Ерекше коллекция иесі (ФОТО)

4686

Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқынов 900-ге жуық жылқы мүсінін жинапты. Оның арасында «алтын» аттар да бар. Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқынов шетелге жиі шығады. Ол әр сапарында өзіне жылқы мүсінін сатып алуды әдетке айналдырған.

Шетелге барған кезде естелік ретінде аттың мүсінін аламын. Мүсіндер шыныдан, ағаштан, піл сүйегінен, мәрмәр тастан, тіпті алтыннан жасалған. Арнайы жиналған мүсіндердің үлкені 20-30 сантиметр болса, кішкентайы 1 сантиметрге жетеді. Бәрі құнды, қымбат. Өзім секілді аттың мүсінін коллекциялаған адамды кездестірмедім. Менің коллекциямды білетін жақындарым да аттың мүсінін сыйлап, қуантады. Аттың мүсінін жинағаныма 20 жылға жуық уақыт өтті,- деді Е.Байжарқынов.

Сонымен қатар, естелік монеталары да бар. Кәсіпкер туған жерін бәрінен биік қояды. Әлемді аралады, еліміздің үздік қалаларында болды. Көргені, түйгені оны Ақтөбеде ұстап отыр.

Кәсіпкерлік жұмысты бастаған кезде Түркияға бардым. Сол кезде қандастарымызды кезіктірдім. Ол ата-бабасының жүрген жолдары мен өмірін, туған жерді сағынғанын айтты. «Бір уыс жусан ала келші, иіскейін» деп көзіне жас алған сәті қатты әсер етті. Ресейдің үздік дәрігері бір кездері туған жері Өзбекстанға уақтылы оралмағанына өкінді. Мұндай мысалдар өте көп. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол! Міне, осы сөздің құдіреті мені ауылға жетеледі, туған жерге әкелді,- дейді ол.

Қазір кәсіпкер бала тәрбиесіне үлкен мән береді. Балаларын үлкен өмірге үйрету үшін Мәскеуге оқуға жіберіп, кейін оларды қайтадан елге әкеледі. Білім, ілімді меңгерген балаларына еңбектенуді, жұмыс істеуді үйретеді.

Ақша — қағаз. Бүгін бар, ертең жоқ. Ақша жинап, сақтауды емес, жұмыс істеп, артымда із қалдыруды ойлаймын. Елдегі ердің қолынан іс келетінін бәрі көруі керек. Ең үлкен байлық — жақсы тәрбие. Балаларын дұрыс тәрбиелей алған адам ғана бай. Ер адам бір ауыз сөзбен баласынан есеп ала алады. «Балам, бүгін не істедің?» Осы сұраққа жауап ала білу керек. Сол кезде бала «кешке әкем келеді, қандай жауап беремін» деп ойланып, әрекет етуі тиіс. Іштім, жедім, ойнадым. Бұл жауап емес. Пайдалы істі айтуы керек. Біздің есебіміз мал жайлап, су тасудан басталады. Бұл жауап. Сонымен қатар, бала жеті атасын білуі шарт, — дейді кәсіпкер.

Алтынай Сағындықова, kazinform.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.