Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ. Аспантаудың Қоянкөгі

5661

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дейтін көне тәмсілді біздің ауылдың ақсақалдары да айтып отырар еді. Әкем рахмәтіллік «Қасиетіңнен айналайын, хазіреті Қаратау, онда алты алашқа қамқор болған, Бәйдібек бабаң жатыр», — деп өзі қолдан жасап алған қалақ домбырасымен Қаратау шертпелерін сұңқұлдатып отырар еді. Ол күндер ұмыт болуға айналды. Есіңе түссе, көңілің көк теңіздей толқып, көзіңе жас келіп, құлазисың. Осы күндері бәйге аты, бүркітші, аңшылыр жөнінде әңгіме қозғала қалса мен үшін аса таңсық емес. Өйткені, біздің ауылымызда Шөпек, Әбіш деген ақсақалдар ителгі, қаршыға қайырып, томағасын тартып, талай аңға салғанын айтып отыратын. Екінің бірінде демей-ақ қояйын, ауылда небір сәйгүлік аттарды ұстағандар болды. Қоржынбайдың Күреңқасқасы (бұл кісі соғыста мұрынын оқ жұлып кеткен пұшық еді), Ораздың Шабдары, кіші Ілестің Ақжал бурылы, Орынбасардың Жиренқасқасы, Алмабайдың Торысы, үлкен Ілестің Ақтанауы (бұл кісіні ауылда қызыл мұрын Ілес деп те атайтын), Сарманқұлдың Сүлікқарасы, республикалық жорғалар бәйгесінде Тұяғалы Алматаев шауып үш дүркін бәйге алған Сейділданың Торжорғасы, Мараттың Топайкөгі, Кәдірханның Қарақасқасы, не керек атай берсек жетеді. Осының бәрі көз алдымда.

1966 жылдары (Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Чапаев совхозы, қазіргі Байзақ ауданы Шахан ауылы) біздің ауылымыздың басшысы Жиенқұл Қарсақбаев деген соғыс ардагері болатын. Совхозда отыз мыңға тарта қой, үш жүз бас жылқы, алты жүз гектардан аса алма-жүзім алқабы болды. Ауылымыз облыс бойынша бірінші болып, Айтқұл Мамытқұловтың жетекшілігімен «Халық театыры» атағын алған еді. Аузынан оқ тиіп, бір жағына қисайып кеткен басшыға: «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін», — деген Жақсығұл майдангер құрдасына қажап-қалжыңдап, отыратынын еститінбіз.

Сол кезде, ол кісілер туралы:

«Совхоз Чапаев, директор Қарсақбаев,

Зоотехнигі Шүкірбай, ат бапкері Қоржынбай», — деп ел өлеңге қосып айтып жүретін.

Ағайынды Байысбек, Әбдіманап деген кісілердің ұлдары Орынбасар совхоздың жылқысын бағып, дәурені жүріп тұрған шағы еді. Аталарына арнап үлкен ас беріп, бәйгеге жан-жақтан жүзге тарта ат қосылды. Ол кезде тоғыз-он жастамын. Әкеме еріп мен де бардым. Бәйге құм жиегінде, Астауқобының төменгі жағында өтті. Әкем екеуміз бәйге аттарын аралап келеміз. Ат қосушылар аттарымен әлек. Әкем әрбір аттың жанына тұрып, жеңілдеу жапқан жабуының астына қолын сұғып жіберіп, бусанып тұрған терінің дәмін татып, кейбірінің бір екі таңасыруы жетпегенін, біреулерінің жілік майының толық еместігін, кем-кетігін егелеріне айтып келеді. Қанжырдай қатып, бауырынан жараған, небір бөкен тұмсық, қамыс құлақ, ешкі бас, сәйгүліктер тықыршып тұр. Маған осының бәрі бірінші келетіндей көрінеді. Қазмойын, Күреңқасқа аттың жанына келгенімізде, тастаған тезегін көріп, әкем аттан түсіп, тезегін қолына алып, сығып көріп, иіскеп:

— Бұл Қоржекеңнің сәйгүлігі, міне жаратсаң осылай жарат, — деп, әй бір айызы қанып, риза болды дейсіз.

Бәйге аттарының шетіне келе бергенде, Өсер, Ақыл, Шәкен деген інілері әкеме сәлем беріп, Алмабай мен кіші Ілес ерегесіп, аттарын суытпай, екі-үш таңасырып, бәйгеге қосқалы жатқанын айтып, басу айтуын өтінді. Біз сонда бардық. Алмабайдың аты сұлу Торы да, ал Ілестіке сиырала шұбалаң күрең ат екен. Әкем, Сарманқұл ақсақал, тағы біраз кісілер: «Азаматтар аттың обалына қалмаңдар», — деп өтініш айтты. Қызу қанды жастар келіскен кейіп танытып, бірақ ерегестің аты ерегес, аттарды бәйгеге қосып жіберіпті.

Қарақұрым халық, дөңгелене ентелеп тұр. Не керек, көмбедегі сәйгүліктерге «баста» деген нұсқау берілісімен дүр етіп, орнынан қозғалды. Сыртта тұрған аттардың да делебесі қозып, ойқастап барып басылды.

Қандай керемет көрініс!

Желмен жарысқан жүйріктер аяқты созылта тастап, аршындап бірін бірі жіберер емес. Делебең қозып, өзіңнің де соларға қосылып шаба жөнелгің келеді. Алмабай ағамыз кішілеу кісі болатын, Торыға өзі отырыпты. Бәйгі, он айналым, қырық шақырым, аламан.

Ә, дегеннен ақ, Алмабай Торымен алдыға шығып, тізгінімен алысып келеді. Айқайға сүрең қосып, «Алмабайлап!» дүрлігіп тұрған ел. Сегізінші айналымға келгенде торы ат сүріне барып құлады, оған жетпей төртінші келе жатқан ала ат та омақасты. Сол жерде екі ат та пышаққа ілінді. Үлкендер жағы шуылдасып: «адам аман, жаннан садаға» десіп жатты. Қоржынбай ақсақалдың аты бірінші, үлкен Ілестің аты екінші орынды иеленіп, біріншісіне атан түйе, екіншісі құлынды бие алды. Бәйгеден қайтып келе жатып әкемнен, өңшең тәкәппар, сұлу, әрі жүйрік аттардың біздің өңірде көп болатынының себебін сұрадым.

Әкем: «Хазіреті Қаратау, заманында Аспантау аталған. Ес білмес, ерте заманда, осы Аспантаудың адам бара алмайтын ұшар басында, бұйраттарында, шың-құздарында қанаттары бар, Аспан жылқылары мекендепті. Аспантаудың маңындағы ел, осы Аспан жылқыларын ұстауға қанша әрекеттенгенімен еш шамалары келмей діңкелепті. Амалы құрыған олар тұқым алу мақсатында осы бұйраттарға үйірімен биелер айдап тастайды екен. Биелер Аспан жылқыларымен шағылысып, олардан тұлпарлар туып, атағы шартарапқа жайылыпты. Оны қытай шолғыншылары есітіп, императоры қазақтарға қыз беріп, осы жылқының тұқымын алғысы келетінін айтыпты. Бабаларымыз оған келіспеген екен дейді. Қаратау маңындағы жылқылардың жүйрік болатыны содан деген де аңыздың барын, ертеректегі ақсақалдар айтып отырар еді»,- деп ертедегі осы бір қызық аңызды нәшіне келтіріп айтып брді.

Уақыт сынаптай сырғып, мен де ат жалын тартып мініп, өзім көкпар, бәйгеге араласа бастадым. Совхоздың мал фермасының жылқышы, сиыршылары, қойшылары көкпар тартудан алдына жан салмайтын. Атақты көкпаршы Абыл Қозыбақов деген ағамыздың көкпар тартысын әкем ризашылықпен айтар еді. Ол кісі «Қоянкөк» деген атпен жүретін. Елден естуімізше Қоянкөкті біраз жыл ешкім мінуге батпай жүріпті… Оның мәнісі былай екен.

1960-65 жылдары ауылымыздың малшыларына совхоз үйретіп мінуге жылқыларынан тай, құнандарды таратады екен. Тұрабек деген алдыңғы қатарлы шопан сол құнандардың ішінен екі құлағы тікірейген көкшіл құнанды таңдап алып, атын «Тікқұлақ» деп қойып, үйретіп мінеді. Бұл құнанында-ақ, анша-мұнша жүйрік аттарға шабыс бермей, көкпарда алдына ат салмағасын мұны суытып, бәйгеге де қосып көреді. Мінезі шатақ, басы қатты болғасын бала-шаға, әйел адамдарға мінуге тыйым салады. Десе де, бір сенбіде Тұрабек ақсақал қонаққа кетіп, апамыз Тікқұлақ дөненді ұстатып мініп, қойға шығады. Сол күні көрші ауыл азаматтары алты-жеті шақырым жерде құм жиегінде дүрілдетіп, көкпар тартып жатады. Қой жайып жүрген апамыздың ойында ештеңе жоқ, қойды солай беттеткен ғой. Қиқуға қиқу қосып жүрген көкпаршылар, дүрілдеп жатқан аттардың шабысын сезген «Тікқұлақтың» дегбірі кете бастайды. Сырын білсе де, өзіне-өзі сенген қойшының әйелі, аса мән бере қоймапты. Көкпаршылардың легі құм жиегімен созылып өте бергенде, елеңдеп тұрған «Тікқұлақ» бас бермей ала жөнеледі. Бас бермеген аттан апамыз ауып қалып… аяғы үзеңгіде кетеді. Еті қызып алған «Тікқұлақ» сол екпінмен көкпаршылардың додасына барып бірақ кіреді.

Көкпаршылар улап-шулап, атты әрең ұстап, әйелдің денесін қойлы ауылға жеткізеді. Бұл облыс көлеміне дейін жетіп, біраз шу болады. Содан Тіққұлақ аттың мінезі, шабысы, ауыздан-ауызға тарап, оны мінуге азаматтар жүрексініп жүреді. Мал фермасының жылқышысы, екі иығына екі кісі мінгендей тақымы тастай берік алпамса Абыл ағамызға ғана Тікқұлақ тұрақтады. Жиын-терін аяқталып, обылыс көлемінде Көделіде өтетін малшылар слетіндегі бәйгеде Тікқұлақ екі-үш жыл қатар бәйгені ешкімге бере қоймады. Абыл ағамыз бәйгені де алып, көкпарға да салып, аударыспаққа да түсіп, шулатып жүрді. Абылдың қолына келген соң оның Тікқұлақ есімі «Қоянкөк» болып өзгерді.

1977 жылы мен әскерден келдім. Халқы бүтін, әр үйден кемі бес-алты, алды он жеті бала тәрбиелеген апа, аталарымыз аман, қаймағы бұзылмаған ауылымда қызу өмір тайқазандай қайнап жатыр. Көшеде Абыл ағам, сол баяғы Қоянкөгімен келеді екен. Сәлем бердім. Қаншама уақыт өтті, аттың да қартайғаны көрінеді, сол жақ көзі үңірейіп, соқыр болып қалыпты. Дегенмен, жүрісі әлі ширақ, көшеде үркектеп, аяғын алшысынан басып келе жатты. Салт-дәстүрі бұзылмаған ауылымда, әлі сол баяғы көкпар, бәйгеңіз дүрілдейді.

Біраз уақыттан кейін мен де көкпарға араласа бастадым. Бір сенбіде ауыл тып-тыныш, бәрі Қожабаздың жанына көкпарға кетіпті. Менің де барғым келіп, ауыл сыртында алма бақтың жанында жайылып жүрген күрең дөненді, атдорба апарып, ұстап алып, солай тарттым. Үлкен-кіші сонда, салма көкпар қызып жатыр екен, тіке араластым. Көптен ат мінбегесін тақымым босаңсып қалыпты. Малды ауылдың, МТФ-ның шабандоздары келе жатты. Алдында Бозайғырымен Сабыр ағамыз, Абылда Қаракер, Ілесте Бурылқасқа, Арқабекте ақ бауыр Құлажирен, Қойшыманда Шымшықторы… Абылекем ол шақта Қоянкөкті кәрілігіне байланысты совхозға өткізген кезі. Сабыр көкемнің бізге жақындығы бар, өзі сері, керемет атсейіс, бәйгеге ат қосады, не керек малсақ адам. Аздап тастап алса керек, жанындағы біреу: «Қараңыз, сіздің күрең дөненді рұқсатсыз мініпті», — деп қайрап жіберсе керек. Ойымда ештеңе жоқ, атты демалтып тұрғам. Сабыр көкем келіп, ашуланып: «Кім мін деді, босат», — деп аттың ер тоқымын сыпырып алып тастады да, қамшымен дөненді бір тартып жіберді. Ер тоқымымды арқалап, көкпар алаңында қап кеттім… Сатан інім: «Ағамызға, не болды, бір тері алынса ештеңе етпес еді ғой»,- деп ашуланды. Біразы реніш білдірді. Көрпеш Жиренқасқа айғырымен көкпарға төрелік жасап жүр. Трудовой пахарь колхозының әккі жылқышылары Әкім Айтөбелімен, Сәмбетбай Қаракөгімен жан шыдатар емес. Көкпаршылар салманы аяқтап, алып қашуға рұқсат алып, көкпар мәреден шығарылып, кімнің аты жүйрік соның тақымында кетіп бара жатты. Сатан інім Қожабаздан өзінің тайын әкеп беріп, ерттеп бола бергенімде, алыстан бората шапқан бір атты көрінді. Ол-кезінде Трудовой пахарь колхозының жылқы фермасын басқарған, қазір құрметті демалыстағы атақты қарт көкпаршы Үсіп Талдаев ақсақал, ауыл әйелдері атын атамай «Қасқыр жәке» дейтін. Астында екі езуі қызыл қанға бөккен Қоянкөк. Ауыздығымен арпалысып келеді, әрең тоқтатты да, аттан түсіп:

«Әй, мынаны қарашы, ауыл сыртында қой бағып жүр едім, көкпардың дүбірін есітіп, бас бермей алып қашып келді. Басы не деген қатты еді өзінің, қанша жыл жылқы бақтым мынандай сұрапылды көрмеппін. Әкел, алдағы тайды маған бер де, мынаны көкпарға сал. Бұған керегі сол боп тұр», — деді.

Іздегенге-сұраған. Жануар бір орнында тұра алар емес. Аршындап, жан-жағына секіріп, атырылып, мінгенімше әрең шыдады. Үзеңгіге аяқ сала ерден ұстап, үстіне көтерілгенім сол, орнынан оқша атырылды. Бір көзі соқыр, тіққұлақ аттың шабысын қойыңыз, кесе көлденең арықтар толған тышқан індерінің біріне сүрінбей, ұзап кеткен көкпарға ә дегенше қуып жетті. Жануардың аяғы-ай шіркін, жердің ығын танып тұр. Көкпарға үш бөлімше, Трудовой пахар жылқышылары, МТФ малшылары таласып келеді. Қай жеңгені әкетеді. Алпан, Кеңестер маған көмектесіп, жүзқаралы аттан, Қоянкөкпен көкпарды бұза-жара алып шықтық. Көкөзектің жағасында қой бағып отырған Нұрхас ақсақалдың үйіне апарып тастадым. Күлдана жеңгеміз ырымын жасап, көкпарды қайта шығардық. Жүзге тарта аттылар ентелеп тұр. Жаңағы Үсіп ақсақалдың күйеу баласы Бұлдыбай көкпаршының ұлы Арқабай жиен жаныма келіп:

«Аға, енді Қоянкөкті маған берсеңіз, менің атым шаршады, сіз осымен қақпайлап шығаруға көмек жасаңыз, мен көкпарды ауылға әкетейін», — деді.

Жамбыл, Дәйірхан, Сатан, Әділ, Жорабай сол уақытта 16-18-дегі атақтары асқақтап тұрған жас көкпаршылар еді. Келісіп, Қоянкөкті Арқабайға бердім. Сатан екуіміз екі жақтап қақпайлап, жүз қаралы аттың арасынан көкпашыларды сетінетіп, Арқабай Қоянкөкпен көкпарды алып шығып, ауылға бет түзеді. Жеке-дара, соңынан бірде-бір ат ілестірмей аққан жұлдыздай ұзай берді. Ауылға жарты шақырым қалғанда тегіс жерден ат сүрінді…

Астапыралла! Қоянкөктің мойны астына қайырылып… үзіліп кетті, жарықтық.

Ағайын-жұрт Арқабай жиеннің аман қалғанына тәубе десті. Сөйтіп өңірге аты кеткен атақты аңыздағы Аспантау тұлпарының тұқымы Қоянкөкті соңғы рет көктей самғатқандардың бірі мен едім.

«Жаратылысында тұлпарлық қасиеті бар тұқымның өлімі бәйгеден, не көкпардан болады», — деп ақсақалдардың айтатынына сол жолы менің көзім жетті.

Бұл біздің қаймағы бұзылмаған, қазақы салт дәстүрдің шеті кертілмеген, жастары үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, топырағы киелі, елі қасиетті Шахан ауылында 1978 жылдары болған оқиға еді.

qoshan-mЗарлы (Қошан) Қойшығұл Мұстафаұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры, халықаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері.

02.03.18 ж. («Қазақ әдебиеті» газеті)

Негізгі суретке Ерболат Төлепбаевтың «Көкпар» картинасы пайдаланылды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.