Тәжік, өзбек, қырғыз көкпарының ерекшеліктері

6142

Бұл мақала бұған дейін сайтымызда шыққан «Көкпардың көкперісі — Жексенбай» атты естелік-сұқбаттың жалғасы. Сонымен қатар бұл мақала 1990 жылдар көлемінде жазылғанын, көкпар ерекшелігіне қатысты деректер сол кездегі мәліметтер бойынша келтірілгенін ескертеміз. Сонымен қатар, бұл ерекшеліктер бір ғана көкпаршының (Жексенбайдың) көріп-білгендері екенін және аталған елдердің бір ғана өңірінде өткен көкпар бойынша бағамдалып отырғанын да естеріңізге саламыз.

argymaq.kz

«Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген қазақ сөзі ып-ырас. Жексенбай жер де, ел де көрді. Атының аяғы жеткен жерге өзінің қолы жетті. Қазіргі шабандоздардан артықшылығы – ауыл, аудан тойының көкпаршысы болып қана қалмай, түбі бір түркілердің жерін түгел аралады, көкпарын шапты. Ерекшелігін таныды. Біз солар хақында бірқыдыру әңгіме айтып көрелік. Бұл сипатты хикаят, яғни жапсарлас жатқан елдер көкпарын салыстыру бұрын баспасөзде мақсат саналмай һәм жазылмау себепті, қазақ қана көкпар тартқандай әсер қалдырып, тұйықталып жүргенбіз. Енді, құлақ салыңыз.

 Тәжік көкпары

 buzkashi

Алпыс сегізінші жылы Тәжікстанға мақта мейрамына шақырылғанда Жексенбай атпен барған жоқ. Барған соң көкпарының тәртібін қызықтады. Тәртібі – ұзыны мен енін бірдей қылып жүз қадымдай етіп қоршалап алаң жасапты. Тележка – тіркемелерімен қоршап адамдарды ат қағып кетпеу үшін үстіне шығарған. Сол алаңға кірген бұлар – Әлиайдар екеуін Момын деген өзбек апарған еді. Куйбышев атындағы колхоздың атынан көкпар шапты. Астарындағы ат – колхоздыкі. Көкпарына бұзау, тана тастайды екен. Лақ жоқ. Серкеңді білмейтін сияқты. «Тоқсан кілә» деп жариялағанмен, ішек, қарнын, сирағын алып тастаған. Содан қалған кіләсі – ортада.

Барған жер – Исфараның ар жағы. Ол жақтың қырғызы тәжікше судай. Өзбегіңді ешкім түсінбейді, қазағың – мылқау есебі.

Жұрттар тананы еңкейіп алып, көтеріп тастайды. Қозғағанына, қимылдатқанына қарай салым береді. Жерден көтеріп алып екі қадым жылжытып кетсең де – салым береді. Жұрттың еңкейгенін істеп жүреді бұлар. Неғұрлым көп көтеріп жылжытсаң, соғұрлым көп салым тиеді. Әуп деп аш белден ұстап алдыңа өңгермеген соң, не тақымға баспаған соң, баланың ойынындай болып жүрді.

Түстен кейін сағат екілер шамаларында бір қырғыз жерден көтеріп алып, аттың жалына салып шеңбер айналдырды. Хрущевтің жылқы туралы жанжалының кезінде атын колхозға өткізген қырғыз – сол атымен шапты. Жирен атының жалына уыс толады. Жалпы жұрт әлгі қырғыз шеңбер айналғанда қол шапалақтап (ол жақ қарсақ шалып дейді) марапаттады, шулап кетті. Осыны естіген соң Жексенбай шыдай алмай кетті. Астындағы аты әлсіз еді. Келестен барған Бердіқұлдың Көк атын сұрап еді, бермеді.

– Мініп жүрген бір-бір атымыз, артық атымыз жоқ, — деді.

Жексенбайдың ойлағаны – салым емес, қазақтың намысы ғой, сонша жерден барған қазақ ат төбеліндей қазақ құр далақтай шауып қайтқанды ар көріп, әлсіз атпен-ақ тебініп алға шықты. Төрт түйір қазақтың тәжіктің арасында бір-біріне атының майын қимағанын басқалар қайтсін, «шоқ-шоқ!» дейді де. Бердіқұл бермеген соң, шыдай алмай, әлсіз аттың жалына тана-бұзауды салып, қырғыз палуанның істегенін істеп, шеңбер жасап айналдырды. Сол кезде Бердіқұл жанамалай кеп:

– Маған бер. Сенікі жетті. Көп айналдырсаң, көп береді. Енді болды, — деді. Аттын қимаған Бердіқұлға тананы бермеді Жексенбай. Көкпарды аттың жалынан асырып жібермеді. Сонымен қырғыз екеуінен бөлек аттың жалына салып айналған ешкім болмады – жерден қозғап салым алғандар өте көп.

Тәжік атының үзеңгі бауы ұзын болады екен, жайдақ атқа мінгендей боласың. Ердің керсені де пәс болады. Әлсіз аттың үстінде аяғы салбырап, Дон Кихот құсап пері Жексенбай жүрді.

Әр колхоздан бір-бір төреші белгіленген. Көкпар алғанды жетектеп ертіп барып салымын бергізеді. Жексенбайға жамылғы сияқты салым беріп еді, төреші (оңтүстік қазағы ақалақшы дейді) атының басын жетектеп кетіп, алдырмады. Тәжікшілеп балдырлап, мұның тіліне олар да түсінбей он-он бес минөт уақыт өтті. Салымды төреші алдыртпайды, өзі барса – бермейді. Жарты сағаттан соң микрофонмен шақырды. Салымның ірісі – тігін машинасы екен. Соны берді. Жексенбай қолына алып, тізесінің үстіне қойды да, төреші атты жетектеп колхоз адамдарының алдынан өткізіп аралатты. «Мұнысы несі» деп отыр еді, күйеу көргендей қылғанына таңырқап, колхоз адамдары әртіске ақша қыстырғандай ақша беріп жатты. Колхоздар шекараларын түгел аралап өтті. Жатқан үйдің егесі Мамаюсуф еді – тігін машинасын соған берді. Жерден қозғағанына алған бес-алты салымына Әлиайдар екеуі риза болып жүрді.

Қорыта айтқанда, тәжікте көкпар кем болады. Аттар да бір-бір бапкер (оларда сейі, сайыс дей береді) болады – қарайтын, күтетін. Бірақ ат колхоздың аты болады да, жекеменшікте ат ұстаушылар сирек. Тұқымы – жергілікті тұқымнан, жаңарту, жақсартумен шыңдап айналыспайды. Көкпар сирек болған соң, аттар жүдә семіз, денесін ет басқан, арқасы өгіздің арқасы құсап ері бірге қимылдайтын былқылдақ болып келеді.

 Өзбек көкпары

 buzkashi_game

Жақсы сыйласқан адамын орыс тамыр десе, өзбек ерсілеу қылып ашына дейді. Бірақ одан сыйластыққа сызат түспейді. Ақбұлақта (Забын ауданы, Жизақ облысы) Жексенбайдың өзбектен шыққан ерен Жақсылық деген ашынасы бар. Сол жігіт тойға көп шақырады, бұлар көп барады. Өзбектің жалпы тойға барған мыңдаған адамды түгел үйді-үйге бөліп, он-он бес адамнан күтіп, жайғатыратын өзінше қонақжай рәсімі бар. Ешкім ешкімнен артықша күтілмейді – бәріне бірдей – хан да, қара да. Аттың жемін де, шөбін де, адамдардың тамағын жемісімен қоса береді. Жатар орынды үш-төрт адам әдейі аралап өтініштер тыңдайды, кемшілік бар ма деп біліседі. Баладай күтеді, данадай тыңдайды. Не керегіңді айтқызбай біледі.

Азанда тойханадан тамақ береді. Соны жегендер көкпарға шығады. Көп тойларда көкпаршабыстың баруында – салымы азырақ болады да, шартақ жағы (мінбер) – салымы көбірек болады. Екі жақты – бару, келу мәресі белгіленді. Өзбектің қасиетінде – ұлтқа бөлмей, барлық палуанға бірдей туралық істейді. Мейман деп сыйлайды. Ішінен қаламаса да сыртына шығармай, бұрқ етпей, мәу демей, жақсы сыйлайды. Көкпары бізге ұқсағанмен, салымы қазақтан аз болғанмен, той көп болады, мейман күтуі қазақтан артығырақ. Қазақтай бастыққа қазы беріп, қара халық тапқанын жеп, күтімсіз, елеусіз жүрмейді. Той иесі (тойхананың) есебінен күтілетіндіктен, өзбек бір үйден шығынды көп кетіреді де, қазақта көкпарды ағайын көтереді. Өзбекте ондай кемшіндеу.

1972 жылы Жуансирақ деген жерде (Забын ауданы) бір той болды. Онда қазақтар да көп тұрады. Екі жүздей шаңырақты құрайтын өзбек ауылы болып кеткен түбі қазақ жұртшылық малмен барған. Бір зым-зия заманнан бері өз мекенін Сіргелі қыстақ атайды. Сіргелі – қазақтың руы. Қадым күнді айтар қария болса, «қазақпыз!» дер еді қабірден қайта тұрып. Оған қылар қайран кәне?!

Аһ ұрған қазақ ауа жайылғалы, қайсысының арманы жоқ – ауылдың бәрі арманшыл, аялдаған сайын айта беруге тағы болмас, тақырыбымызға, көкпарымызға оралайық.

Жақсылықтың Салпаң деген аты бар. Жексенбай барғаннан сонымен шауып жүрді. Айы оңынан туып, ақырғы салымды басты тақымға. Он бес минөттей басты, болмады, айырылды. Тегеурінді қолдар тыным бермеді. Салпаң шаршаған екен деп түйді. Көкпардан айырылған соң, өзінің Жандар торы деген атымен міне шауып, сол көкпарды қайтып алды. Ақырғы салымды, Құдай оңдап, аруақ қолдап өзі салды. Салым – ерттеулі ат екен, қасында майда салымдары тағы бар. Ол той тарқады.

Ертеңіне тағы бір той басталды. Сол басталған той – бастамасын бірінші салымын бағанағы ерттеулі атпен (салымына алған) Жақсылықтың інісі Әбділда салды.

Жексенбай өзбектің басқа да тойларында көп болып жүрді. Өзі мен шопыр ғана қазақ. Ол кезде шабандоздар қазіргідей топтана араласпайтын. Жексенбайдың жас кезі – қуат қайнап тұр, көкпар қолға тисе айырыламын деп ойламайтын, жеке, жалғыз қазақпын демейтін, өзбек шабандоздары жабылса, тартып әуре болма дейтін. Салпаң атпен (Жақсылықтың өзі Шалпаң дейді) мәреге барған кезде:

– Кәне, тағы қайсың талапкерсің. Кел, тарт, — деп тұрушы еді. Сонда өзбектер тәнті болып, біреуі де серкені сирағынан ұстамайтын. Қазаққа өйтсең дереу тармасады. Өзбектің ыза болып кеткен қайбір едіреңдері Жексенбайға қамшы көтеретін:

– Жалғыз қазақ, қолыңнан не келеді? — деп. Көкпар қызуқанды ойын ғой, ондай жерлер де болған. Сонда көңілдесі Жақсылық тұрып:

– Сендер әуелі мені ұрыңдар, содан кейін қазақты ұрасыңдар, — деп қол көтеріп, араға түсетін. Обалы не керек, Жақсылықты өзбектер қатты сыйлайтын. Жексенбайдың онымен қарым-қатынасы осы уақытқа дейін зор, арасына қара қатынайды. Жақсылықтың қазір төрт баласы шабады. Забын бойындағы тойларда алдыңғы қатарлы салым салады. Жақсылықтың атын, тұлпарының атағын жалғыз Жексенбай шығарған жоқ. Ол атпен түрік Басым мен Әліқұл, қырғыз Тұрдыбай, өзбек Қалбота, қазақ Жексенбай талай шапты.

Жетісайдың қазағы Жизаққа қарап сөйлейді. Бұрынғы базары сонда. Өзбектің тау ар жағында Бахмал ауданы бар. Онда көкпар мәресі бір жақты болады. Екі көкпар тастайды. Атпен өңгеріп апарып екі жүз қадам жерге тастайды да, бастайды. Бір жақты мәреге шабандоздар екі көкпарды әкеледі. Бірі – ауыр, бірі – жеңіл. Адамдар ауырға және жеңілге шабатын болып бөлінеді. Аттардың да көкпар әдісіне үйренгені осы жерде білінеді. Доп тепкен адамдай ережені шабандоз түгілі аттары да түсінген соң, ара-арасымен соғысып қалмай, шаба береді. Соны көрген қазақтар:

– Біз де екі жақты тастаймыз, — деп еліктегіштігіне басты. Сөйтіп Жизақ облысына қарасты өңшең қазақ тұратын Ильич совхозында Темір Құйысқансыздың тойында, жетпіс сегізінші жылы болса керек, бір жақты салатын екі көкпар тасталды. Бахмалдағы тойдағыдай өзбектердің үрдісімен қызық болсын делінді. Құдай салмасын, Бахмалдағы тойда соғылысу-қақтығысу болған жоқ еді, екі көкпар бірінен соң бірі келе беретін, ат жығылмайтын. Бұл ауылдағы мына қазақы тойда, Құдай басқа салмағыр, ана төбеден келген жиырма-отыз сүрдек адам мына төбеден келе жатқан сүрдек адаммен қағылысып, соғылысып, адамдар жығылды.

– Ойбай, тоқтат! Бұл бізге болмайды екен! — деп, дереу тоқтатылып, екі салымнан кейін бір көкпар тасталды. Бұрынғы ғұрып-ғадетпен бір көкпар шабылды, сонымыз тыныш екен десті ел.

 Қырғыз көкпары

kokbory

 Қырғызстандағы, негізінен Жексенбайдың көргені, қатысқаны Оштағы көкпар ғой, қырғыздардың көкпар шабуының тәртібі бөлек. Бұл жердегі қырғыздың Забындағы өзбектен айырмашылығы жоқ: мейман күтуі де солай. Солай дейтініміз, Ош қырғыздары Мырзашөл маңы, Забын өресі, Жизақ тарабы қырғыздарын «өзбек қырғыз», «шала қырғыз» деп есептейді екен. Біздің қазақтағы Оңтүстік қазақтарының қазақ-өзбек аралас жақтағысын «өзбекі қазақ» дейтіні сияқты. Онда тұраған не бар. Түбір бір түркінің ұқсас тұсы көп-ақ қой.

Ошта тұратын қырғыздың Жұмабай дейтін шоң палуаны тойға шақырды. Секен жетінші жылы болса керек, қырғыздың көкпарының қызықтарын Жексенбай сол жолы көрді.

– Бұл жақтан Мырзашөл ауаданының әскери комиссары, ат бапкері Тоқболат Сануар, Киров ауданынан Құлшығаш Әбілқасым, Алғи Айнабек және мен бардым. Сануардың аты бар, басқаларымыз атсыз, той-ана (тойды құттықтау ақысы) беріп қайтайық деп барғанбыз. Барған соң мейман деп бір-бір ат, көкпарға киетін киім берді, — деп еске алады Жексенбай.

Ол жерде де Исфара көкпары сияқты белгілі мәре жоқ. Көкпарды алысымен ұзақ басып жүргеніңізге қарай салым береді. Бірінші салым алдында – қырғыз, өзбек қылып стадионның көкпары сияқты (оңтүстік қазағы «өкіметтің көкпары» дейді) көкпар болды. Барған үш-төрт қазақ, олжақ-бұлжақтан барған қырғыздар, шеттен келген меймандар Жексенбайларға қосылып, екі команда болып көкпар шабылды. Жексенбайлар командасы бірінші орын алды. Бірақ мейман деп сыйлағаны аңғарылып тұрды – ашық тартыс болған жоқ есебі.

Сосын кәдімгі жергілікті қырғыздың көкпары шабылды. Онда да жергілікті аттармен де, әскери комиссардың үміт етіп апарған атымен де Жексенбай біраз салым салды.

erimbetov-miltikbayМылтықбай Ерімбетов, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.