Нәби Момыновты еске алу турнирі өтеді (ФОТО)

5384

2019 жылдың 11-12 қазан аралығында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында орналасқан атшабарда Жамбыл облысында көкпар спортының іргетасын қалаған, «Əулие-Ата» клубының негізін құрушы Нәби Рүстемұлы Момыновты еске алуға арналған көкпар жəне аударыспақтан Жамбыл облысының ашық турнирі өтеді.

Нәби Рүстемұлы Жамбыл облысында көкпар спортының негізін құрушы, «Əулие-Ата» клубының негізін қалаушы, көкпардан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болған. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Құрметті спорт қайраткері.

Nabi Momynov

Нәби Момынов 1946 жылы 4 ақпанда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаратау бөлімшесінде туылған.

1970 жылы Жамбыл технологиялық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген.

1970, 1972-1973 жылдары Жамбыл хромзауытында ауысым шебері болып қызмет атқарған.

1973-1982 жылдары Жамбыл мал бордақылау совхозында қызметте болған.

1982-1989 жылдары партия ұйымының хатшысы болып жұмыс атқарған.

1989-1991 жылдары Жамбыл аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болған

Nabi Momynov1

1991-1995 жылдары «Жасөркен» ұжымшарының директоры.

1996-1997 жылдары «Ақкөл» шаруашылығының төрағасы.

1997-2000 жылдары «Райыс» ұжымының бастығы.

2000-2001 жылдары Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқармасында бас маман болып жұмыс атқарған.

2001-2009 жылдары Айша-бибі селолық округінің әкімі.

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері.

Nabi Momynov2

Жамбыл облысында көкпар ойынының негізін құрушы, «Әулие-Ата» ат спорты клубының» ірге тасын қалаушы.

Нәби Рүстемұлы бала кезінен атқа құмар болып өскен. Жастығына қарамастан тақымы мықты, білекті шабандоздармен қатар шауып, талай дүбірлі додаларда өзінің қайсарлығы мен жігерін мойындатқан.

Көкпар 1986 жылғы желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн сап тыйылды. «Көкпар ұлттық өнерiмiз, спортымыз едi» деп айта алмайтын күн туды. Дегенмен қашаннан ат спорты дамыған оңтүстiк жiгiттерi «көкпар» дегенде тақымын қыспай, делебесi қозбай шыдап тұра алмады. Олардың еркiне тұсау салу қиын болды. Парторг қызметінде жүріп, қалтасында қызыл билетi болса да Нәби Рүстемұлы көкпарды қайта жандандырды. Қырғыз бауырларымен келiсiп, екi елдiң шекарасында көкпар тартылатын дәстүр қалыптасты. Бұларды милиция қызметкерлерi қуатын. Қай жақтың тәртiп сақшылары келе қалса да, қарсы жаққа өтiп кетiп, iздерiн жасырып отырды. Соған қарамастан 1987 жылы жоғарыда аты аталған азаматтардың партиялық тәртiбi Жамбыл аудандық партия комитетiнiң бюросында талқыланды. Нәби Момынов ол кезде аудандағы iргелi шаруашылықтың парторгы және аудандық партия комитетiнiң бюро мүшесi болатын. Оларды көкпар ұйымдастырғаны және тартқаны үшiн партиядан шығару мәселесi көтерiлдi. Мұнда да тартқыласып жатып, сөгiс алып, соған «тәубе» деп әрең аман қалды. Бұл хабар Қазақстанның оңтүстiгiн тез арада шарлап кеттi. Көкпар тарту кiмге болса да үлкен соққы болып тиедi деп қорыққандар айылын тез жиды. Нәби Рүстемұлы қазіргі командалық жүйеде өтетін көкпар ойынының ережесін құрған азаматтардың бірі.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Нәби Момыновтың ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, төл ойынымыз көкпарды қайта жаңғыртудағы қалдырған сара жолын бүгінде шәкірттері жалғастырып келеді. Жастарды отансүйгіштікке, батылдыққа, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тәрбиелеуден жалықпады.

zhappai kokpar14

Нәби Рүстемұлының Нұрдәулет және Атамекен есімді қос ұлы да қазіргі таңда Орта Азияға танымал тақымы мықты көкпаршылар. Нұрдәулет Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының басшысы қызметін атқарып жүр. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Нұрдәулеттің басқаруымен «Әулие-Ата» командасы еліміздің 10 дүркін жеңімпазы, Ақ бидай ауыл спорты ойындары мен ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің бірнеше дүркін жеңімпазы. Жамбылдық көкпаршылар ұлттық құрама сапында Азия және Әлем чемпионаттарының жеңімпазы атанды.

Атамекен Нәбиұлы «Әулие-Ата» командасының мүшесі, көкпардан «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» және аударыспақтан «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Көкпардан Әлем чемпионатының жеңімпазы.

Елімізде ұлттық спорт — көкпар ойынын дамытуда аянбай еңбек еткен, ұзақ жылдар көкпардан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы болған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ұлттық дәрежедегі төреші, «Әулие-Ата» командасының негізін құрушы Нәби Рүстемұлы Момыновтың еңбегі  қазақ халқында өшпес із қалдырды.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.