Ат спортының алғашқы қарлығашы (ФОТО)

5256

 Жамал апаны бiздiң ауылдың (Алматы облысы, Кеген ауданы, А.Нүсіпбеков ауылы) кейiнгi төлдерiнiң бәрi ұстаз деп бiледi. Өйткенi, Жамал апа бүгiнгi қарадомалақтардың бәрiнiң дерлiк әке-шешесiне хат танытқан. Жақында Жамал Жапсарбайқызы 70 жасқа толды.

Жамал апа немересімен

Жамал апа немересімен бірге

Осы қуаныш жайлы естiп-бiлгенiмде, Жамал апаның қызы Айман тәте: «Есей, бiздiң анамыздың ат спортынан айтулы шебер болғанынан хабарың бар шығар», – деп қалды. Мен бiлмейтiнiмдi айттым. Сөйтсем, Жамал апа қазақ қыздарының арасынан бiрiншi болып одақтық жарыстарға қатысушы, ат спортынан өткен фестивальдердiң сан мәрте жеңiмпазы екен. Биылғы 1 мамыр қарсаңында Жамал апаны қазiргi мекен-жайына – Алматы облысы, Iле ауданы, Байсерке ауылына iздеп барып, кең отырып әңгiмелесiп қайттым. Өкiнiшке қарай, сонау 1950 жылдардың аяқ шенiнде Одақ көлемiнде көзге түскен шабандоз қызға спорт шеберi атағы берiлгенi туралы дерек қалмапты. Алдағы уақытта анықтайтын бiр шаруа осы болып тұр. Төмендегi сұхбатымызды Жамал апаның өз аузымен әңгiмелегендi жөн көрдiм.

 Қасқыр соққан қыз

6 сыныптан бастап әкем Жапсарбай қасына алып жүрдi. Алматы облысындағы Майтөбе, Үшқоңыр жайлауларының арасында той-томалақтар жиi өтiп тұратын. Бәйге, қыз қуу болады. Соның тай жарыстарына қатысатынмын. Өзiм Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қазақстанның 30 жылдығы атындағы шаруашылықта туып-өстiм. Қазiр ол ауыл Қарасу деп аталады. 8 сыныптан бастап аудан көлемiндегi жарыстарға қатыстым, Алматыға келiп, бiрнеше рет жүлделi болдым.

Мына бiр оқиға есiмде қалыпты. 1950 жылдар шамасы болуы керек. Әке-шешем малда, Ақтасты деген фермада отырған. Мен колхоз орталығында сабақтамын. 31 желтоқсан күнi әкем үйге ат жiберiптi. «Жаңа жылды тойлағасын қыстауға келсiн» деген болуы керек. Шыршадан келе салып, «барайыншы, барайыншы» деп атамнан қоймай сұрандым да, түнгi бiрлер шамасында қыстауды бетке алып, жүрiп кеттiм. Қант-шай сияқты екi қоржын затым бар. Қазiр ойласам, сол оқиғаны айтудан қорқам. Қалай қорықпайсың, ол кезде 13 жастағы шегiрткедей қызбын ғой. Әкем жайшылықта: «Қолыңда қару жоқта, үзеңгiнi, шылбырды қару ету керек», – деп ақыл айтатын, аңшылыққа қатысты көп әңгiме айтып беретiн. Ол кезде шылбырды аттың қылынан, құйрық-жалынан жiп-жiңiшке қылып есетiн. Сәндi болатын. Ұзындығы 9-10 метр шылбырды ердiң басына орап қоюшы едi.

Содан атымды жiберiп-тартып, жiберiп-тартып келе жатсам, алдымнан бiрдеңе тарс-тарс етiп бетiме тиедi. Мойынорағышымды тұтатып алып, басымнан асыра бұлғамақ болып едiм, жанбады. Қарасам, дәу-дәу екi ит қарсы алдымда арс-арс етiп, қар боратып барады. Қасқырлар! Сөйте-сөйте бiрқауым жерге келдiм. Анда-санда жылап аламын. Қамшымен ұрмақ болып едiм, қасқырдың бiреуi арс етiп, қолымнан жұлып әкеттi. Шылбыр бары есiме түстi. Шауып келе жатып, еңкейiп, зорға дегенде шылбырды шешiп алдым. Сосын сол қолыма үш-төрт қабаттап мықтап орадым. Тiзгiнмен алысып келе жатырмын. Зорға дегенде оң жақтағы үзеңгiнi шешiп алдым. Атым да «уаһ, уаһ!» деп алқынып келедi. «Сорлы, әке, ендi жалғыз қалдың ғой!» деп қоямын. Өзiм екi әкенiң ортасындағы жалғыз қызбын. Бiр уақта сол жақтағы қасқырға шылбыр оралған қолымды бердiм. Өйтпеуге болмады, өйткенi, алдымнан да, артымнан да шабуыл басталды. Қолымда алға соза берiп едiм, қасқыр жабыса кетiп, жұлқылай бастады. Таралғысын қолыма орап алған күмiс үзеңгi ауыр едi. Екiншi қасқыр оң жақтан шабуылдап, аяғыма жабысып, тартқылай бастады. Жандәрмен сол қолыма жабысқан қасқырды бар күшiммен салып үлгердiм. Қасқыр қарды қаба құлады. Екпiндей шауып бардым да, керi оралдым. Екiншi қасқыр анадай жерде шоқиып отыр екен. Манағы құлаған қасқыр тұрмапты. Таяп келiп, үзеңгiмен қайта ұрдым. Сол қолымда әл жоқ. Үшiншi рет тағы ұрдым. Сосын екiншi қасқырды таудың басына дейiн қуыппын. Ат сүме-сүме тер. Жылап-жылап алып, қасқыр соққан жерге қайта келсем, айнала тым-тырыс. Бұл күйiммен барсам, әкемнiң атты көрiп, қатты ренжитiнiн сездiм. «Не де болса, олжамды алып кетейiн» деп ойладым. Аттан түсiп, қолыма байланған шылбырды әрең шештiм. Қасқыр есiк пен төрдей екен, көтере алсамшы. Қоржынды түсiрiп, жол шетiндегi қарға көмгенсiдiм. Атым кiшкентайынан үйренген жануар едi, үрiккен жоқ. Оны қиялау жерге қойып, қасқырды әрең дегенде ер-тоқымның ортасына салдым ғой. Қанжыға жiбiмен мықтап байладым. Қасқырдың екi аяғы жер сызады, екi жаққа салбырап тұр. Кәпiрдiң иiсiн айтпа! Өзiм ерге тырмысып жатып зорға мiндiм. Аяңдап, ауылдың шетiне таядым. Әдетте атпен 2-2,5 сағатта жетiп келетiн жерге 4 сағатта жетiппiн. Ауыл иттерi шулай жөнелді. Шаужайлап барады. Әкем анадай жерде ақ дамбал, ақ жейдесiмен, шапанын жамылып тұр екен. Таң ағара бастаған кез. «Әй, балам, сенбiсiң?» дедi. «Иә, әке, менмiн!» деп жылап жiбердiм. «Өй, батыр олжалысың ғой». «Өй, олжаның да, сенiң де…» деп әкемдi айқара құшақтағаным есiмде. Үстiмде қара тон, аяғымда қолдан басылған, қонышы тiзеге жететiн байпақ. Сыртынан әкемнiң керзi етiгiн кигенмiн. Әкем аттан түсiрiп алыпты, мен ештеңе бiлмеймiн ол сәтте. Есiктен кiре, анам айғайлап жылаған көрiнедi. Бәрi өре түрегелiп, менi шешiндiре бастаған кезде көрiптi, қасқыр жабыса қалғанда, азуы шылбыр арасынан оң жақ бiлегiме кiрiп, етiн жалбыратып кеткен екен. Киiз күйдiрiп басып, қолымды таңып тастады. Есiмдi жия сала әкемдi iздедiм. «Ау, садағаң кетейiн» деген даусын естiп, ұмтыла бергенiмде, оң аяғымның жансыз жатқанын сездiм. «Қайдан келдiм, кiм әкелдi?» деп жатырмын. «Өзiң келдiң» дейдi әкем. Шешем шыр-пыр. Ыстық шайды ұрттай бергенiмде лоқсып, құсық аузы-мұрнымнан ақтарылды. Аяғымдағы керзi етiк пен байпақты кесiп, әрең шешiп алыпты. Оған да қасқырдың қос азуы батыпты. Қаңтардан сәуiрдiң аяғына дейiн ауруханада жаттым. Аяғымды тiкпедi. Тiксе, тартылып қалу қаупi бар екен.

 Буденныйдың қолынан жүлде алған

Алдымен тай жарыстарға қатысып жүрдiм. Әбден машықтанғанымда, ауылдың жiгiттерi менi көкпарға қатыстыратын болды. Додаға кiрмеймiн, сырттап, күтiп тұрамын. Додадан алып шыққан жiгiттер көкпарды өңгерткенде, тақымыма баса қоямын да, ұша жөнелемiн. Баламыз ғой, өлген-тiрiлгендi бiлмеймiз.

WhatsApp

Түрлi бәйгелерге қатысып жүрiп, әбден атқұмар болып алдым. Атым аласалау болса, теңге iлуге де қатысамын. Сөйтiп жүрiп, менiң атқа жақсы шабатынымды бiреуден-бiреу естiдi де, есiмiм айналаға мәлiм бола бастады. Ауыл, аудан көлемiндегi жарыстарда бәйге бермей жүрдiм. 8 сыныпқа жеткенде, ауданның ат спортындағы мықтысы болдым, қысқаша айтқанда. Жамбыл аудандық бәйгесiнен озғанымда, әкем маған бiр құлынды биеге күмiс ер әпердi. Жарысқа қатысатынымды естiгенде-ақ жұрт: «Ой, Ұзынағаштың әлгi қызы бәйгенi бiзге тағы бермейдi», – деп қол сiлтеп кететiн. 1956 жылы Мәскеуде ат спортынан дүниежүзiлiк фестиваль өттi. Онда мен қыз қууға қатыстым, 4 шақырымдық қыздар бәйгесiнде чемпион атандым. Кеңес одағының маршалы Семен Буденный арнайы құттықтады. Райхан Әбiлахатова есiмдi жерлес шабандоз қыз бар едi, екеумiз талай жарыстарда қазақ қыздарының мерейiн асқақтаттық.

 Қастандық

1958 жылы одақтас 8 республиканың спортшылары арасындағы ат спорты фестивалiне қатысу үшiн Мәскеуге тағы бардым. Осы жерде маған қастандық жасалды. «Березка» деген атыммен жаттығу жасап болған едiм. Бапкерiм: «Аттың денесi суысын, бiр айналым желiп кел», – дедi. Сол кезде ту сыртымнан бiреу шауып келiп, атымен қағып өттi. Ұшып түсiп, екi бүктелiп қалдым. Әр бұрышта жедел жәрдем көлiктерi тұрушы едi, дереу дәрiгерлiк көмек көрсеттi. «Березка» сол жерде өлдi. Мен ол кезде қауырсындай жеңiлмiн ғой, миым аздап шайқалыпты. Қыз қууға қырғыз жiгiтiмен төрт рет шықтым, төртеуiнде де оңдырмадым. Ашудан түтiгiп кеткен қырғыз: «Атаңның аузыңғырай, қазақтың қызы. Қаныңды iшермiн!» – деген-дi. Ол жайды бапкерiме айтып келдiм. Әрине, оның дөңайбатын ерен санаған жоқпыз. Мен құлаған соң сол қырғызды ұстаған екен, қарғанып, құтылып шығыпты. Өз топшылауымша, ол маған бiр баланы жұмсап, әдейi қақтырды.

Image 2019-12

1959 жылы Германияға ат спорты фестивалiне жолдама алып едiм, жолдасым рұқсат бермедi. Сол жылы Алматы облысы, Кеген ауданының жiгiтi Нұрқадыр Жұмадiловке тұрмысқа шыққан болатынмын. Тұрмыс құрған соң, бәрiн қойдым. Ештеңеге зауқым болмай қалды…

Ол кезде ат спортына керемет көңiл бөлетiн. Жер-жерлерде фестивальдер, ат спорты мерекелерi жиi өтiп тұратын. Хрущевтiң тұсында ат спортына қызығушылық бiрте-бiрте әлсiрей бердi де, кейiн не бар емес, не жоқ емес кепке түстi. 1962 жыл болуы керек, үлкен ұлым Болат екі жасқа толғанда, қалаға қыдырып келген едiк. Соны бiр ауылдас қыз көрiп қалып, ауылдастарға айтыпты. Олар менi тауып алды да: «Облыста да, ауданда да жарыстарға қатысатын ешкiм қалмады. Тым болмаса, облыс атынан жарысқа түс», – деп үгiттедi. Көнбесiме қоймады. Бiрақ ағайын кiсiлер: «Сен атақтың бәрiн Кеген ауданына алып кетесiң», – деп атын бермей қойды. Жыладым, болмады. Әкем келе қалды. Оған шағындым да, қатты өкпелеп, ипподромға бармай қойдым. Онда да бұрынғылардың бәрi өзгерген. Сонымен, ат спортынан мүлде қол үздiм.

 Бәс

Аттың бабын жақсы бiлетiнмiн. Әкем мал шаруашылығында iстедi де, күндiз-түнi қасында жүретiнмiн. Тiптi екеумiз соғым iздеп, қырғызға асып кететiнбiз. Жол бойы әкем аттың бабын маған тапсыратын. Терiн үгiп, кiсенiн салып, өзiм қарайтынмын.

Бiр рет қырғызға барғанымызда, әкем бәстесiп қалып, бiр қойдың етiн бiр-ақ жедi. Күз кезi. Әкем менi сабақтан бiр аптаға сұрап алып шықты. Қырғызға аман-есен жеттiк. Мен аттарды жайғап үйге кiргенiмде, әкем бәстесiп отыр екен. Алдына үйме табақпен бiр қойдың етiн қойды. Ортан жiлiктi жақсы көрушi едiм, ала бергенiмде бiр қырғыз: «Тарт қолыңды, атаңғырай қазақтың баласы!» – деп жiбердi. Мен ұл балаша киiнiп жүремiн, олар менiң қыз екенiмдi бiлмейдi. «Мынаның бәрiн жеп өлесiз ғой, әке!» деп ренжiдiм мен. Әкем сасар емес. «Бас-сирағы жоқ, қорықпа. Әкең бұдан да зорғысын жеп едi ғой. Одан да таяуда қай жерде бастау бар, соны бiлiп кел» дедi. Мен аттардың ер-тоқымын алып, бастаудың басына доғарып келгенiмдi айттым. Әкем қырғыздармен бiрге берiле ән айтып, ара-арасында еттi асап қойып отыр. «Боза iшпеңiз, өлесiз» деп қоямын. Түн ортасы едi, бала емеспiн бе, қалғи бастадым. Аттардың қасына барып, тоқымды төсеп жата қалып едiм, ұйықтап кетiппiн. Ояна кетсем, бозала таң атып келедi екен. Әкем жоқ. Көңiлiме күдiк кiрiп, жүгiре жеткенiмде әкем еттi жеп болыпты, орнынан тұрайын деп жатыр екен. Есiктi ашып қалғанымда, қырғыздар: «Баласы келдi, баласы келдi», – деп шуылдасып қалды. Әкем орнынан ырғатылып-ырғатылып әрең тұрды. Iшi шермиiп кеткен. «Су қайда, балам?» дедi. Ертiп келiп едiм, суға жалбызды аша-маша құлады. «Ештеңе уайымдама, жат. Аттарыңа ие бол» дедi. Қайта барып орныма жатып едiм, қатып ұйықтап қалыппын. Күн көтерiлгенде бiр-ақ ояндым. Атып тұрып, айналама қарадым. Айналамыз шоқ-шоқ ши. Әр шидiң түбiнен қылтия сығалаған бастар көрiнедi. Қырғыздардың әкемдi аңдыған түрлерi ғой. Егер құсса, әкем жеңiледi екен.

«Әке, не үшiн бәстестiң?» деп сұрап едiм, әкем айтпады. Кейiн есейгенде ойлана жүрiп: «Сол жолғы бәске менi тiктiңiз, ә?» – дегенiмде әкем: «Жоқ, балам, жылқыға бәстестiк қой», – деп тағы ашып айтпады.

WhatsApp Image 2019-12-10 at 15.53.43 (2)

Мектеп басшылығының берген Құрмет грамотасы

Әкем сол бәстен бiр келiншек ұтты. Артымызға мiнгестiрiп, ауылға алып қайттық. Жол бойы әкемдi қырғыздың қарғысымен ұрсып қоямын. «Сарқондыз, неғыласың мұны?» деймiн. Үйге жеткенде анам әлгi келiншекке қарады да: «Мынаусы кiм тағы?» – дедi. «Олжа ғой, мама» дейдiм мен. «Ә, олжа ма? Келiңдер, кiрiңдер». Анам ештеңе бiлдiрген жоқ. Әлгi қырғыз келiншек әдемi-ақ. Ол бiздiң үйде алты ай тұрды, алты айдан кейiн әкем оны қырғызға қайта апарып тастады. Қазiр ойлаймын: менiң анам не деген кемеңгер, байсалды адам! Бiз болсақ, қылқынып, тұншығып, ерiмiздiң жолында өлетiн едiк қой қазiргi заманда. Анам жай ғана: «Ұтқан заты тозайын деген екен, апарып тастады», – дей салды.

 Өсiп-өну

Келiн болып түскен соң, он үш-ақ күн бос отырдым. Көлбастау мектебiне бастауыш сынып мұғалiмi болып жұмысқа тұрдым да, сол мектепте табан аудармай 31 жыл iстедiм. Алғаш Көлбастау мектебi 4 жылдық, сосын 7 жылдық, 8 жылдық, артынан орта мектепке айналды.

WhatsApp Image

Жолдасым Нұрқадыр ұзақ жыл Көлбастау колхозында есепшi болды. Өткен жылы дүниеден өттi.

Алты балам бар. Үлкен ұлым Болат – менеджер, қызым Айман – Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарабұлақ орта мектебiнде оқу iсiнiң меңгерушiсi, одан кейiнгi қызым Айгүл – сол аудандағы Средигор орта мектебiнiң музыка пәнiнiң мұғалiмi. Қанат есiмдi ұлым – ауыл шаруашылығы маманы, кенже ұлым Самат – мамандығы агроном, қазiр жүргiзушi. Сүт кенжем Фарида – медбике.

EseiЕсей Жеңісұлы

Суреттер кейіпкердің жеке қорынан алынды

(«Жас қазақ» газеті. 2007 жыл)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.