Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Жылқы сыны
(Монголия қазақтарының жылқы шаруашылығы негізінде)
Қазақтар атам заманынан бері жылқы малын пір тұтып, аялап өсіріп, өз кәдесіне пайдаланып келді. Оның сыры мен қырына қанық болды. Сәйгүлігін сайлап, тарланын таңдап мінді. Сұрыптай білді. Халық мәтелінде «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деп ауылшаруашылық ілімінің сапалық сәйкестіру қисынын екі-ақ ауыз сөзбен тұжырымдап, халық селекциясын өмірге пайдалана білді. «Айғыр алмауыт болмай атқа жарамайсың» деп айғырларды сұрыптап сапаландыруға ерекше көңіл бөлді. Үйірдегі айғырларды қартайтпай (12 жастан асырмай) үнемі ауыстырып отырды.
Қазақ халқының сәйгүлік жүйріктерді «Төңірек», «Күдір», «Желбегей», «Қызбел» немесе «Босбелбеу», «Созақ», «Мұзбүйрек» деп алты топқа бөліп қарайды. Бұл Моңғолияда өмір сүретін қазақтарда сақталған. Аттың сыны туралы ұлы Абай, ақын Ілияс Жансүгіровтің өлең жырларында Қабанбай батырға арналған «Қубас ат» дастандарында жүйріктерді топқа бөліп қараған жазбалар кездеспейді.
Халық ішінде аттың сынын сұрастырып, деректер жинағанымызда жүйріктің мінез-құлқы, табиғаты, қасиеті, жүйрікке тән мүшелерінің ерен бітіміне байланысты жоғарыдағыдай алты топқа бөлетіні белгілі болды. Бірақ бапкерлермен сыншылардың қайсыбірі сол топтағы жүйріктің мүше ерекшелігін біріне-бірін шатастырып, қосып, жаңылыс кететіні зерттеудің барысында анықталғандай болды. Мәселен, көп жылдар бойы ат баптап, жүйрік ұстап, аламан бәйгеге ат қосып, жүрген. Орынұлы Қалқабай қарияның «Керім-Торым» (Өлгий 1978 ж.) кітабындағы «Ер қанаты» толғауындағы күдірдің қайсібір мүше ерекшеліктерін төңіректің сынымен шатыстырғаны Мақсұл Мәмәмұлы, С.Әби, К.Құралқан қатарлы ақсақалдардың айтқан дәлелінен белгілі болып отыр.
Ал моңғол халқы жүйрік жылқысын – ғарыштық, жерлік және аралас өтпелі (жер мен ғарыш ерекшелігінің қай-қайсысын дене мүшесінен табылатын аттар) деп үш топқа бөліп, әрі қарай сәйгүліктің сипаты мен бітіміне байланысты – бұғы, күдір, балық, бақа, хайуан іспетті деп бөліп, әрқайсысының сол ерекшелігіне байланысты сынайды. Олардың тісінің ерекшелігіне қарай хайуан, бақа, қой, жирен, бұғы, түйе, ешкі, арыстан басты, тісті деп бөліп сынайтындары да кездеседі.
Енді біз, қазақ халқы жүйріктерді алты топқа бөліп сынайтын ерекшелігін жіктеп алып қаралық.
1. Төңірек. Төңірек – әлем деген мағана береді. Көне Түркілер әлемді төрт бұрыш деп түсінген. Сондықтан да «төңіректің төрт бұрышы» немесе көне түрікше «төрт бұлың» деген сөз.
Міне, осы түсінікке ұқсас алды, сауыры мен шоқтығы бірдей биік, арты тең сәйгүлікті «төңірек» деп атаған сияқты. Төңіректің қос құлақтың арасындағы төбе сүйек, шоқтық және ұша (сүбе қабырғалы арқа сүйекпен, белдеме, жамбас, ұша қосылған жері) бір деңгейде жатады. Бұны қазақ үш шоқы деп атайды. Басы қысқа орақ бас, маңдайы жалпақ, танаудың желбіршегі, ауыз, езу, көзі үлкен, сағақтың үсті, немесе тілдің жатыны кең болады. Тілі әдеттегідей кішілеу әрі қысқалау, ақшыл өңді келеді. Көзі отты, қызыл күрең, мінезі байсалды жуас, қамыс құлақ әрі қысқалау, құлағының шеміршегінің түбі доғал қусырыңқы болып келген, әрі жұқа тістің мөрі терең, түйе тісті, сойдиыңқы: азуы жуан, қысқалау, астыңғы ерні салбыраңқы, жағы имектеу, сағағына қос жұдырық сияды. Дене бітімі тұрқы қысқа келеді. Қабырғасы имек, бүйірі қысыңқы, мықыны тар, үлкен бота тірсек, тірсектегі сіңірі адырайған ірі, арасына саусақ сиятындай кең, серіппелі; тұяғы жұмыр, бақайы қысқа, мойыны қысқа, көтені шығыңқы, қос сербек кейін біткен, ұйқышыл келеді. Танауының ішінде 3-7 тесігі бар. Екі өкпесінің тұсында орайлы. Орайының ортасында тесігі бар, одан аяз күндері бу шығып шықтанып тұратындықтан мұндай сәйгүлікті «тесік өкпе» деп те атаған.
2. Күдір мағанасы – марал, қазіргі қазақ тілінде көп қолданбайды. Бұндай жылқының сипатынан бұғының қасиеттерін көруге болады. Күдір тобына жататын сәйгүліктердің басы етсіз, қысқа, қушықтау, көзі отты, қызыл әрі шарасы үлкен. Кеңсірігі үлкен ортасында қобысы бар. Беті жалпақтау тілдің жатыны кең, түсі ақшыл, бидай түсті. Тістің мөріне бидай сиярдай әрі терең тістің еті ақшыл, жағы имек, астыңғы еріні үстіңгісінен озыңқы, ұзын, тынысты, танауы кең, танауының ішінде 2-3 тесігі болады. Сағағы кең, бөкен сағақ, құлағының тесігі жұқа, ұзын қамыс құлақ, қабырға жазылыңқы, мойны, аяғы тұрқы салыстырмалы түрде ұзын. Тұяғы жалпақ, тұяқ ернеуі қырлы, бота тірсек. Шапқанда құйрығын көтеріп шабады. Күші кеудесінде. Арты биік, кеуделі, салқы төс, мінезі байсалды, кең, құйрық жалы жұмсақ. Ұмасының алдыңғы жағында және де құлақтың ішінде ұзын қылшықтары болады.
3. Желбегей. Бұл топтың сәйгүліктерін алдынан қарағанда, алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді елес береді де, артынан қарағанда шабынған бураның артындай төңкерілген. Тұрқы ұзын, төрт құбыласы тең, бітімі шойыннан құйғандай келісті келеді. Шашасы (жер соғары) ұзын, бақайшығы үлкен, бота тірсек, тұяғы жалпақ, әрі қалың, ұйқышыл, бауыры жазық, маңдайы кере қарыс кең, төс сүйегі қырлы әрі қалың болады. Көбінде мінезі байсалды болады. Егер мінезі шәркез, үркек болып келсе, мұндай сәйгүлік көкпарға атап соққан жануардың өзі. Дұрыстап баптаса, бұл топтың жылқысы бәйгеде алдын бермейді.
4. Қызбел немесе босбелбеу. Жирен бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек келеді. Жал құйрығы жұқа; құндыз жүнді, немесе өлқая, жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төбе сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танаудың ауқымы тар. Сағағы тар — қыпшақ. Құлағы ұзын және тұрқы ұзын, солқылдақ, белі қайқы, бұлшық еттері ұзын, тұяғы жұқа, жалпақ. Мойыны ұзын, құс ұйқылы, елеңдегіш. Сүйегі жұқа, қоян сүйек, маңдайы тар, арты аласа, алды биік. Тістің мөрі орташа келеді. Үркек. Мұндай топтың аты көкпарға жайлы болады. Көкпарды аласатқан үркек атпен тартатын болғандықтан ұшқыр қызбелдер ыңғайлы. Ал қызбелдерді бәйгеге қосуға болмайды.
5. Созақ. Басы, аузы, езуі, көздері үлкен. Кеңсірігі жіңішкеріп келеді. Селтиген теке танау болады. Көзі қызыл, өте асау, үркек, жал-құйрығы қою, мінезі тар күйгелек, қаз мойын, месқарын, жалпақ жұқа тұяқты. Сырты сұлу, тірсегі тік, күші алдында, мықыны кең, тұрқы ұзын, солқылдақ, бақайы ұзын, қабырғасы жазыңқы. Созақтарды бәйгеге қосуға келмейді.
6. Мұзбүйрек. Мұзбүйректің мойны қысқа, бұқа мойын, басы жантақ, қазанбас төртбақ, аяқ-қолы жуан, үнемі май жинайды. Қобы салып тойынады. Бүйрегінен май кетпейтін болғандықан «мұз бүйрек» деп атаған. Бұл топтың жылқысы тек қана бәйгеге жарамсыз, шаруаға арналған. Жүрісті, азбас-тозбас местер, суыққа төзімді, ұзақ сапардың көлігі.
Міне, осылайша ата-бабамыз ер қанаты жылқыны алты топқа бөліп жарамдысын таңдап, баптап алдымен бәйгеде бағын сынап келіпті.
Ал, халық арасында кейбір қариялар жабыны бір топ деп көреді. Жабының денесі ірі, шомбал, тұрқы ұзын, аяқтары қысқа, қағылез, оңалғыш, суыққа төзімді, күшті, салт мінуге ыңғайлы болады.
«Жабыға салма тоқым жалды екен деп
Жаманмен жолдас болма малды екен деп», — деген қара өлең жолдары халық жадында қалған.