Альберт МҮРСӘЛІМ. Бозқұлын

7988

(әңгіме)

Қарасу ауылы құмның ортасында тұрған – шағын, адамдары бірін бірі танитын, ынтымағы жарасқан ауыл. Көктем келіп, ағаштар жапырақтап, жер беті жасыл кілемге оранып жап-жасыл болған, қыс бойы қолда тұрған малдар да өріске шығып кең тыныстап, қой қоздап, ешкілер лақтап, сиырлар бұзаулап, биелер құлындап жатқан кез. Ауылдың адамдары жылқыдан басқа малды кезекпен жаяды да, жылқыларды айғырлар үйір-үйірге бөліп әкеткен. Ауыл адамдары жылқы үйірлерінің қай өрісте жүргенін сыртынан бақылап қойып жүреді де, сауылатын биелерді таң елең-алаң бере бастағанда айдап әкеліп, құлындарды желіге байлап қоятын.
Бір күні көрші Сәбит атпен Аймағамбет шалдың үйінің жанына келіп, құмда үй салып ойнап отырған Серікке:
— Атаңды шақырып жіберші, — деді. Серік атып тұрып, үйде дем алып жатқан атасын шақырып келді. Аймағамбет ақсақал жасы жетпісті алқымдап қалған, сақал-мұрт жібергенімен ширақ адам болатын. Сәбит амандық-саулық сұрасқан соң:
— Айеке, сіздің көк биеңіз менің үйіріме қосылып бірге жүретін еді, екі-үш күннен бері сол бие көрінбей жүр, аттың аяғы жететін жерге дейін барып қарадым, бірақ көрінбеді. Соны сізге айтайын деп едім, — деді.
— Рахмет, айналайын, ол бие бүгін бе, ертең бе деп, құлындауға тақау жүр еді, бошалап кеткен ғой, өзі бір ерекше қызғаншақ бие. Жылда құлындар кезде сөйтіп қашып барып адам көзіне түспейтін тасалау жерді тауып алып құлындайтын, сонан соң құлынын аяқтандырып ертіп өзі келетін еді. Сәбит, неше күн болды, көзіңе түспегелі?
— Қателеспесем 3-4 күн болып қалды.
— Ә, онда келетін кезі болыпты ғой, бүгін келмесе ертең бір жақсы ат тауып алып іздейін.
— Сөйтіңіз, қазір жер әлі тыңая қойған жоқ қой, мүмкін су ішем деп, ұйыққа түсіп кетіп шыға алмай тұр ма, кім білсін?
— Сенің жылқыларыңның бағыты қай жақ еді? — деді қария сәл абыржып.
— Өткен жетіде Бидайсай жаққа жайылған, бүгін Қаражыра жақта жүр.
-Е, онда мен ол биені Қаражыра жақтан іздейін, ол жақтың жықпыл-жықпылы көп еді. Рахмет, айналайын, хабарыңа.
Сәбит атының басын бұрып аяңдап үйіне кетті. Серік «көк бие құлындады» дегенді естіп қуанып та қалды. Басына бірінші келген ой, ертең атасының артына міңгесіп көк биені іздесу. Ойын айтпақшы болып үйге кіріп атасының қасына келді.
— Ата-ау! — деді ерке дауыспен.
— Ау, жаным, бірдеңе айтқың келіп тұр ма? — деді атасы немересінің басынан сипап. — Айта ғой, тыңдап тұрмын.
— Ата, сен ертең көк биені іздеуге шығасың ғой иә?
— Егер бүгін түнде келмесе ертең шығып іздеймін. Оны неге сұрадың? — деді атасы.
— Ата, көк биені іздеуге мені ала кетші, артыңа міңгестіріп. Менің де биені іздегім келеді.
— Қой, айналайын, мен мүмкін күні бойы жүремін, сен шаршайсың, шөлдейсің, абзалы үйде ойнап отыра бер.
— Ата… — деп Серік аузын аша беріп еді, атасы:
5b— Болмайды, құлыным, текке шаршайсың, сонан соң мен де еркін жүре алмаймын, әрі екі адам атқа ауыр болады. Мен қыдырып бара жатқан жоқпын. Жарай ма?! Көк бие құлындаған шығар, ертең құлынына мініп ауылдың ішін аралайсың, сыртқа шығып құлынмен басқа балалармен жарысасың, келістік пе? — деді атасы.
— Жарайды ата, келістік, — деді ойын жүзеге асыра алмағанына мұңайып.
Ертеңінде ерте тұрып атасын шығарып салғысы келіп еді, ұйқыдан оянса атасы кетіп қалыпты. Күні бойы үйге кірмей, атасын аңдумен болды. Есік алдындағы құмды үйіп, үй салмақшы болды, бірақ жүрегі лүпілдеп, ойынан көк биенің құлыны кетпеді. «Көк бие қандай құлын әкелер екен. Ауылдың балаларының алды құлындарын үйретіп алып мініп жүр, ал құлыны жоқтар тайға мініп жүр. Мен де солардай ертең-ақ құлынымды үйретіп алып жарысам ғой, менің құлыным қандай болар екен» деп көзіне құлынын елестетуге тырысты.
Кеш түсіп күн батқанша атасы келмеді. Серік те ұйықтамай атасын күтумен болды. Әжесінің «ұйықта» деп айытқанына құлақ аспады. Қараңғы қоюланып, жұрт жата бастағанда сырттан иттің үрген дауысы естілді. Серік атып тұрып далаға шықты. Атасы екен. Атымен қораға қарай тақап барып тоқтады. Алдында өңгеріп алған бірдеңесі бар, қасында көк бие. Серік атасының алдындағы заттың құлын екенін жазбай таныды. Жақындап келіп бақылап тұр. Атасы аттан түсіп, сонан соң өңгерген затын жерге түсірді де, қораның есігін ашып құшақтап көтеріп аяқтарын салақтатып әкелген затын кіргізді. Соңынан ілесіп көк бие де қораға кірді. Атасы қорадан қайта шыққанда алдынан шығып:
— Ата көк бие құлындап па? Сен қораға кіргізген зат құлын ба? — деп сұрады.
— Иә, айналайын, көк бие құлындапты, құлыны да өте сүйкімді екен, бірақ… — атасы сөзін аяқтамай үйге бет алып, – құлынды ертең көресің, жүр үйге, әлі ұйықтамағансың ба? — деді.
— Ұйықтағам жоқ, күні бойы құлынды күттім. Көк бие құлын әкелетінін білдім ғой. Енді мен құлынға ат қоямын. Түні бойы ойлап шығамын да азанда атын айтамын.
— Жарайды айналайын, апаңа айт шәй қойсын – шаршап, шөлдеп келдім, — деді атасы.
Серік жүгіріп үйге кіріп, әжесінен қуанышын жасыра алмай:
— Әже шай қой, тамағыңды дайында, атам қарны ашып, шөлдеп, шаршап келіпті. Құлынды алдына өңгеріп әкелді. Әже тездет, мен көмектесейін бе? Не істейін? — деп бәйек болып жүр.
— Айналайын, құлыным, атаңның шайы да, тамағы да дайын. Сен атаңның астына қалың етіп көрпе төсеп жібер де, барып айт, бәрі дайын, қолын жусын да, дастарханға келсін.
Шәй үстінде атасы:
kulyn— Көк бие керемет қызғаншақ қой, ұзап кетіпті, қырды көп кездім, ақыры Қызырдың қалың тоғайының ішінен тауып алдым. Құлындағанына екі-үш күндей болған екен. Жылдағыдай құлынын ертіп үйге өзі келе алмай жүргені, құлынның атқы екі аяғы тобығының тұсынан сынған екен, шамасы, топшылауымша биенің өзі басып кеткен шығар. Өйткені маңайында өзінен басқа жан да, із де жоқ, мал болмайтын шағар, — деп сөзін тиянақтады да, қасында атасына серік болып бірге шәй ішіп отырған Серіктің басынан сипады.
— Ата сонда мал болмағаны қалай?
— Артқы екі аяғы бірдей сынған, салақтап жатып, бұл құлын енді жүре алмайды!
— Ата, сонда мен құлынға міне алмай мын ба? — деді Серік, көңіл күйі құлазып, дауысы дірілдеп, көзіне жас келіп.
— Иә, құлыным, жылқы малы жүріске жаратылған, екі аяғы бірдей ақсақ құлын еш уақытта жүре алмайды.
— Сонда оны емдеп жазуға болмай ма?
— Ертең анау мал дохдыры Әлібекті шақырып әкеліп көрсет, сол біледі, мал болатынын, болмайтынын. Әй қайдам… Жүр жатайық, күні бойы сені көрмей иісіңді сағынып қалдым, құшақтап жатып, иіскеп бір мауқымды басайын, сені иіскесем шаршағаным да басылады.
— Жүр шаршағаныңды басайын, — деп Серік атасының қасына келіп құшағына енді. Бірақ ұйқысы келмей, құлынды уайымдап ұзақ жатты.
Таңертең ерте тұрып, мал дохдыры бір жаққа кетіп қалмай тұрғанда жолығып қалайын деп, үйіне барды. Есігінің алдында көршісімен сөйлесіп тұрған Әлібекті көріп қуанып кетті. Қасына келіп:
— Ассалаумағалейкүм аға! — деді.
— Ағалейкүмассалам, Серікжан, таң атпай неғып жүрсің, жатпайсың ба ұйықтап?
— Аға, сізге келдім, біздің көк биені білесіз ғой, өзіңіз жылда емдеп, дәрі егіп жүрген.
— Иә, білемін, жақсы бие, жуас. Бірдеңе болды ма?
— Иә, кеше атам құлынымен даладан алып келді, құлынының екі артқы аяғы сынып қалыпты, көріңізші? — деді де Серік жылап жіберді.
— Қой, Серікжан, жылама, қазір көремін, аяғын емдеп жазамыз, сынса гипске саламын.
— Аға қашан келесіз? — деді көзінің жасын жеңімен сүртіп.
— Түстен кейін келіп көремін, күт.
— Жарайды аға, күтемін ғой, тез келіңізші? — деді де үйіне қарай тұра жүгірді. Келе құлынының қасына келді. Әп-әдемі, жалы мен кекілі тікірейген, аузының айналасы мен құлағы қап-қара боз құлын. Көздері жайнап тұр. Ұмтылып тұрғысы келеді, алдыңғы екі аяғын басып демеп кеудесін көтерген болады, бірақ артқы екі аяғы майрылып, сәл көтеріледі де құлап түседі. Серік құлынға қарап ұзақ тұра алмады, жанұшырып үйге тұра жүгірді. Атасын ертіп қораға қайта келді. Екеулеп құлынды көтеріп емізді. «Ашығып қалған екен. Көк бие сүтті мал, желіні де сыздап тұрған шығар, әбден тойғанша емізейік», деді атасы. Екеуі құлынды ұзақ емізді. Биенің алдына шөп салып, атасы Серікті ертіп үйге кірді. Шай үстінде, атасы Серіктің көңілсіз отырғанын байқап:
— Серікжан уайымдама, көк бие аман болса әлі талай құлын әкеледі. Ал бұл құлын мал болмайды, күдеріңді үз. Қасына бара бермей-ақ қой, жарай ма? Бауыр басып аласың да, сонан соң қимай жүрерсің, ұқтың ба? — деді атасы, көз қиығымен немересіне қарап отырып.
— Ата, сонда қалай, боз құлын өле ме?
— Өледі, айттым ғой мал болмайды деп.
— Ата мал дохдыры келіп көрем деді ғой, гипс салам деді.
— Одан түк те шықпайды. Гипс салған соң боз құлын тырп етпей жатуы керек, баяғыда әжең екі ай қозғалмай жатқан жоқ емес пе, аяғын сындырғанда, есің де ме?
— Есімде.
— Ал құлын олай жата алмайды, ұқтың ба, құлыным. Үйде бір құлын бар ғой, мына сен бізге құлынсың, сол жетеді. Ол аз болса енді бір-ер айдан соң ала бие де құлындайды. Ол ақылды бие, құлындар кезде өзі үйге келеді. Былтыр сауамыз деп үйде ұзақ ұстап, содан айғырдан кеш шықты, әйтпесе осы кезде ол да құлындап жатар еді, – деді атасы сақалын сипап қойып.
— Ата маған боз құлын ұнап тұр.
— Айттым ғой енді қасына бара берме деп.
Серік күні бойы мал дәрігерін күтіп, айналшықтап үйден шықпай жүрді. Біресе құлынның жанына барады, есік алдындағы құмға ойнамақшы болып еді, оған да зауқы болмады. Жолдастары келіп «өзенге барайық» деп шақырып еді, сылтау айтып бармай қалды.
Түс ауа мал дәрігерінің келе жатқанын көріп алдынан шықты.
— Ағай, жүріңіз құлын қорада тұр, — деп қораның есігін ашып, құлынның қасына әкелді. Мал дәрігері құлынның аяқтарын ұстап көріп:
— Серікжан, құлынның аяғы жіліншіктің басынан қақ бөлініп үзіліп қалыпты, қазір тек терісіне ілініп қана тұр. Бұл енді аяқ болмайды деген сөз.
— Аға сонда құлын аяқсыз қалай жүреді?
— Аяқсыз жүрмейді.
— Сонда не істейсіз?
— Онда былай істейміз, қазір мен құралдарымды алып келемін, құлынның екі аяғын үзілген жерінен сәл жоғарырақ кесіп, терісін бүріп тігеміз де, аяқтарына протез кигіземіз.
— Сонда ол жүріп кете ме?
— Шауып кетпегенмен орнынан тұрып, қора ішінде ептеп жүре алады.
— Ағай, сөйтіңізші? Құлынды аяп тұрмын!
— Жарайды, мен бір сағаттан кейін келем, атаң станокқа жарайтын темір не ағаш дайындасын, ескі жыртылған жарамсыз пималар болса төртеуін дайындап және қарулы бір адамды алып мені күтсін, жарай ма, Серікжан! — деді дәрігер.
— Бәрі дайын болады, ағай, көп рахмет, тіпті қуанып тұрмын! — деді де мал дәрігерін шығарып салып, естігенін атасына айтып, асықтырды.
Бір сағаттан соң мал дәрігері келіп, құлынды салмақты темірге қозғала алмайтын етіп байлап, басын екі шалға ұстатып, аяқтарын бір бірлеп арамен кесіп, артық терісімен бүріп, кескен жерін көрінбейтін етіп тігіп тастады. Індетке қарсы дәрі екті.
— Әй, Аймағамбет-ай, осы мал болады деп тұрмысың, мына дохтыр баланы әуре қылып, бауыздап лақтырып тастамадың ба? Сараңсың-ау өзің! — деді көрші шал Темірғали.
— Өзім де сөйтем бе деп ойлап отыр едім, мына немерем — Серікжан ғой мал дәрігерін әкеліп, ұйымдастырып шапқылап жүрген, — деді Аймағамбет шал.
— Өзің біл, аяғы шорт сынған малдың мал болып кеткенін көрмеген соң айтқаным ғой.
Мал дәрігері дайындап қойған екі пиманы кесіп, цилиндрге ұқсатып протез жасап, ішіне қалың етіп алдымен киіз, үстіне мақта салып шолақ аяқтарға кигізді де байлап қойды. Сонан соң құлынды шешіп тұрғызып көрді. Боз құлын төрт аяғын басып орнынан тұрған соң басын шайқап, сілкініп, жан жағына қарады. Қоя берген кезде тәлтіректеп, тәй-тәй басқан жас баладай аяғын санап басып енесінің жанына барды. Байлаулы тұрған көк бие де басын бұрып мекіреніп, құлынын жалап, әлекке түсті. Құлын басын биенің бауырына тығып емшек іздей бастады. Емшекті өзі тауып қомағайлана сорпылдатып сора бастады, езуінен сүттің көбігі шығып, жерге тамшылап та жатыр.
— Жарықтық бие де иіп-ақ тұр екен, құлын да туғанынан өз бетінше алғашқы емгені шығар? — деді көрші шал.
— Атам екеуміз азанда көтеріп емізгенбіз құлынды, — деді Серік.
— Ал, Серік, құлыныңның алдыңғы аяқтары ұзын да, артқысы қысқа, құтты жираф секілді болды да қалды. Сен жираф дегенді білесің бе? — деді мал дәрігері.
— Әрине, кітаптан оқығам.
— Енді бұл құлынның бақташысы, Серікжан, сен болатын шығарсың?
— Иә, мен боламын, — деді Серік.
— Онда құлыныңды көп жүргізбе, қорадан шығарма, анда-санда пимасын шешіп қарап отыр, жілігі терісін тесіп сүйегі жалаңаштанып шығып қалып жүрмесін. Мезгіл мезгіл емізіп отыр. Егер бірдеңе керек болса маған келіп айтып тұр, жарай ма?
— Жарайды аға, — деді Серік қуанып, көздері жайнап, кеудесін қуаныш кернеп.
Мал дәрігері де, екі қария да қорадан шығып кетті. Серік боз құлынның аяғын басып жүргенін қызықтап ұзақ тұрды. Құлынның кеудесі биік те, атқы жағы бір қарыстай аласа.
Қунаышын бөліскісі келіп үйдегі әжесіне келді:
-Әже, — деді.
— Әу, жаным, бірдеңе керек пе? — деп сұрады әжесі.
— Жоқ, әже, боз құлын аяғын басып жүріп жүр, өзі тұрып, енесін өзі емді. Енді ол мал болып кетеді ғой, рас па?
— Қайдан білейін, аяғына протез киіп жүрген жылқыны бұрын-соңды көрген жоқ едім, қайдан білейін, құлыным, — деді әжесі. Әжесінің жауабына қанағаттанбаған Серік:
— Әже, енді ол өзі жүріп, өзі еміп тұрса неге мал болмайды, айтшы болады ғой, — деді.
— Болады, жаным, болады, уайымдамай-ақ қой, — деді әжесі немересінің көңілін көтергісі келіп.
— Иә, әжем дұрыс айтады, мал болады. Мүмкін далаға шығып шапқыламаса да, қорада, есік алдында жүреді ғой, — деді.
Ертеңінде Серік тұра сала қораға кірді, боз құлынды көріп, қасына келіп басынан, маңдайынан сипап, күбірлеп:
— Енді сенің атың Бозқұлын болады. Мен сені жақсы көремін. Аяқтарыңның сынып қалғаны қандай өкінішті. Мен сені ерттеп міне алмаймын. Ал сен жарысқа қатыса алмайсың. Тіпті көшеге де шыға алмайсың. Көрдің бе, саған да, маған да оңай болмай тұр. Бірақ мен сені ешкімге ренжіткізбеймін, үнемі қасыңда боламын. Жарай ма?
Боз құлын құлағын қайшылап, енесіне жабыса түседі. Серік енді қуанышын достарымен бөліскісі келді. Көшеге шығып жан-жағына қарап біраз тұрды. Көзіне ешкім ілінбеген соң, көшесінің аяқ жағында тұратын Беріктің үйіне келді. Есікті ашып ішке кірді. Беріктің шешесі көріп:
— Серікжан, жоғары шық, Берік төргі бөлмеде теледидар көріп отыр, бара ғой қасына, — деді. Серік бөлмеге кіріп, Беріктің қасына келді. Екеуі қол алып амандасты.
— Серік сендердің көк биелерің құлындапты ғой, рас па? — деді Берік.
— Рас, саған соны айтайын деп келдім, — деді Серік, — көргің келе ме, жүр көрсетейін.
— Көргім келеді, кеттік.
bala men kulynЕкеуі жылдам жүріп Серіктің қорасына кірді.
— Серік, аяғына пима неге кигізіп қойғансыңдар? Аяғы тоңа ма? — деп сұрады Берік.
— Жоқ, аяғының бас жағы сынып қалған. Кеше мал дәрігері аяғының сынған жерін кесіп тастап осы протезді кигізіп кетті, — деді де, болған жайды толық баяндап берді. Беріктің де жүрегі елжіреп, бойын аяушылық сезім билеп, боз құлыннан көз айырмай ұзақ қарап тұрды.
– Серік мен де келіп қарап тұрайыншы? Саған көмектесіп тұрамын, екеулеп бағамыз.
— Жарайды келіп тұр, — деді.
Боз құлынның хикаясын біртіндеп бүкіл ауыл естіді. Біреулер аяушылық танытса, енді біреулер сөгіп, «Аймағамбеттің онысы несі екен, екі аяғы жоқ құлынды мал қылмақшы ма, малсыз емес, тағы бір биесі, тайы бар емес пе?» деп сөгіушілер де болды.
Күн жылынып жаз шығып, бойдақ малдар өріске далаға кетті де, ауылда сауын билер ғана қалды. Көк биенің үйірі де өрісте жүрді. Бір күні Аймағамбет қария шай үстінде:
— Серікжан, ертеңнен бастап көк биені өріске жіберемін, қу шөпке қамап қашанғы ұстай береміз, жүдеп барады. Әрі айғырдан шығуы керек, келер жылы да бізге құлын керек емес пе? Солай ма?
— Солай ғой, бірақ Бозқұлынды қайтеміз?
— Бозқұлын қорада тұрады, көк бие өзі келіп емізіп тұрады. Құлынын тастап кетпес. Балажан емес пе.
— Жарайды, ата, жіберсең жібер, — деді Серік.
Ертеңінде атасы көк биені жетектеп алып шығып, үйренген үйіріне қосып жіберді. Көк бие жарты айдай кешке қарай құлынына оралып, түні бойы емізіп, азанда өзі кетіп жүрді де, жарты айдан кейін келмей қойды. Бір айдың ішінде Бозқұлын да өсіп, биіктей бастады. Серік, өзінің 5-ші класта бірге оқитын балаларымен күні бойы құлынның қасында, барлығы жиналып құлынды сипап аймалайды. Бозқұлында балаларға үйреніп оларды күтіп тұрады. Балаларды көргенде басын тік көтеріп осқырынады. Қасына келгенде оларды ақырын тістелеп ойнай бастайды. Бір күні Жайлау:
— Серік Бозқұлынды зебра қылсақ қайтеді? — деді.
— Қалай?
— Қара немесе қызыл бояу алып зебра секілді етіп бояймыз.
— Бояуды қайдан аламыз, оны сатып алатын бізде ақша жоқ қой.
— Бәріміз жабылып ақша жинайық, — деп ұсыныс жасады Жайлау.
— Менің ойымша, ең дұрысы, ақша да керегі жоқ, қазанның күйесін жағып бояйық. Ауылда қазан көп, күйе деп көп, — деді кластарының тапқышбагі — Әлішер.
— О, ең дұрысы осы, күйе жинайық. Әр қайсымыз үйінен қанша тапсақ сонша күйе әкелейік, — деді Берік.
Көп ұзамай барлығы үйлерінен күйе жинап қайта оралды. Серік үйден шелек әкеліп барлық күйені араластырып:
— Әлішер күйені суға еземіз бе, әлде осылай жағамыз ба? — деп сұрады.
— Осылай жағып көрейік, егер жұқпаса еземіз.
— Онда не тұрыс, кірісейік, — деді де Серік бірінші болып шелектен күйе алып жолақтап күйе жаға бастады. Балалар бірі құлынның басын, бірі құйрығын, әр қайсысы денесін бөлшектеп бөліп алып бояи бастады. Бір сағаттан кейін Бозқұлын зебра болды да шықты. Балалар өздерінің ойлап тапқан «зебраларына» қарап, мәз-майрам. Енді бір сәтте бір біріне қарап одан сайын мәз болды. Барлығының үсті-басы, бет-аузы түгел күйе.
— Өзенге барып жуынып тазаланып бармасам мамам ұрсады, жүріңдер өзенге барайық, — деген Жайлаудың ұсынысымен барлығы өзенге тартты. Беттерін жуғанымен киімдеріне жұққан күйе езіліп киімдерін одан сайын бүлдірді. Сол бетімен барлығы үйлеріне тарасты. Серікті әжесі көріп:
— Жаным-ау, түріңе не болған? Пешке кіргенсің бе? – деді.
— Әже, біз Бозқұлынды «зебраға» айналдырдық..
— Зебрасы несі, шал да алжыған, баяғы да-ақ осы құлынды үйге әкелмей көзін жоя салу керек еді. Енді не болды? Серік жолдастарымен күні бойы қасынан шықпайды. Басқа балалардың да үсті-басы бұлғанған шығар? — деп Серікке қарады.
— Бәріміз де бұлғандық.
— Әне, енді олардың да әке-шешесі іренжитін болды бізге. Әй, шал-ай, шал-ай, алжыдың-ау! Жарайды, кешке келерсің, сонда сөйлесерміз, шешін киімдеріңді жуайын, — деді әжесі.
Келесі күні балалар түгел келісіп қойғандай Бозқұлынның қасына қайта жиналды. Кешегі жұмыстарын көріп, мәз болды. Бозқұлын зебрадан аумай қалыпты.
— Зебраны африкадан көрмесек те ауылдан көретін болдық. Класымыздың қыздарына айтайық, көрсін, — деді Әлішер.
— Ей, достар, бізде қиындық болып тұр, әжем «Бозқұлынға енді сүт бермеймін, сүтті өзің тап, біздің сиырлар ешкі секілді бес-ақ литр сүт береді, екі құлынды бірдей асырай алмаймын, сенде құлынсың» – деді, не істейміз? Бозқұлынға сүт табу керек, ол әлі шөп жемейді, — деп Серік достарына қарады.
— Онда Бозқұлынды балаларға көрсетіп, көру ақысына сүт сұрайық. Мысалы бір көргені 1 литр сүт болсын, — деді тапқыр Әлішер.
— Әлішер дұрыс айтады, өзіміздің класымыздың қыздарына, басқа кластың балаларына да айтайық, — деді Берік. Бәрі осы шешімге келісіп, бір жеті Бозқұлынды асырады. Ауылдағы балалардың бәрі көріп болған кезде балалар тағы жиналды.
— Ей, достар, атам мен әжем кеше ақылдасып Бозқұлынды бауыздап, мал моласына шығарып тастаймыз — деп отыр — деді де Серік жан жағына қарап -Әсіресе әжем қатты ренжіп жүр, атамды «алжыған шал» деп айта береді, не істейміз?
— Онда кезекпен әр қайсымыз үйден сүт тасиық, — деді Әлішер.
— Бозқұлын қазір өсті, бойы да салмағы да, ол 1 литрге тоймайды, қараңдаршы, қабырғалары ырсиып, қарны тартылып жүдеп барады, — деді Серік. — Атам да көрген сайын басын шайқап, «обал болды, обал болды» деп айта береді. Бауыздап тастайма деп қорқып жүрмін. Бозқұлын біздің бәрімізді жақсы көреді, ол бізді көргенде басын шұлғып, шұрқырайды, сүйкеніп қуанып қалады. Ал бізді ұзақ көрмесе кісіней бастайды. Бозқұлынның кісінегені әжемнің жүйкесіне тиіп, атама ұрса бастайды, «ақымақсың, алжыған шалсың» дейді. Мен атамның мойынына асылып, жалынамын «Ата Бозқұлынға тимеші! Біз кластың балалары өзіміз асыраймыз. Қазір шөп беріп үйретіп жүрміз, шөпке үйренген соң, сүт сұрауын қояды» дедім. Атам «жарайды» деді де үндемей отырды.
— Бозқұлынды бәріміз жақсы көреміз, бірақ менің шешем сиырды сауа сала сүтін тартып тастайды, абратын бұзауларға береді, мен тек абрат қана әкеле аламын, — деп мұңайды Жайлау.
— Абрат болсада әкеле бер, Бозқұлынды өлтіруге болмайды, әр қайсымыз бір шөлмектен абрат болсын сүт болсын осында тасиық, — деді Берік.
— Ей, достар, Бозқұлынның протезінің табанындағы мақтасы жұқарып, аяғының тіккен жері қанап сүйегі көрініп жүр. Мал дәрігері ағайдан сұрап едім «Протездің табанына қалың етіп мақта сал, сосын мына дәріні қанаған жеріне жақ деп мына сасық майды берді» — деп шыны құтыны көрсетті де, – Біздің үйде мақта жоқ, не істейміз, — деді Серік тағы бір мәселенің шетін шығарып.
— Ертең түсте Сейітбек атаның үйі құдайы бергелі жатыр, соған ауылдың барлық үлкендері барады, сол кезде үйдегі мақта көрпелерді сөгіп аздап мақтасын алуға болады, сөйтейік, — деді тапқыр Әлішер.
— Онда ертең әрқайсың ышқырларыңа салып, бір уыстан мақта әкеліңдер, пиманың ішіне саламыз, — деді Серік. Осы байламға бәрі келісіп үйлеріне тарасты.
Келесі күні Сейітбектің үйінде, жиналғандар Аймағамбетке қарап, Бозқұлынды әңгіме етті.
— Аймағамбет сен неге сол құлынның көзін құртпай жүрсің? Жанын қинап қайтесің, обал емес пе? Енесі де бұл құлын бұл дүниелік емес деп тастап қайырылмай кетті, — демей ме Темірғали, жұрттың бетін Аймағамбетке бұрып. Темірғалиды Күзенбай қостап:
— Иә, деймін, құртсаңшы көзін сол құлыныңның. Әнеу күні ауылдың бүкіл балалары «зебра» жасаймыз деп, үсті-бастарын бояп келді. Енді үй үйден сол құлынға деп, күнде сүт сұрайды, бермесең жылайды, немесе ұрлайды, — деді. Отырғандар басқа әңгіме жоқтай, бірінен кейін бірі сөйлеп, бірі көк биені мақтаса, енді бірі даттады.
— Әй, Аймағамбет, әнеу күні біздің Маратжан қорадан Бозқұлынға сүт алмақы болып кіріп барғанда, қараңғы жерде байқамай жұмыртқа басып жатқан қаздың жанына жетіп барған, қаз «ыс» еткенде шалқасынан түсіп, оны ата қаз бас салып тәшмайынан тістеп алып, қанатымен сабаған. Сөйтіп бұрын сүндетке отырғызылған баланы екінші рет тағы сүндеттеп жіберіпті. Қанжоса болып бақырып жатқан жерінен мына кемпірім құтқарып алыпты. Сенің шаңыңды қағып келмекші болып ұмтылып еді, «ұят болады, тәшмайы ертең-ақ жазылып кетеді, шулатпа» деп мен жібермедім, — деп Нұрсейт те әңгімеге араласты.
Әңгіменің соңында бәрі де «Құлынға обал болады, бауыздап шығарып тастау керек» деп шешті. «Қайтейін, немерем сол құлынға байланды да қалды, іренжіткім келмей жүр еді» деді құлынның иесі. Төмен қарап сәл ойланып отырды да: – Ертең бауыздап шығарып тастайын, — деді.
Кешке Беріктің шешесі ұлына қарап:
— Ана құлындарыңды ертең Серіктің әкесі бауыздап шығарып тастайтын болды. Сейітбектің үйінде отырғанда ауылдың шалдары жабылып, «көзін құрт» деп тапсырды, — деді. Шешесінен естіген сөз Беріктің жүрегіне шаншудай қадалып, мелшиіп отырды да қалды. Сәлден соң есін жиып, жүгіріп, Әлішерге келіп, шешесінен естігенін айтты.
— Әлішер, енді не істейміз? — деді Берік.
— Жүр, Серіктің үйіне барайық, — деді ол. Екеуі қол ұстасып Серіктің үйіне келді. Келсе Серік атасы, әжесі үшеуі шай ішіп отыр екен. Бұларды көріп:
— Әй жігіттер, төрге шығыңдар, кел отырып шай ішіңдер, — деді Серіктің атасы. Бұлар да ақырын келіп үн-түнсіз дөңгелек аласа столдың шетіне жайғасты. Сәлден соң:
— Әй жігіттер, сендер жақсы жігітсіңдер, батырсыңдар. «Бәрің бірің үшін, бірің бәрің үшін» деп біріңді бірің қимайтын адал доссыңдар. Ақылдарың да, білімдерің де көп. Мына менің кемпірім мені «Алжыған ақылсыз шалсың» дейді. Олай дейтін себебі Бозқұлынды аяғы сынғанын көре тұрып үйге әкелмей-ақ, сол жерде бауыздап тастап кетпедің бе! Енесі де бір-ер күн қасында болып, күдерін үзген соң өзі үйге келер еді» деп ұрсады. Солай ма кемпір? — деп Серіктің шай құйып отырған әжесіне қарады.
— Солай ғой. Алжығаның рас. Осынша жасқа келіп, қос аяғы бірдей сынған жылқының мал болғанын көріп пе едің? Сенен көк бие ақылды. Бозқұлынның мал болмайтынына көзі жетіп тастап кетті. Ал сен ешкімді тыңдамай, әлі қорада асырап келесің! Түріне қарашы өзің, қабырғалары ырсиып, көзі үңірейіп, жүні ұйысып, құр сүлдесі ғана, халі аянышты-ақ. Неғып соны көрмей жүрсің? Аясаң етті! — деді кемпір.
— Әй кемпірім-ай, сен де мені табалап болдың-ау, мен баяғыда-ақ бауыздап тастар едім, мынау Серік мойыныма асылып, аталап тиме деп жүрген жоқ па? Неге түсінбейсің? — деді атасы.
— Түсінгенде, күні бойы кісінейді де тұрады, мына балаларды қасынан ұзатпайды, бұлар қасына келгенше кісінейді де тұрады. Енесі осылардай. Бұлар құлынның қасында күзетіп отырмай, ойын балары ойнауы керек, солай ма балалар? — деді әжесі.
— Әже, біз Бозқұлынды қимаймыз, бауыздауға, өлтіруге қарсымыз, — деді Әлішер.
— Әже, біз бәріміз қарсымыз, атам жақсы адам, текке ұрса бересіз, сіз қатыгезсіз, — деді Берік.
— Ал балалар, мен сендерге шындықты айтайын, ертең Бозқұлынды бауыздап шығарып тастағалы отырмын. Мана Сейітбектің үйінде бүкіл шалдар маған жабылып, мені көндірді. Мен уәде бердім, уәде Құдай сөзі, орындамасам ұят болады, іренжімеңдер, — деп Аймағамбет немересіне қарады. Серік мына сөзді ести сала, көз жасын тия алмай далаға ата жөнелді. Оның достары да артынан іле жөнелді. Үшеуі қораға кіріп Бозқұлынның жанына келді. Бірі басынан, бірі мойынынан құшақтап алып еңіреп, ықылық атып, ұзақ жылады.
— Енді не істейміз? — деді Берік.
— Ертең балалардың бәрін жинайық, ерте осында келіп Бозқұлынмен хоштасып қалсын. Сонан соң мал моласына бірге барып қөмейік, — деді Әлішер.
— Менің ешқайда барғым жоқ, сендер хабарлаңдар, мен үйге барамын да жатамын, ешкімді көргім, ешкіммен сөйлескім да келмейді, кешіріңдер, басым ауырып тұр, — деді кемсеңдеп Серік.
Ертеңінде күн шыға барлық достар Серіктің ауласына жиналды. Сейітбек пен Аймағамбет шал құлынды жетектеп қорадан алып шықты. Бозқұлын достарын көріп басын шұлғып, неге жақындамайсыңдар дегендей, осқырынып артына жалтақ-жалтақ қарап, екі шалдың жетегіне еріп қораның артына барды. Цирк көретіндей балалар да соңынан еріп келіп алқа қотан, екі шалды қоршап тұра қалды. Екі шал, құлынның аяқтарын тұзақтап байлап, тартып жерге гүрс еткізді. Төрт аяғын да түйістіріп шандып байлап, Аймағамбет қолын жайып «Бисмилла рахман рахим, сенде де жазық жоқ, бізде де жазық жоқ. Құдай салды біз көндік, Аллаху акбар!» деп екі шал да, қарап тұрған балаларда беттерін сипады. Қарап тұрғандардың көбінің көздерінен жас тамшылап, өкіріп жіберуге тақау тұр. Өрт сөндірген адамдай түрлері әлем тапырық. Сейітбек құлынның басын арқанмен тұмсалап арқанның басын білегіне орап тартып тұрды, Аймағамбет пышағын алып құлынның алқымына тақады. Сол кезде бір қыз бала бар дауысымен шыңғырып жіберді. Бірақ, оған қарап жатқан шалдар жоқ, құлынның алқымын өткір пышақпен орып жіберді. Қан қып-қызыл болып бір-ер минут фонтанша атқылап барып басылды. Бозқұлын аяқтарын жиырып денесін дірілдетіп, бір неше рет ішін тартты. Сәлден соң денесі босап сылқ етті де тіршілік белгі жоғалды. Тек мөлдіреген көздері аспанға қарап ашық жатты.
Қарап тұрған балардың кейбірі дауысын шығарып жылап жіберді, енді бірінің көзінен аққан жас бетін жуып жатты. Екі шал құлынның аяғын шешіп, жегіулі тұрған арбаны әкеліп құлынды үстіне салды. Тізгінді Сейітбек ұстады да Аймағамбет арт жағына отырды. Арба қозғалғанда тобыр да ілесіп орнынан қозғалып еді, Сейітбек аттың тізгінін тартып арбаны тоқтатты да, ақырып жіберді:
— Немене, бір ақсақ құлынмен бірге өлетін бе едіңдер?! Қайтыңдар үйлеріңе! — деді де атқа қамшыны басып желе жөнелді. Балалар арбаның соңына ұзап кеткенше қарап тұрды да, сонан соң үн түнсіз екеу-үшеуден үйді үйге тарады. Ойларында – Бозқұлын. Бозқұлын бастарын біріктіріп, қасына жинайтын еді. Күнде сол жерге жиналып құлынды еркелетіп ойнататын еді. Құлын болса да бұларды көргенде кісінеп, қуанып қалатын еді. Бұлар оның тастап кеткен енесінің орнын басып, жоқтатпайтын еді. Кетіп бара жатқан балалардың әр қайсысының жүрегінде «Сейітбек жендет, жауыз» деген ой кетіп бара жатты. Балалар көпке дейін Бозқұлынды еске алып айтып жүрді.

Albert agaАльберт Мүрсәлімов, Ұлттық спорттың ардагері

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.