Ұлттық спорттан ХІІІ мәрте өткен халықаралық турнир

4009

Жуырда Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлерінен  ұйымдастырылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир өтті. Бұл турнир биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, айтулы додаға Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысының командасы, Өзбекстан Республикасы мен Моңғолия елінің спортшылары қатысты. Көкпардан ХІІІ мәрте, аударыспақтан V мәрте, теңге ілу мен жамбы атудан алғашқы рет  жалау көтерген жарыс Шымкент қаласының Орталық атшабарын апта бойы думанға бөледі.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 94 жыл. Айтулы дата қайраткердің кезінде  еңбек еткен оңтүстік өңірінде ерекше аталып өтуде. Оқырмандарымызға мағлұмат үшін айтып өтелік, Асанбай Асқаров — 1948 жылдан 1985 жылға дейінгі аралықта оңтүстік өңірде түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған қайраткер.  Сол өңір халқының ұзақ жыл игілігіне жарап келген ғимараттардың салынуына, қаланың көркеюіне үлес қосқан тұлға. Қысқасы, Оңтүстік қазақстан облысын өркендетуге өзіндік өшпес ізі мен өлмес қолтаңбасын қалдырған азамат. Сол себепті, Асанбай Асқаровты еске түсіруге арналған шаралар аз емес.  Оңтүстік өңірде оқушылар арасында футбол, тоғызқұмалақ, шахмат және еркін күрес сияқты спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылды.

Қарашаның 17 жұлдызында жарыстың салтанатты ашылуы өтті. Халықаралық жарыстың ашылу рәсімінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Асанбай Асқаровтың елге сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне тоқталып, турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

– Асанбай Асқарұлы ұзақ жылдар бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі және бірегейі деп білеміз. Қоғам қайраткерінің өңірімізді басқарған жылдарында осы Орталық атшабар, Дендросаябақ пен Зообақ және балалар темір жолы сынды қаншама әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілген. Ел ағасының облыс тұрғындары үшін жасаған игі істері мен қалдырған ізгі мұраттары бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ел есінде мәңгілікке сақталады деп білемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Турнирге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркия елінен келген Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бірқатар мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.

Ұлттық спорт түрлерінен өтетін Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Алғашқыда республикалық деңгейде ғана ұйымдастырылған турнирде бәсеке тек көкпар ойынынан ғана өткізілетін-ді. Кейіннен аталмыш жарыс халыаралық дәрежеде ұйымдастырыла бастады. 2011 жылдан бастап турнирге аударыспақ сайысы енгізілді. Биылғы жылдан бастап Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирде енді спорттың теңге ілу мен жамбы ату түрінен де бәсеке өткізіле бастады.

Шымкент қаласының орталық атшабарына жиналған ұлттық спорттың жанкүйерлері қаршаның 14-20 жұлдызы аралығында сан түрлі сайыстың шеберлерімен жүздесіп, өнерін тамашалады.

Ең бастысы, биыл шет ел командалары уәделерінде тұрыпты. Алдымен өзбекстандық команда тас-түйін қалпы жетіпті. Өзбекстанның «Улак-Купкари» федерациясының төрағасы Ильхам Хазракулов бастаған көкпаршылары бұл жолы жарысқа өз көкпар аттарымен келіп қатысты. Ал, Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысындағы Қорғас қаласы «Ұлттық дәстүрлі денетәрбиесі қоғамының» басшысы Ермек Тоқтарбекұлы да он бір қандасымызды бастап келіп, жергілікті аттармен сайысып, бақтарын сынады.  Моңғолиядан кілең жамбы атудың сұрмергендері белсеніп келген. Бұлардан басқа аталмыш халықаралық сайысқа еліміздің алты командасы қатысты. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Алматы облыстары мен  Оңтүстік Қазақстан облысының құрама командасы мен Түлкібас-Майлыкент командасы. Апта бойы ұлттық спорттың беделін аспандатып, даңқын жайған бұл дүбірлі додада оңтүстіктік спортшылардың десі басым болды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқароватындағы халықаралық турнир барысы ұлттық спортымыздың уақыт озған сайын өрісін кеңейте түскенін және бір айқын аңғартқандай болды. Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысындағы Қорғас қаласынан келген, құрамы кілең сайдың тасындай қазақ жігіттерінен жасақталған «Қазанат» көкпар командасы жүлделі орынға қол жеткізбегенімен еліміздің әйгілі командаларымен иық теңестіре сайысып, жанкүйерлер айызын қандырды. Ал, аударыспақтан өзбекстандық Алмар Ходжаев біздің балуандармен арыстандай алпарысып, ақырында үшінші орынға табан тіреді. Жамбы атуда моңғолиялық мерген Дунчук Отхонбиямба да жебесін желге ұшырмай, қола жүлдегер атанды.

Көкпардан ХІІІ рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1-орын – Оңтүстік Қазақстан облысы

2-орын — Жамбыл облысы

 3-орын — Алматы облысы

Аударыспақтан V рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1 —орын–  Қосалиев Біржан (ОҚО)

2-орын – Ізбасаров Сырым (ОҚО)

3 —орын — Ходжаев Алмар (Өзбекстан)

Теңге ілуден І рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1-орын – Ізжанов Ғалымжан (ОҚО)

2-орын — Сапарбек Мағжан (ОҚО)

3-орын –Жәкішев Бердіғали (Ақтөбе)

Жамбы атудан І рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1-орын–  Айкөз Ералхан (ОҚО)

2-орын–  Елдос Бадашев (Жамбыл облысы)

3-орын –   Дунчук Отхонбиямба (Моңғолия)

Tolegen ZhakitaiТөлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!