Көкпар атын суыту әдісі

18237

Қадірлі оқырман, қадірлі ат сүйер азаматтар, бүгінгі әңгімеде күз мезгілінің келуіне байланысты көкпар атын суыту жайлы айтпақпыз.

Жалпы ат суыту дегеніміз не? Алдымен осыған тоқталып өтсек.

Аттың жілік майын толтыру мақсатында, жаз бойы арнайы «шілде жемге» қойылған атты суытып, баптап, көкпарға дайындауды «ат суыту» деп атаймыз.

Суыту сөзі «ысылу» мағынасында, яғни семіз атты бірте-бірте еттен арылту, қайтару, «қайтара білу», бір сөзбен айтқанда жарату деген сөз.

Бағымда тұрған атты ерттеп мініп, қырды бір айналып шауып келу, бұл – ат суытуға жатпайды.

Жемде тұрған атты ерттеп мінбес бұрын оны мінуге дайындаймыз.

Оны қай кезден бастаймыз? Жаз бойы жемді дұрыс жеген жылқы, семіре келе, күзге жақын жемнен шыға бастайды. Осы кезден бастап аттың жемін бір мезгілге түсіріп, жеп жүрген бидайына арпа немесе сұлы араластырып бере бастаймыз. Сұлының тек өзін беруге де болады. Арпа мен сұлы бидайға қарағанда жеңіл, қорытылуы тез болғандықтан, атты суытарда арпа, сұлы жегізген жөн.

Жақсы семірген аттың іш майын жиыру үшін алма, сәбіз жегізсе дұрыс болады.

Еті қалың атты мінерден бұрын 10-15 күн таң асыру қажет. «Таңасыру» деп — атты кешкі жемінен соң ауыздықтап қаңтарып қоюды айтады. Яғни ат таңға дейін жем-шөп жемей тұруы тиіс. Таңасырылған атты аздап еттен түсіп, іші тартыла бастағанда ауыздықтап, ойнақтатпай, суға байлау керек. Суық су аттың етін қатайтады, іштегі ыстығын алады, әрі тұяғын жұмсартады.

Тұяғы жұмсарған аттың тұяғын жону, реттеу, табанындағы қолаңсасын (сасығын) алу оңай. Тұяғы ретке келмей, қолаңсасы алынбай мінілген аттың тасырқайтыны содан.

Атты осылай мінуге дайындаған соң, оны жүгендеп, ер тоқымын салып мінеміз. Алғашқы күндері атты жай жүріспен, ентіктірмей, ауылдан көп ұзатпай, құлақ түбінен тер шығармай қайтарып отырған жөн. Содан кейін адымын бірте-бірте алшаңдатып, күннен-күнге ұзатыңқырап, үзбей отыз-қырық күн мінген соң аттың басын аздап қоя беруге, яғни шабуға болады. Бұл кездері ат ұзын арқанмен айналма қазыққа бйланғаны да жақсы.

Күтімде тұрып қалмай, тиянақты үзбей мінілген ат 45-50 күн ішінде суытылып бітуі тиіс. Суытылып, бабы келіскен ат көкпарға дайын деген сөз. Тек, көкпарға баратын күнгі берілетін жем-шөбінің мөлшерін білген жақсы.

Бір айта кетерлігі, атты суыту кезінде жемін мүлдем азайтуға, көп қаңтаруға, арқа тері қатпай тұрып отқа қоюға болмайды. Арқа тері кеппей отқа қойылған аттың іші бұзылады. Аттың жіңішкеріп, бірішек болып, іші тартылып кететіні содан. Іші тартылған аттың ауқатқа тәбеті болмайды. Ондай аттың күші де кем! Тері қатпай су ішкен ат та осылай бұзылады.

Атты суға салған күні аздап тер шығарып мініп келгеннен кейін міндетті түрде жабулап қою керек. Жабусыз аттың суықтауы тез. Сондықтан да айтылған осы мәселелерге аса мұқият болуды ескертемін!

Қазақ «Суытылған ат» — деп қалың дода ішінде тынысы тарылмайтын, қанша шапса да құлақ түбінен тер шықпайтын, қырандай талмас қанатты тұлпарды айтқан.

Міне салып ауылды бір айналып шауып келіп, он күн ішінде зыптай етіп немесе айналма қазыққа байлап, атты «суып қалды» деп ауызша айту оңай. Ол еріншектің тірлігі. Ондай адамның аты шаппайды.

Семіздей шабу, семіздей додада қинау, бұл аттың май жұтуына, аяғына май (қан) түсуіне әкеліп соғады. Аяғына май түскен аттың емі табылмаса қиын, ал май жұтқан ат көкпарға мүлдем жарамайды!

Ат баптап, ат суытуды бастаған ағайынға алғысым мол! Алдағы келе жатқан көкпар мерзімі құтты болсын дейміз! Еңбегі жансын! Белгіленген көкпар додалары өз еркінде, өз дәрежесінде, өз ережесінде, өз биігінде өтер болса, қырқалар дүбірге толы болмақ.

Аттарыңыз салымды болсын!!!

Әлқайдар ЛӘШКЕРҰЛЫ, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.