Алтын тұлпар. Ақ Жайықтың жағасындағы аламан
12 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен Атырау облыстық әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен Атырау облысы, Махамбет ауданы Талдыкөл елдімекенінде «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтеді.
«Алтын тұлпар» бәйгесінің 2014 жылдан бастап төрт мәрте Нұр-Сұлтан қаласы аумағында өткізілгені баршаға белгілі. Қазақы қолтума жүйрік жылқылар тұқымының қалыптасуына ықпал жасау және ұзаққа шабатын бәйге аттарын баптайтын атбегілерді ынталандыру мақсатында қолға алынған бұл ат жарысы қазіргі кезде Қазақстанның ең үздік сәйгүліктері қатысатын, айтулы атбегілердің асыға күтетін мерекесіне айналды.
«Алтын тұлпар» республикалық турнирінің бас бәйгесін 2014 жылы Қарағанды облысының жүйрігі «Бақторы», 2015 жылы Жамбыл облысының тұлпары «Cамал», 2016 жылы Жетісу өлкесінің жүйрігі «Жаннұр», 2017 жылы Жамбыл облысының тұлпары «Самал» екінші мәрте ұтты.
«Өткен жылы ұйымдастырушылар алқасы «Алтын тұлпар» бәйгесін Елорда төңірегінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де өткізген жөн деп шешті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын болды. Биылғы аламан бәйгенің ресми атауы – «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» V республикалық турнирі. Қашықтығы – 51 шақырым. Бас жүлде – 10 миллион теңге. Жалпы жүлде қоры – 22 миллион теңге. Алдыңғы келген тоғыз жүйрікке бәйге беріледі. Аламан жарысқа жүйрік жылқы тұқымдарының барлығы жіберіліп, еліміздің 14 облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әрқайсысынан 5 сәйгүліктен қатысады. Өтінімдер 11-қазанға дейін қабылданады» — дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, 11-12 қазанда Атырау қаласы күніне орай, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының ұйымдастыруымен, Махамбет ауданы Алмалы ауылында «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтеді. Көкпар, аударыспақ, қазақша күрес, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және құнан бәйге, жорға жарысы, құмай тазы жарыстары сынды ұлттық спорт түрлерінен өтетін бұл турнирге Қазақстан және шетел командалары қатысады. Жарыстың жүлде қоры – 32 180 000 теңге.
Еске сала өтелік, «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» V республикалық турнирі мен «Дарабоз-2019» халықаралық турнирінің баспасөз мәслихаты Атырау қаласында 8 қазан күні өтеді.