Нұрлыбек РАХМАНОВ: Көп адам жылқыны ақшасы мол байлар ұстайды деп ойлайды

7624

Нұрлыбек Рахманов – менің әріптесім, журналист. Орал қаласында «Жайық Пресс» медиахолдингінде ақпарат бөлімінің жетекшісі болып қызмет етеді. Айтайын дегеніміз, осы Нұрлыбек Орал қаласының ортасында, өз үйінде Шағала атты ақбоз арғымақ ұстап отыр.
…Жеңістің 50 жылдығы тұсында басшылар Ұзынкөл ауылының майдангерлеріне бір-бір ат мінгізіпті. Тоғызыншы мамыр күнгі салтанатты шарадан су жаңа ер-тұрманы жарқыраған қылаң атты жетектеп қайтқан атасының жанындағы 8 жасар Нұрлыбектің қуанышында шек болмаған.

«Победа» аталып кеткен сол жылқы – тарап жатқан совхоздың бір шопаны мінген жуас ат екен. Біздің кейіпкеріміздің атқа құмарлығы сол кезден басталыпты.

— «Победадан» талай құладым. Бірақ кішкентай болсам да жалынан айырылмай, жабысып жүріп үстіне қайта мінетінмін. Біздің үй тоқсаныншы жыл­дар­дағы тоқырау кезінде аттың күшін пайдаланды. Малдың қыс­қы азығын ат арбамен жи­надық. Атқа жақындық сол кезден басталды. Қазір ойлап отырсам, бала кезімде тек жыл­қының суретін салған екен­мін. Жылқының мүсінін әб­ден зерттеп, суретін айнытпай са­луға тырысатынмын — дейді Н.Рахманов.

Иә, мұның бәрі балалық шақ­тың тәтті естеліктері ғой. Кейін қалаға орын теуіп, шағын ау­ласы бар жеке үйдің иесі атан­ған Нұрлыбектің жылқыға аңсары қайта ауа бастаған. 2016 жылдың күзінен бастап ал­ты айдай ат іздеді. Сұрастыра жүріп те, интернет арқылы да сатуға шығарылған біраз атты қа­рады. Су жорға бар деп ес­тіп, мамырдағы мерекелерде қала­дан 600 шақырымдай жүріп, На­рын құмына, Бөкей ордасына да барыпты. Онымен жорғаның и­есі құм арасынан үйірін таба алмай, кешке дейін күтіп, құр қайтқан. Бұйырмаған ғой.

– Сол құм Нарында Ғарифолла деген жылқышы ағам тұрады. Әскерден келгеннен қолына құрық ұстап, биыл 35-інші жыл ат үстінде. Ол кісінің әкесі Рахим мен менің атам Рахман бір шаңырақ ас­тында өскен, бір атаның балалары. Ақырында атты сол Ғарифолла ағамнан алдым. Маған жөнді жылқы жолықпай жүр­гесін Ғарифолла ағам «са­ған осы Шағала қолайлы болар, атым бар деп ұялмай мініп жүр» деп ақ тұлпарын берді, – дейді Нұрлыбек.

shagala-15

Шағала Нұрлыбекке бір көргеннен ұнаған. Арқыраған айғыр емес, алысып жүретін асау емес, жуас тұқымды, әдемі ат. Таңдауына дөп келді. Шағала Ордадан жүк көлігімен 600 ша­қырым жол жүріп, Оралға жет­кен күні кейіпкеріміздің отба­сында шағын той болды. Әсі­ре­се екінші сыныпта оқитын Нұрмұхаммедке нағыз тосын сый еді.

…Міне, сегіз айдан асып барады, Шағала оралдық болды. Ен даланың еркін жүрген тағысы бастапқыда қаладағы тар қорада қадімгідей қиналған. Алғашқы күндері ауырып та қалыпты. Шаһарда қаптаған үй арасында дамылсыз қозға­лыс­тан үркіп, жүйкесі сыр берген. Шағаланы құтқарған – жаңа қожайынның алғаусыз махаббаты секілді. Қаланың қайнаған тіршілігінен жылқы күтіміне уақыт табу да оңай емес. Үнемі үйде тұрғасын асты-үстін таза ұстау, қан айналысын қалпында ұстау үшін күн сайын қыдырту, жүргізіп қайту уақытты талап етеді.

– Көп адам жылқыны ақшасы көп байлар ұстайды деп ойлайды. Есептеп қарасақ, жылқы асырау шығыны темекі шегуден арзан екен. Мұны темекі шегетін адамның есебімен салыстыра отырып шығардық. Ал пайдасын айтсақ: жылқымен салт жүріс денсаулыққа өте пайдалы. Омыртқаға жылқы жүрісі беретін әсерді қарапайым жаттығулар бере алмайды. Тізе буынындағы сұйықтықты медицина қалпына келтіре алмайды. Ота, дәрілер арқылы уақытша көмектеседі. Адам ағзасы сол сұйықтықты ат үстінде аяқты салбырата жүру арқылы ғана қалпына келтіре алғаны зерттелген. Бұл атқа мінудің пайдасы жайлы бір-екі мысал ғана. Жылқы күтімі – кәдімгідей еңбек. Физикалық жұмыс. Ал жылқыны күнделікті үстін тазалап, сылап-сипау, жал, құйрығын тарау жүйкені тыныштандырады. Таза ауадағы осы процесс ойыңды жүйелеуге көмектеседі. Атпен қыдыру – серуеннің ең керемет түрі. Жаз бен күзде далада қызық көп. Жылқы жайып шалғынға жантайып, түрлі өсімдікке мән бересің. Ол жайлы интернеттен мәлімет іздейсің. Құстарды бақылап отырсаң, олар да бір әлем. Күзде жеміс-жидек піскен кезде тоғай бойлап серуендеген тіпті рақат. Ал қыста даладағы ермек – із кесу. Қиыр-шиыр аң ізіне қарап келе жатсаң, «мына жерге тоқтаған, мына тұста үркіп бірдеңеден қашқан» деп таза ауадағы қыдырыс детективтік серуенге айналады, – дейді Нұрлыбек.

shagala-8

Сонымен, қалада ат ұстау­дың шығыны қандай? Ауыл­да­ғыдай еркіне жібере ал­ма­ған­дықтан, әрине, аттың алдынан жем-шөбі арылмауы керек. Соның өзінде бір жылқыға айына 300 келілік бір тай шөп пен екі қап жем молынан жетеді екен. Қалада ат ұстау үшін бай болу шарт емес. Бүгінде Нұрлыбек жұмыс­тан кейін үйіне асығады. Сосын Шағаланы ерттеп, Орал­дың Желтау бетіне, сырты­на шығып кетеді. Қалада ат­пен келе жатқанда кездес­кен кішкентай балалардың әсе­рі қызық. Олардың кейбірі жыл­қы­ны өмірінде алғаш көріп, шат­танып жатады. Көп адам тоқ­татып суретке түскісі келеді. Жүргізушілердің көбі дабыл басып, бас бармағын көрсетіп өтеді.

– Уақыт өткен сайын көш­пенді ата-бабамыздың тұр­мыс-салтын ұға бастаған сияқ­тымын. Жаз­да ұзақ жолға шықтық. Ең қиыны Жайықты кесіп өту болды. Ата-бабалардың алыс са­парларға дайындығы, ке­рек-жа­рағы, қазақтың салт жолау­шы­ға қатысты әдет-ғұрпы мен этикасы – бәрі логикалық жағынан түc­інікті бола бастады. Яғни та­рихи жадының қалпына келуі, санадағы ұлттық кодтың ті­рілуі, рухтың оянуы осы болса керек, – дейді Нұрлыбек.

shagala-5

О баста Нұрлыбек ат спортымен кәсіби айналысу немесе бәйгеге ат баптауды мақсат ет­пеген. Жылқыны ата-баба дәс­түрін дәріптеу, үйрену, ат­бе­гілікті зерттеу, тәжірибені тара­ту үшін ғана ұстай бастаған.

— Ат­пен салт жүру жанға да, тән­ге сергектік сыйлайтынын ұқ­тым. Табиғатқа жақындай түс­тім. Енді ат үстінде қарап жүрмей, садақ тартуды, жамбы атуды ойлап жүрмін, — дейді ол.

Whatsapp желісінде Қазақстан бойынша белгілі ат­бе­­гілердің ортақ тобы бар екен. Солармен аралас-құралас болып, Нұрлыбек бұрын білмеген талай нәрсені үйренгенін айтады. Қазір Оралдағы атқұмар жастардың біразы Нұрлыбекті жағалап, ақыл-кеңес сұрайтын болған.

— Таныстарым, достарым мені көргенде «Шағала қалай?» деп амандасатын болды» — деп күледі Нұрлыбек. – Шамам келгенше ат ұстауды, атбегілікті дәріптеуді жалғастыра берсем деймін. Мақсат – қазақ баяғыша атпен жүруі тиіс деген кертартпалық емес, мәдени болмысты, ұлттық рухты сақтап қалу. Осыны қоғамға мәдени түрде жеткізу. Бұл бағыттағы істерімді дамы­та алам ба, келешек көр­сетеді. Қа­ла­да ат ұстау кең дала­дағыдай оңай емес. Алайда жылқы деген өзіндік қызығы бар бөлек әлем екен. Бағып-қағу, баптау – кәдімгідей ғылым. Иә, Қазақ даласында жабайы жыл­қы­ны қолға үйретуден бері қа­лып­тасқан біздің ұлттық ғы­лымымыз. Бүгінгі қазақ осыны ұмытып барамыз… – дейді Нұрлыбек қоштасарда.

quttymurat-qҚазыбек Құттымұратұлы, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.