Мұрадым МИРЛАНОВ: Қазақ жылқысынан айрылған кезде рухынан да айырылады

7974

— Мұрадым, Сіздің есіміңіз жұртқа алғашында айтыс ақыны ретінде танылып еді. Соңғы кезде атқұмар, асауүйреткіш қырыңызды телеарналар жарыса көрсетіп жатыр. Шындығын айтыңызшы, ақын Мұрадым мықты ма, атқұмар Мұрадым мықты ма?

— Қай Мұрадымның мықты екенін білмеймін, бірақ екеуі де осал емес (күліп). Ауылда өстім, атқұмарлығым қара сөзге құмарлықтан бұрын басталды. Төрттен бес жасқа қараған шағымда әжемнің інісінің баласы Қуаныштың артына мінгесіп малға кететінмін. Қуаныштың тізгін тартса көкке секіріп, артқы аяғымен тік тұратын бір көзі соқыр көк аты болды. Қазір ойласам, көк ат аспанға тік шаншылғанда мінгесіп отырған төрт жасар мен қалай түсіп қалмайтынымды білмеймін?

Қуаныш далада бос жүрген жылқыны жүгенсіз ұстайтын, жайдақ мінетін еді. Ауылдың ең асау аттарына алдымен осы нағашы ағам бас білдіретін. Ат адам таниды, нағашымнан жылқы біткен қорқатын.

Кішкентай кезімде қоймай жылап, құлыншақты ұстатып мінетінмін. Құлыншақ қалай еткенде де құлатып кететін. Жеті жасымда даладағы жылқыны мініп келетін болдым.

Он жасымда әжем өмірден өтіп, сол жылдан бастап мал бақтым. «Кешегі өткен он жасым, Он жасымнан бері қарай, Домбыра болды сырласым» деп Аралбай ақын жырлағандай, домбырамен кейін таныссам да, бала күнімнен жылқының жалында өстім. Жылқымен алғаш ұзақ жолға он бір жасымда шықтым. Әкем екеуміз Күйгенкөлдің Бұқар деген жерінен Жәнібекке мал айдап бардық. Ала таңмен шыққаннан түннің ортасына дейін тоқсан шақырымдай жер жүрдік. Күздің қара суығындағы бітіп берместей көрінген ең ұзақ жолдай есімде қалды.

Аттан көп құладым. Ер айылымен сыпырып артынан түсіп қалып, талып жатқан кезім де болды. Аттың басын жіберіп қойып шауып келе жатып бағанаға тіке соғылғаным бар. Сонда жылқының бұрады деп маған сенгені ме білмеймін?.. Асау тайды үйретіп жатып, құлаған тайдың астында аяғым қалып қойғаны бар. «Ат жалын төсейді» деген сөз рас, қанша құласам да мертікпедім.

Бұрын жастықпен асауларға ойланбастан міне беретінмін. Қазір сақтықпен, дәретпен, дұғамды айтып мінемін. «Бисмиллә, әлхамду лиллә» деп, «Бізге мұны бағынышты еткен Алла пәк. Әйтпесе біз оның маңына жуи алмас едік. Сөзсіз біз Жаратушы Иеміз жаққа қайтып барамыз» деп көлікке мінгенде оқылатын «Зухруф» сүресінің 13-аятын оқимын. Биыл бес асауды үйреттім. Бағыма орай бала кезімнен өңшең жүйрік тап болады.

— Осы атқұмарлықтың соңына түсіп, бір кездері елден жырақтап, ауа қонды деп те естиміз. Бұл қалай болды? Отбасыңыз қалай қарайды бұған?

— Іздесең мені кімде кім,

Қаладан іздеп жүрмегін.

Үйіме де іздеп кірмегін.

Аязды боран, ақ қардың

Арасында өмір сүргенмін.

Солармен мәңгі біргемін.

Жетелеп мені ілгері

Күндерім менен түндерім.

Төсек сап қырдан бір керім,

Қарыма құрық ілгемін.

Іздесең мені кімде кім,

Сол жерден келіп бір көрін, — деп Мұқағали ақын жырлаған екен. Ол кісі де жылқы баққан. Тас қалада үйге сыймай, дала аңсап тұрасың. Төле бидің ұстазы Қоңқа би «Адам баласының екі түрі болады, бірі – үй, бірі – түз адамы» деген екен. Өзімді түз адамымын деп ойлаймын. Ауылға кетемін, өңіріміздегі атбегілерді іздеп қырларды аралаймын. Солардың қасында апталап жатып ат жаратысамын.

Елден жырақтамағанмен, бәйге аттарын ұстап, бие сауу мақсатымен қала іргесіндегі Сарытау басына айлап қонғаным рас. Биыл көктемнің алғашқы ұрық жаңбырына, көкке ат жайдым. Отбасым қарсы да болған жоқ, қоштады деп те айта алмаймын. Бұл бір жағынан қалада өсіп келе жатқан балаларыма жақсы болды. Қазір екі балам атқұмар, аттың түр-түсін ажыратып, бәйге десе елеңдеп, теледидардан көкпарды жібермей көреді. Ал өзім осы жолы жылқы бағудың қыр-сырын үйрендім. Бір ай тоқтамай жауын жауып, одан маса шықты. Күн ысығанда шыбын, күзде бөгелек басталады. Жылқыға жылқыдай адам керектігін осы жолы жақсылап ұғындым. Қазақ «Жылқы – жаудың малы» дейді, ұзын сирақ бір-ақ сәтте көзден таса болады. «Астыңда атың болса айғыр, жатып ал да қайғыр» деген, түнгі тыныштықта 40-50 шақырым жерден биенің даусын еститін айғырды бағу қиын. Бес айғырды бірге ұстау оңай болмады. Осының бәрінен өтіп шығу, далада қос тігіп жату жылқыға құмарлықтан шығар. «Аттылы кедей аштан өлмейді» дегендей, алдағы уақытта жылқы шаруашылығымен айналыспақ ойым бар.

— Өз ойыңызша ХХІ ғасырдың қазағы мен жылқы жарықтықтың арақатынасы қандай болуы керек? Ол үшін не қажет?

— Мектеп бітіріп, ауылдан кеткеннен кейін үйдегі жылқылар сатылды. Оқу дедік, қызмет дедік, айтыс дедік, шаңырақ құрдық, сөйтіп қалада он жылдай уақыт зу етіп өтіпті. Үш жыл бұрын Тайпақтың Қараоба деген қыстағындағы атақты атбегі Құбайдолла Биғазы досыма бардым. Қара қасқа атты ерттеп берді. Тоғыз жылдан кейін мінуім екен. «Атқа мінген атасын танымайды» деген, баяғыша тізгінді қоя бердім. Шамалы шапқан соң ауа жетпей, екі бүктеліп қалдым. Біртіндеп шапқан соң қалпыма келдім. Ат үстіндегі адамның тынысы ашылатынын, көкірегі кеңейетінін сонда түсіндім. Үш-төрт күн қона жатып аттан түспедім. Қалаға жетіп, жетінші қабаттағы үйге көтерілгенде қимылым ширап, денем тартылғанын сездім. Содан атқа мінудің пайдасын түсініп, жылқылы ауылға жақындай бастадым. Өзім де ер-тұрманымды бүтіндеп, жылқы жинауға кірістім.

Ат үстінде адамның жүзден аса бұлшық еті жұмыс істейді екен. Күніне екі-үш сағат атпен серуендеген адамға ешқандай спорттық жаттығудың қажеті жоқ. Сондықтан ХХІ ғасыр қазағының да жылқыдан алыстамағаны абзал. Ауылдағы атбегі қариялардың жетпіске келіп те атқа секіріп міне алатынына мән бермедік. Сексенбай, Тоқсанбайларды таптырған, ат үстінде жүрген сүйегі асыл аталарымыз ғой.

Қазақ пен жылқының байланысын білген отарлаушылар аталарымызды алдымен аттан түсірді. Орыстар аттылы қазақтан қорқатын. Себебі Алтын орда тұсында Мәскеудің төрінде ат ойнатып, салық жинаған бұл қазақ. Жылқысынан ажыраған қазақ рухынан айырылды. Байдың малын кәмпескілеп, жарлының жалғыз атын алды. Большевиктердің асыл тұқымды жылқыны үйірімен жардан құлатқан оқиғасы аз емес. Тұқымдық қалмады. Бір деректерде 8 миллион жылқыдан 150 мың қалдырған делінеді. Бұл күні жан-жақтан асыл тұқымды жылқы алып, сапасын арттыруға тырысып жатқан азамат көп. Ауыл-ауданда ат спорты мектептері ашылып, қазақ қайта атқа қона бастады. Қуанарлық жағдай. Атқа мінген қазақ ауруынан айығады. Құран Кәрімде «Жылқыны сендер мінсін, салтанат құрсын деп жараттық» делінген («Нақыл» сүресі). Қиссаларда жылқыны жаннаттан түскен жануар, алғашында төрт көзді болған, жылай-жылай екеуінен айырылып, көзінің үстіндегі екі ойығы суалған жанарының орны делінеді. Қазақ «Ат жалында қиямет күніне дейін жақсылық бар», «Ат түске дейін баққан адамның түстен кейін тілеуін тілейді» дейді. «Жылқы бағу адамға сауап әпереді» деген Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен хадис бар. Ата-бабамыз жылқының пірі Қамбар ата дейді. Қамбар дегені – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) төрт шадиярының бірі болған хазіреті Әлидің атбегісі болған Гамбар. Осының бәрін біліп, ата кәсіптен қол үзбеуіміз қажет.

— Қазақ жылқысының болашағын қалай елестетесіз? Батыс Қазақстан облысында ат спортының жағдайы қалай?

— Қазақ жылқысы жайлы мәлімет аз. Түйгенім – әлемдегі жылқы атаулы қазақ жылқысы мен араб жылқысынан тарайды. Әлемдегі ең әдемі араб жылқысының Ү ғасырдан бері келе жатқаны жайлы мәлімет болса, қазақтың қай ғасырдан жылқы үйреткені жайлы дерек жоқ. Жабы деп жүргені жабайы жылқы. Жылқы құлан тектес жануар. Құландар Жайық жағасында көп болған. Атқұмарлар биелерін құлан үйіріне қосып, тұқым алып отырған. Түсі құла, арқасында құландікіндей қара сызығы бар жылқылар әлі күнге кездеседі. Түркіменнің Ақалтекесі де жабайы құланнан алынды. Қазіргі сұранысқа ие, алыстан алдырып жүрген ағылшын жылқысының атасы осы қазақ, араб және түркімен жылқысынан алынған. Ресей Буденный, Дон жылқыларының селекциясына Жайық және Торғай өңірі жылқыларын пайдаланған. Қазақ даласына келген саяхатшылар жорғаға таңқалып, оның тұқымынан рысактарды шығарды. Ал қазақ жорғасы жоғалудың аз-ақ алдында. Жорғаның тұқым бере беруі қиын. Үстіндегі кеседен су төгілмес жорғаны кездестіре алмайсыз. Нарын құмында ғана қалды. Оның өзі баяғыдай емес. Өңіріміздің жылқысы кеңес дәуіріндегі селекция нәтижесінде шатысқа айналды.

Бүгінде ат жарысы көптеп өткізіліп жатыр. Жыл сайын Елорда төрінде «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі ұйымдастырылады. Елу бір шақырымнан ұзартпай отыр. Шетелден әкелінген асыл тұқымдылар қазақ жылқысына бәйгені бермей келеді. Бұрын аламан ең кемі 70 шақырым болған, қазіргідей айналдырып жарыстырмаған. Бәйгені 70 шақырымға созса, қазақ жылқысы сөзсіз келер еді. Соңғы кезде қандыларды бөлек, қазақыларды бөлек шаптырып жүргенін құптаймын. Жорға жарыс там-тұмдап өтеді, желдіру жарысы тыйылды. Осылар қайта қолға алынса дейміз.

Қазақ жылқысы ыстық пен суыққа шыдамды. Қалғанын сақтауымыз керек. Ал сіз айтып отырған Оралдағы ат спорты мектебіндегі жылқылар түрлі тұқымнан құралған. Аты бар, заты жоқ бұл мекемені жұрт та жақсы біле бермейді. Жылқыларының жартысы – жекенікі. Ал олардың жегені – үкіметтің жем-шөбі.

Қаңтар айында аталмыш мектепке жұмыс сұрай бардым. Қолымнан келетін іс болған соң, ат баптағым-ақ келді. Спортфактың дипломын сұрады. Дене шынықтыру факультетінің жылқыға қандай қатысы барын білмедім?! Еш жалақы алмай төрт ай сонда жүрдім. Байқағаным, көкпаршы жастар атпен шауып, тартысумен шектеледі. Жылқыны баптау, күтуді ойына да алмайды. Тіпті ат тазалайтын құралдар жоқ. Жылқының тұрған жері дұрыс емес, бетон үстінде тұрады. Аяқтан өткен сыздан құлаған аттарды көрдім. Қыста астына төсейтін шөп түгіл аузына салатын сабан болмады. Күнделікті шөпті Асан шаруашылығынан сатып алып отырды. Бір орама шөпті 25 жылқыға бөледі. Оны бір сағатқа жетпей тауысатын жылқылар кешке дейін шөпсіз, кештен таңға дейін алды бос тұрады. Жемді атымен көрмедім. Жаздыгүні де жылқы жаюды білмейді.

Бұл мекеменің бұрынғы басшысы сотталған болатын. Мұнда әлі де жақсы аттарды басқа жаққа көкпарға барғанда сатып кетіп отырады. Кезінде он төрт мың долларға бағаланған жылқыны сатып, орнына жаман тай әкеліп қойғанын көз көрді. Бұрын біздің көкпаршылар республикада үшінші орынға табан тіреп жүрсе, биыл 14 облыс арасында ең соңғы болды. Көтерем атпен көкпарға бару өз алдына, көкпаршылардың дұрыс киім формасы да жоқ. Негізі ат спорты мектебінің сақталып қалуына қуануымыз қажет. Бірақ қазір дұрыс жылқысы қалмаған бұл мекемені мемлекет асырауынан алып, жанашыр жеке кәсіпкердің қолына берсе немесе әркім өз атымен ойнайтын клубқа айналдыру керек деп ойлаймын. Ат спорты, туризм, бәйгелер арқылы өз-өзін асырауы тиіс мекеменің бүгінгі халі мүшкіл…

— «Америкада 45 мың жабайы жылқыны қырып, үй жануарларына жайылым босатады екен» деген ақпарат шықты ғой. Әлеуметтік желілерде кейбір қазақтар «Ол жылқыны Қазақстанға әкелейік, Бетпақдалаға жіберейік» деген ұсыныстар айтып жатты. Бұл мүмкін бе? Жалпы, бір кездері қазақ даласында да жабайы жылқы – тарпаңдар үйір-үйірімен жосып жүріпті дейді. Қазір бізде жабайы жылқы бар ма?

— Ақпаратты әлеуметтік желіден оқығанмын. Мұхит асырып Қазақстанға әкелу іске аспасы анық. Негізі даладағы жылқыға бір-екі жыл тиіспесе жабайы боп кетеді. Біздің елде жабайы жылқылар жоқ дей алмаймыз. Кәмпескіден қашқан байлар асыл тұқымды жылқыны шетел асырып алып кетті. Солардан қалып, жабайыға айналған үйірлер бар. Дәл қай жерде екенін елге жариялай алмаймын. Елдімізде киік қырылған жылдары олар да қырылды. Қазір саны өсуіп келеді. Қараны көрсе қашатын оларды ұстау қиын. «Аңдыған дұшпан алмай қоймас» дегендей, ұстап тұқымын алғым келеді. Арманым – түз тарпаңын тақымға басып, Атыраудан Алтайға дейінгі қазақ даласын атпен аралау.

— Әңгімеңізге рахмет!

nurlybek-pӘңгімелескен Нұрлыбек Рахманов (2016 жыл, «Dаnа Kaz» журналы)

Нұрлыбек Рахманның өз сұқбатын мына жерден оқуларыңызға болады.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.