, қабырғаның қанатын жая жауып қалмай толық көрініп тұруы керек), бауыры жазық, жоны тартық болады. Төрт аяғы тең (маймақ емес), жерге қаққан қазықтай нық басуы шарт. Жіліншіктің сіңірлері білеуленіп, бөлектеніп тұрады. Бақайы қысқа, алдыңғы аяқтарының бақайы артқы бақайынан тұрқы сәл ұзындау, тұяғы жұмыр әрі берік, жерсоғары қалың, шашалы келеді. Кісінегенде арқырап кісінейді.

* * *

Көкпар атының тұяғы өте берік әрі қуатты болғаны абзал. Сондықтан да көкпар атын таңдағанда оның тұяғына көп мән беріледі.  Көкпар атының тұяқ сипаты. Тұяқ мүйізі қалың, өкше жағы биік, тұяғы құланның тұяғы сияқты қатты әрі әдемі, тағалық қаратырнағы өткір болғаны абзал. Бұндай жылқының табан-тұяғы қызбайды, аяқ тастасы өте жылдам болады.

Көкпар атының жабдықтары 

Eр, жүген, қысқа тоқым, ішпек-терлік, желдік  немесе қаптал қабат, үзеңгі бау, үзеңгі, тарпа-айыл (қажет жағдайда өмілдірік пен құйысқан) жатады.
1. Ер. Көкпар атының ерін әсемдеп металл бұйымдармен сәндемейді. Салмағы да ауыр болмағаны дұрыс. Қапталы кең, аттың арқасына нық түсуі қажет. Аттың арқасын нық ұстаған қаптал көкпаршы еңкейгенде ерді аудармайды.
2. Ердің алдыңғы қасы. Көкпаршы еңкейгенде екінші қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстайды, себебі, жердегі серкені ілгеннен кейін қайта көтеріліп, атқа отыруға бұл әдіс қолайлы. Сондықтан, көкпар ерінің алдыңғы қасы қолмен қысып ұстауға ыңғайлы, әрі берік болғаны абзал, сондай-ақ, тартыс кезінде көкпаршының кіндігінен тіреп кедергі келтіретіндей тік емес, жатаған иінді келеді.
3. Ердің артқы қасы. Көкпар атына тиесілі ердің артқы қасы мен құйрықбасары тұтасқан жалпақ әрі көтеріңкі болады. Себебі, жалпақ ер нық отыруға қолайлы болса, көтеріңкі қасы көкпаршы еңкейгенде ер үстіндегі аяғын орай тіреп алуына мүмкіндік жасайды.
4. Желдік немесе қаптал қабат. Бұл түтіліп кетпейтін пысқан киізден жасалады. Сырты жұмсақ былғарымен қапталады. Желдіктің міндеті – ердің қапталын аттың арқасына батырмайды және қысқа тоқымға жабысып ерді нық ұстайды.
5. Қысқа тоқым. Көкпар атының тоқымы тартыс кезінде аяққа оратылып кедергі келтірмес үшін қысқа жасалады. Қалың киізден пішіп алып, шетін жұмсақ былғарымен сырып тігеді. Аттың арқасына батпайтын жайлы болмағы абзал.
6. Үзеңгі бау. Берік заттан (қайыс, жіп, т.б) жасалады. Үзенгі баудың үшына үзеңгі орналасады.
7. Тартпа-айыл. Міндеті аттың үстіндегі ерді аудармай ұстап тұрады. Айыл үстіңгі доғаға бекітіліп, астыңғы доға арқылы сыртқы тартпаға жалғасып тартылады.
8. Жүген. Көкпар атының жүгені жеңіл әрі өте берік болуы қажет. Жүгенде шылбыр болмайды, тек тізгін арқылы басқарылады. Сондай-ақ, жүгеннің құрамында: кеңсірік, ауыздық, жақтау, сағалдырық, желкелік, сулық бар.

beken-khairatБекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.