Жабағы үйретуден эстафеталық байқау өтті (ФОТО)

7708

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында:  «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің Солтүстік өңіріндегі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді», — деп айтып өткенін білесіздер. Ал, «Ботай» қонысының Көкшетау аймағынан алыс емес екенін ескерсек, жылқы баласы осы біздің өңірде алғаш ауыздықталған деп айтуға толық қақымыз бар!

Сал-серілердің алтын бесігі – Көкшетау өзінің Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайымен мақтанса, сол Ақан серінің аузымен құс тістеген жүйрігі —  Құлагердің де қасиетті Көкше топырағынан шығуы кездейсоқ емес.
Өкінішке орай қазіргі жаҺандану заманында,  компьютер мен гаджеттерге телміріп, интернетке байланған қазақ баласын ат құлағында ойнайды деп айта алмаймыз. Бала түгілі соқталдай жігіттеріміздің өзі бостақым боп бара жатқаны «көшпендінің ұрпағы» деген атымызға сын, әрине!

Zhabagy

Сондықтан да ауылдың қара домалақ балаларын атқа мініп көрмеген қала балаларына үлгі-өнеге ету, сондай-ақ осы ауыл балаларының арқасында асфальтта өскен қала балаларының атқа мінуге деген қызығушылығын оятып, бойларына патриоттық сезім мен жауынгерлік рух дарыту мақсатында  Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Зеренді ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында «Тай – атқа, ат мұратқа жеткізер» атты жабағы үйретуден эстафеталық байқау өтті. Жабағы үйрету  байқауына қаттыссақ деп көрші Бірлестік ауылынан да дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Бүркітов Дулат Маратұлы бастаған бір топ жас өрендердің арнайы келгені көңіліміздегі қуанышты еселей түсті.

Zhabagy1

Сонымен, байқау ережесіне сәйкес 5-8 сынып аралығындағы оннан астам оқушы өзара бақ сынасатын болды.

Байқаудың салтанатты ашылуында ауыл үлкені Олжабай Уәлиев ақсақал бата беріп, одан кейін Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Ақылбек Дәулетбекұлы Бекмағамбетов және қазылар алқасының төрағасы, сол ауылдық округтің талай жылдан бері жылқышысы боп келе жатқан Абай Жүсібәлин мен Көкшетау қаласынан арнайы барған Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушылары Айболат Естай мен Жандос Қалымтаевтар сөз алып аталмыш шараның мән-маңызына ерекше тоқталып өтті.

Zhabagy2

Қош, сонымен байқау да басталды дерсің! Жылқыдан әдейі әкелінген ұзын саны он бес жабағы да «қайсың мінсең де жықпай қоймаспын» дегендей танауынан буы бұрқырап, дауыстары күміс қоңыраудай болып әдемі кісінейді. Оны бір бөлек, бесеуі бір бөлек. Яғни бес жабағы — финалға шыққандардың еншісінде.

Zhabagy3

Бұрын жүген-құрық тимеген шу асаулардың шоқтығында тұрымтайдай болып отырған тақымы тастай, білегі құрыштай, жігері қылыштай балақайларды көріп таңдай қақпау, сүйсінбеу мүмкін емес еді. Тамашалауға келген халайықтың айғайы мен ысқырығы құлақ тұндырды. Әсіресе әжелер мен аналардың қуанышы ерекше! Осы жерде «Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысады» деп дана қазағым қалай дәл тауып айтқан, ә!» деп еріксіз бас шайқадық. Бір-біріне «Қайырлы болсын!» айтысқан әжелер де мәре-сәре, біз де мәре-сәре!

Zhabagy4

Аспанға қарғып, жерге түскен, басын екі аяқтың ортасына тығып алып тулаған шақар жабағыдан құламай қалғандары да, туласына шыдас бермей топ етіп жығылып, үсті-басының қарын қағып-соға сала қайта асаудың жалына жабыса тырмысып жатқандар да болды. «Бүгін жабағыдан жығылсаң да, талабыңнан жығылмағайсың, жас өрен!» деп іштей әрқайсына да тілекші болдық.

Zhabagy5

Бас-аяғы бірнеше сағатқа созылған байқау қорытындысын білуге асыққан халық тайлы-таяғымен ауылдың клубына жиылды. Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің өнерпаз студенттері мен танымал әнші Аслан Мұхамедияровтың салған әнінен әсерленген елдің қошеметі ауылдың шағын мәдениет ошағын теңселтіп жібергендей еді. Айтыс ақындары Қуаныш Оспан мен Мұхамед Қоңқаевтың айтысы да көрерменді шат-шадыман көңіл күйге бөледі.

Zhabagy6

Концерттік бағдарламадан соң байқау ұйымдастырушылары атынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  Өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Мерген Көшербайұлы сөз сөйлеп, осы байқауды ұйымдастыруға атсалысқан барша ауыл азаматтарына алғыс, ықыласын білдірді!

Zhabagy7

Қазылар алқасының шешімі бойынша Ботақара Мақсат пен Қуантай Нұрмұхамед — арнайы жүлдеге, Айдархан Аян — 3 орын, Шайжанов Тимур — 2 орын, Темірке Бекзат — 1 орынды жеңіп алып, бәрі де арнайы диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал, «Байқаудың ең кішкентай үміткері»  деген арнайы номинация —  Шорман Мұхамедмәдиге бұйырды және  диплом мен сыйақысы да, әлбетте, қоса табысталды.

Zhabagy8

Жоғарыда «эстафеталық байқау» деп айтып өткеніміздей, Біржан сал ауданынан арнайы келген Медет Дәулетханов есімді азамат эстафетаны қабыл алып, келесі байқау Сәуле ауылында өтетін болып келісілді.

Zhabagy9

Намысы — өр, рухы — асқақ, талабы таудай осы балақайлар тұрғанда Қазақтың Көк Байрағы биіктен желбірей бермек!  Осы балалар ертеңгі күні Қазақ Елінің Мәңгілік Ел болуы үшін ат үстінде жүріп, бел шешпей қызмет етеді дегенге сеніміміз кәміл!

Sergazy K.Серғазы Қайырболды,
Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Өңірлік жобалық кеңсесінің менеджері.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.