Қазақстан Теңге ілуде тоғыз елден топ жарды

3666

Астанадағы «Қазанат» атшабарында бүгін Теңге ілуден II Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сайыста бірінші және екінші орынды Қазақстанның намысын қорғаған Мағжан Сапарбек пен Ғалымжан Ізжанов иеленді.

II Азия чемпионатының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлтық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл айтулы шара біздің әсем де көрікті елордамыз — Астананың 20 жылдығын атап өту аясында өткізіліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы спорттың дамуына, әсіресе ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше көңіл аударатынын білесіздер. Бүгінгі доданы тамашалауға ЮНЕСКО-ның өкілдері де келіп отыр. Бұның өзі біздің ел үшін үлкен абырой» — деді Бекболат Тілеухан.

Теңге ілуден Қазақстан құрамасының бапкерлер алқасы республика чемпионы Мағжан Сапарбек пен 2015 жылғы Азия чемпионы, 2017 жылғы «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының жеңімпазы Ғалымжан Ізжановқа сенім артқан болатын. Майталмандар үдеден шыға білді.

Құрама бапкері Нұркен Байбөриевтің үмітін ақтаған кіл мықтылар алғашқы екі орынды қанжығасына байлады.

Теңге ілуден үшінші орын қырғыз спортшысы Амантур Минууруулуға бұйырды. Жүлделі төртінші және бесінші орын Моңғолиядан келген Серік Жеңісбек пен тәжікстандық епті жігіт Бобороджан Мусоевтың еншісіне бұйырды.

Айта кетсек, ертең «Қазанатта» аударыспақтан III Азия чемпионаты өтеді. Бес салмақ бойынша сынға түсетін 9 ел спортшыларының сайысы аса тартысты өтетіні анық.

Бұл додада Қазақ елінің намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Есімхан Рахмәтілла, Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев секілді азаматтар қорғайды. Аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев — екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016 ). 2017 жылы Астанада өткен халықаралық турнирдің аса ауыр салмақтағы және абсолютті сайыстағы жеңімпазы. Сырым Ізбасаров — ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016). Азияның 2016 жылғы абсолютті жеңімпазы. А. Серғазин, Ш. Ержанов, Е. Рахмәтілла — талай жарыста топ жарған мықты спортшылар.

Ұлттық құраманың жетекшілері — Қуанышбек Құрамаев пен Жанбатыр Бекмұсаев.

Теңге ілу мен аударыспақтан 2018 жылғы Азия чемпионаты 2 маусым күні аяқталады. Айта кетсек, қос ұлттық спорт түрінен Азия Чемпионаттарына 9 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркиядан 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда 100-ге тарта адам қатысуда. Чемпионаттардың жалпы жүлде қоры — 14 млн теңге.

Теңге ілудің ашылу салтанатының фотоларын мына жерден көрулеріңізге болады.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.