Ұлттық ат спортынан ел чемпионаты аяқталды

4161

Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы атшабарда Ұлттық спорт түрлерінен өткен биылғы жылғы жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Көкпардан ХІІІ, аударыспақтан ХІІІ, теңге ілуден ХІ, жамбы атудан ІІІ мәрте ұйымдастырылған бұл чемпионатқа 1996-1999 жылы туған жастарымыз қатысып, апта бойы бәсеке көрігін қыздырды.

Сәуірдің 9-15 жылдығы аралығында өткен биылғы елішілік жастар чемпионатына 12 команда ғана қатысты. Дәстүрлі бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Г.Қайнарбеков ұлттық спортымызды ұлықтап, жалпыхалықтық деңгейге жеткізу, жастарымыздың қызығушылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келе, додаға қатысар жастарға сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов ұлттық ойындарымызды жандандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді. Ал, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Р.Сәттібаев халқымыздың тектілігін танытып, болмысын ашатын спорттың бұл түріне қызығушылықтың Әулиеата өңірінде әу бастан жоғары екендігін, сол себепті чемпионаттың Жамбыл облысында өткізілуі тектен-тек еместігін айтып өтті.
Былтырғы жылдың қазан айында Ақтөбеде өткен жастар бәсекесіндегідей биылғы чемпионатты да жас көкпаршылар бастады. Көкпар ойынында серке жаңа ережеге сәйкес биыл екінші мәрте шеңберге тасталды. Б.Момышұлы атындағы атшабардағы көкпар ойынында алғашқы болып Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының құрамасы кездесті. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алматылық тас тақым шабандоздар басымдық танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген Алматы облысының жастар құрамасы 8:1 есебімен жеңіске жетті. Қызылорда мен Ақмола облыстары командаларының арасындағы ойын да тартысқа толы болды. Бұл ойында ақмолалық шабандоздар 2:0 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Ал, Ақтөбе облысы мен қарағандылық көкпаршылардың арасында өткен үшінші кездесуде ақтөбеліктердің мерейі үстем болып, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Келесі кезекте Павлодар облысының құрамасымен кездескен алматылық шабандоздар чемпионатқа тас-түйін дайындықпен келгендігін көрсетіп, қарсыластарын 8:0 есебімен ойсырата ұтты.
Жарыстың екінші күні ең алғашқы болып көкпар алаңына шыққан Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының көкпаршылары арасында өткен кездесу 6:1 есебімен солтүстікқазақстандықтардың пайдасына шешілді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының құрамасымен кездескен маңғыстаулық жігіттер 8:4 есебімен жеңіске жетті. Ал, Тұрғанбек Құрманбек бастаған жамбылдық шабандоздар Қызылорда облысының көкпаршыларымен кездесіп, абырой биігінен көріне білді. Әсіресе, ересектер арасындағы көкпарларға қатысып, шарболаттай шыңдалған Тұрғанбек Құрманбектің өнеріне риза болмаған көрермен қалмады. «Сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты жампоздар бұл ойында 12:0 есебімен жеңіске жетті.
Оңтүстік Қазақстан облысы мен батысқазақстандық көкпаршылар арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Ат спорты ерекше дамыған Оңтүстік Қазақстан облысынан келген өрендер кездесуде 12:0 есебімен жеңіс туын желбіретті.
Сондай-ақ, жігіттерімізден үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі аударыспақтан екі салмақ дәрежесі бойынша шабандоздар сынға түсті. Елу келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік А.Жанарбекке тең келер қарсылас табылмады. Ал, финалдық кездесуде қарсыласына есе жіберіп алған жамбылдық А.Асылханов екінші орынға тұрақтады. Оңтүстікқазақстандық Е.Құралбай жүлделі үшінші орынды місе тұтты. Ал, сексен келі салмақ дәрежесінде өткен аударыспақ ойынында қызылордалық С.Әмірсейіттің мерейі үстем болды. Сондай-ақ, ақмолалық К.Еслямов пен оңтүстікқазақстандық У.Рүстембек жүлделі екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Теңге ілуден ақтөбелік Әліхан Бәшембевтың жұлдызы оңынан туса, жамбы ату бәсекесінде оңтүстік облыстың ұланы Айтбек Сарыбайдан асқан сұрмерген болған жоқ. Жастар арасындағы биылғы чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы толық мәліметпен таныс болыңыздар.

Жамбы атудан ІІІ мәрте ұйымдастырылған чемпионатта жеңіске жеткендер:
1-орын – Айтбек Сарыбай (Оңтүстік Қазақстан облысы)
2-орын – Абыл Төлебеков (Жамбыл облысы)
3-орын – Жасұлан Қуанышұлы (Маңғыстау облысы)

Теңге ілуден ХІ мәрте ұйымдастырылған чемпионатта жеңіске жеткендер:
1-орын – Әліхан Бәшембаев (Ақтөбе облысы)
2-орын – Мағжан Сапарбек (Оңтүстік Қазақстан облысы)
3-орын – Ерлан Дүйсенбай (Маңғыстау облысы)

Аударыспақтан ХІІІ мәрте ұйымдастырылған чемпионатта жекелей салмақта жеңіске жеткендер:

50 келі салмақ бойынша:
1-орын – А.Жанарбек (Ақтөбе облысы)
2-орын – А.Асылханов (Жамбыл облысы)
3-орын – Е.Құралбай (Оңтүстік Қазақстан облысы)

60 келі салмақ бойынша:
1-орын – Ә.Файзулла (Қызылорда облысы)
2-орын – А.Серғазин (Ақтөбе облысы)
3-орын – С.Бейбітов (Жамбыл облысы)

70 келі салмақ бойынша:
1-орын – Д.Ережепбаев (Жамбыл облысы)
2-орын – Ж.Тағабай (Оңтүстік Қазақстан облысы)
3-орын – М.Қуандық (Қызылорда)

80 келі салмақ бойынша:
1-орын – С.Өмірсейіт (Қызылорда облысы)
2-орын – К.Еслямов (Ақмола облысы)
3-орын – У.Рүстембек (Оңтүстік Қазақстан облысы)

+80 келі салмақ бойынша:
1-орын – С.Полат (Оңтүстік Қазақстан облысы)
2-орын – С.Ғабит (Қызылорда облысы)
3-орын – М.Құсайынов (Батыс Қазақстан облысы)

Көкпардан ХІІІ мәрте ұйымдастырылған чемпионатқа қатысқан командалар нәтижесі:

1-орын – Жамбыл облысы
2-орын – Маңғыстау облысы
3-орын – Алматы облысы
4-орын – Алматы қаласы
5-орын – Ақтөбе облысы
6-орын – Оңтүстік Қазақстан облысы
7-орын – Солтүстік Қазақстан облысы
8-орын – Қызылорда облысы
9-орын – Ақмола облысы
10-орын – Қарағанды облысы
11-орын – Батыс Қазақстан облысы
12-орын – Павлодар облысы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.