Жаңаарқалықтардың рекорды! (ФОТО)

7076

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жаңаарқа ауданының құрылғанына — 90 жыл, халқымыздың аяулы ұлы, заманының заңғар тұлғасы, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына — 125 жыл толуына орай аудан орталығы Атасу кентінде айтулы той басталды.

qymyz

Осы тойда елді ерекше елең еткізген оқиға болды. Ол — бір мезетте 1000 күбімен 10000 литр қымыз пісу еді. Бүгін Жаңаарқаның жазығына жиналған қауым осы сәттің куәсі болды. Мың ананың ақ жаулығы желбіреп, мың күбінің күрпілі күреңселі даланың кеудесін күңірентті. Гинестің рекордтар кітабына кірер, кірмес, ол алдағы уақыттың еншісінде, дегенмен елімізде брендтік деңгейге жетіп, Қазақстанның қай түкпіріне барса да, «Жаңаарқаның қымызы-ай» дегізген сары балдай сары қымыздың бұлақ боп ағып, жаңаарқалықтардың мәртебесін тағы бір көтеріп тастағаны анық.

qymyz1

Рекордты Кубадан келген Гиннес өкілі Юделькис Диас тіркеді. Қымыз бен бауырсақтан дәм татқан қонақ аудан басшыларына рекорд орнатылғандығы туралы сертификат табыстады.

Ал той болған соң аламансыз болмайтыны тағы анық. 30 шақырымға созылған аламанда ай маңдайы жарқырап, алдына қара салмай келген Ақмоншақ аттың иесі Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Ал 18 шақырымға тер төккен Жауынгер нағыз жауынгер екенін танытып, мәреден мен мұндалады. Жауынгердің иесі Лада гранта автокөлігін тізгіндеп қайтты.

Құрметті оқырман, Жаңаарқадағы жан алысып, жан беріскен аламан туралы толығырақ алдағы уақытта ақпаарат беретін боламыз.

qymyz2

Ал әзірге Арқаның ақын ұлдарының бірі Сәттібай Жүністің сиясы кеппеген сәтті өлеңін оқыңыздар.

Жаңаарқаның қымызы
(Анам Алма Сұлтанқызына арнадым)

Жаңаарқа туған өлкем аңыз-ғажап!
Халқының пейілі кең, жаны ізгі, азат.
Сімірші Жаңаарқаның қымызынан,
Бауырым, болғың келсе нағыз қазақ!

Сақтаған сақтан бергі салтыңды аман,
Қыдырдың бұлағына сарқылмаған,
Алыстан аңқаң кеуіп жеткеніңде,
Ағайын қарсы алады аңқылдаған.

Бал қымыз сапырылып ақ ордамда,
Жұпары кеңістікке таралғанда,
Өң мен түс ортасында отырасың,
Түскендей сонау бағзы замандарға.

Жүректің үні естіліп дүрсілдеген,
Тамсанып табысасың тылсымменен.
Ұлтыңның барлық игі қасиеті
Бойыңа сіңеді осы сусынменен.

Алдыңа ырыс толы тостаған кеп,
Бір көрген кісілерің дос-жаран боп,
Дәм татсаң Жаңаарқаның қымызынан
Шығасың бір-ақ сәтте басқа адам боп.

Үрпінен құт саулаған мама бие
Тәңірдің рахман нұры. Дара жүйе.
Күбінің іші ғарыш әлеміндей
Қымызды әлпештеген Ана-Кие.

Қалдырмай жауда ұлтымның мәрт өренін,
Алдына тосып елдің бар керегін,
Бізді бұл дәуірге де жеткіздің-ау,
Жарықтық, жылқы деген мәртебелім!

Бүгінде ел дәстүрден қонса жырақ,
Қаласың әрнені ойлап, томсарып-ақ.
Бас ием сондықтан да бәріңізге,
Жылқы ұстап, бие сауған әр шаңырақ!

Сәттібай Жүнісов

argymaq.kz (Фото: Сәттібай Жүністің парақшасынан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.