Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ. Әкемнің Теңбілкөгі

5413

Туған жерім – Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылы. (бұрынғы Свердлов ауданы, Чапаев совхозы) 1969 жылы қыс өте қатты болып, қар бір метрден аса жауды. Бұл жылы колхоз, совхоздардың малы қырылып, Оңтүстік облыстардың бәрінің есінде қалды. Менің екінші әпкем Күләйлә тұрмыста, үйлері Қызылқұмның ішінде, біздің ауылдан 120 шақырым жердегі Бескепе деген жерде тұратын. Үшінші әпкем Гүлбахира 9 сынып оқушысы. Қаңтар айының ортасы, әкем бір күні құмға қызыма, құдам Әбдуәліге барамын деп жинала бастады. Шешем: «Күн суық, қар қалың, оған баруға жарау атың да жоқ, бір аяғың тағы жоқ, аязда үсіп өлесің»,- деп қарсы болды. Әкем мінезі ауыр, көп сөзге жоқ, өмірі екі сөйлемейтін біртоға адам еді.

Үйіміздің жанында тұратын Бүбікүл деген қарындасының таудай қара биесі бар еді, сонымен барамын деді әкем. Бізде үн жоқ, әкем жолға жиналып, қара биені ерттеп, даярлауға інісі Ақылға бұйрық берді. Мен бала болсам да әпкемнің биесіне таңқалатынмын. Шымқай қара, денесінде бір тал да ақ жоқ, өркешсіз түйе десе де болатындай өте ірі жылқы еді. Тұяғы кішігірім шөңке қазандай. Анда-санда суғарғанда қызығып, алды-артына шығып қарайтынмын. Кейде, алдыңғы қолтығынан еңкейіп өте беретінбіз. Жануар жылқының бекзаты еді. Құлындаған кезінде ғана құлынына жақындасаң құлағын жымитып, аздап қызғанатын. Әкем түлкі тымағын, нарпосталған үлкен сары тұлып тонын әзірлеп, аяғына пима, оның ішінен байпақ киіп жатты. Інісі, Ақыл ағам қара биені ерттеп, жеңілдеу жабу жауып, атдорбаға жем салып, шешем екі қоржынбас аны-мұнысын әзірледі.

Әкемнің оң аяғы тізесінен жоғары жоқ, Украйнаның Севостополь қаласында майдан даласында қалған. Екі балдағы бар. Үлкен балдағын сол қолына ұстап тұрып, жылқының тізгінін қайырып тастап, «аһ» деп секіргенде қандай дәу жылқы болмасын үстіне сарт етіп қона қалатын. Қара биеге де солай мініп, Қызылқұмға тартты да кетті. Бір апта өткесін апам мазасыздана бастады. Әкемнің ағасы Мырзахмет ақсақалды ел «Әтжә» деп атайтын. Апам маған: «Атаңа барып, әкеңнің келмей жатқанын ескерт», — деп жіберді. Мал жайғап, ел орынға отыра мен атама барып: «Ата, әкем келмей жатыр, не болды екен, апам да мазасызданып…», — дей бергенімде атам айғайға басып: «Не болды түге, Мұстафаны бала деп пе едіңдер, жоқ адасады деп отырсыңдар ма?! Келеді ертең, ол құм өзінің бала кезден аралап жүрген жері», — деді. Мен не дерімді білмей, төмен қарап шыға жөнелдім.

Атам Зарлы ақсақалдың жұрты құм жиегінде болған екен. Қазір ол жерлерді Абылай деп атайды. Атам діни сауатты, ескіше хат таныған иманы берік адам болыпты. Ұлдарының аттарын құранмен байланыстырып қойған екен. Үлкен ұлы Мырзахмет, екіншісі Мұстафа, Мұртаза, Абілхасым, Молдахасым болып келетін. Әкем екі иығына екі кісі мінгендей ірі адам еді. Он екі, он үш жасында колхоздың жылқысын баққан. Ат десе ішкен асын жерге қоятын. Ашаршылық кезінде құм жиегінде тұрғандықтан құмға қақпан салып, атамның шиті мылтығымен аң аулап, құмнан жаужұмыр (жабайы қылша) қазып әкеп, ауылдағы елге көп қолғабыс жасапты. Аңшылығын айтса, керемет қызық.

Бір қызығы, атамның шиті мылтығының көмегі әкеме соғыста тиіпті. Ауылға облыстық «Еңбек туы» газетінің журналистері келіп әкемнен сұхбат алғаны бар. Сонда әкем: «Соғыста Севостополь деген жерде жараландым», деген еді. Ол былай болыпты.

Бір күні жанында бірге жүрген татар жігіті Шами: «Мұстафа, мылтықты жақсы атасың ғой, командирдің тексеруі болғалы жатыр, соған қатыс», — деп әкемді ертіп барыпты. Командир сұрмергендерді іріктеп, көз ұшына қарауыл қойып, соны атқызып, тексеріп жатса керек. Әкемнің қолына дүрбілі мылтық беріп: «Ал, кәне, мергендігіңізді тексеріп көрелік», — депті. Әкем дүрбілі мылтықты алып, көз ұшындағы нысаналарды мүлт жібермей қағып тастапты. Командир риза болып, бірден сұрмергендердің қатарына қосып, әкемді алдыңғы шепке айдапты.

«Үстімізге ақ тон берді. Тамағымыз да дұрысталып қалды. Міндетіміз – сақылдап тұрған пулеметтің үнін өшіру», — деуші еді әкем.

Ә дегенде-ақ әкем өз ісінің шебері атаныпты. Бір күні таң бозармастан алдыңғы шепке тартады. Жаудың бекінісі мықты, алдыларында бірнеше пулемет сақылдап тұрады. Үш мерген үш бағытта қозғалмаққа бекініп, әкем кезегі бойынша ортаға түсіп, алға жылжиды. Ашық алаңқайдан өтіп бару керек екен. Жау жағының да сұрмергендері қалт жібермей дайын отыр. Алаңқайдың орта тұсында аздаған төмпешік бар екен; «соған бір жетсем, пулеметтердің орналасқан жерін байқасам, мүлт жібермеспін», — деп тәуекелге бел байлайды әкем. Қалың қар, әкем қасқырша үңгіп, қар астымен жылжиды. Пулеметтер сақылдап біздің әскерлердің басын көтертпей тұрады. Әкем төмпешікке жеткенде сол қанаттағы пулеметтің дауысын есітіп, бір ұшқынын байқап, атып, үнін өшіреді де, екіншісін нысанаға алады. Сәті түсіп оның да шаруасын бітіреді. Жау жағы аң-таң, «бұл мерген қайдан шықты» деп әкемді іздей бастайды, осы уақытта үшінші ұңғыманың да ұшқыны байқап, атып үлгереді. Пулеметтердің де үндері өшеді, арғы жағы белгісіз, «Есімді жисам, қол аяғымды төсекке керіп байлап, оң аяғымды тізеден жоғары кесіп, алып тастаған. Госпитальда екенмін, содан екі ай дегенде өзіме-өзім келіп, ауылға қайттық қой», — деп отыратын еді сұрмергеніңіз. 9 мамыр сайын әкемді шақырып, кеудесіне орден қадап тұратын. Соғыс ардагері ретінде тегін «Запорожец» машинесін де берді өкімет…

Біздің ауылдың құмы Мойынқұм, Ұланбелге жалғасып жатады.

Бескепенің басында бес үй отыр,

Ақбөпе жоқ ішінде несіне отыр.

Шіркін-ай, бәсін беріп алар едім,

Кедейшілік қолымды кесіп отыр, — деп Сауытбек ақын зарланатын Бескепе деген жерден де өтіп, әкем ауылға бет түзейді.

Сонымен оныншы күн дегенде кешкісін: «Әй, барсыңдар ма? Есікті ашыңдар», — деген әкемнің дауысы шықты. Бәріміз шулап далаға жүгірдік. Ағам екеуміз дарбазаны ашып, әкемді кіргізіп, аттан түсірдік. Қара бие шіркіннің кірпігін, ұртын түгел боз қырау басқан, танауы делдиіп, екі иығынан демалып тұр. Жетегінде жіңішкелеу көкшіл ма, бір ұсқынсыздау жылқысы бар екен. Ағам Садығұл екеуміз: «Шіркін, жылқы болса, осы қара биедей болса ғой», — дестік. Қандай суық, белуардан қар, осыншама қашық жолдан сыр бермей әкемді еркін әкеп тұрған биеден, бізге еш нәрсе қымбат көрінбеді. Әкем: «Садаш, биенің тартпасын аздап босатып, жылы қораға қаңтарып қой да, мына құнанды шөпке қойыңдар», — деп асықпай, саспай балдағын тықылдатып, үйге қарай аяңдады. Қара биенің қанжығасынан салбырап тұрған қасқыр қақпанға көзім түсті.

Жылқыларды жайғай сап, ағам атамдарға хабар беруге кетті. Ол кезде біздің үй үш бөлмелі тоқал там еді. Оны қоржын там деп те атайтын. Әкем шешініп, төрге енді жайғаса бергенде, Бүбүкіл әкпем, Мырзахмет атам, кемпірі Мәндібала апам, (ол кісіні «көккөз апа» дейтінбіз), Ақыл ағам, Кәлимат және Күлдана жеңешелерім, Нұрхас ағам, көрші Қаншайым апа, Сәрсен көке, Мәрия жеңгей, не керек, көрші-қолаң бәрі жиналды. Дастархан жайылып, екі иығынан дем алып, сары самауырмен бұрқыраған шай да келді. Сөзді атам бастады.

— Қалай, ат көлік аман келдің бе? Құда-құдағилар аман-есен бе екен? Қызымыздың хал-ахуалы дұрыс па?, — деп жатты.

Әкем жауапқа асығар емес. Тұғырға қонған қарт қырындай қабағы түксиіп, тақиясын бір қозғап қойып, қолындағы кесесін айналдырып, шайын бір ұрттап алып, бір кезде барып: «Бәрі жақсы», — деп бір-ақ ауыз ғана сөз айтты. Ағайындар біраз әңгіме-дүкен құрысып барып тарқасты.

Ертеңгісін біз сабаққа кеттік. Түсте сабақтан келсем, әкем кешегі әкелген ұсқынсыз жылқысын сылап-сипап, оның қора жайын реттеп жатыр екен. Ағам Садығұл екеумізге: «Мына жылқыға күніге жоңышқаны балтамен майдалап турап, оған жылы тұзды су бүркіп, алашамен жауып тастаңдар, сосын жүгері, арпа, бидай үшеуін қол диірменмен тартып, үлкен шараға бұқтырып қойыңдар», — деп тапсырма берді. Ағам екеуміз тапсырманы бұлжытпай орындауға кірістік. Інім Қойшыман онда жастау еді.

Не керек, бір айға жуық осы тапсырманы орындай-орындай жалықтық. Енді екеуміз жоңышқаны «сен тура, мен тураға» келіп, қол диірменмен жемді «сен тарт, мен тарт» деп айтыса бастадық. Сөйтіп жүргенімізде көктемнің де шуағы білініп, күн жылына бастады. Әкемнің бар жұмысы осы көк дөнен болды. «Жалы сол жағына қисайыпты, теріс, бұлай болмайды» деп, дөненнің жалын оң жағына құлатып, балшық жағып қойыпты. Үлкен темір тарағы бар, сонымен тарай-тарай, жылқының үстінде ескі қыстық жүнін бітірді. Енді оның тұяғымен айналысып қашап-шауып, құйма тұяқ жасап қойды. Күтімі келіскесін жылқы да оңалып, жал бітіп, жанына жақындасаң осқырынып, үркектейтінді шығарды. Біз су берерде байқамасақ теуіп, я тістеп алардай болып, құлағын қайта-қайта жымитып тұрады. Әкем келсе осқыранып, иіскеп, рахаттанып қалады. Сөйтіп жүргенімізде сағынған көктеміміз де келіп жетті.

Құдамыз Әбдуәлі ақсақал құс салып, ит жүгіртетін, аттың жөнін білетін атсейіс, әрі атақты аңшы, қақпаншы кісі болатын. Кемпірі Әшіркүл апа да ерекше кісі еді. Құмда тұратын малшылармен сол өңірге тегіс белгілі, алдына ат түсірмеген қара айғыры, қашқан аңды құтқармайтын жүйрік ұшар атты тазысы болатын. Сол уақытта аңшылардың бір серті болған деседі. Егер бірінің құрал-сайманын бірі тауып алса, міндетті түрде өзіне қайтарады екен. Қақпанда әр адамның өз белгілері болатын. Әбдуәлі ақсақал аң аулап жүріп, сүйреткісі бар түлкіні ұстап алып, қақпанды таныса керек. Көп жылдар өткесін сол қақпанды әкеме қайтарыпты. Біздің үйде де қой қораның жоғарғы жағында ағаш ілмекте қасқыр, түлкі қақпанның түр-түрі ілініп тұратын. Мына қақпанды да соларға қосып қойдық.

Көктем шыға көк дөненді ағам Садығұл үйретіп мінді. Тай кезінде үйренбегендіктен бе, үйренуі, бас білуі өте қиын болды. Ағамның атқа құмарлығынан бір апта дегенде көк дөненді ырқына көндіріп алды. Әкем болса: «Дөненді көп қинама, асықпай-саспай жүр, жаман әдетке үйретпе»,-деп қадағалап отырды. Көк дөнен содан бастап жанына ағам мен әкемнен басқаны жолатпайтын болды. Келесі жылдың көктемінде көк дөнен беске келгенде, әкем үйірге салды. Оның өзінің қызықтары болады екен. Ауылдың сырт жағындағы ойпаңдау жерді «сай жақ» деп атайтынбыз. Сол жерге ауыл ақсақалдары бес алты биені апарып, көкке жайып, әкемді күтті. Жиенім Асқар, інілерім Қойшыман, Сатан, Дәнебек бәріміз де сол жерге барып отырдық. Бір кезде үстінде жұқа жабуы бар, құйрық жалы төгілген, көк бесті айғырды әкем үйден жетелеп келе жатты. Ақсақалдар таңырқасып: «Жануардың дене бітімін ай, есікпен төрдей екен ғой, маңдайының дөңесін қарашы, кеудесі сала құлаш, сауырынан су төгілмес жол жорғасы да бар екен-ау», — десіп әрі сынап, әрі қызығып әңгімелеп жатты. Биелердің алды құлындай бастаған кез. Әкем көк бестіге бір атдорба жемді басына іліп, жалын тарап, сауырынан сипалап бірдеңелерді айтып, сөйлескендей болып, тізгінінен ұстап тұр. Ақсақалдар да сабырлы қалпын бұзбай отыр. Жемін жеп болған кезде әкем көк дөненнің басынан атдорбасын алып, үстіндегі жұқа жабуды сыпыра берді. Сол сол-ақ екен, осыны күткендей көк бесті кісінеп, аспанға қарғып, топ биені бір айналып, басын төмен салып, басы жыланның басындай жер сызып, биелерді иіріп ала жөнеле берді. Осы уақытқа дейін байқамаған екенбіз, қаракөк бестінің бауырына ала ақ теңбілдері де бар екен. Жылқы біткеннің сұлуын сонда бірінші рет көрген болармын. Әбилім ақсақал көк бестінің қандай тұқымнан екенін сұрады, әкем сол төбенің басына жиналған ақсақалдарға қыста құмға барған кездегі әңгімесін айтуды бастады:

Екі метрге жуық жауған қардан құмның да жолдары жабылған екен. Таудай биік қара бие қаншама қалың болса да, қарды кемедей қақ жарып отырыпты. Ауылдан шыға, Шеңгелді ой, Қырғауылды, Астауқобы, Қарайыптан өтіп, Қызылдыға кіре Сәлімбайдың асуынан асқасын, қар аздап жұқарыпты. «Есқара, Томарлы, Бескепе, Буратышқан жағы – бәрі өзіме таныс жолдар ғой, аса қинала қоймадым», — деп әкем асықпай-саспай, әңгімесін жалғады. Екінші күні кештете, Түлейдегі құдасы Әбдуәлінің ауылы Көделі ойға жетіпті. Әбдуәлі ақсақал да, құдағиы Әшіркүл де, қызы Күләйла да, аң-таң: «Мына суықта қалай жеттің»,- деп құрақ ұшса керек. Екі үш күн жатып, қайтуға жиналғанда құдасы: «Мұстафа-ау, сізге қара айғырды мінгізуім керек еді, амал не, мынандай жағдай болды», — деп ол кісі де әңгімесін бастапты.

— Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Таң ертең атымды ерттеп, қара айғырдың үйірін іздеуге шықтым. Ауылдан алыстап кетпейтін, үш-төрт белден асып барып жатушы еді. Іздеген жерімнен таптым. Жылқылар дін аман екен, бірақ жақындағанда байқадым, қара айғыр қара терге түсіп, үстін боз қырау басыпты. Жақындап келіп қарасам, айғырдың шабынан қан сорғалап тұр екен. Анандай жерде екі үш қасқырдың өлігі көрінеді. Бірден түсіндім, түнде үйірлі қасқырдың жылқыға шапқаны белгілі. Ыңырсыған қасқырдың арланы сексеуілдің түбінде бүк түсіп жатыр. Он сегіз жылда қасқырға бір құлын алдырмаған қара айғырым мені көріп оқыранып, дір-дір етеді. Шіркін, қара айғырымның тағдыры солай болды, — деп құдам бір күрсінді.

— Ауылдан оқшау жататын қара айғырдың үйірі, содан бері ауылдан айналшықтап шықпайды. Жүріңіз, сонда барайық», — деп жылқыларға келдік.

— Құдеке, енді осы жылқыдан қалағаныңызды алыңыз, — деді.

Жылқылар өте азғын, шетіне таман сүйегі арса-арса болып тұрған, бірақ тұлғасында тұлпарлық қасиеті бар осы көк дөненді алайын дедім. Құдам да:

— Шіркін-ай, ауылға жеткізе алсаңыз жарар еді, асылдың сынығы еді, — деп ризалық білдірді.

«Содан таныс ауылдарға барып, жол-жөнекей аздап болсада жемдеп, асықпай бес-алты күнде жеткенім еді», — деді әкем.

Міне, сол көк дөнен екі жылғы баптан кейін ештеңені тыңдар емес, арқырап кісінеп үйірге кірді.

Біздің көшеде Иманқұл деген ақсақал тұратын. Ылғи ақ есек мініп жүргесін бе, ол кісіні ауыл әйелдері: «Ақ есекті жәке» атап кеткен. Бірақ оны ол кісі білмейтін болуы керек. Сол кісі ауылдың егістеріне қарайтын қорықшы болатын. Бір күні әкем үйде шалғы шыңлап отырған, Иманқұл ақсақал келіп, әкеме дүрсе қоя берді. Түрінде ызғар, ыза!

— Әй Мұстафа, сен жылқы алып келмепсің, қасқыр алып кепсің ғой ауылға! Мына пәлені қайдан әкеп едің, көзін құрт пәленің, — деді.

Әкем асықпай шалғысын шыңдап болып:

— Имеке-ау, не боп қалды? — деді.

— Мына айғыр біздің айғырларды талқандап, үйірін тартып алып, биелерді бұзып, шауып жатыр, кісіні жылқыға жақындатпайды, тіке шабуыл жасап, таптап кете жаздайды, өзіммен бірге итім еріп жүр еді, оны таптап өлтірді, — деді. Әкем:

— Ештеңе етпес, ит табылар, бие тоқтаса бопды да,- деп басу айтты.

Артынша, тағы бір екі ақсақал да солай деп келді. Абыр-сабыр әңгімеден кейін, не керек, мәмілеге келген сияқтанды. Бұл 1972 жыл болатын. Сол жылы күзде әкем ауырып, емханаға кетті. Көктем шыға Алматыдағы ағам Тілеу келіп, дәрігерлермен ақылдасып, әкемді ұшақпен Мәскеуге алып кетті. Әкемнің науқасы қатты болса керек, інілері келіп, апама бірдеңелер айтып отырады да, біз келгенде тына қалады. Бір күні апам бәрімізді жинап алып:

— Молдажан, Мырзажан, Төрежанды шақырыңдар — деді.

Ол уақытта апам қайныларының атын атамай, осылай дейтін. Молдажаны – Ақыл, Мырзажаны – Нұрхас, Төрежаны – Сиырбай ағам.

Ағайындар келіп ақылдасып, ақша керек болуына байланысты Теңбілкөкті союға келісіпті. Ауылдың атқа мінер азаматтары жиналып, оның ішінде Иманқұл ақсақал да бар, бәріміз Теңбілкөктің үйірін 50-60 жылқыны Сұлтан баз деген жылқы қамайтын үлкен базға айдадық. Шамамен оншақты атты адамбыз. Жылқылар базға жақындағанда Теңбілкөк білсе керек, ол жылқыны бізге қарсы айдады. Қолында ұзын-ұзын құрықтары бар аттылар қойсын ба, қайырып айғайға басқанда көк айғыр кісінеп келіп екі-үш биені мытып-мытып жібергенде қалың жылқы бізді таптап, қаға-маға өте шықты. Артынан қуған бір-екі аттыны көк айғыр қарсы шауып қуып тастады да, басын шұлғи жол жорғасына салып, жылқылардың артында теңселіп бара жатты. Мен іштей болса да көк айғырдың мықтылығына қуанып тұрдым.

Әкемнің інісі Нұрхас ағам, тағы басқалар бар, жылқыға барып атдорбамен жем беріп, үйтіп-бүйтіп жүріп, Теңбілкөкті ұстапты. Сабақтан келсем ауылдың мұғалімдері жиналып, жылқыны он екі жілікке бөліп алатын болып келісіпті.

Теңбілкөк ә дегенде байлаған арқанды порша-поршасын шығарып үзіп, жігіттердің шамасын келтірмей, шарбақты бұзып шықты. Көп қойсын ба, қайта арқан лақтырып жүріп ұстап әкеп, жығуға айналды. Осы кезде менің көзіме жас келіп, ауылдың сыртындағы көк айғырды алғаш үйірге қосқан төбеге барып отырдым. Кеңсірігіме өксік тығылып, әкемнің қатты ауырғанына өкіне, көзімнен жылымық жастың парлап отырғанын байқамаппын. Жақындап қалған қорықшы ақсақалды көріп орнымнан қозғалдым. Аяңдап басып үйге келсем, бәрі кетіп қалыпты, көл бетіндегі бақаның кілеміндей, Теңбілкөкөтің терісі жайылып, төрт аяғы ғана жатыр екен. Мен сол уақытта он бес жаста едім. Кейін естідім, айғырды жығып болып енді алқымына қанжар тақай бергенде Әзімхан Әбжапаров деген ақсақал айғайлап жетіпті. Оған түсінбеген қасапшы алқымды орып жіберсе керек. «Әттеген-ай, мұны білгенде өзімнің үлкен айғырымды берер едім-ау, есіл жылқы қор болды ау», — деп шөкелеп отырып қалыпты. Сойғандардың айтуына қарағанда он екінші омыртқада белгісі бар екен, қолтығында үш тесігі болды, нағыз тұлпардың өзі екен деген әңгімелер біраз уақыт айтылып жүрді. Әкем де екі-үш айдан соң елге келді. Жүзінен аурудың табы байқала қоймайды. Көп қиыншылықты көргесін бе, жоқ балаларым әлі жас, қорықпасын деді ме екен, әйтеуір ештеңе білдірмеді. Бой жасаса керек, атқа мініп, ауылды аралап, жылқыға барып, Теңбілкөгін көре алмай көңілі пәс болып келді. Сол жылы Шілде айының алтысы күні үш күндей ауырып, әкем кешкі сағат 10:30 да, 66 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

qoshan-mЗарлы (Қошан) Қойшығұл Мұстафаұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры, халықаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері.

«Қазақ әдебиеті» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.