«Қымызмұрындық» мерекесі ЮНЕСКО тізіміне енді

4317

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет аталған қазақстандық ұсыныстарды өзінің 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өтіп жатқан 13-ші сессиясы аясында мақұлдап, қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» халқымыздың «қымызмұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» деген жоралғыларын қамтиды.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді құрылымының жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысуда. Отандық делегацияның құрамында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мен ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдік қызметкерлері және «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов бар.

Сессия аталған жоралғыларды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасына қосу жолында аянбай тер төккен және жоғарыда аталған номинацияның авторы, «Ұлытау» қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Елена Хорошты бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Елена Хорош бұдан бұрынырақ Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді ат салысқан еді.

«Айғыр қосу», «бие байлау» және «қымыз мұрындық» жоралғылары тұтас Қазақстанда тек Терісаққан ауылында сақталған. «Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды көздің қарашығындай сақтау ісіне 2010 жылдан кірісті. 2012 жылы аталған жоралғыларды «Терісаққан көктемі» фестиваліне айналдырдық. 2014 жылы сондай фестивалімізге Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Эмма Усманова мен Елена Хорош келіп көрді және оны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына қосуға болады деген ой айтып кетті. 2015 жылы ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Ханзада Есенова келіп қатысты. Артынша Қазақстанның ұлттық материалдық емес ес­керткіштері тізіміне енгізілді.» — деп атап өтті «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражай директоры Бақтияр Қожахметов.

Сонымен қатар, осы жылдары «Терісаққан көктемі» этнофестивалі туралы екі деректі фильм түсірілді Оның біріншісін Оңтүстік Кореяның тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген болатын. Ал, екіншісі «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік жоралғылары» деген атпен ЮНЕСКО-ның ресми сайтында жарияланды.

«Бірер күн бұрын біздің ұсыныс ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып, Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізіп келдік. Біріншіден, бұл — көпжылғы еңбектің көптен күткен жемісі. Екіншіден, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп тануы осы жоралғыларға жоғары мәртебе беріп қоймайды сонымен қатар, оны халықаралық қорғауға алады. Яғни көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады деген сөз. Осылайша аталған жоралғыларды тек Терісаақандықтарға, иә болмаса Ұлытау мен Қарағандылықтарға емес, тұтас елге насихаттау жауапкершілігі жүктелді деген сөз» деп қорытындылады өз сөзін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражай директоры Бақтияр Қожахметов.

«Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды жақын болашақта көшпенді мәдениетке қатысы бар бауырлас елдерге кеңінен таратуды жоспарлап отыр.

Естеріңізде болса, бұған дейін бұл құндылықтарымыздың ЮНЕСКО құрамына кіруі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.