Тай үйрету эстафетасы аяқталды (ФОТО)

5778

Жол-жөнекей

 Кеше Бұланды ауданы Жаңаталап ауылында «Тай атқа, ат мұратқа жеткізеді» атты жабағы үйретуден эстафеталық байқаудың қортынды шарасы өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының Өңірлік жобалық кеңсесі мұрындық болған бұл жоба Зеренді ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылынада, Біржан сал ауданының Сәуле ауылында, Атбасар ауданына қарасты Радионовка ауылдарында қызықты өткенінен хабардар шығарсыздар.

Asau2

Жобаның финалдық қортынды шарасын өткізу мәртебесі Бұланды ауданы Жаңаталап ауылына бұйырды. Біз «Рухани жаңғыру»  бағдарламасының Өңірлік жобалық кеңсеснің менеджерлері Қайрат Сейтқазин екеуіміз Көкшетау қаласынан шыға сала жол бойы өткен байқаулар жайында сөз қозғап, артық кемін тізіп келеміз. Әр ауданның өз ерекшеліктері болды. Енді Бұланды ауданында бізді не күтіп тұр деген сұрақ көкейде сайрап тұр.

 Құрыққа түскен тайдан, қазанда піскен тай артық па…

 Бірақ, ауылға кірген бетте жол бойында айтылған әңгіменің бәрі шетке ысырылып, «той деген осындай болуы керек» дедік бір ауыздан.

Asau1

Ауыл ортасына еңсесі биік қазақ үй тігілген. Қазақ үйден солға қарай көкпар алаңы, оң қапталында қарын күреп, қамал қылған жабағы үйретуге арнайы дайындалған алаң. Тура қазақ үйдің алдында шағын жәрмеңке ұйымдастырылған. Жәрмеңкеден әрірек жер ошақ орнатылып, оған бір тайдың еті асылып, бұрқылдап қайнап жатыр. Жолдан арып-ашып келген адамға тірі тайдан гөрі, жаңа сойылып, буы бұрқырап жатқан тай анағұрлым тартымды болады екен ғой. Асқазанымыз шұрылдап қоя берді…

 Мынауың бала емес, бәле екен

Asau5

Сонымен байқау басталды. Аудан әкімі Жомарт Жұмағалиұлы ізгі лебізін тыңдап, ауыл молдасының батасын алып шабандоздар атқа қонды. Бұл жолғы байқаудың өткен байқаулардан ерекшелігі тек жабағы үйрету ғана емес, сонымен қатар қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, аударыспақ және жілік шағу қоса ұйымдастырылуы. Ауылда жиырма бес жылдық тарихы бар облыстық, Республикалық турнирлерде топ жарып жүрген көкпар командасы бар екен. Осы команданың сақа, ардагер ойыншыларынан «Ересектер» командасы, және солардың шәкірттерінен «Жастар» командасы болып өзара сайысқа түсті. Бұл туралы кейінірек айтармыз, алдымен негізігі – жабағы үйретуге тоқталайық.

Asau6

Жабағы үйретуге 9-15 жас аралығындағы жеткіншектер қатысты. Тебінде жүрген жерінен әкелінген он сегіз жабағы осқырынып тұр. Балалар кезек-кезегімен қолға түскенін мініп жатыр. Міне сала ұшып түскені де, оңайлықпен құламай, елді сүйсінткен тақымы беріктері де бар.

Asau15

Бір кезде он бес жас шамасындағы денесі ірі бозбала шыға келді. Қырсыққанда оның салған шалмасына түскені әлжуаздау, бойы тапал, сүтке жарымаған жабағы екен. Құлағынан басып тұрып бар екпінімен қарғып мінгенде жабағы тулау былай тұрсын, тәлтіректеп тізесі дірілдеп қалды. Оны көрген халық шулап кетті. Ауыл қарттары: «бұл бала емес, екі баласы бар бәле емес пе өзі», — деп әзіл-қалжыңын араластырып ду ете түсті.

Ауыл балалары шу асау жабағыларды жүген құрықсыз жалына жармасып қана сабасына түсіре білді. Сайыс қортындысы бойынша жүлделі үшінші орын Бейсетайев Мирасқа, екінші орын Садырбаев Мәдениетке бұйырды. Бірінші орынды – Ермек Дәулет қанжығасына байлады.

 Балуан Шолақтың Ақбозы ма дерсің

 Кезек көкпарға келді. Серке сойылып ортаға тасталды. Жоғарыда аталған қос команда шабандоздары сайысқа кірісіп кетті. Жаңа сойылған серке бірде жастардың, бірде ересектердің тақымында бұлғаңдады.

Asau8

Бірінші салым ересектердің қоржынына түсті. Бұл өлке кешегі әнші, композитор, ат ойындарының шебері Балуан Шолақтың туған өлкесі. Балуан Шолақтың қанаты болған ақбоз аты болғаны да осы елдің жадында. Ойын ортасында алаңға тура сол сәйгүлікті еске түсіретін Ақбоз ат ойнақтап шыға келді. Жұрт Балуан Шолақ қайта оралғандай әсерде болды. Ортаға шыға салысымен өзге аттарды кеуделеп, өңмеңдеп ойын алаңының көркіне айналды. Бұрын да талай облыстық, республикалық ойындарда команданың жеңіске жетуіне ықпал етіп жүрген арғымақ екен. Бұл жолы да «Жастар» командасын жеңіс тұғырына алып шықты.

Asau9

Көкпар аяқталысымен аударыспақ басталып кетті. Білек күшіне сенген жігіттер атойлап ортаға қос-қостан шығып жатты. Сайыс қортындысы бойынша. Жүлделі үшінші орын Нұрмаханов Ермаханға, екінші орын Жүсіпов Қанатқа, ал бірінші орын Әбдікәрімов Рүстемге бұйырды.

Asau10

Байқаудың сәтті өтуіне себепкер болған Бұланды ауданы «Керей» шаруа қожалығының басшысы Айтжанов Смағұлға, «Қонай» шаруа қожалығының басшысы Әлібеков Еркебекке, «Бүркіт» шаруа қожалығының басшысы Нұрмұханов Бүркітбайға, «Марат» шаруа қожалығының Оспанов Маратқа, Ақкөл ауданы Жалғызқарағай ауылының әкіміне, «Макс Трид», ЖШС, «Абырой» шаруа қожалығына, жеке кәсіпкер «Ернар», жеке кәсіпкер «Асылхан» және Аудан Әкімі Жомарт Жұмағалиұлына ауыл тұрғындары ақжарма тілегі мен алғасын айтты.

Asau14

Сонымен облысымыздың бірнеше ауданында өткен «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізеді» атты жабағы үйретуден эстафеталық байқау Бұланды ауданында қортындыланды. Қыс бітіп, жаз шығуына және көп кешікпей оқушылардың демалысқа шығатыны сияқты т.б. себептерді ескере отырып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген байқауды келесі қыс маусымына дейін тоқтатуды жөн көрдік.

TabysbekТабысбек ҮСЕН,

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының

Өңірлік жобалық кеңсесінің менеджері.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.